32 200 000 000
Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта осыншама теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды, бұл өткен жылғыдан 23,2 пайызға артық.
Облыстық статистика департаментінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы алты айда 638 жаңа ғимарат пайдалануға берілсе, соның 520-сы тұрғын үйлер.
Бірінші жартыжылдықта тұрғын үй құрылысына 3,5 млрд. теңге жұмсалды. Жалпы көлемі 76,1 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, өткен жылғыдан 36,1 пайызға асып түсті. Жергілікті бюджет қаржысына 20,5 мың шаршы метр, тұрғындар есебінен 55,6 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерді.
Сондай-ақ жыл басынан бері төрт денсаулық сақтау нысаны салынды.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.
79300, 152800 және 76800
Облыста өткен жылы, сәйкесінше, осынша адам театрларда, мұражайларда, демалыс
бақтарында болды
Көкшетауда қазақ және орыс драма театрлары бар. Шығармашылық ұжымдар көрерменге 499 қойылым ұсынды. Оның ішінде гастрольдік спектакльдер 15,6 пайызды құрайды. Жыл ішінде 21 жаңа қойылым көрсетіліп, оған 79300 көрермен қатысты. Бұл 2008 жылғыдан 14,3 пайызға көп.
Облыста 13 мұражай жұмыс істесе, соның төртеуі ауылдық жерде орналасқан. Келушілердің саны 152800 адамға жетті. Оның 86,8 мыңы балалар. Мұражайлар қоры 121,1 мың бірлікті құрайды. Тәрбие ошақтарында 3613 экскурсия ұйымдастырылып, 348 лекция оқылған.
Көкшетаудағы демалыс бағының аумағы 0,3 гектарға тең. Статистикалық деректер бойынша, онда 76,8 мың адам өз демалысын өткізген. Мұның 84,6 пайызы балалар.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
439 000 000
Биыл өлкедегі табиғат қорғау іс-шараларына осыншама қаржы бөлінді
“Жер жәннаты – Жетісу” деп, әсем табиғаты ерекше әспеттелген өлкенің мөлдір суы мен жасыл шалғынын, түгін тартса, майы шығатын жерін келешек ұрпаққа жеткізу парыз. Сондықтан да табиғаттың осы әсемдігін бойтұмар етумен қатар, экологиялық мәселелерді халықтың өмір сүру деңгейіне қарай жақсартуға көңіл бөлініп, еліміздегі 2007-2014 жылдарға арналған саланы тұрақты дамыту тұжырымдамасына сәйкес өрістетілген жұмыс нәтижелі деуге болады.
Қолданылған кешенді шаралар барысында өлкенің экологиялық жағдайын қалпында сақтауға ықпал етіп, “Жасыл ел” облыстық штабы, студент-экологтар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы байланыс нығая түскен. Сондай-ақ тиімді экологиялық таза технологияларға көшу мен эмиссияны төмендетуге өткен жылы бюджеттен 473 млн. теңге қаралып, ол толық игерілді. Биылғы жылы табиғат қорғау іс-шараларына 439 млн. теңге бөлініп, саладағы түйінді мәселелерді қалпына келтіруге жұмсалатын болды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.