Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сәрсенбі күні Ақордада құқық қорғау қызметінің көкейкесті мәселелері бойынша кеңес өткізді
Онда үлестік құрылыс проблемалары, елде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету және кәсіпкерлер құқықтарын қорғау мәселелері сөз болды. Кеңес жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Бас прокурор Қайрат Мәми, Жоғарғы Сот Төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров және құқық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Президент тұрғын үй құрылысына үлестік қатысушылар проблемаларына ерекше тоқталды. Үлескерлер құқын қорғау бойынша мемлекет жеткілікті шаралар қабылдап отыр. 518,8 миллиард теңге бюджеттен арнайы бөлініп, бұл қаржылар үлестік құрылысты қолдауға бағытталған. Соның нәтижесінде 353 тұрғын үй кешені салынып, 45 мыңнан астам үлескер мәселесі шешімін тапты.
– Біздің көптеген елдер секілді бұл проблемадан сырт қалуымызға да болар еді, бірақ біз өз азаматтарымызға қолдау көрсетпей тұра алмадық және бұл мәселені шешуге қаражат таптық, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сонымен бірге Президент үлескерлердің құқын қорғауда жауапсыз құрылыс компаниялары жымқырған мүліктерді іздестіруді және олардың қылмыстық жолмен тапқан табыстарын заңдастырудың алдын алуды құқық қорғау органдарына қатаң тапсырды. Бұл әсіресе Астана, Алматы және Өскемен қалаларына қатысты. Жауапсыз құрылыс компанияларының активтерін іздеп тауып, кері қайтару, олардың үлескерлер мен мемлекетке келтірген залалын мәжбүрлеп өтету басты міндетке айналуы тиіс. Осы ретте Елбасы соттардың үлескерлердің құрылыс ұйымдарының үстінен берген өтініштерін жылдам әрі әділ қарауды қамтамасыз етуде, үлескерлердің орынды талаптарын қанағаттандыруда заң аясындағы барлық амалдарды қолдануға тиіс екендігін де ескерте кетті. Үлескерлердің құқықтарын сот арқылы сапалы қорғау үшін бұл сияқты сот шешімдерінің толық және уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет.
Бұл мәселелер заңнамалық деңгейде де, практикалық қызмет жағдайында да сапалы ойластыруды қажет етеді. Үлескерлердің құқықтарын қорғау тұрғысында Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарына арамқол құрылыс салушылар ұрлаған мүлікті, соның ішінде елден сыртқары жерлерде де іздестірудің тиімділігін арттыру және олардың қылмыстық жолмен тапқан табыстарын заңдастыруларының алдын алу жөнінен қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Ал Үкіметке мемлекеттік органдармен бірлесе отырып үлестік тұрғын үй құрылысы саласындағы қатынастарды реттейтін заңнамаларды жетілдіруді тапсырды. Осы орайда жауапсыз құрылыс компанияларынан ақшалай қаражатты, басқа да мүліктерді өндіріп алу жөніндегі сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету және бөлінген қаржыны қайтару тетігін жасау да басты назарға алынуы тиіс.
Елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты үміттендірерліктей мәліметтер келтірілді. Құқық қорғау органдары қызметінің 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындылары бойынша оң өзгерістердің орын алғандығы байқалады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар, жасөспірімдер арасындағы және экономика саласындағы қылмыстар саны азайған. Бүтіндей алғанда қылмыстың ашылуы артып отыр. Дегенмен, Президент атап өткендей, біріншіден, статистика барлық уақытта бірдей ахуалды толық бейнелей бермейді, екіншіден, оң өзгерістер болған күннің өзінде де ол өзімізді өзіміз тыныштандыруға себеп болуға тиіс емес.
Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке құқық бұзушылықтың алдын алуға, маскүнемдікпен күреске, әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың өсімін төмендетуге, қылмыстық істерді тергеген кездегі әуре-сарсаңдарды жоюға, құқық қорғау органдарының азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарауды уақытылы және сапалы жүзеге асыруына айрықша көңіл бөлуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы кеңеске қатысушылардың назарын жол қозғалысы қауіпсіздігі мен көптеген адамдардың өмірін қиған жол-көлік оқиғалары проблемаларына аударды. Соның ішінде жақында 21 адамның өмірі қиылған Жамбыл облысында орын алған жол апаты да атап көрсетілді. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы кеңес барысында құқық қорғау органдарына қылмыспен күресті жандандырып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту қажеттігі тұрғысында түбегейлі шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді. Атап айтқанда, Бас прокуратура құқық қорғау органдарын қадағалауды күшейтуге, олардың қызметін үйлестіру деңгейін жақсартуға, қылмысты тергеу мен ашу, қылмыстық істерді соттарда қарау және жазаны бас бостандығынан айыру орындарында өтеу кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай тапсырмалар Ішкі істер министрлігіне де берілді. Тарқатып айтқанда, ішкі істер ведомствосы пайдакүнемдік, күш көрсету қылмыстарының жолын кесу, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуды күшейту, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жақсартуда қосымша шаралар қабылдау, заңсыз есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күресті күшейту, оның ішінде есірткі заттарын қолдануды жасыру және олардың білім беру ұйымдары мен ойын-сауық орындарында таратылуы деректерін анықтау және жою, тұрғындардың нашақорлыққа салынуға бейімдеу келетін тобын нақтылап, сақтандыруды күшейту сияқты бағыттар бойынша шаралар кешенін қабылдау қажет. Ал Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жалған кәсіпкерлік пен қолдан жасалған банкроттыққа қарсы күресті күшейтуді қолға алуы тиіс. Сонымен қатар агенттікке банк саласындағы қылмыстардың жолын кесу, қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыруға және шетелге кеткен қаражаттың қайтпай қалуына қарсы күресті күшейту, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыс салдарынан келген залалды барынша толық өтету бойынша қосымша шаралар қабылдау жөнінен нақты тапсырмалар берілді.
Қаржы министрлігіне берген тапсырмасында Президент Кеден одағының сыртқы кедендік шекарасына бақылауды күшейту қажеттігін ерекше атады. Нақтырақ айтқанда, халық тұтынатын тауарлар контрабандасын, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз тасымалын анықтап, жолын кесу бойынша шаралар қабылдауды және жүзеге асыруды қамтамасыз ету басты міндет болуға тиіс. Әділет министрлігіне берілген тапсырмада түзету мекемелерінде тәртіп орнатуға жеткілікті түрде шара қолданып, бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайды бақылауда ұстауды жақсарту қажеттігі баса айтылды. Маңғыстаудағы орын алған жағдайды мысалға келтіре отырып, Н.Назарбаев жазаны өтеу орындарының проблемаларын да тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы сот жүйесінің жұмысын күшейту тұрғысында да бірнеше бағыттарды атап көрсетті. Соттар Ата Заң мен өзге де заңдардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Істер жедел әрі әділ түрде өз шешімдерін табуы тиістігі де қатаң ескертілді. Кез келген сотқа жүгінушілер өз талабының әділ де жедел шешілгенін қалайтыны түсінікті де. Президент судьялар өз жұмысында жіберілген қателіктеріне және өзінің жеке әрекеттеріне де ең қатаң жауапкершілік тұрғысынан қарауы керек дегенді қадап айтты.
– Судьяның бір ғана лайықсыз қылығы қоғамның сотқа деген сенімін төмендетіп, сот жүйесінде қол жеткізілген бүкіл жетістіктерді желге ұшыруы мүмкін, – деп ескертті Елбасы.
Олай болса, соттарда қабылданған шешімдер тиянақты орындалуға жатады. Мәселен, азамат немесе ұйым үшін соттың әділ шешім шығаруы әншейін мақсат емес, олар үшін ең бастысы – бұзылған құқының қалпына келгені болмақ. Соттар тұрғындар үшін барынша ашық және жария болуы керек. Мемлекет басшысы сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету қызметінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиістігін де ерекше ескертіп өтті.
– Жалпы алғанда, сіздердің алдарыңызда тұрған міндеттер қолжетімді және құқық қорғау органдарында ол үшін қажетті әлеует бар. Қойылған міндеттерді сіздердің атқарып шыға алатындарыңызға сенемін, алайда, құқық қорғау құрылымдарының басшылары қажетті қорытынды шығаруы және тиімді әрі нақты шаралар қабылдауы қажет, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтардың құқын қорғауға қатысты болды. Кәсіптің соңында жүрген азаматтардың құқын қамтамасыз ету саласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен “www.akorda.kz” ресми сайты ашылған-ды. Аталған сайттағы “Президенттің бизнесті қорғауы” атты арнайы бөлім рөлінің маңыздылығы да ерекше аталып өтілді. Мәселен, бес айға жуық мерзім ішінде сайтқа кәсіпкерлерден 800-ге тарта хат түскен. Сол хаттардың 247-сі қадағалау-бақылау және құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлер құқы мен мүддесінің бұзылуына қатысты шағымдар көрінеді.
– Мен қашанда шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту мәселелеріне, оның дамуына тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді жоюға айрықша назар аударып келемін және алдағы уақыттарда да солай бола береді. Менің тапсырмам бойынша сайттағы шағымдар Президент Әкімшілігінің қатаң бақылауына алынды және белгіленген тәртіпке сай тиісті органдар қарап жатыр. Біз кәсіпкерлікті қолдауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар атқарудамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сайт кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырушы азаматтардың құқын қорғаудың тағы бір маңызды тетігі болып табылады.
Кеңес отырысын қорыта келе Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін тиімді жетілдіру арқылы азаматтарымыздың жан-жақты қорғалуына жағдай жасалып, сол арқылы еліміздің дамуына үлкен үлес қосылатынын жеткізді. Бүгінгі таңда экономикамызға қыруар қаржы жұмсалып жатса, бұл қаржы көздері еліміздің игілігіне қызмет етуге тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.