07 Тамыз, 2010

Байрақты бәсеке

657 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ресейде өткен 7-ші ТМД әскерлері спартакиадасында Қазақстанның әскери-спортшылары командалық есепте екінші орынға шығып, өте жақсы нәтиже көрсетті. Санк-Петербургте шілденің 24-і мен тамыздың 1-і аралығында ТМД мемлекеттерінің достастық әскер­лерінің дәстүрлі сайысы биыл Жеңістің 65 жылдығына арналды. Қазақстан тарапынан 38 спортшы қатысқан додаға жалпы спорттың 6 түрі қамтылса, біздің құрама солар­дың бесеуіне, яғни еркін күрес, көпсайыс, суға жүзу, нысана көздеу және гір тасын көтеруден бақ сынасты. – ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­Біздің әскерилер өте жақсы нәтижеге қол жеткізді, – дейді Қор­ғаныс министрлігінің ӘОСК спорт комитетінің бастығы, пол­ков­ник Ерлан Таласбаев. – Жігіт­теріміздің Ресей, Украина сияқты әлеуеті өте күшті командалар ара­сында екінші орынға шығуын үл­кен жеңіс деп бағалаймыз. Әсіресе, біздің қоржынымызға қомақты жүл­де салған суға жүзушілердің та­бысын атап өткім келеді. Олар жалпы саны 7 алтын, 2 күміс, 3 қо­ла медаль жеңіп, командалық есеп­те топ жарды. Мәселен, кіші сер­жант С.Кузьмин ­– 4, аға сер­жант С.Осинский – 3 алтын медальдан алқа тақты. Байрақты бәсекенің қорытын­дысы бойынша Қазақстан құрама­сы 11 алтын, 9 күміс, 5 қола жүл­дені олжалап, жалпы есепте Ресей­ден кейін 2-ші орынға шықты. Ал Украина 3-ші, Беларусь – 4-ші, Армения 5-ші болса, Тәжікстанға соңғы орын бұйырыпты. Спорт та Қазақстанның халық­аралық бедел-абыройына қызмет жасайтын шараның бірі. Осы орай­да қазақстандық әскери спортшы­лар­дың табысы жөнінде Қорғаныс министрлігінің ӘОСК спорт коми­тетінің бастығы, полковник Ерлан Таласбаевпен әңгімелескенімізде ол бізге былай деді: – Жалпы алғанда біздің қарсы­ластарымыз да оңай командалар емес. Мәселен, күрестен армяндар, нысана көздеуден Ресей жақсы команда дайындаған. Әрине, өз еліңде, өз алаңыңда олардың әлеуеті мен мүмкіндіктері молдау болды. Суға жүзуден де ресейліктер мен украиндықтар мықты команда жасақтағанын айта кетуіміз керек. Сонымен бірге оның айтуынша, мұндай жақсы көрсеткіштерді ба­ғындыруымыз Қорғаныс министр­лігінің әскери спортты дамытуға деген байсалды қолдау көрсетуінің нәтижесі. Сондай-ақ, Қорғаныс министрінің сарбаздарға қашанда көңіл бөліп, осындай додалы жарыстарға дайындалуға жеткілікті жағдайда қаржылай көместесуінде. Егер мұндай халықаралық сайыс­тарға қатысуымызға басшылықтың көзқарасы оңды болмағанда, жоғарыдағыдай асу алынбаған болар еді. Жалпы, командалық есепте екін­ші орын иеленуімізді ол спорт­шыларды таңдауда үлкен жұмыс жүр­гізілуімен, екіншіден, министр­лік­тің қолдау көрсетуімен бір жа­рым ай бойы өз базамызда өте жо­ғары деңгейде жаттықтыру циклі өткізілгенімен, ал үшіншіден, жі­гіттердің командалық рухымен байланыстыруда. “Бізде бөтен спорт­­шы болмады. Бәрі әскери қызметкерлер, бірін бірі жақсы бі­ле­ді. Жарыстың алғашқы күнінен-ақ бір-бірімен иықтасып, ортақ күшпен қарсыластарына лайықты тұра білді. Бір отбасындай жұмыла келгенімізді басқа командалар да байқап, оны атап өтті де”, – дейді Е.Таласбаев. Дегенмен, оның айтуынша, спар­такиада әзірге көп елдер ко­мандаларын 100 пайызға қамти ал­май отыр. Белгісіз себептермен Бал­тық жағалауындағы үш мемле­кеттен командалар келмей қалды. Бірақ, ол үш ел де басында спарта­киа­даға қатысатындықтары жай­ын­да уәде бергенмен, соңғы кезеңде командасын әкелмеді. Орта Азия­дан да күткен командалар қатыс­пады. – Біз, – дейді Е.Таласбаев, – спартакиаданың ауқымы мен шеңберін ұлғайту үшін ТМД елдерінің спорт комитетімен бірге спорттың әр түрінен әр кезеңде өткізу жөнінде ұсыныс жасадық. Бүгінгідей классикалық түрде емес, бір жарыс ауанында бірнеше спорт түрінің әмбебап базасын дайындау оңай шаруа емес. Жарайды, Ресей Федерациясында әскери дене шынықтыру институтында бұл база бар. Сондықтан комитет отыры­сында спартакиаданы кезеңдік чемпионатқа бөлу жөнінде ұсыныс айттым. Мәселен, бір чемпионатты Қазақстан, өзгесін басқа мемлекет­тер алсын. Осылайша, біздер спорт­тың бір түрінен мейлінше қатысушыларды қамтымақпыз. Екінші жағдай, әр мемлекет спар­та­киадаға спорттың барлық түрінен спортшылар дайындай алмауы мүмкін. Бір жерде ол спорт түрі жақсы дамыған, ал басқаларында баяу. Сондықтан бір-екі спорт тү­рі­нен ТМД елдері өз спортшы­ла­рын бәйгеге қоса алады. Ал спарта­киа­даның басты ұраны – “Спорт достыққа бастайтын жол”. Орын алу, медальға ие болу – ол кейінгі мақсаттарымыз. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, Алматы.