Ана туралы тебіреніп, жыр арнамаған ақын жоқ десе де болады. Ол заңды құбылыс. Өйткені, жер бетінде барша Аналар тек өз ұрпағының ғана амандығын ойламайды, олар өз ұрпағын айта отырып, әлемнің амандығын да тілейді.
Бекзада Шаханқызы менің асыл жеңешем еді, ол кісімен жүздесіп, пікірлесу өте бір ғанибет болатын. Көзі ашық, көкірегі ояу кісі-тін. Алайда, мына жарық дүниеден жақсы адамдар да өтеді. Менің асыл жеңешем де фәниден бақиға озды. Бүгін қолыма қалам ұстаған сәтте сол кісімен болған соңғы жүздесу һәм сырласу сәттері санамда қайтадан жаңғырып тұрып алды.
– Жеңеше, мен сізден сұраймын деп ұмытып кете берем, – деп бастадым әңгімені. – Осы сіздің әкеңіз де, келін боп түскен жердегі атаңыз да атақты бай әрі би! Тектілік деген осыдан-ақ көрінбей ме!
– Бай атанып, текті болғаны бар болсын, соның бәрі аяғында бізге таяқ боп тиді, – деп, Бекзада жеңгем күліп алды. – Отызыншы жылдары тоз-тоз болып кетуімізге бай әулеті болғанымыз себеп болды ғой.
– Ол солақай саясаттың салқыны, енді бәрі де өзгерді, – деймін мен.
– Өзгерсе өзгерген шығар, бірақ өткен күннің өзекті өртер азабын қалай ұмытармыз, – деп Бекзада ана қалың ойға берілді.
Осыдан соң Бекзада Шаханқызы өткен күндер жайлы толғамды әңгімесін бастап кетті. Мен тыңдаушы болып, үнсіз отырып қалдым. Тыңдай отырып көңілге түйгенім, Сыр бойы мен Қаратау арасында өмір кешкен бұл екі әулеттің ХХ ғасыр ішінде бастан кешкен қиындығы бір дастан екен.
Осы өңірдегі екі әулет – Шаханбай мен Нәлібай арасында ежелден келе жатқан сыралғы достық бар-ды. Олар бұрыннан да алыс-беріске, аралас-құраласқа жақын болатын. Бұл екеуіне өз заманында жалпы жұрт аса сыйлы көңілмен қарап, ерекше ізет көрсететін. Оның ең негізгі себебі – екі байдың да жарлы-жақыбайға жаны ашып, үнемі қолұшын беруге жақын тұратындығы болса керек.
1928 жылы кәмпеске науқаны басталған тұста оларға қырын қарап, көз алартушылар да табылмай қалмады. Оның арты белгілі... Сөйтіп, отызыншы жылдар ішінде бұл екі әулеттің бар игі жақсылары бытырап қашып, беті ауған жаққа безіп жөнелді. Әуелі Өзбекстан, сосын Тәжікстан...
Нәлібайдың өз кіндігінен өрген ұрпақтары ондап саналса, ал немерелері жүздеп саналады. Ішінде оза шапқандары да бар. Қара күшке келгенде ешкімге дес бермеген батыр тұлғалы ұлдары да болды.
Солардың бірі – Нәлібайдың немересі болып келетін Жұматұлы Қалдан. Қалданның тағдыры өте тайғанақты болды.
Ол елден жер ауып, көшіп бара жатқанда жап-жас жігіт еді, Өзбекстан асып, одан тәжік жеріне жеткенде бой тіктеген бозжігіт атанды. Күші де осы кезде бойына сыймай, тасып жатты.
Ертеде, елде жүргенде ауылға Қажымұқан атасы келіп, өнер көрсетіпті. Сол жолы көпшілік кеу-кеулеп, Қалданды Қажымұқан атасымен белдестіретіні де бар. Сонда Қажымұқан айтыпты:
– Күшің бар екен, қайратың бойыңа сыймай тұр, тек балтыр күшің былқылдақтау, әлсіздеу көрінді. Әттең, соны тағы да шыңдасаң, ешкімге әл бермейтін түрің бар...
Сол Қалдан тәжік жеріндегі орталық базарда балуан сайысына түсіп, чемпион атаныпты. Сөйтіп, қап-қап ұн, мол азық-түлік ұтып алып, әулетті асырапты.
Қалдан Жұматұлы 1933 жылы әкесі және Шәдібек, Кәрібай секілді бауырларымен бірге тәжік жерінен Қазақстанға жер аударылып, Ақмола лагеріне түседі де, осында он жыл бақылауда болады. Ол мұнда да өз күші мен ақылы арқасында жер аударылып келгендер арасында сыйлы болып, лагерь бастығының орынбасары лауазымына жоғарылатылыпты.
Әттең, не керек, мұнда да көре алмаушылық болып, ақыры Қалданды екінші рет соттатқызған. Сөйтіп, Қарағанды көмір бассейніне түсіп, сол жерде жұмбақ жағдайда қайтыс болып кетіпті...
Ол өз артына аңыз етіп айта жүрер көп әңгіме қалдырды. Қара күшіне сай ақылы да мол болған, қиын-қыстау заманда әулеттің арқа сүйер азаматына айналған Қалдан балуан есімі отыз жетінші жылғы репрессия лаңымен жабылып, ұмытылып қалған-ды. Ол туралы кейінгі ұрпақтары еш нәрсе білмейтін еді десе де болады...
Жүз жасап, мына фәниден жетпісінші жылдары озған әкесі Жұмат өзі өмірден өткенше сол Қалданын іздеумен, аңсаумен болыпты.
Кейінірек, осы әулетке келін боп түскен Бекзада Шаханқызы да қиын жылдар құрбаны болған қайнағаларының атына әбден қанық болыпты. Өз құлағымен естігендерін ұлдарына айтудан әсте жалықпаса керек. Олардың да құлағына сіңе берсін дегені ғой. Сөйтіп, есіл ердің есімі ұрпақ көңілінен біржола өшпеуіне игі ықпалын тигізіпті.
Бекзада ана өз төркіні жайлы да тебіренбей, толғанбай, сөз бастай алмайды. Сонау 1941 жылғы соғыс сойқанының тигізген зардабы өзек өртердей екен.
1942 жылдың жазында Бекзаданың ағасы, мектеп директорының орынбасары болып қызмет істеп жүрген Нұрбек Шаханов соғысқа өзі сұраныпты. Сол Нұрбек Ұлы Отан соғысынан оралмады. Не өлі, не тірі деген де хабар болмады.
Жылдар өткенмен үміт пен күдік жаңғыра берген. Әр жылы Жеңіс күні қарсаңында шыққан газет-журналдарды шұқшия қарап оқып, теледидарға телміріп, пәлен жерде хабар-ошарсыз кеткендер көп жыл өткен соң табылыпты десе, Бекзада “Біздің Нұрбекжан да осылай табылып қалса ғой” деп армандайтын, үміттенетін.
– Өткен тарих ұмыт қалған тұлғалармен һәм боздақтармен толықса ғана ел жүрегінен орын алады, – дейді Бекзада ана сөз арасында. – Мен балама осыны айтудан жалыққан емеспін.
Мен ана сөзін тыңдап отырып, осы әулет тарихын зерделеуде тыңғылықты іс атқарған Бекзаданың ұлы Жолтай інімді еске алдым. Ол бұған дейін Алаш арыстары Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Мағжан Жұмабаев, Садықбек Сапарбеков, Мұхтар Әуезов, т.б. жайлы тарихи эссе-зерттеулер жазып, жариялатып жүрген қаламгер.
Ол сондай-ақ, жазушы ретінде де ел жүрегінен орын алып отыр. Ана сөзінің тікелей әсері болып, тарихты көп аударыстырып, ескі заман шындығын ұзақ іздегендіктен бе, екі кітаптан тұратын “Күлкі мен көз жасы” мен “Оянған ұрпақ” романдары дүниеге келді. Олар XX ғасырдың көркем тарихы деуге әбден болады. Ең қызығы – оның осы екі романының ішінде біз сөз еткен Қалдан мен Нұрбек өмірінің кейбір сәттері көрініс беріп отырады. Әрине, мұндағы бейне типтендірілген, жетілдірілген...
Қалдан Жұматұлы есімі қаламгердің “Күлкі мен көз жасы” романы мен “Сүю серті” пьесасы (бұл Қызылорда драмалық театрында сахналанды) арқылы өз жұртына қайта оралды. 2004 жылы Қыраш ауылында Қалдан балуанға арналған үлкен жиын болып, арты спорттық шараларға ұластырылды. Қазіргі кезде Қалдан балуан атындағы спорттық турнир жылма-жыл аудан, облыс көлемінде өткізіліп келе жатыр.
Екінші боздақ – Нұрбек туралы да алғашқы деректер “Оянған ұрпақ” романында там-тұмдап айтылып өткен-ді. Бірақ қазақ жауынгері жөніндегі толық дерек әлі қолға түспеген болатын.
– Жеңіс мерекесі қарсаңында Мәскеудің Қорғаныс министрлігінің орталық мұражайы соғыста қаза болған және хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер жайлы деректер жинап, “Мемориал” атты электронды дерекнамалық жүйе ашты. Жолтай сол сайт арқылы Нұрбек туралы тың деректер тапты. Ол Украинаның Донецк облысындағы “Голая долина” деген жерде жаумен соғысыпты. Өзі мерген екен, бөлімше командирі бола жүріп, 1943 жылы жазда ерлікпен қаза табады.
Осы деректі анасына жеткізуге асықты.
– Әйтеуір тапқан екенсің ғой, құлыным! – деп, анасы баласының маңдайынан сүйді. – Менің бауырым өз халқына қайта оралған екен де.
Бұл Жеңістің мерейлі 65 жылдық мерекесіне саусақпен санайтын санаулы күндер қалғанда болған оқиға еді. Сөйтіп, Көкен батыр ауылының (бұрынғы Қыраш) орта мектебі алдында Нұрбекті және де Ұлы Отан соғысында мерт болған боздақтарды еске алу кеші өтті.
Сөйтіп, күні кешеге дейін есімі ауызға алынбай келген репрессия құрбаны, балуан жігіт Қалдан Жұматұлы мен Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болған бөлімше командирі, гвардия аға сержанты Нұрбек Шаханұлы есімдері туған топырағына оралды. Иә, көңіл тербер осы әңгімені айтқан менің асыл жеңешем Бекзада Шаханқызы да енді арамызда жоқ.
Әкім МЕЙІРБЕКҰЛЫ, ақын.