Қызылорда қаласында Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының” жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізіліп, оған сан алуан саладағы тіл жанашырлары қатысты.
Тіл жанашырларының басқосуын қала әкімі М.Жайымбетов кіріспе сөзбен ашып, Сыр аймағындағы мемлекеттік тілдің ахуалы еліміздің өзге аймақтарына қарағанда әлдеқайда тәуір екендігін баса айтты. Мұнан соң Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров пен Астана қаласындағы тілдерді дамыту басқармасы “Руханият” орталығының директоры Ербол Тілешов жаңа бағдарламаға егжей-тегжейлі тоқталып, бүгінгі таңда осы бағдарламаны жүзеге асыруда жүргізіп жатырған жұмыстарға тоқталды. Тіл жанашырларын осы бағдарламаға байланысты ұсыныс-пікірлерін боямасыз баян етуге шақырып, олардың ұсыныстары бағдарламаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін кезінде ескерілетіндігін ескертті.
Бағдарламаны талқылауда алғашқы болып сөз алған Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің ұстаз-ғалымы, филиология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы жобадағы “орыс тілінің бұрынғы функциясын (қызметін) сақтай тұруға” деген байламға түсінбегенін, мұның өзі қазақ тілімен жағаласуға апарып соқтырмай ма деген ойын айтып, мемлекеттік тіл жөнінде ҰБТ қабылдау ғана емес, қайта талапкерлерді ауызша сөйлету, шығарма жаздыруды қолға алу жайлы ұсынысын білдірді. Ал, осы университеттің жанындағы Қорқыттану ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы қазақ тілі пәнінің практикалық оқуын барлық оқу орындарына енгізу, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажеттігін баса айтты.
Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асылбек Жұмабаев, “Өзбек” этномәдени бірлестінігің төрағасы Ашур Хамидов, “Қоғам ТД” телеарнасының тілшісі Елена Рыбиналар Сыр аймағында өзге ұлт өкілдерінің басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгергендіктерін мақтанышпен айтып, “Өз Отаныңның тілінде сөйлеу – азаматтық парызымыз. Қазақстан Республикасының азаматы болып тіркелді екенсің – мемлекеттік тілді меңгеру міндет” деп ойларын түйіндеді.
Дөңгелек үстелде “Мемлекеттік тіл қозғалысы” облыстық филиалының төрағасы Ш.Әбдікәрімов, журналист А.Сақыпұлы, тіл жанашыры Р.Әбдірелер де өз ойларын ортаға салып, ұтымды ұсыныстарын Үкімет назарына ұсынды.
Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.