04 Тамыз, 2010

Қару-жарақты шектеу – қауіпсіздікті нығайтудың басты құралы

2081 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) еуропалық кеңістікте кәдімгі қару-жарақ түрлерін шектеу үдерістерінде жетекші рөл атқарады. Ұйымның тікелей ықпал етуімен қару-жараққа бақылау жасауға бағытталған Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа және Қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту жөніндегі Вена келіссөздер құжатына қол қойылды. Бұл құжаттар Ұйымның қару-жараққа бақылау орнату үдерісіндегі ең басты жетістігі болып табылады. Бүгінде Ұйым қол жеткізілген осы келісім-шарттарды жетілдіріп, оларда көрсетілген мәселелерді жүзеге асыруда тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның белді де белсенді мүшесі ретінде, сондай-ақ Ұйымның Іс басындағы төра­ғасы ретінде қару-жарақ түрлерін шектеу және оларды бақылау мә­се­лесін басты назарда ұстайды. Өйт­кені, еліміз бастапқы кезде-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, қарусыздану жә­не қару-жарақ түрлеріне бақылау орнату – өңірлік және ұлттық қау­іпсіздікті нығайтудың негізгі құ­ралы екендігін мәлімдеген бола­тын. Сонымен қатар, Қазақстан ерекше маңызды құжаттар – Ядролық қаруды таратпау туралы, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы, Еуропадағы кәдімгі қару­лы күштер туралы, Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту ту­ралы шарттардың, басқа да халық­аралық келісімдердің белсенді қа­тысушысы. Еліміз бүгінде ЕҚЫҰ-ның үш өлшемінің бірі – әскери-саяси өлшем аясында, сондай-ақ атал­ған шарттардың, басқа да ха­лық­аралық құжаттардың негізінде қауіпсіздік пен сенім шараларын ны­ғайту және қару-жараққа ба­қылау жасау салаларында белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы жылдары ЕҚЫҰ-ның жиындарында оған қатысушылар 1990 жылдың 19 қарашасында Ұй­ымның Париж саммитінде қол қой­ылған Еуропадағы кәдімгі қа­ру­лы күштер туралы шартқа бай­ла­нысты мәселелерді жиі көтере бастады. Өйткені, қазіргі кезде Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарттың жүзеге асырылуы дағдарыстық жағдайда тұр. Өткен кезеңдерге шолу жасайтын болсақ, оған бірқатар себеп-салдардың әсер еткенін байқап-бағамдауға болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, ЕҚЫҰ-ның Париж саммитінде Варшава шарты ұйымына қатысу­шы мемлекеттер тобы мен НАТО-ға мүше мемлекеттер тобы ара­сында Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қол қой­ылған еді. Бұл құжатта тарап­тар­дың шекаралас аймақтарда құр­лық­тағы қуатты әскери құрама­лардың орналасуына жол бермеу, әскери құрамалар қозғалысының ашық болуы және оларды біртін­деп қысқарту жайы көрсетілген. Сонымен қатар, Шартқа сәйкес топтардың әрқайсысы қару түрле­рінің қаншасын қысқарту керектігі жөнінде квота белгіленді. Квота негізгі бес категориядан тұрады. Атап айтқанда, екі әскери блоктың әрқайсысы 20 мың танк, 30 мың бірлік бронды соғыс мәшинесін, 100 миллиметрлік және одан жо­ғары ұңғылы 20 мың артиллерия­ны, 6800 соғыс ұшағын және 2 мың бірлік жойғыш тікұшағын қысқарту қажет. Сондай-ақ, бұл қарулар Шарт күшіне енгеннен кейін 40 ай ішінде жойылуы тиіс болатын. Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарт қару-жарақ түрлеріне бақылау жасауда өзінің тиімді құрал екендігін көп кешік­пей дәлелдеді. Сөйтіп, Еуропа құр­лығындағы мемлекеттер шарт квотасында көрсетілген қарулар­дың жартысын қысқартты. Сток­гольм халықаралық әлемдік проб­лемаларды зерттеу институтының мәліметтері бойынша, қатысушы мемлекеттер қабылдаған міндетте­мелеріне сәйкес жалпы саны 63500 бірлік кәдімгі қаруды жойған. Бұл сол кезеңдерде бір-біріне бәсе­келес екі әскери блок үшін үлкен жетістік еді. Бірақ осынау оңды үдеріс геосаяси, сондай-ақ тарихи жағдайларға байланысты дағда­рыс­­қа ұшырап, ол Шарттың тұжы­рымдамалық ережелерін қайта қа­рауды және толықтыруды қажет етті. Өткен ғасырдың 90-жылда­рының басында КСРО тарап, оның құрамындағы республикалар өз тәуелсіздігін жариялады, ГДР мен ГФР қосылды. Социалистік мемлекеттердің бірлескен әскери одағы – Варшава шарты ұйымы да таратылып, тәуелсіздігін алған Орталық және Шығыс Еуропадағы елдер дамудың демократиялық жо­лына бет бұрды. Өз кезегінде ке­лесі әскери блок – НАТО іс-қи­мыл аумағын Шығысқа қарай ке­ңейте бастады. Бұл солтүстіктегі көр­шіміз – Ресейге ұнамады. Ос­ын­дай геосаяси жағдайлар Еуро­па­дағы кәдімгі қарулы күштер ту­ралы шартқа қатысушы мемлек­ет­терді бейімделу туралы келіссөз­дер­ді бастауға итермеледі. Ал бей­імделуге қатысты келіссөздер үде­рістері жеңіл болмады, ол 1996 жыл­дың мамырында басталып, ЕҚЫҰ-ның 1999 жылғы қараша­да­ғы Ыстамбұл саммитінде Қоры­тынды актіге және Еуропадағы кә­дімгі қарулы күштер туралы шарт аясындағы Бейімделу туралы ке­лісімге қол қойылуымен аяқталды. Осы тұста аталған Қорытынды акті мен Бейімделу туралы келі­сімге қысқаша тоқталып өтейік. Қорытынды акті – Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің белгіленген квота бойынша әскери техникаларды шектеу және бір­тіндеп қысқарту жөніндегі барлық міндеттемелері мазмұндалған, сон­дай-ақ, оны мүше мемлекеттердің ұсынысымен Бейімделу келісімі толықтырып тұрған міндеттеуші саяси құжат болып табылады. Ал Бейімделу туралы келісімнің ең бас­ты жетістігі, қару-жарақ дең­гейін ұлттық және аумақтық блок­сыз жүйеде трансформациялауда жатыр. Бұл бұрын екі топқа кірген мемлекеттер арасындағы күш балансы бұдан былай Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарт­тың негіз қалаушы қағидат­тары болып табылмайтындығын көр­сетеді. Бейімделу келісіміне Еу­ропаның 28 елі мен АҚШ және Ка­нада қол қойған болатын. Бү­гінде бұл құжатты тек Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь мем­лекеттері ғана ратифика­ция­лады. Жоғарыда Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарттың жү­зеге асырылуы дағдарысты жағ­дайда екендігін атап өткен едік. Оның себебі мынада: бұдан үш-төрт жылдай бұрын АҚШ өзінің зымыранға қарсы жүйелерін Поль­ша мен Чехия аумағына орналас­тыруға қарекет жасағаны, оған Ресейдің қарсы болғаны есімізде. Осыны негізге алған Ресей Феде­ра­циясының сол кездегі прези­ден­ті Владимир Путин 2007 жылдың сәуірінде Ресейдің Еуропадағы кә­дімгі қарулы күштер туралы шарт­ты орындауға мораторий жария­ла­ғандығы туралы шешім қабыл­дады. Кейін, яғни 2007 жылдың желтоқсанында Мемлекеттік Дума бұл шешімді ратификациялады. Ал НАТО-ға мүше мемлекеттер Ресей Ыстамбұл саммитіндегі міндетте­мелерді орындамады дегенді алға тар­тып, Еуропадағы кәдімгі қа­рулы күштер туралы шартты толық­тыратын құжат – Бейімделу келісімін ратификациялаудан әлі күнге дейін бас тартып келеді. Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарттың дағдарыс жағдайында қалуы оған мүше Қа­зақстан Республикасын да алаңда­тады. Өйткені, ұзақ жылдар бойы әрең қол жеткізілген кәдімгі қару түрлерін шектеу жөніндегі құжат­тың күші жойылатын болса, оны қайта қалпына келтіру өте қиынға соғады. Қару-жарақты шектеу, оған бақылау жасау ісі кейінге ысы­рылып, қарулану үрдісі қайта өріс алуы әбден мүмкін. Өткір де өзек­ті бұл мәселеде еліміздің ұста­нымы айқын. Қазақстан дағдарыс­ты жағдайдан шығудың ең басты жолы – қатысушы елдердің бар­лығы Бейімделу туралы шартты ра­тификациялауы қажет деп есеп­тейді. Міне, бұл ЕҚЫҰ-ның Хель­синки келісімінде қарасты­рыл­ған Еуропа құрлығындағы қау­іпсіздікті қамтамасыз етуге қатыс­ты көп­жақты ынтымақтастықты жүзеге асыруға кепілдік беретін еді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен қа­ру-жарақты бақылау саласындағы ынтымақтастығының тағы бір ба­ғыты – 1999 жылы қабылданған Қауіпсіздік және сенім шараларын нығайту жөніндегі келіссөздер ту­ралы Вена құжаты болып табы­лады. Жалпы, біздің еліміз қару-жарақты бақылауға байланысты халықаралық режімдердің орында­луына ерекше назар аударып ке­леді. Оның түп негізінде тәуелсіз Қа­зақстанның әскери-саяси мүд­делерін ілгері жылжыту, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті ны­ғайту мәселелері жатыр. Қазақ­стан Республикасы Вена құжатын­да көрсетілген міндеттерді ойда­ғыдай орындап және жүзеге асы­рып келеді. Мысалы, еліміз жыл сайын әскери ұйымдармен әскери күштер туралы, қатысушы мемле­кеттер арасындағы негізгі қарулар мен техникалар жөнінде диплома­тиялық каналдар арқылы ақпарат­тар алмасып отырады. Вена құжатының 109-тарма­ғын­да ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет­тердің кез келгені өз елінің аума­­­ғында шетелдік әскери инспек­цияны қабылдауға және олардың жұмыс істеуіне жағдай жасауға міндетті екені көрсетілген. Ал әс­кери инспекцияның мақсаты – сол елдің жеке құрамының, сон­дай-ақ негізгі қарулары мен әс­ке­ри техникаларының саны туралы мәліметтерге баға беру. Бүгінге дейін Қазақстан өзінің аумағында 50-ден астам шетелдік әскери инспекцияны қабылдады. Бір мысал келтірейік, 2008-2009 жыл­дары Қазақстан аумағында Нидер­ланды Корольдігінің, Болгария­ның, Канаданың, Францияның және Норвегияның мамандары тек­серу жұмыстарын жүргізді. Инс­пекциялық комиссиялардың барлығы да Қазақстанның Вена құ­жатындағы талаптар мен ере­же­лерді жоғары кәсіби деңгейде ор­ындап келе жатқанын атап көр­сет­кен. Бұл еліміздің ЕҚЫҰ-ның бе­делді мүшесі ретінде қабылдаған мін­деттемелеріне адалдығын, ашық­­тығын және оған үлкен жау­ап­­кершілікпен қарайтындығын білдіреді. Өз кезегінде Қазақстан Еуро­па­дағы кәдімгі қарулы күштер ту­ралы шартқа және Вена құжатына сәйкес шет елдердің аумағында да инспекциялық қызметтерді ойда­ғыдай жүзеге асырып келеді. Мы­салы, еліміздің әскери мамандары 2003 жылдан бастап 10-нан астам мемлекеттің әскери нысандарына инспекциялық тексеру жүргізген. Олардың ішінде Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Түркия және Франция бар. Бұл Қазақстан Қа­ру­лы Күштерінің әлеуеті мен бе­делі санаулы жылдар ішінде ха­лық­аралық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Соңғы жылдары жеңіл және атыс қаруларының таралуы өзекті проблеманың біріне айналып отыр. ЕҚЫҰ-ның Жеңіл және атыс қаруларын жою жөніндегі бағ­дарламаға талдау жасаған са­рап­шы Д.Шонфилдтің келтірген мәліметтеріне қарағанда, қазіргі кезде әлемде 500 миллион бірлікке жу­ық жеңіл атыс қарулары заңсыз ай­налымда жүр. Осындай қару түр­лерінің заңсыз таралып, қол­дан-қолға өтуі ел ішінде және мем­лекеттер арасында жан­жал­дар­дың тұтануына соқтыратыны жа­сы­рын емес. Оның зардабын, ау­ыр­тпалығын ешқандай кінәсі жоқ қарапайым халық тартып жатады. Бүгінде БҰҰ, Еуропалық одақ, ЕҚЫҰ, тағы басқа да халықаралық ұйымдар жинақталып қалған осы­нау өзекті проблемаларға байла­ныс­ты халықаралық, өңірлік және жергілікті деңгейде бірқатар баста­малар көтеріп отыр. Ал Орталық Азия өңірі, оның ішінде Қазақстан Орталық Азияда қанша жеңіл атыс қаруларының заңсыз айналымда жүргендігі туралы нақты ақпарат­тың жоқтығына алаңдаушылық білдіреді. Өйткені, Қазақстан – жеңіл қару-жарақ пен атыс қару­л­а­рының заңсыз саудасына қарсы күрес жөніндегі халықаралық үде­рістердің белсенді қатысушысы. Со­нымен қатар, біздің еліміз атал­ған қару түрлерін өндіруде, оларды экспорттауда бақылау шараларын қатайтып, жеңіл атыс қарула­ры­ның заңсыз айналымымен күресті күшейтуді ұсынады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасында өңірлік қауіпсіз­дік пен сенім шараларын нығайту, сондай-ақ әлемде қауіпсіздік ас­пектілерін әскери емес жағдайда дамытуды қамтамасыз ету жайы нақ­ты көрсетілген. Соңғы жыл­да­ры бағдарламаны жүзеге асыру мақ­сатында бірқатар шаралар өт­кізілді. Соның бірі – 2008 жыл­дың қазанында Астанада ұйымдас­тырылған қару-жарақты бақылау жөніндегі жиын болатын. Осы жи­ында қазақстандық әскерилердің лекциясын Арменияның, Бело­руссияның, Ұлыбританияның, Ресейдің, Германияның, Фран­ция­ның, Венгрияның және Қыр­ғызстанның дипломаттары мен әскери қызметшілері тыңдаған еді. Тағы бір осындай өңірлік жиын биылғы жылдың шілдесінде Алматыда өтті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен әс­кери-саяси саладағы ынтымақтас­тығы өзара тиімді әрі белсенділік тұр­ғысында дамып келеді. Әсіресе, ол еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ба­рысында ерекше байқалуда. Бү­гінде, сондай-ақ Ұйымның Іс ба­сын­дағы төрағасы ретінде Қазақ­станның алдында Ұйым кеңіс­ті­гінде қауіпсіздікті нығайтуға ба­ғытталған аса өзекті бірқатар проб­лемаларды шешуге ықпал ету мін­деті тұр. Соның бірі – жоға­ры­да атап өткен Еуропадағы кә­дім­гі қарулы күштер туралы шарт­ты ратификациялау мәселесі. Бұл мәселе осы жылдың соңына қарай Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның жоға­ры деңгейдегі саммитінде қарасты­рылуы мүмкін. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.