04 Тамыз, 2010

"Қазақстан" спорт сарайы

1459 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Астана. Мұңайтпасов көшесі, 9-үй АЗИАДАҒА 178 КҮН ҚАЛДЫ Келесі жылы Еуразия кеңістігінің кең төрінде қысқы Азия ойындары жа­лауын көтереді. Қазақ спорты та­рихында мәні мен маңызы жағынан ғасырға татитын бұл халықаралық деңгейдегі жарыс елімізде тұңғыш рет өт­кізі­летіні белгілі. Сондықтан да оның азаттығымыздың ақ таңы қайта арай­лап атқан кезден бері өзге елдер­мен терезесі тең болып, соңғы 20 жыл­да әлемнің 50 озық дамыған ел­дерінің қатарына енуге қабілеттілігін арттырып жатқан Қазақ елі үшін шын мәнінде мәні мен маңызы зор оқи­ға болатыны сөзсіз. Қазір қолда бар деректерге қарағанда, алдағы ақ Азия ойындарының спорттық жарыстарымен бірге оның ашылу және жабылу салтанатын сары құрлықта бұрын- соңды болмаған жағдайда өткізу үшін “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйым­дастыру комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ жан-жақты дайындалып, осынау дүбірлі додаға арналған еліміздің қос қаласында салынып жатқан спорт нысандарын мер­зі­мінде бітіруге баса назар аударып жатыр. Аталмыш дирекцияның баспасөз қызметінің хабарлағанындай, бұл күндері қысқы ойын­дар өтетін Астана және Алматы қалалары­ның құрылыс нысандары аяқталуға жақын қалды. Соның ішінде Алматыда әйелдер арасында хоккей жарысынан өтетін Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында жүргі­зіл­ген күрделі жөндеу жұмыстары жақында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев келіп көрген кез­де бітсе, Астана қаласында қысқы жарыс­тар­дың ашылу салтанаты болатын “Астана-Аре­на” стадионы толығымен тапсырылып қой­ылды. Ал басқа нысандарға келсек, Аста­нада ерлер арасында хоккей матчтарын өткізу жоспарланып отырған “Қазақстан” спорт сарайы, мәнерлеп сырғанау мен шорт-трекке арналған республикалық велотрек, конькиге бейімделген жабық коньки тебу стадионының құрылыстары осы жылдың со­ңына қарай толығымен бітеді делініп отыр. Алматыдағы құрылыстың жағдайы да ша­мамен желтоқсанда аяқталады делінуде. Осылардың ішіндегі құрылыс бойынша жақында біз “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқа­рушы дирекциясы” АҚ мамандарымен бірге “Қазақстан” спорт сарайына барғанымызда оның едендері мен есіктерінен бастап, тө­беден мұз айдынына жарық беретін про­жек­торлардың бәрі түгел ауыстырылып, орын­дықтар мен көптеген бөлмелердің қайта жабдықталып жатқанына, ал оның жанында салынып жатқан қосымша сырғанақ кешенінің құрылысының аяқталуға жақын қалғанына көз жеткіздік. “Қазақстан” спорт сарайы – еліміздің қыс­қы спорт түрлеріне арналған ең ірі нысандарының бірі болса да ол жаз шығып, күз келгенде спорттың жазғы түрлерінен де жарыстар мен басқа да мәдени шараларды өткізуге әбден лайық спорт ордасы болып саналады. Сондықтан оны еліміздің өзге спорт нысандарына есе жібермейтін еңселі ғимарат десек те болады. Бұл нысан аста­наның Алматыдан Ақмола қаласына көші­рілгенде қолға алынып салына бастағаны белгілі. Сөйтіп, Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен тұрғызылған ол 2001 жылы пайдалануға берілді. Осы уақыт ішінде спорт сарайында көптеген халықаралық, респуб­ли­калық турнирлер мен жарыстар, чемпио­наттардың неше түрлісі болып өткені мәлім. Соның арқасында ол Астананың спорт са­ласындағы нағыз айнасына айналса, ал қазір онсыз елордада өтетін қысқы Азия ойын­да­рын көзге елестете алмайтынымыз рас. Осы жерде сөз орайы қысқы ойындарға ке­ліп тұрғанда, бұл күндері “Қазақстан” спорт сарайының оған жан-жақты дайын­да­лып жатқанын атап өткеніміз жөн. Спорт нысанының бас директорының бірінші орын­басары Қошқарбай Қосдәулетовтің ай­туынша, қысқы ойындар өткізу үшін қайта жөндеу жұмыстары басталған былтырғы жылдың желтоқсан айынан бері біраз жұ­мыстар істелінді. Енді осы жұмыстарды 30 қа­занға дейін бітіру жоспарлануда. “Қазір спорт сарайын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Мұз айдынын біз халықаралық талаптарға сай етіп жасап, оған жарық беретін про­жек­торлардың бәрін ойындарды тікелей эфир арқылы көрсету үшін сайлап қоюымыз ке­рек. Қазір сарайда 140 прожектор болса, оның көбісінің жарық беру қуаты әлсіз. Сондықтан алдағы кезде біз содан екі есе аз, бірақ әлеуеті күшті әрі сапалы прожек­тор­ларды орнатып, оның жарық беру қуа­тын арнайы комиссияға тапсыруды жос­пар­лап отырмыз. Сонымен бірге спорт сарайы­ның ағаш есіктерін міндетті түрде жоғары стандартқа ауыстырып, жанкүйерлер оты­ра­тын және олардың жағалай жүретін дәліз­дерді, баспалдақтар мен басқа да орындарға жөндеу жұмыстарын жасауымыз керек”. – Халықаралық талап бойынша, – дейді ол одан әрі сөзін жалғап, – мұз айдыны бар спорт сарайы біздікіндей 4500 адамға емес, 5000, әрі кетсе 5500 адамға арналып салы­нуы керек. Сонда ғана ол халықаралық дең­гейдегі спорт кешені бола алады. Дегенмен оның пікірінше, Астанаға жарысқа келетін хоккей командаларының бәрі мұз айдынының сырғанау коэффи­циентін бас бармақтарымен бағалап кетеді екен. Мұның өзі 2001 жылы салынған спорт сарайы айдынының әлі де болса сыр бермей келе жатқанын білдірсе керек. Ал аталмыш сарайдың жанында жаңадан салы­нып жатқан қосымша сырғанау кешеніне келер болсақ, оның құрылысын жүргізіп жатқан “Шар-Құрылыс” ЖШС-ындағы осы ны­санның жұмысына жауапты бас инженер Андрей Коваленконың айтуынша, компа­ния­ның өзінде 450 адам істесе, осы жердегі құрылыспен 250-ден астам жұмысшы ай­налысуда. “Біздің компания спорт сарайы­ның қосымша сырғанау алаңының құры­лы­сын жүргізілген тендер арқылы жеңіп алды, – деді ол. – Бізбен бірге осы жұмысты істеуге бірнеше компания да өз ұсыныс­тарын берген болатын. Алайда, “Шар-Құ­рылыс” ЖШС қаладағы еңселі ғимараттар­ды, көгалдандыру жұмыстарын жасауда бі­раз тәжірибесі бар компания ретінде бәрінің көңілінен шығып, осы жұмыстың құры­лысына жіберілді. Қазір кешеннің негізгі бөлігі 80 пайызға, ал сыртқы жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Жұмыстың бәрі мерзі­­мінен бұрын жасалынып жатыр”. Сонымен бірге оның айтуынша, спорт кешенінің сырт жағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары осы аптада басталып, жақын уақытта бітсе, одан кейін көпір жанынан автотұрақ салынатын болады. Ал ішкі жұмыстарға келсек, қазір кешен жарық, су, желдеткіш сияқты ең бірінші кезекке керек жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. Жалпы қосымша сырғанау кешенінде бір трибуна салынса, онда 1500-ден астам адам жарысты тамашалай алатын болады. Осы­ның бәрімен 15-20 мердігер компаниялар жұмыс істеуде. Дастан КЕНЖАЛИН, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ. ЖҮЗ ЖОЛДЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР * Хоккейшілер Елбасы Кубогын сарапқа салады. Үстіміздегі жылғы 10-14 тамыз аралығында Астанадағы “Қазақстан” спорт сарайында шай­балы хоккейден Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кубогы үшін халық­аралық турнир өткізіледі. Оған Ре­сей, Беларусь, Латвия және Қазақ­стан сынды төрт елдің бір-бірден жасақтары қатысады. Жанкүйерлер турнирде Континенталды хоккей лигасында ойнайтын жұлдыздардың өнерін тамашалай алады. Биыл тұң­ғыш рет сөреден шыққалы тұрған бұл турнир “Нұр Отан” халықтық партиясы мен Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының баста­ма­шы болуымен ұйымдастырылып отыр. Турнирдің күнтізбесіне сай тө­мендегі командалар мынадай күн­дері өзара кездеседі: 10 тамыз. 15.00. “Динамо” (Рига, Латвия) – “Ди­на­мо” (Минск, Беларусь). 19.00. “Ба­рыс” (Астана, Қазақстан) – “Ат­лант” (Мәскеу облысы, Ресей). 11 тамыз. 15.00. “Атлант” – “Динамо” Мн. 19.00. “Барыс” – “Динамо” Р. 13 тамыз. 15.00. “Атлант” – “Ди­на­мо” Р. 19.00. “Барыс” – “Динамо” Мн. 14 тамыз. 13.00. 3-4 орындар үшін ойын. 17.00. 1-2 орындар үшін ойын. * Қазақстан боксшылары Брита­­нияда жаттығуға кірісті. Шілденің ақырғы күні еліміздің ең таңдаулы былғары қолғап шеберлері 10 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Британ аралына аттанып кетті. Біздің құрама осы күндері мұнда сондай-ақ Англия, Куба және Қы­тай жасақтарымен матчтық кез­де­сулер өткізеді. Бұл құрама коман­даның Азия ойындары алдындағы басты сынағы болмақ. Құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов өзімен бірге Біржан Жа­қыпов (48), Мирас Жақыпов (51), Данияр Төлегенов (54), Мәди Шолақов (57), Самат Бәшенов (60), Данияр Елеусінов (64), Серік Сәпиев (69), Нұрдәулет Жарманов (75), Алмат Серимов (81), Василий Левит (91), Иван Дычко (+91) есімді боксшыларды әкетті. * “Астана” Меньшов пен Аройя­ны алуға әрекет жасап жатыр. Ко­манда қатарынан “Тур де Франс­тың” үш дүркін жеңімпазы испан­дық Альберто Контадордың кететіні белгілі болғасын клуб басшылығы оның орнын басатын лайықты велосипедшілерді табуға шұғыл қам жасады. Қазір олар “Вуэльтаның” екі мәрте жеңімпазы, “Джиро” чем­пионы ресейлік Денис Меньшовпен (Rabobank) және Caіsse d Epargne лидері Давид Арройомен келіссөз жүргізуде. Ал осының алдында хорват Роберт Кисерлоскимен келісім-шарт жасалды. * Ендігі қонақтар – Оман футболшылары. Қазақстан құрамасы үстіміздегі жылғы 11 тамыз күні Астанадағы жабық стадионда Оман командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Осыған орай құраманың бас жаттықтырушысы Бернд Шторк 3 тамызда дайындықты бастағалы отыр. Ол шақырған 22 футболшы Талғардағы жаттығу базасына жи­налады. Осы жерден олар 9 тамызда елордаға келеді. “Егемен-ақпарат”.