11 Тамыз, 2010

Ел мүддесі сапалы жұмысты қажет етеді

390 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орын­ба­сары Мәулен Әшімбаев Президент Жолдауындағы Қазақстанның 2020 жыл­ға дейінгі даму стратегиясын түсіндіру бойынша мемлекеттік әлеу­меттік тапсырысты жүзеге асыратын жетекші үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесті. Онда  Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауын жүзеге асыруда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) бірлесе жұмыс істеуі барысы талқыланды. Іс-шараның өтуіне Мәдениет министрлігі мұрындық болды. Кездесуге Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай, Экономикалық даму және сауда министрлігінің жауапты хатшысы Дина Шәженова қатысты. Кездесуге Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева модератор­лық етті. Президент өз Жолдауында ҮЕҰ-ның әлеуетін  арттыру қа­жет­тігін тапсырған болатын. Осыған байланысты  Мәдениет министрлігі  әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін 500 миллион теңге қарастырған. Конкурс қоры­тын­дысы бойынша жобаларды жү­зеге асыруға 50 республикалық үкі­меттік емес ұйым тартылған. Олар­дың арасында Қазақстанның Аза­мат­тық альянсы, “Атамекен” ода­ғы” ұлттық экономикалық палата­сы, Қазақстан Жазушылар одағы, Қа­зақ­стан Жастарының конгресі, Рес­публикалық Әйелдер кеңесі, Бас ре­дакторлар клубы және Әлеумет­тік-саяси зерттеу институты да бар. Кездесуде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшім­­баев сөз алып, алдағы мін­деттерге жан-жақты тоқталды. Мәу­лен Сағатханұлының атап өтуінше,  жылдың соңына дейін 2 мыңға жуық іс-шаралар өткізіледі. Бұл іс-шаралар 500 мың адамды қамтиды деп күтілуде. Әртүрлі тақырыпта кон­ференциялар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізіліп, олар бойынша мақалалар жазылады. Со­ның негізінде Жолдауға қатысты нақ­ты ұсыныстар, әдістемелік ұсы­нымдар әзірленіп, мемлекеттік ор­гандар қандай  проблемаларға назар аударуы тиістігі айқындалады. Осы ретте Мәулен Әшімбаев бес аспектіні атап берді. Бірінші ке­зек­те үкіметтік емес ұйымдардан шы­ғармашылықты әдістер, қазіргі за­манғы қызғылықты тәсілдер кү­ті­леді. Алайда, іс-шараларды өткізу барысында сапа басты назарда бо­луы тиіс. Екіншіден, осыншалықты қомақты қаржы бөлініп жатқанына орай “не үшін?” деген сұрақ туын­дауы мүмкін. Осыған байланысты Президент Әкімшілігі Басшысының орынбаса­ры мұның барлығы экономикадағы амбициялы мақсаттарға және ел тұр­ғындарының тұрмыс деңгейін көтеру жөніндегі  жалпымемлекеттік міндеттерге азаматтарды тартып, қоғамды жұмылдыру қажеттігімен түсіндірді. Елімізде 18 мыңға тарта үкіметтік емес ұйымдар болса, оларда 200 мыңға таяу адам жұмыс істейді екен. Сондықтан осы бағыт­тағы мемлекеттік саясатты насихат­тауда өзге де ҮЕҰ-ды тарту қажеттігі айтылды. Тұрғындармен кері байланыс арнасын орнату үшінші аспект ретінде көлденең тартылды. Мұнда әртүрлі пікірсайыс алаңда­рын­да мемлекеттік саясаттың әлсіз тұстары анықталуы тиіс. Азаматтық келісім мен тұрақтылықты нығайту мәселесі төртінші аспекті ретінде қарастырылды. Мәулен Әшімбаев Қырғызстан мысалындағы ұлтара­лық қақтығыс, аймақтық және сая­си қайшылықтардың неге ұрынды­рарын келтіре отырып, үкіметтік емес ұйымдарды толеранттылық, келісім, бейбітшілік пен өзара тү­сіністікті қалыптастыра алатынына ерекше тоқталып өтті. Мемлекет бас­шысы нақ осы мәселеге үнемі көңіл аудартып келеді. “Тұрақтылық – бұл ел азаматтарының тұрмыс жағдайын қамтамасыз етудегі басты фактор, біздің дамуымыздың басты шарты”, деді сөзінде Мәулен Сағат­хан­ұлы. Соңғы аспекті ретінде Мәу­лен Әшімбаев мемлекеттік органдар мен үшінші сектор арасындағы өз­ара қарым-қатынас орнатудың жаңа үлгісін жасауға тоқталды. Тарқатып айтқанда, Жолдау шең­берінде осындай қарым-қатынастың кішігі­рім  үлгісін құруға да болады. Кездесу барысында бірқатар ҮЕҰ басшылары да сөз алып, өз ой­ла­рын ортаға салды. Ж.Құрман­ға­лиева Мәдениет министрлігінің ҮЕҰ-мен өзара іс-әрекет жасаудағы тәжірибесі туралы айтып берді. Сонымен қатар, кездесуде жоба­ларға мониторинг жүргізу мен есептілік мәселесі, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету жайы сөз болды. Сондай-ақ билік пен ҮЕҰ біріккен іс-қимылының нақты тетіктері  де жан-жақты тұжы­рымдалды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.