Кеше Қарағандыда өткен Тілдерді қолдану және дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы” атты қоғамдық тыңдау болды. Онда сөз бастаған Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева атағандай, бұл барлық өңірде өтетін кездесулердің алғашқысы екен. Жаңа бағдарлама бойынша жан-жақты түсіндірме жасаған баяндамашы алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде атқарылар шараларды да таныстырды. Осы орайда көпшіліктің пікірлері мен ұсыныстары оған өзгертулер және толықтырулар енгізілу кезінде ерекше ескерілмектігіне назар аудартылды.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы Бақытқали Мұсабеков өз сөзінде тоқталғандай, аймақтағы ішкі демографиялық себептерге байланысты мемлекеттік тілді басымдыққа айналдыру оңайлыққа соқпауда. Әйтсе де бұдан тау шағылып, талпыныс жасып отырған жоқ. Жұртты қазақшаға бет бұрдыру бағытында жергілікті тіл жанашырларының тәжірбиесі алысқа аян. Ол сондай-ақ, қолбайлау жасап жүрген мәселелердің шешімі табылуға, соның ішінде үйренуге ықыласты қызметкерлерді жұмыс уақытын бөліп оқытуға қолдау жасалса құба-құп болар еді деді.
Талқылауды жалғастырған “Болашақ” университетінің ректоры, ғылым докторы Нұрлан Дулатбеков заңдардың бұдан былай қарай қазақ тілінде дайындалып, жазылуына көшілуі керектігін атай келіп, экономика мен бизнес тілін қазақшаландыруға көңіл бөлінбей келе жатуын, енді қалтарыста қалдыруға болмайтындығына тоқталды. Оның пікірі бойынша тұрғылықты халық өкілдерінің біразы осы салада қызмет етеді. Сондықтан қазақша сөйлеуге жұмылдырудың үлкен тірегі сонда жатыр деген ойын облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Талғат Доскенов қостап, бұған өздерінің ынталы екенін ортаға салды.
Абай ауданының әкімі Тұрар Алтынбековтің пайымдауынша еліміздің күш-қуаты өскен, беделі биіктеген сайын мемлекеттік тіл мәртебесі де нығая түсіп отырғаны байқалады. Бұған аудан өмірінен алға тартарлық мысалдар жеткілікті. Мәселен, жаңадан ашылған 200 орындық қазақша балабақшада тәрбиеленушілердің 57-сі өзге ұлт жеткіншектері. Қазақ мектебіне оқуға өз тілегімен келіп қосылушылар да аз емес. Бұл байсалды, байыпты тіл саясатының нәтижелі нышаны. Сонымен қатар ол құлақ түрдіріп өткендей мемлекеттік тілді насихаттауда, мерейін көтеруде ауызбірлік қажет. Бұл мәселеге келгенде саяси ұстанымдар әртүрлі болғанмен, азаматтық үн бір болуы керек.
Еврей ұлтық-мәдени орталығының жетекшісі Бэла Каменецкая, Қарағанды техникалық университетінің студенті Николай Смолин жаңа бағдарлама жобасын мұқият оқып шыққандарын, оның көпшілік тарапынан түсіністік тауып отырғандығын атады.
Келелі мәселе қозғалған кеңеске Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров қатысты.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.