Құлақпен естігеннен көзбен көрген артық. “Да-Қазақстан” тұғырнамасы ұлттық комитетінің төрағасы, сенатор, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім мен осы тұғырнаманың үйлестірушісі Салих Акчай Түркия басшылығы және қоғамдық ұйымдарымен кездесу туралы сапарға мұрындық болып, Түркия топырағына табанымыз тиген еді. Түрік жерінде жүргенде Мағжанның “Түркістан ер түріктің бесігі ғой, Түркістан екі дүние есігі ғой” деген жолдары ойға оралды. Ал ақынның Ататүрікке арнап жазылған “Алыстағы бауырыма” деп аталатын өлеңі түрік тіліне аударылып, үлкен таралыммен тарайтын журналдарда түрік және орыс тілдерінде жарық көріпті.
Түріктердің өздері түбіміз Түркістан деп айтып отырғанын талай естідік. Бауырлас, тамырлас түрік елінде қазақ елін білмейтін адам жоқтың қасы. Түріктердің көпшілігі қазақ жерін атажұрт, ал өздері қоңыс еткен жерді анажұрт деп есептейді. Анадолы түбегінің атауын да олар анамыздай ықылас көрсеткен жер, киелі топырақ деген ұғыммен байланыстырады.
Түріктермен тілдесе қалсаңыз тілмашсыз да түсінісесіз, түрікше айтсақ, не дегенін аңлайсыз. Қазақ айтып жүрген Қожанасыр әңгімелері оларда да сол қалпында айтылатынына куә боласыз. Қорқыт ата, Әбу-Насыр Әл-Фараби, Әбу-Сина, Ахмет Ясауи секілді асылдарымыздан қалған қымбат қазына түркі тілдес халықтарға ортақ мұра екенін түйсінгенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Қалай болған күнде де бес ғасыр бойы дәурен сүрген селжұқтар мен алты ғасыр жасаған Осман империясының мұрагері болған бүгінгі түрік елі қазақпен тілі бір, діні бір жұрт екенін бұған дейін Түркияны мүлде көрмеген, танып-білмеген қарапайым кісі де бірден байқайды. Кейінгі кездері екі ел арасында орныққан қарым-қатынас игі жемісін беріп жатқаны даусыз.
Түркияның білім саласын дамытуға көңіл бөлуі сүйсіндіреді. Қала уәлиінің (біздерде әкім) және полиция мүдірінің (бастығының) қабылдауында болғанымызда таңқалғанымыз – олардың кабинеттері өте қарапайым, біздің шенеуніктердей “атшаптырым” емес, шағын ғана ыңғайлы жұмыс бөлмесі екенін байқадық. Лицейлер мен басқа да оқу орындары басшыларының кабинеттері аталған бастықтардың жұмыс бөлмесінен екі-үш есе үлкен. Ұстаздарға деген ықыласқа ырза боласың. Бізде ертеден қалыптасқан мектеп қоңырауын олар құлаққа жағымды сазбен ауыстырған. Сабақтар арасындағы үзілісте музыка ойналады. Оқушы ұлдар да, қыздар да арнаулы үлгіде тігілген киім киеді.
Атақты Фатих университетін бітіріп шыққан түлектердің дені Батыс Еуропа мен АҚШ секілді елдерде қызмет атқарады. Халықаралық келісімдерге сәйкес 1992 жылдан бастап түріктің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ студенттері түрік үкіметінен стипендия алып тұрады. 2009 жылғы деректер бойынша Түркияның 27 университетінде 737 шәкірт оқып жатыр. Қазақстанның жоғары оқу орындарында түріктің 544 азаматы білім алуда.
Тағы бір таңдай қақтырған жағдай – жолдардың тақтайдай түзулігі және тазалығы. Әр бағытта жолға шыққан жүргізушілер жолға түсерде ақша төлейді. Бұл қаржы тек осы жолды жөндеуге жұмсалады екен. Аталған жолда апат болып, көлігіңіз мінуге жарамсыз болып жатса, жолға жауапты фирмалар не көліктің дәл сондай маркасын тауып, сатып алып береді, не толық құнын төлейді.
Ыстамбұл қаласы туралы бір мақалада айтып шығу мүмкін емес. Патшалардың салтанатты сарайлары да, көне ғасырларға куә болатын мұрағаттар сақталған мұражайлар да, осы заманғы сәулетті ғимараттар да, шулы базарлар да, бәрі-бәрі осында. Ең кереметі – Мұхаммед ғалайсаламның Топқапы сарайында сақталған шапаны, тісі, сақалы, мөрі және табанының ізі қалған тас. Бұл жерде үзбей Құран аяттары оқылады екен. Әзірет Әлінің қылышы да осы арада қынаптан жартылай суырылып тұр. Топқапы сарайында жиналған алтын бұйымдардың және оның шатырлары мен күмбездерін көркемдеуге жұмсалған алтынның салмағы 18 мың тоннадан асады деседі.
Ыстамбұл 1453 жылы оны Фатих сұлтан Мехмед жаулап алғанға дейін Византия империясының орталығы болған. Ыстамбұлдың негізгі мағынасы Ислам бол деген ұғымды білдіреді деген пікір бар. Түрік Республикасының астанасы тек 1923 жылы Анкара қаласы болып белгіленген. Осыдан бір жыл бұрын ашылған Фатихтың панорамалық мұражайы ел халқын патриотизмге баулитын керемет орын екен. Константинополь қаласының алынуы, түрік сарбаздарының шайқасы өте әсерлі бейнеленген.
Ыстамбұлдағы Сұлтан Мехмед мешітінің алты мұнарасы бар. Осы арадан Меккеге қажылыққа аттанады екен. Мешіт құрылысы сұлулығымен көзді арбайды. Қаладағы жер астындағы су қоймасының өзі тұтас сарай секілді. Оның іргесін көтеріп тұрған тікбағандар (колонналар) саны 336-ға жетеді. Су қоймасындағы су әлі де мөп-мөлдір. Ішінде шабақтар асыр салып жүр. Олардың қабыршақтары су түбіне туристер тастаған тиындарға шағылысып жарқырайды. Қаладағы аспалы көпір, Босфор бұғазы арқылы өтетін паром, кеме үстіндегі саяхат әсерлері өмірі естен кетпестей болды.
Түркияның тағы бір ғажайыбы – Памукалле әлемде еш жерде кездеспейтін керемет құбылыс. Мұнда жер астынан шығатын ыстық арасан суы мыңдаған жылдар бойы толассыз ағып жатыр. Бұл елді аспан астындағы мұражай десе де болады. Ежелгі ғасырлардағы Аполлон храмы, Рим театры, Византияның қираған қорғандары мен сарайлары, Некрополь, сұлтандардың қамалдары, көне ғимараттар, сарқырамалар мен тоннельдер, осы заманғы сәулетті үйлер кешегі күн мен бүгінді жалғастырып жатыр. Оның бәрін баяндап жату үшін тұтас кітап жазу керек шығар.
Түріктер Әба Әйуб әл Әнсари деп атайтын (ауызекі тілде Әйіп Сұлтан) Мұхаммед пайғамбардың сенімді серігі, сахабасы болған, Исламды таратуға көп тер төккен адам Константинополь алынбай тұрып қаза табады. Оның тәнін жер қойнына тапсырған мекен көп уақытқа дейін анықталмайды. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, бір күні бақташы қой жайып жүріп, биік төбенің басындағы көлемі үш-төрт метр жердің шөбін қой жемегенін байқайды. Осылайша сол маңайда жерленген Әйіп Сұлтанның жатқан орны белгілі болады. Кейінірек сол араға зәулім мешіт салынады. Әулие атанған сахабаның бас және аяқ жағына 1454 жылы қос шынар егіліпті. Құдайдың құдіретін қараңыз, сол ағаштардың жапырағы әлі жайқалып тұр. Шынар ағашының жуандығы сондай, қолдасып тұрған он кісінің құлашы жетпейді. Мешіт маңайына кейін елге танымал кісілер жерленіп, үлкен зиратқа айналған. Түріктер көзіміздің қарасы деп атаған мешітке келушілер тасқыны күн сайын толастамайды. Ғасырлар бойы жайқалып тұрған шынар түрік халқының бірлігі мен ерлігінің символы болып есептеледі.
Түркі дүниесінің мәдени орталығында тігулі тұрған қазақтың киіз үйі де көздің жауын алады. Қазақ елінің бір пұшпағында тұрғандай сезінесің. Оралда білім алған, филология ғылымдарының кандидаты деген дәрежесі бар, қазіргі уақытта докторантурада оқып жүрген Нұрсәуле Ахатова деген қарындасымыз Ыстамбұлдағы қазақ елшілігі ашқан орталықта қазақ бауырларымыздың балаларына қазақ тілінен сабақ береді.
Ыстамбұлда теңіз жағасында тұрған кемеден көп көлік жоқ. Ал Босфор бұғазындағы көпірлер елдің ең сәулетті құрылыстары болып саналады. Көпір дегеннен шығады, туыстас елдер арасындағы алтын көпір іспеттес аударма ісіне кейінгі уақытта ерекше мән берілуде. Бұған дейін Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов шығармалары, “Қазіргі қазақ әңгімелерінің антологиясы” түрік тілінде жарық көрсе, биылғы жылы философ ғалым Ғарифолла Есімнің “Адамзат” деп аталатын кітабы түрік оқырманына жол тартты. Аталмыш кітаптың Түркиядағы “Шератон” отелінде өткен тұсаукесерін Ыстамбұл университетінің профессоры, шоқайтанушы Әбдулақап Қара ашты. Залда түрік әдебиетшілері және ғалымдарымен бірге қазақ жастары да отырды.
“Диалог Еуразия” тұғырнамасының тең төрағасы Харун Токак қазақ және түрік халқын бір адамның екі қолына теңеп, оларды бір шынардың екі бұтағы секілді бір-бірінен ажыратуға болмайды деген пікірін білдірді. Түрік профессоры Илбір Ортаұлы “Адамзат” кітабының екі халыққа да пайдалы жақтарына тоқтала келіп, оны түрік тіліне тәржімалаған Ләззат Орақованың аударманы сәтті жасағанын тілге тиек қылды. Көкшетаудағы Ш.Уәлиханов атындағы университет ректоры Шәкір Ыбыраев, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов, Қарағандыдағы “Болашақ” университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков, Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев, Түркістандағы Ахмет Ясауи атындағы университеттің вице-президенті Сәрсенбек Тортабаев, Батыс Қазақстан ұлттық университетінің профессоры Серікқали Шарабасов кітаптың құнды жақтарына тоқталып, авторға табыс тіледі.
“ТІКА” деп аталатын Түркия үкіметі жанындағы түрік ынтымақтастық және даму басқармасының атқарып отырған жұмысы да таңқаларлықтай. “Диалог Еуразия” тұғырнамасының бас хатшысы Исмаил Тастың айтуына қарағанда, олар екі ел арасындағы түрлі мәдени және экономикалық байланысты жолға қоюда белсенділік танытып жүр. Ыстамбұлда “Университеттер бірлігі” атты ректорлар қауымдастығы жұмыс істейді екен. Осы ұйымның арқасында Қазақстанда да түрік бизнесмендерінің қолдауымен жоғары оқу орындары, лицейлер салынған. Алдағы жылдары олар осындай бірнеше жобаны іске асырмақ ниетте. Бір ғажабы, оқу орындарының ғимараттары мен жатақханасына, басқа да құрылысына қажетті қаржыны түрік жағы түгел өздері шығарады.
Ыстамбұлдағы сабын зауытының өнімдері әлемнің төрт бұрышына тарайды. Кейінгі уақытта олар сұйық сабын шығаруды жолға қойыпты. Мұның сыртында түрлі косметикалық бұйымдар шығарылады. Зауыт директоры “сіздерге дағдарыстың әсері қалай болды?” деген сұраққа тапқыр жауап берді. “Қыз-келіншектердің дағдарыста шаруасы жоқ. Киім-кешек жуылуы керек. Әйелдер сәнденуі керек. Сондықтан дағдарыстың біздің зауытқа мүлде қатысы жоқ”, – деді.
“Ешкім жоқ па?” қайырымдылық қорының жасап жатқан жұмысы жан-дүниеңді баурайды. Бұл ұйым панасыз қалған, жоқшылыққа ұшыраған азаматтарға, әлем елдерінің түкпір-түкпіріне көмек қолын созады. Бір сөзбен айтқанда, түрік елінің қамқорлық акциясы барлық құрлықтарға қызмет етеді. Қордың атауының қойылу мәнісі бар. Жер сілкінісі болғанда топырақ астында қалған бейшаралардың жер астынан “Кім бар?”, “Ешкім жоқ па?” деген дауыстары естіледі екен. Ел болған соң қайырым жасаушылар да табылады. Адам баласының өмір сүрудегі негізгі мақсатының бірі қиналғанға қол ұшын беру болса керек.
Түрік Республикасының парламентіндегі көзбен көргеніміз естен кетпейді. Ғимарат сырты толған адам. Олардың арасында ауыл адамы да, қала тұрғыны да бар. Мәжілісте оларға қатысып, депутаттар пікірін естуге арнаулы зал жасақталған. Парламент төрінде Ататүріктің “Егемендік – ешбір талассыз, шартсыз елдікі” деген қанатты сөзі жазылған.
Мәжіліс залында біз барған күні “Ақ партия” партиясының көшбасшысы, елдің премьер-министрі Ердоған апталық есеп беріп жатыр екен. Жылдық, тоқсандық немесе айлық емес, апталық есеп. Оның қағазға қарамай сөйлеген сөзіне, сандарды бір мүдірмей жатқа айтқанына айызымыз қанды. Үзіліс кезінде халық қалаулылары да, оларды сайлаған халық та парламент асханасында қатар отырып, ас ішті. Сол асханадан біз де дәм таттық. Ердоғанның қазақша мағынасы Ертуған (ер болып туған) дегенге саяды. Шынында да, елдің қамын ерте ойлаған, ер болып туған, ата жолын қуған азамат сөйлесе тілге шешен, елге көсем болатын тұлға екеніне аз ғана сұхбаттасып қалғанымызда көзіміз жетті.
Түрік елінде мемлекеттік туға деген құрмет айрықша. Кез келген мемлекеттік мекеме ғана емес, таудың басында, теңіздің жағасында, биік қорғандарда түрік туы желбірейді. Түрік туы неғұрлым биік болса, түрік азаматының да төбесі көкке тиіп тұрады.
Түрік жеріне аяғымыз тигенде бізді қарсы алған жолбасшымыз Мәуліт есімді түрік азаматы: “Хош келдіңіздер. Сіздер елімізге келдіңіздер, еліңізге келдіңіздер”, – деген еді. Түрік Республикасының бас бақаны, премьер-министр Ердоған мырза да өз сөзін: “Сіздер өз үйлеріңізде жүрсіздер”, – деген сөзден бастады. Түрік және қазақ елі арасындағы еларалық қарым-қатынастың саяси, әскери, мәдени және экономикалық салада нығайып келе жатқанына кеңінен тоқталды. Сонымен бірге, Қазақстанның әлемдік аренада беделге ие болып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауына байланысты өздерінің де қуанышты сезімге бөленгенін айтты. 2009 жылдың аяғында екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард 700 миллион долларға жеткен. Түркияның іскер азаматтары осы бір жылдың ішінде ғана 8 миллиард доллар қаржы игеріпті.
Сейітқазы Матаевтың осы кездесуді пайдаланып, “Еуропа Одағына кіру үшін Түркияға басқа елдер қалай жәрдем жасай алады?” – деген сауалына ол табан аузында “Еуропаның тауарларын алмаңыздар!” – деп бір-ақ ауыз сөзбен ұтымды жауап қайтарды.
Түрік зираттарының көпшілігі қарапайым, марқұмдардың басына мәрмәрдан құлпытас қана қойылған. Өліге құрмет деген желеумен бейітті мұражайға айналдырып жіберу, зират басына мазар салу, мүсіндер орнату секілді қазаққа тән “қасиетіміз” көзге ұра қоймайды. Оның есесіне кезінде бізде марксизм-ленинизм қайраткерлеріне көрсетілген құрметке мұнда Ататүрік ие болып отырғандай. Кез келген қалада оның неше түрлі ескерткіштері, тастан соққан мүсіндері алдан шығады. Көптеген мекеме кабинеттерінде, аудиторияларда, оқу залдарында, кітапханаларда Ататүріктің бейнесі салынған суреттер ілулі тұрады.
Кез келген оқу орнында Мұстафа Кемал паша – Ататүріктің суреті немесе мүсіні қойылған, айтқан сөздері қабырғаға ойып жазылған. Оның негізгі қағидасы қазақ нақылымен айтар болсақ, туған елдің “жақсылығын асырып, жамандығын жасыру” болғаны белгілі. Түрік қауымы Ататүрік идеяларын ту қылып көтеріп отыр.
Ататүріктен кейін талай зиялы кісі ел басқарған. Кейінгі жылдары Тұрғыт Өзал (1927-1993), Сүлеймен Демирель (1993-2000), Ахмет Сезер (2000-2007), ал 2007 жылдан бастап Абдулла Гүл бірінші басшы болды. Бұлардың қай-қайсысы да еліне елеулі еңбек еткен тұлғалар.
Анкарадағы Гази университетінде өткен дөңгелек үстел басындағы басқосуда Ғ.Есім Түркі дүниесінің ғылым академиясын ашу туралы идея көтерген Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев екенін айтып, мұндай орталық Астанада ашылса нұр үстіне нұр болар еді деген пікірін білдірді.
Қазақстан тәуелсіздік алғанда оны алғаш таныған Түркия болғаны, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы мәселе көтерілгенде оны алғашқылардың бірі болып құптаушылар да Түркия болғаны белгілі. “Қазақстан-Заман” халықаралық саяси-қоғамдық газетінің және “Мөлдір бұлақ” балалар журналының бас директоры Ахмет Аляз, халықаралық қоғамдық-интеллектуалды “Да-Қазақстан” журналының бас редакторы Мәлік Отарбаев осы жайларға ерекше назар аударып, екі ел арасындағы ынтымақтың пайдалы жақтарына тоқталып, оны өрістете түсу қажет екенін айтты. Қызылорда облыстық білім беру қызметкерлері біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры, профессор Бауыржан Елеусінов, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы Мейір Ескендіров, Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы пединститут ректоры Жасұлан Шаймардан, Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Бақтыбай Шелпеков те өз ойларын ортаға салды. Қазақстан Президентінің ел халқына Жолдауына университетте қызмет жасайтын түрік профессорлары тарапынан жақсы баға берілді. Бейбітшілік сақтауға және диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін Н.Ә.Назарбаевқа “Еуразия орденінің” табыс етілуі де кездейсоқ болмаса керек.
Түрік тілі мен қазақ тілінің түбі бір, ежелгі түркі тілдес тілдер есебіндегі көнелігі және өзара туыстығы дау туғызбайды. Бір ғажабы, түріктер динозаврды денезор деп атайды екен. Денесі зор жануар деген ұғымды білдіріп тұрған осы сөз біздің ата-бабамыз сонау көне ғасырларда, тіпті динозаврлар өмір сүрген тұста болған деген батыл болжам жасауға негіз береді. Пілді піл, мамонтты зіл деген қазақтар енді динозаврды да шет тілден енген кірме сөз есебінде қолданбай, денезор деп атаса жарасып-ақ тұрған жоқ па?! Штампты түріктер істаңба деп атайды. Біз бұл сөзді мөртабан деп жазып жүрміз. Зер сала қарасақ, түрік тіліндегі баламасы ұғымды. Келешекте тіл мамандары ұқсас тілдерді түбегейлі зерттеуі қажет секілді.
Жалпы, түрік жерінде жүргенде түрікті аға, өзіңді іні сезінесің. Бірақ, жағаң жайлау, төсің қыстау болып, ірі сезінесің. Ал өз жеріңде, өз еліңе түріктер мейман болып келгенде өзіңді аға сезінесің. Ортақ тамырлар тіліміз және дінімізбен қатар, түбіміз де бір екенін көрсетеді.
Ақылбек ШАЯХМЕТ, жазушы.