Бұл оқиғаның шет жағасын Қарағанды қалалық мүгедектер қоғамы басқармасының төрағасы Мансұр Тригуловтан естіген едік. Айтуынша әкелі-балалы Бұзымовтар арасындағы кикілжің үшінші жылға айналып барады екен. Әуелде қызы өтінішіне пейіл танытып, көзі тірісінде ақырғы жақсылығын жасап қалуға ниеттенген әке енді еріксізден сотқа жүгінуден жүйкесі әбден жұқарған күйге түсіпті. Онсыз да ауру-сырқаулы адамға басқа-басқа, туған мұңлығының алаяқтық әрекеті жанға батып, жүрек талмасына шалдыққан. Бұған дейін есік алдына кіріп-шығып жүретін, көршілерімен әңгімеге араласатын ақсақал қазір күрмелген тілінен айықпаған қалпы әзер сөз қатады.
Қызы ше?! Екі жыл бұрын жалғызілікті әкесінің пәтеріне азаматтық некедегі күйеуі Нұрлан Сәденовті ертіп келіп, “Бұл пәтер сатылған. Ертеңнен бастап босатыңыз” деп дүрліктіріп кеткеннен бері қарттың сол әмірді естімеген, ызғарлы жүздерді көрмеген күні аз. Ал өзі көрінбейді. Әлдебіреулер арқылы үркітіп, үрейлендіріп маза бермейді.
Сонымен бұл не жай десек, жоғарыда аталғандай, қазіргі уақытта азаматтар арасында жиі ұшырасуға айналған пәтер таласы. Талас болғанда бөтен жандар емес, әке мен қыз тартысы.
Қайыр Бұзымов ұзақ жыл шахтада еңбек еткен кісі. Денсаулығына байланысты ІІІ топтағы мүгедектікпен ерте зейнеткерлікке шыққан. Тағдыр Қайрекеңді аз сынамай келеді. Өзін қойшы, үш баласын тастап кеткен әйелінің сатқындығы бірінші соққы болды. Шеше орнына шеше болып үшеуін жетілдірді. Солардың кішісі Әлия еді.
Еркелікпен ерте есейіп, құда түсусіз, ұзатылу ырымынсыз, азаматтық неке деген жолмен біреуге жабысқан қызы күндердің күнінде өзі тұратын екі бөлмелі пәтерді өсиет етіп қалдыруға қыңқылдай бастайды. Құлақ еті желіне берген соң ақырында өтінішіне әке өзегі жібімей қалмайды. Әлияның күткені де сол екен. Бұған дейін араласып-құраласып көрмеген күйеу баласы да сап етіп, екеуі мәпелеп мәшинеге мінгізіп нотариусқа ала жөнеледі. Қаланың Пришахтинск аталатын бөлігінде тұратын қартты үйі іргесіндегі нотариустық кеңселердің біріне апаруға да болатын. Бірақ олар мұны керек қылмай шаһардың қиыр шеті Оңтүстік-Шығыс аймағына тартады. Әншейінде кезек арылмайтын нотариус алды сол күні бос бола қалады. Қызы мен күйеу баласы дереу ішке еніп кетіп, әлденде қайта шығып “Папа мына қағаздарға қол қойсаңыз болды. Өсиетіңіз кепілдендірілді” деп Әлиясы келіп құшақтағанда онда не жазылғанына көз жүгіртпей қол қойып жіберуі түбінде пәлеге ұрындыратынын сонда қалай ойласын. Қызының қуанышты жүзінен, “Папалаған” ерке даусынан артық әкеге қандай шаттық бар десеңші. Ойында ештеңе жоқ , қағаз бетіне қарамай-ақ қол қойғаны есінде.
Әлия Бұзымова қулығының беті енді ашылып жатқандай бұл сатып алу шарты болып шығады. Ол бойынша пәтер 3 миллион 610 мың теңгеге сатылыпты-мыс. Ал одан кейінгі жылмақайлық жылдам. Жиырманы жаңа орталаған Әлияның жылпостықты қашан үйреніп үлгергенін кім білсін, пәтерді іле-шала бүгін бар, ертең жоқ күйеуінің шешесі Дәметкен Сәденоваға 1 миллион теңгеге сатып жібереді. Жаңаарқа ауданының Жеңіс ауылындағы мектепте сабақ беретін сатып алушының келіні мен ұлының осынау әрекеттерінен бейхабар деу қиын.
Нақты иесі сыртынан қақпақылға салынған пәтерді бұдан соң Д.Сәденова қарызы қайтарымы үшін К.Нұрышев деген азаматқа ауыстырады. Бүгінде ол да дауға араласып жатыр.
Құлағы әзер еститін, көзі нашар көретін, бір басса екі ентігетін қартқа сөйтіп әкіреңдеушілер көп. Бар үміті сотта. Әйткенмен қызының алдап қол қойдырғанына сот илана ма, иланбай ма, содан именеді. Өкінішке қарай, айғағы не дәлелі жоқ. “Қызым-ау, шындықты айтсаңшы. Төрімнен көрім жақын қалғанда бұл не қорлығың. Бәрін кешірейін тек ине ұшына тірелген өміріме тыныштық берші” дегісі келсе Әлиясы таптырмайды. Нәресте кезінен бауырына басқан әжесі қайтыс болғанда көңіл айтуға келіп қалар деген ойы да үзілді.
Айтқандайын Әлия Бұзымованың бұл бірінші алаяқтығы емес екені белгілі болуда. Әкесін аямаған қыз өзгені қайтсін. Мұның алдында тағы да бір туысқанын сан соқтырыпты.
ҚАРАҒАНДЫ.