06 Тамыз, 2010

Дені сау, ойы сергек адам – қоғам байлығы

2016 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ: Бүгінгі таңдағы ­ең бір өзекті мәселе денсаулық сақтау ісі дер едік. Ата-бабаларымыз айтқан: “Бірінші байлық ­­– денсаулық” деген сөз маңызын ешуақытта жоймақ емес. Бір кезде көшпелі өмір салтын ұстанып, үнемі сергек жүрген халықтың қазір басым көпшілігі қалада тұрады. Бұрын құлын-тай мініп, асық ойнайтын қазақ баласы қазір компьютерге жақын, допқа, тенниске әуес. Қаланың аты – қала, ғылым мен техника дамыған жерде жастардың белсенді іс-қимылы даладағыдай болмайды. Қалалық өмір салтына қатысты бір ғана мысал: халқының басым көпшілігі қалада тұратын АҚШ-та 54 миллион адам семіздік дертіне шалдығыпты. Яғни, бұл мемлекеттегі әрбір алтыншы адамның денсаулығында кілтипан бар деген сөз. Бұл мәселеге немқұрайды қарауға болмайды. Мемлекеттің әлеуеті, болашағы сол елдегі халықтың денсаулығына тікелей байланысты. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында ұлт денсаулығына жете мән беріп, көпшілікті дене шынықтыру мен спортқа шақыруы елдің болашағын, баянды тірлігін ойлаған терең ойдан туып отыр. Сөзіміз жалаң болмауы үшін 2008 жылғы Жолдаудағы мына жолдарға назар салайық: “Дені сау ұлт” үшін инфрақұрылымын да­мытудың маңызы жоғары. Балалық шақ­тан бастап денешынықтыру мен спорттық да­яр­лыққа және оған ең қолайлы мүм­кіндіктер туғызуға ерекше ден қойылуы керек”. Президенттің талабы, тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Елдегі балалар спортының ахуалы қалай? Енді осы бағытта ой өрбітіп көрейік. 2008 жылы республикадағы орта мектептердің 88,4 пайызында аптасына үш рет денешынықтыру сабақтары өтсе, 2009 жылы бұл көрсеткіш 89 пайызға жетті. 2008 жылы білім саласындағы 23 мың спорт үйірмесінде 450 мың бала спортпен шұғылданса, 2009 жылы 23 мыңнан астам үйірмедегі спортқа ден қойған жасөспірімдер саны 509 мыңға жетті. Яғни, Қазақстанда 2 миллион 486 мың оқушы болса, солардың 20 пайызы спорт үйірмелеріне тартылды. Елімізде әлі де болса спорт үйірмелері жоқ, қарапайым спорт алаңдары мен спорт құрал-жабдықтары жетіспейтін мектептер аз емес. Кейінгі жылдары салынған орта мек­теп­тердің спорт залдары заман талабына сай. Әйтсе де, ескі үлгідегі спорт залы бар мек­тептердің үлесі басым екенін айтуға тиіспіз. Спорт залдары жоқ ескі орта мек­теп­тер әлі де бар. Орта мектептердің 60 па­йызы ғана спорт құрал-жабдықтарымен қам­тамасыз етілген. Бұл бағытта Білім және ғылым ми­нис­трлігімен бірлесіп, атқаратын шаруа аз емес. 2008 жылы еліміздегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 415-ке жетіп, ондағы балалар саны 225 мың адамды құраса, 2009 жылы 425 мектепте 234 мың бала спортқа ден қойды. Оқу-жаттығу үдерісін атқаратын 8800 жаттықтырушы бар. Бұған қоса елімізде дарынды балаларға арналған 15 спорт интернаты, олимпиадалық ізбасарлар даярлайтын 17 орталық жұмыс істейді. Алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жүйесін одан әрі кеңейтіп, спорт клубтарының қатарын көбейтіп, жергілікті жерлердегі аула клубтарының жұмысын жандандыра түссек дейміз. Сонымен бірге орта мектептерде спорттың белгілі түрлері бойынша мамандандырылған сыныптар ашу – бүгінгі таңдағы маңызды шаруалардың бірі. Бұқаралық спорт туралы айтқанда, студент жастарды айналып өту мүмкін емес. Еліміздің жоғары оқу орындарында 630 мыңнан астам студент оқыса, арнаулы орта білім беретін оқу орындарындағы жастардың саны 600 мыңнан асып жығылады. Еліміздің ертеңі осы жастардың қолында екенін ойласақ, әрбір жастың бас амандығы, олардың денсаулығы біз үшін қымбат. Жастарымыз білімді әрі сергек, шымыр болса, болашағымыз да жарқын болады. Дамыған елдерде студент спортына қатты мән береді. Себебі, студент дегеніміз – ертеңгі маман. Ертеңгі маманның дені сау, ойы сергек болғаны қоғамға пайдалы. Осы жағын терең ойлаған елдер студент спортынан қаржы аямайды. АҚШ-тың баскетболы студент клубтарының жүйелі дамуы нәтижесінде бүкіл әлемді мо­йындатып отыр. Бізде кезінде “Буре­вестник” спорт қоғамы болды. Қазір студент спорты өз деңгейінде дамып отырған жоқ. Негізгі проблемаларды айтсақ, жоғары оқу орындарының көпшілігінде қарапайым спорт алаңдары жетіспейді; бар спорт алаңдарының көбінің сапасы сын көтермейді; техникалық жабдықталуы нашар; жергілікті спорт басқармаларының деректеріне сүйенсек, спорт алаңдары мен залдарының 40 пайызы күрделі немесе жеңіл жөндеуді қажет етеді екен; жоғары оқу орындарының көпшілігінде спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Спорт кафедралары мен клубтардың басым көпшілігінің жұмысында ізденіс аз, ілгерілеу байқал­май­ды. Студент спортының бойына қан жүгірту үшін республикалық деңгейде тұғыры берік, мақсаты айқын спорт қоғамын құру керек. Сонда ғана іс алға басуы мүмкін. Мұндай қоғам болса, жер-жердегі спорт клуб­та­рының басын қосып, студент спортының оңы мен солын таразылап, жастарды саламатты өмірге бейімдеуде, студенттердің ішінен жоғары дәрежелі спортшылар даярлауда қыруар шаруа атқарылар еді. Ең бастысы, жоғары оқу орындарындағы спорт кафедраларының жұмысы өз арнасын тауып, тиімділігі арта түсер еді. Студент спортын көтермейінше, ел спортындағы көп мәселенің шешімін табу қиын. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: 2020 жылға дейін “Отыз пайызға дейін қазақстандықтар бұқаралық спортқа тар­тылуы керек” деп, алды­мызға нақты міндет қойды. Бұл міндеттің үде­сінен шы­ғу үшін бүкіл ел бо­лып, жа­была қи­мыл­дауымыз ке­рек. Әйт­песе, бір ғана Ту­ризм және спорт министрлігі ел болашағы үшін маңызы зор бұл шаруаны бір өзі атқарып шыға алмайды. Қазір 16 миллионнан асатын республика халқының 16 пайызы дене шынықтырумен шұғылданады. Эконо-микасы мен ғылымы өркендеген мем-лекеттерде халықтың 30-50 пайызы сергек өмірге ден қояды. Статистикалық деректерге сүйенсек, еліміз бойынша Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары мен Алматы қаласында бұқараны дене шынықтыруға тарту ісі басқа өңірлерге қарағанда едәуір жақсы. Керісінше, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында көпшіліктің спортқа ден қоюы көңіл көншітпейді. Еліміз бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын адамдардың саны (2009 жылғы мәлімет) дене шынықтыру және   Облыстар мен қалалардағы спортпен жүйелі түрде     халықтың жалпы санына шұғылданатын                  шаққандағы пайыздық үлес адамдардың саны 1 Астана қаласы 74217      10,8 2 Алматы қаласы               268087    19,4 3 Ақтөбе облысы               108602    15,2 4 Алматы облысы             297678    17,7 5 Ақмола облысы              101436    13,7 6 Атырау облысы              69350      13,5 7 Шығыс Қазақстан облысы              140450    9,9 8 Жамбыл облысы            123368    11,9 9 Батыс Қазақстан облысы 85209      13,7 10 Қарағанды облысы      484796    36 11 Қызылорда облысы     93779     14,4 12 Қостанай облысы         210840   23,7 13 Маңғыстау облысы     56680     13 14 Павлодар облысы         139239   18,6 15 Солтүстік Қазақстан облысы            108356   16,7 16 Оңтүстік Қазақстан облысы 189367   7,7 Барлығы:             2 545 116              16,3 Тағы бір маңызды мәселе, халқымыздың айтулы тұлғаларының сергек өмірге ұмтылысы туралы телерадио арналары мен газет беттерінде насихатты күшейту керек. Буыны енді бекіп келе жатқан көкөрім жастар атақты әншілер мен күйшілердің, даңқты кино жұлдыздарының, белгілі ақын-жазушылардың, министрлер мен облыс, қала әкімдерінің күнделікті жүгіріп, доп, теннис ойнайтынынан, атқа мінетінінен, тауға шығатынынан хабардар болса, оларға сөзсіз еліктейді. Топтан озған, көштің алдындағы адамдардың өнегесі жастарға қатты әсер етеді. Сондықтан бұқаралық спортты насихаттау ісіне барынша мән беруіміз керек. Аталарымыз: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің”, деген. Балаларымызға “жүгірген пайдалы, атқа мінген жақсы, жүзу керек” деп он рет айтқанша, аптасына үш-төрт мәрте спортпен шұғылданып, үлгі көрсетсек, әсері күшті болады. Ал өзіміз жалқаулыққа бой алдырсақ, балаларымыз қамшыласақ та спорт залына бармауы мүмкін. Жасыратыны жоқ, ұрпақтарының денсаулығын ойламақ түгілі, темекі мен арақтан ауыздары босамайтын ата-аналар баршылық. Олар өз денсаулықтарын құртып қана қоймай, теріс іс-әрекеттерімен балаларының болашағына балта шабады. Көктемгі, күзгі әскерге шақыру кезінде көп жігіттердің денсаулығы, салмағы, күш-қуаты талапқа сай болмай жатады. 18-19-дағы өрімдей жастар әлжуаз, әлсіз болса, олардың ұрпағы қандай болады? Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Бұл­­ –­ ­мемлекеттік маңызы зор, ел болып ойланатын күрделі мәселе. Тиісті мекемелердің деректеріне сүйенсек, біздің елде 100 мың адамға шаққанда 390,4 адам нашақорлыққа ұрыныпты. Бір миллион адамның төрт мыңға жуығы нашақор болса, елдегі 16 миллион халықтың қаншасы қауіпті дерттің құрығына іліккенін есептеп шығу қиын емес. Заман қасіретіне айналған нашақорлық әсіресе Алматыда қабындап тұр. Тоғыз жолдың торабындағы әсем қаладағы әр 100 мың адамның 1282-сі нашақор екен. Алматыдан кейінгі орындарда Павлодар (100 мың адамға – 608,8) мен Шығыс Қазақстан (100 мың адамға – 553,4) облыстары. Жеріміз байтақ, демографиялық жағдайымыз белгілі. Біз нашақорлық пен ішкілікке, темекі тартушыларға қарсы табанды түрде күресуіміз керек. Әйтпесе, өзі аз халықтың белгілі бөлігі денсаулықтан айырылып, біразы азғындық жолға түссе, болашақта қиындыққа тап болуымыз мүмкін. Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, еліміздегі қайтыс болған адамдардың 10,9 пайызының ажалы арақтың кесірінен екен. Елімізде темекі тартатын адамдар қатары азаймай отыр. Әсіресе, 30-39 жас аралығындағы адамдар арасында темекі тартушылар көп. Жанымызға қатты бататын бір жағдай, мектеп жасындағы бүлдіршін қыздар мен жас келіншектердің темекіге құмартуы азаймай отыр. Денсаулық сақтау саласының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда жылына мыңдаған адам темекінің салдарынан туындайтын аурулардан қайтыс болады екен. Тәуелсіздіктің тұғырын енді бекітіп жатқан жас қазақ мемлекеті үшін әрбір адам қымбат. Сондықтан өскелең ұрпақты, ой тоқтатқан адамдарды арақ пен темекіден тыю үшін дене шынықтыру мен спорттың маңызы зор. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкіметтің қамқорлығы арқасында спорт мектептері мен спорт үйірмелерінің, оларда шұғылданатын балалардың қатары жылдан-жылға өсіп келе жатқанын жоғарыда тілге тиек еттік. Сонымен қатар, елдегі спорт ғимараттары да жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бір ғана 7-қысқы Азия ойындарына арналып жаңғырып, жөнделіп жатқан ғимараттарды айтпағанда, Астанада бой көтерген тамаша стадион, қысқа дейін құрылысы аяқталатын велотрек пен коньки стадионы, Алматы облысындағы шаңғы-биатлон стадионы, Алатаудың баурайындағы “Шымбұлақ” тау шаңғысы базасы мен шаңғы трамплиндері кешені қазақ спортының материалдық базасын едәуір нығайтады. Әйгілі Медеу мұз айдыны түрленіп, жасарып, барша қазақтың мақтанышына айналатын күн алыс емес. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы да атына заты сай тамаша ғимаратқа айналды. Алматы облысында небір мықты мемлекеттердің қолы жетпей жүрген республикалық олимпиадалық база, ал Ақмола облысында республикалық шаңғы базасы салынып жатыр. Алла жазса, Азия ойындарынан кейін Қазақстан спорттық материалдық базасы жағынан кешегі Кеңес одағына қараған мемлекеттердің ішіндегі ең озық елдің біріне айналады. 2008-2009              жылдары елімізде 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Осы 14 кешеннің 8-і Павлодар облысының үлесіне тиеді. Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары екі кешеннен тұрғызса, Қостанай облы­сында бір кешен салынды. Осы жерде айта кететін нәрсе, Павлодар облысының дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін тұрғызу тәжірибесін басқа облыстар үйренсе дейміз. 2010-2011 жылдары 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделіп отыр. Біздің мақсатымыз, еліміздің барлық облыстарында осындай кешендер салып, қалың бұқараның спортпен шұғылдануына барынша мүмкіндік жасау. Іші-сырты сәнді, маңайы дуға толы спорт кешені кімді болса да өзіне тартып тұрады. Алла тағала қазаққа оң көзімен қарап тұр. Заманымыз тыныш, еліміз аман. Президентіміздің де саясаты мемлекетіміздің тыныштығын, халықтың бақуатты, білімді, сергек болуын көздейді. Осындай мамы­ра­жай тірліктің арқасында елдегі спорт ғи­мараттарының саны жыл санап өсіп келеді. Нақты деректерге жүгінсек, 2007 жылы Қазақстанда 29307 спорт ғимараты тіркелсе, 2009 жылы олардың саны 30330-ға жетті. Көкшетау мен Атырауда заман талабына сай спорт сарайлары салынса, Ақтөбедегі зәулім теннис корты анадайдан көз тартады. Былтыр жаңадан 15 спорт кешені, 77 спорт залы, 10 теннис корты бой көтерді. 2009 жылы “Жол картасы” аясында республика бойынша 1,5 миллиард теңгеге 56 спорт ғимараты жөнделді. Қиырдағы талай ауданның 30-40 жыл жөндеу көрмеген спорт мектептері, спорт залдары, стадиондары жаңғырып, жақсарып, ел игілігіне берілді. Бір ғана Ақтөбе облысында кейінгі үш жылда жаңадан салынған, жөнделген спорт мекемелерінің саны 20-ға жетіпті. Қазір Ақтөбеде олимпиадалық даярлық орталығына арналып екі спорт залы, әкімшілік ғимараты, стадионы бар тамаша кешен салынып жатыр. Келесі жылы бұл кешеннің жанынан спортшылар мен мамандар үшін асханасы бар қонақ үй тұрғызылады. Қарағандыдағы жаңа бокс залы бізде бұрын-соңды болған емес. Биыл “Жол картасы” бойынша 58 спорт ғимаратын жөндеу көзделіп отыр. Сонда екі жылдың ішінде тек “Жол картасы” аясында 114 спорт ғимараты жөнделеді екен. Бұл аз тірлік емес. Жақында Орал қаласында халық спорты ойындарының ІV республикалық финалы аяқталды. Спорттың 14 түрінен болған жарыста Батыс Қазақстан облысының құрамасы бас бәйгені жеңіп алды. Жайық спортшыларының бұл табысы кездейсоқ емес. Бұл өңірде спорттың бұқаралық сипат алуы үшін көп шаруа жасалып жатыр. Оралда “Намыс” атты бұқаралық спорт клубы құрылып, қаладағы барлық аула клубтарының жұмысын бір жүйеге келтіру үшін әрекет етуде. Қызылорда облысында ауылдағы спорт нұсқаушылары облыстық бюджеттен жалақы алады. Жалпы ел көлемінде мұндай жарқын мысалдар аз емес. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін ел тұрғындарының отыз пайызы бұқаралық спортқа тартылуы керек деп, алдымызға маңызды міндет қойды. Туризм және спорт министрлігі осы міндет үдесінен шығу үшін жүйелі жоспар құрып, жұмыс істеп жатыр. Коллажды салған Орынбай БАЛМҰРАТ.