06 Тамыз, 2010

ҮКІМЕТ “Егемен Қазақстанның” апталық қосымшасы

487 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
ТҰРҒЫН ҮЙ ТҰРУҒА ЖАЙЛЫ БОЛУЫ ҮШІН Ел экономикасының ауқымында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының әлеуеті үлкен. Бүгінде бұл салада еңбекке жарамды қазақстан­дық­тар­дың 18 пайызы жұмыс істейді. Яғни, 200 мыңнан астам адам еңбекпен қам­тыл­ған. Коммуналдық шаруашылық кәсіп­орындарының жылдық табысы 500 млрд. теңгені құрайды. Бұл мемлекеті­міз­дің ішкі жалпы өнімінің 3 пайызына тең. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) өзара тығыз байланыстағы екі негізгі бағыттан тұрады. Бірінші, ком­муналдық қызмет саласы, оған тұтыну­шы­ларды су, газ, жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету, су тарату мен кәріз қызметі, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру шаралары кіреді. Екінші, тұрғын үй қатынастары саласы, оған көп пәтерлі үйлердің ортақ мүлкін пайдалану және басқару қызметі жатады. Сонымен бірге тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылығы  әлеуметтік маңызы жоғары сала болып табылады. Өкінішке орай, бізге кешегі кеңестік дәуірден мұ­раға қалған коммуналдық сала инфра­құрылымының пайдалану мерзімі асып кеткен әрі моральдық тұрғыдан әбден ескірген еді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын жекешелен­діріп алған бизнес субъектілері  инфра­құры­лымдарды түбегейлі жаңғыртуға қаржы салудан жалтарып, оларды ақы­рына дейін барынша пайдаланып, таза табыс табу жолына түсті. Осының сал­дарынан бүгінде республикамыздағы  су­мен жабдықтау жүйесінің 64 пайызының, су тарату желісінің 66 пайызының, жылу жүйесінің 63 пайызының, электр желі­лерінің 73 пайызының және газбен жабдықтау жүйесінің 54 пайызының тозығы жетіп, жедел жаңғыртуды қажет етіп отыр. Осыған байланысты Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жол­дауында “Коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру мен жаңғырту. Бұл – сумен қамтамасыз ету, жылумен қамта­масыз ету, энергетика мен кәріз сулар­дың нысандары мен желілері. Бұл көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ та бізге оны бәрібір істеуге тура келеді. Ол – бо­ла­шақ дамудың негізі”, деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын түбегейлі реформалау міндеті күн тәртібіне қойылып отыр. Жақында өткен Үкімет отырысында 2020 жылға дейін еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын дамыту мен кең көлемде модернизациялау бағдарламасы қаралды. Ұзақ мерзімге арналған бұл бағдарлама еліміздегі коммуналдық  жүйелерді түбе­гейлі қайта құрып, заман талабына жауап беретін инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Ақиқатында, Мемлекет басшысының баламасыз бастамасымен жаһандық қар­жы дағдарысына қарсы ел Үкіметі қа­былдаған бірлескен іс-шаралар бағдар­ламасы шеңберінде тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында арнайы “Жол картасы” жасалынып, бұл саланы рефор­малау бетбұрысы  өткен жылы басталып та кеткен болатын. 2009 жылы осы мақ­сатпен бюджеттен 61 млрд. теңге қаржы бөлініп, 862 жоба іс жүзіне асырылды. Бұл шараны жүзеге асыру барысында 81 мың жұмыс орыны ашылды. Сөйтіп өткен жылы ТҮКШ саласын жаңғырту мақсатында 284 шақырым жылу жүйесі, 737 шақырым электр желісі, 284 шақырым газбен жабдықтау желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау құбыры, 172 шақырым су тарату жүйесі қайта салын­ды және күрделі жөндеуден өткізілді. Үстіміздегі жылы еліміздің ТҮКШ саласын дамыту және кең көлемде модернизациялау тұжырымдамасын іс жүзіне асыру мақсатындағы 2010-2014 жылдарға арналған кешенді жоспар белгіленіп, жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл шараларды орындауға бес жыл ішінде 300 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Оның 200 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, қалған бөлігі жергілікті бюджеттер есебінен қарастырылады. Салаға бес жыл ішінде тең көлемде жыл сайын 60 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп отырады. Бөлінген қаржының басым мөлшері инженерлік жүйелерді жөндеуге және қайта жаңғыртуға жұмсалатын болады. ТҮКШ саласын дамыту және кең көлемде модернизациялау тұжырым­да­ма­сы бойынша, арнаулы іріктеу байқау­лары­нан өткен инвестициялық  жобалар ғана бюджеттік қаржыландыруға жібері­летін болады. Бұл ретте мына бағыттарға ба­сымдық берілмек: жергілікті бюджет­тен қосымша қаржыландырылатын ком­муналдық меншік нысандарын жөндеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға; бұ­рын басталған жұмыстарды бітіруге; мей­лінше ескірген нысандарды модер­ни­за­циялауға; нысандарды апатты жағдайдан құтқарып, олардың тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз етуге; тұрғындарды бұрын бол­маған коммуналдық қызмет түрлері­мен қамтуға; ресурс және энергия қуа­тын үнемдеуші технологияларды өнді­ріске енгізуге. Міне, осы басымдықтарды негізге ала отырып, өңірлік әкімдіктер 2010-2014 жылдар аралығында ТҮКШ саласын дамытудың өңірлік бағдарла­ма­ларын белгілеу жұмыстарын аяқтады. Тұжырымдамаға сәйкес елді мекен­дерді сумен қамтамасыз ету мәселесінде бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру көзделініп отыр. Атап айтқанда, қар­жыны үнемдеу және бақылауды кү­шей­ту мақсатында жобалардың техни­калық-экономикалық негіздемелері орталықтандырылған түрде әзірленетін болады. Тұжырымдамада белгіленген кешенді міндеттерді жүзеге асыруды үш кезең бойынша жүргізу қарастырылған. Бірінші кезеңде, яғни 2010 жылы облыс орталықтарындағы және Астана мен Алматы қалаларындағы сумен жабдықтау және су тарату нысандарының қазіргі жағ­дайына жан-жақты зерттеу жұмыс­тары жүргізіліп, Көкшетау қаласының бұл саласына толық жаңғырту жұмыс­тарын жүргізу үшін техникалық-эко­но­микалық негіздеме жасалынады. Екінші кезеңде, яғни 2011 жылы Атырау және Шымкент қалаларының техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау жұмыстары аяқталуға тиіс. Ал 2010-2014 жылдарды қамтитын екінші кезеңде бас­қа қалалардың техникалық-экономика­лық негіздемелері  дайындалып, белгі­лен­ген осы шаралар бойынша кешенді жұмыстар атқарылатын болады. Жоғарыдағы келелі міндеттерді ой­дағыдай іс жүзіне асыру мақсатында алдын-ала үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Еліміздің ТҮКШ саласын да­мыту мен кең көлемде модерниза­ция­лаудың қазақстандық орталығы құрылды. Орталықтың алдына бірнеше келелі міндеттер қойылды. Олар – саланы  да­мыту мен кең көлемде модерниза­ция­лауға арналған жобаларды қаржылан­дыруға бюджеттен тыс инвестициялар тарту, ТҮКШ сласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерді несиелеудің тиімді жолдарын қарастыру, ресурстар мен қуаттарды үнемдеу технологияларын өндіріске енгізу, мемлекет және жеке меншік әріптестігінің тиімді жолдарын тауып, саланы басқарудың заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізу болып табылады. Міне, осы кешенді шаралар толық жүзеге асқан кезде еліміздің ТҮКШ саласы тиімді де табысты жұмыс істеп, бизнес құрылымдар арасында беделді де бәсекеге қабілетті құрылымға айналмақ. Ұзақ мерзімге арналған осы кешенді бағдарламаның маңызды бағытының бірі – тұрғын үй секторын дамыту міндеті. Өткен жылы осы мақсатта “Тұрғын үй қа­тынастары туралы” арнайы заң қа­былданған болатын. Мәселені барынша зерттей келе, бұл жаңа заңға биылғы жылы тағы да өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізілді.  Олар мынандай маңыз­ды бағыттарды қамтиды: бірінші, мем­лекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры құрылатын болды. Себебі, осы уақытқа дейін еліміздің мемлекеттік тұрғын үй қорлары әкімдіктер мен кәсіпорындар меншігінде ғана болып келді. Мем­лекеттік орталық органдардың тұрғын үй қорлары ешбір заңдастырылмаған еді. Енді ол толық заңдастырылды. Екінші, қызметтік тұрғын үй қорын бөлу тетік­терін оңтайландыру болып табылады. Осы уақытқа дейін әкімдіктер қызметтік тұрғын үйлерді  нақты азаматтарға тіке­лей беріп келді. Енді жаңа заң нормалары бойынша, әкімдіктер қызметтік пәтер­лерді тұтас ұйымдарға (сот, про­куратура, полиция) бөледі, олар өз кезегінде белгіленген тәртіп бойынша тиісті қызметкерлерге береді. Үшінші, пай­далануға жарамсыз деп танылған апатты жағдайлардағы үйлердің азаматтарына тұрғын үй берудің жеке кезегін енгізу. Бүгінгі күнге дейін мұндай санаттағы азаматтар жалпыға ортақ тұрғын үй кезегіне тіркелгендіктен, бірқатар қиын­дықтарға тап болатын, тіпті үйлері құлап қалса да жалпы кезекті күтіп, пәтерсіз қал­­ғандар аз емес. Енді жеке кезек бой­ын­ша тіркелген азаматтардың осы мақ­сат үшін бөлінетін тұрғын үй қоры­нан пәтер алу мүмкіндігі жеңілдей түспек. Сонымен бірге заң талаптары бой­ынша, мемлекеттік тұрғын үйді жекеше­лендіру тәртібінің жаңа ережелері белгі­ленетін болады. Бұл ретте тұрғын үйді жекешелендіру ережелерін бекіту өкілет­тігі Үкімет құзырына беріледі және тұр­ғын үйді жекешелендіру мәселесі тек әкім­діктер арқылы ғана жүзеге асыры­лады. Тұрғын үйді жекешелендіру тәртібі  пәтерлердің қалдық құны бойынша есеп­телінетін болады. Жаңа заң нормала­рында түрғын үй мәселелеріне қатысты бұ­дан басқа да бірқатар өзгерістер енгізіл­ген. Бұл өзгерістердің барлығы негізінен тұрғындардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында мүмкіндігінше  әлеу­меттік әділеттілікті орнықтыруға бағытталған. Қорыта айтқанда, еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын 2020 жылға дейін дамыту және кең көлемде молернизациялау бағдарла­ма­сы бүл салада ұзақ жылдардан бері қордаланып келген проблемаларды түбе­гейлі шешіп, тұрғындар үшін өмірлік маңызы бар саланың өркениет талабына сай өрістеуіне мүмкіндік береді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.