Бүкілдүниежүзілік Қызыл Крест ұйымы өздерінің “Флоренс Найтингейл” медалімен медбикелерді Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерліктері мен қайтпас қайсарлықтары үшін марапаттаған. Сол жоғары деңгейдегі награданы иеленген 780 медбикенің арасында қазақстандық қыздар да аз емес. Өлім мен өмір егескен қан майдан алаңынан ауыр жараланған 480 қызыл әскер мен офицерді алып шыққан медбике, көкшетаулық М.Смирнова-Кухарская жөнінде атап айту қажет. Ол жоғарыдағы награданың иесі. “Флоренс Найтингейл” медалін алғандар арасында сондай-ақ шымкенттік Р.Исқақова, жамбылдық А.Дмитриенко, Ақмола облысынан В.Широкая және павлодарлық А.Дмитриева сияқты әскери медбикелер де бар.
Әрине, қаршадай қыздардың жауға деген ыза-кегі олардың бойларына ерекше күш-қуат, лүпілдеп соққан жұдырықтай жүректеріне жалындаған жігер беріп, атпалдай азаматтарды арқасына салып, ұрыс даласынан алып шығуы Жеңіске деген құдіретті сенімнің жемісі екендігі сөзсіз. Адам баласы төзгісіз ауыртпалыққа қарамай соғыстың бітуін жақындатуға орасан зор үлес қосқан медбикелер арасында қаза болған, хабарсыз кеткен және бірнеше рет ауыр жараланғандар да өте көп болған. Статистикалық деректерге қарағанда, тек 1941-1943 жылдар аралығында қанқұйлы шайқастарда қаза тапқан олардың саны –– 22591-ге жеткен. Айтуға тым оңай әрі жұтаң цифрлардың соңында қаншама қыршынынан үзілген қызғалдақ тағдыр, ата-аналардың қасірет-қайғысы мен көлдей көз жасы жатыр десеңізші?!
Біздің елімізде ең алғаш рет әскери медицина тарихын зерттеумен айналысқан Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты Мәрияш Жақыпованың есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Жоғарыда келтірілген тарихи деректер Мәрияш Әбілқызының “Тылдағы Қазақстан және Орта Азия республикаларындағы эвакогоспитальдар” атты кітабынан алынып отыр. Бұл еңбектің бүгінде еліміздің тұңғыш Президенті мұражайында сақталып, сонда тұруы да көп нәрседен хабар берсе керек. Шын мәнісінде де, бұл ғылыми-сараптамалық туынды соғыс тарихындағы құнды мәліметтерге бай және мазмұны да терең. Медицина мұражайында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған білікті маманның өмірінде 2005 жылы ерекше қуанышты оқиға болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәрияш Әбілқызына жолдаған құттықтау хатында мынадай жылы лебіз бар еді: “Сіз сияқты қайсар ұрпақтың өкілдері Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгісі бола отырып, біздің бүгінгі таңда жасампаз елде өмір сүруімізге, еркін мемлекет пен демократиялық қоғам құруға мүмкіндік берді. Сіздің бүгінгі күні де өз үлгіңізбен жас ұрпақ бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімі мен атамекенді лайықты қорғаудың қасиетті парызын тәрбиелеуді жалғастырып келе жатқаныңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін”, – делінген болатын Елбасының құттықтау хатында.
Бір құптарлығы, бұл еңбектегі от-жалынға оранған ұрыс даласындағы медбикелердің, санитарлық нұсқаушылардың, әскери дәрігерлердің көзсіз батырлығы туралы тың деректер оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Оның өзіндік себептері де бар. Өйткені, бұл туынды Қазақстанның әскери және азаматтық медицинасындағы біріккен іс-шаралар тарихы жөнінде баяндайтын бірден-бір еңбек болып табылатындығын еліміздегі әскери тұлғалар, сала ғалымдары атап көрсетеді.
Қарағанды облысы, Қазыбек би ауданының Егіндібұлақ селосында дүниеге келген, соғыс басталғанда мектеп табалдырығын аттап үлгермеген бүлдіршін қыз Мәрияштың есейе келе адам жанының арашашысы – дәрігерлік мамандықты таңдауының салмақты себебі де мол болды.
– Біздің ауданнан майданға алғаш рет аттанған 16 адамның бірі – аудандық атқару комитетінің бөлім бастығы, менің әкем – Әбіл Жақыпов еді. Біз оларды жылап-еңіреп, ат-арбаның соңынан көп жерге дейін жаяу еріп отырып, шығарып салдық. Ауданның Қарағандымен жол қатынасы – аптасына бір рет келетін кішкене ұшақ болатын. Онда мәшине дегенді білмейтінбіз, көліктер тек ат және өгіз арба ғана еді. Ауданға пошта ұшағы қонғанда одан тек жауынгерлерден үшбұрышты хат және “қара қағаз” келетін. Қайғылы хабарды ауыл бастықтары, үлкен адамдар әр үйге жиналып барып, естіртетін. Содан, біз ауданның кішкентай балалары бастары біріккен көп адамды көрсек болды, зәреміз ұшып қорқатынбыз. Олар енді кімнің үйіне барар екен деп арттарынан бақылап, көздеріне көрінбей еріп жүріп, тек сол үйдің есік-терезесінен сығалап, еңіреп жылап тұратынбыз. Сонда біздер ылғи: “Дәрігерлік көмек көрсетілмей далада қалды-ау, дәрігерлер оларды неге өлімнен құтқарып қалмады, дәрігерлер қасында болса өлмес еді ғой. Олардың аузына су тамызып, беттерін ешкім жаппады-ау”, деген сөздерді еститінбіз. Осындай қайғылы күн біздің үйге де келіп жетті. Әкемізден қара қағаз алдық, онда “хабарсыз кеткен, қай жерде өлгені белгісіз” деп жазылыпты. Сонда шешем мен әжемді: “Мен үлкен болып бой жетсем, дәрігер болам, олардың қайда, қандай жағдайда өлгенін, жаралы жауынгерлерге көрсетілген дәрігерлік жәрдемдерді тексерем, жыламаңдар”,– деп жұбатушы едім, – дейді Мәрияш Жақыпова өткен күнді күрсіне еске алып. Балалық шағындағы осы бір арман, өмірлік мақсат оны дәрігерлік мамандықты таңдауға итермеледі. Ең басты ғұмырлық мұрат-мүддесі хабарсыз кеткен асыл да ардақты әкесі туралы нақты дерек тауып, оның қай жерде опат болғанын білу еді. Сондықтан да, жұмыс істей жүріп кішкентай екі баласын жолдасына қалдырып, еңбек демалыстарында бірнеше жыл қатарынан Мәскеу мен Ленинградта, өзге де қалаларда, Қорғаныс министрлігінің әскери-медицина мұрағатының өте құпия материалдарын ақтарып, жараланған, жоғалған жауынгерлер тізімін шұқшия қарайтын. Қолжазбаларға толы дәптерлердің әр бетін ашқан сайын хабарсыз кеткен, әбден сағынып, сарғайтқан әкесімен жүздесетіндей қобалжып, қос жанарынан аққан жасы алдындағы дәптерге үздіксіз тамғанын өзі де байқамай қалатын-ды. “Үлкен өкінішке қарай, мен қанша талпынып, жаным жай таппай, қайғыдан қан ішсем де жан әкем мен жақын туыстарым туралы ешбір дерек таппадым. Бірақ, осы мұрағаттардан қазақстандық майдангер-дәрігерлер мен медбикелердің соғыс госпиталдарындағы жанқиярлық жұмыстары туралы құнды мәліметтер жинап, екі кітапты жарыққа шығардым. Мақсатым – қазақстандық дәрігерлер мен медбикелердің от пен оқтың ортасындағы ерен ерлігі ел есінде мәңгі қалсын”,– дейді ардагер ана.
Сонымен, Қазақстан территориясындағы эвакогоспиталдардың атқарған қызметінің тарихын зерттеуге қомақты үлес қосқан ғалым бұл бағыттағы ізденістерін жасының ұлғайғанына қарамастан әлі де жалғастыруда. Миллиондаған жандардың өмірін аждаһадай жалмаған жойқын соғыс біткелі, міне, 65 жыл. “Майдандағы ең сұрапыл шайқас – Сталинград үшін болды. Жер-дүние өртке оранса да, адамдар өлімнен сескенбеді. Міне, осы бір сәттерде ауыр жарақат алған көптеген солдаттар өмірін қазақстандық медиктер – В.С.Горгоц, М.Маткаримов, М.Д.Исмағұлова, М.К.Иванова және басқалар аман алып қалды”.
Тарихи деректер осылай дейді. Бұл өмірден түйгені көп, тағылымы мол ананың өз отандастарының, соғыстан оралмаған әке аруағы алдындағы тағзымы, жас ұрпаққа айтар аманаты. Негізінде атамекенді туған анаңдай қастерлеп, қадірлеудің озық үлгісі осындай болса керек.
Бақыт БАЛҒАРИНА,Алматы.