Астық үшін айқастың айбыны бөлек
Үкімет егінші еңбегімен өсірілген егіннің қайтарымы болуына қолдау жасағалы отыр
Үстіміздегі жылы жер жүзінде астық бағасының шарықтап өсетін түрі байқалады. Мұның бірден-бір себебі, биылғы жаз айларының айрықша аптап ыстық болуымен бірге, жерге жауын-шашынның аз түсуі жаппай қуаңшылыққа әкелді. Соның салдарынан әлемнің астық шаруашылығында аса бір күрделі ахуал қалыптасты. Тап осы жағдайға байланысты жақында ғана көршіміз Ресей астық пен одан өндірілетін тауарлардың экспортына жылдың соңына дейін тыйым салу туралы шешім қабылдады. Сол сол-ақ екен, артынша астықтың дүниежүзілік рыноктағы бағасы көтеріліп шыға келді.
Астық қымбатшылығы алдымен АҚШ-ты құрсаулап алды. Мұхиттың арғы жағындағы алып елде бидай фьючерсі бірден 4,4 пайызға көтеріліп, қыркүйек айында жеткізілетін астықтың бағасы 1 бушеліне (27 кило) 8,21 доллардан да асып түсті. Сол мезетте Азия сауда сөресіндегі бидай фьючерстері 4,8 пайызға дейін жетті. Таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, бұл жағдайдың да біздер үшін екі түйіні алдан тарқатылып шығады. Біріншіден, сырттағы астықтың қымбаттауы ақыры айналып келіп, біздің өз ішімізге де дүмпу беруі кәдік. Екіншіден, сыртқа шығаруға өзімізден астық артылып жатса, ол ел бюджетінің бүйірін томпайтуға үлкен үлес қосады. Бұл жағдайда бидай кәдімгі мұнай, газ, түсті металл сынды ауыр өнеркәсіп өнімдері қатарынан табылар еді.
Еліміздің негізгі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекет қазынасына қомақты қаржы құятын бұл маңызды сала қашаннан Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр. Сондықтан да биылғы тамыздың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері жөнінде алқалы жиын өткізіп, онда еліміздің астықты алқаптарында қазіргі таңда қалыптасып отырған ахуал кеңінен талқыланды. Осы жиында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев егін орағына әзірліктің барысы туралы есеп бере келіп, аграрлық сектордың аумалы-төкпелі тұстары төңірегіне тоқталып өтті. Министр өзінің Президентке берген есебінде биылғы қуаңшылыққа байланысты еліміздің астықты алқаптарында орын алған қиын халге қарамастан, Қазақстанда 13,5 млн. тоннаға жуық алтын дән жиналып қалатынын тілге тиек етті.
Сала басшысының бұл болжамы да аспаннан алынып отырған жоқ. Осының алдында ғана министрлікте өткізілген алқада Жер шаруашылығы және фитосанитариялық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Буць республикадағы дәнді дақылдар егілген жалпы алқаптың 83 пайыздайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде екенін мәлімдеген болатын. Сала басшысы осы ахуал мен астықты өңірлерден алынған есептерге сүйене отырып, осы көлемдегі дақылдың республика ішкі тұтынуын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, біраз дәнді сыртқа шығаруға да мүмкіндік беретінін алға тартты. Рас, бұл мөлшер өткен жылғы деңгейден едәуір аз. Оған жету үшін тағы 8,5 млн. тонна астық керек. Есесіне, солтүстік өңірлердегі элеваторларда өткен жылдың егін орағынан қалған 7 млн. тонна астық бар. Жалпы, бүгінгі таңда республикадағы себілген күздік және жаздық бидайлар көлемін есепке алғандағы егін алқаптары 16,7 млн. гектарға барады. Қазіргі уақытта жалпы егіс көлемі 2,3 млн. гектарды құрайтын Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бидай ору басталып кетті. Айдың басындағы мәліметтерге қарағанда, аталған аймақтардағы 450 мың гектар алқаптың егіні жиналып біткен. Түсім гектарына 13,7 центнерден келіп отыр. Бұл жерде мұның өткен жылғы көрсеткіштен 6,8 центнерге кем екенін де айта кетуіміз керек. Дегенмен, науқан соңына дейін көрсеткіштің көтеріліп қалуы ықтималдылығын да жоққа шығара алмаймыз.
Жоғарыда айтылған кеңес барысында Елбасы егін орағы науқанының өзекті мәселелеріне бірінші болып назар аударды. Биыл Қазақстанның барлық түпкірінде орын алған аптап астықтың қамбасы атанған солтүстік өңірлерге аса қиын тиді. Соның ішінде несібеге біткен егінінің 70 пайыздан астам бөлігі күйіп кеткен Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының диқандары айрықша қатты зардап шекті. Бұл облыстарда келер жылы бидай тұқымы жетіспеушілігі орын алады. Осылайша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткенімен, келер жылы құрғақшылыққа ұшыраған облыстарда егін егуде күрделі жағдай туындауы мүмкін екендігі белгілі болып отыр. Қазір тапшылық Ақтөбе облысында – 78 мың, Батыс Қазақстан облысында 24 мың тоннаны құрайды деген болжамдар айтылуда. Дегенмен, ендігі жерде бар кінәні күн қабағына жаба салуға да болмайды. Мұның жайын министрлік алқасында департамент директоры Анна Буць жақсы келтірді. “Ауа райы құрғақ болған биылғы жыл еліміздегі агротехнологиялар деңгейіне де сынақ жасаған сияқты, – деді ол. – Түпкердеде олардың деңгейі жоғары болған өңірлерде егіс алқаптары негізінен сақталып қалды”. Сол мәнді жиында министр Ақылбек Күрішбаев бұл проблеманы бұдан да тереңнен тартып, биылғы егіннің көңілдегідей болып өспеуіне тұқым саясатының дұрыс жүргізілмеуі де әсер етіп отырғанына назар аударды. Осыдан келіп, тұқым сұрыптарын пайдаланудың ғылымға негізделген нормалары сақталмайды. Алдағы уақытта мұның бәрі ескерілуі тиіс. Ал келер жылдың тұқым қорын осы бастан жинақтай бастау қажет.
Бұдан шамалы уақыт бұрын өткен селекторлық кеңесте министр егіншілікті әртараптандыру мәселесіне қадала тоқталып еді. Мұның бүгінгі таңдағы егіншіліктің ең түйінді жайларының бірі болып отырғанына ой тоқтатқан ол, осындағы тепе-теңдіктің сақталмауы мен саланың біржақты дамуынан ауыспалы егіс танабы ережелерінің өрескел бұзылып жүргенін ауызға алды. Ал ғылыми негізделген нормативте ауыспалы егіс танабының алатын үлес салмағы 16-дан 25 пайызға дейін болуы керек. Тәжірибе көрсеткендей, қазір ол Солтүстік Қазақстан облысында 10 пайызға дейін құлдыраса, Ақмола облысында 12 пайыз маңайында. “Осының бәрі, айналып келгенде, астықтың сапасына кері әсер етеді, – деген еді министр сонда осы ойды жинақтай келе. – Салыстыру үшін ғана айтайын, өткен жылы клейковина 28 пайыздан асатын астықтың үлесі бар-жоғы 7 пайыз болса, ал 90-жылдары бұл деңгей 28 пайыздан қайырылатын, яғни қазіргіден төрт есе жоғары болатын”. Бұлай бола берсе, келешек дүние жүзі рыногында Қазақстан астығына деген сұраныс төмендеп кетуі кәдік.
Көпшілік есінде жақсы сақталған тағы бір нәрсе, Елбасы кеңесте егіні күйіп кеткен батыс облыстардың тұқымсыз қалмайтынын кесіп айтты. Бұл кездері Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына орай Үкімет қуаңшылықтан зардап шегіп отырған батыс өңірлерге жеткізілетін астықты тасымалдау үшін арнайы қаулы шығарып үлгерген. Осы қаулыға сәйкес солтүстік өңірлердің астық қабылдау орындарынан 400 мың тонна дәнді дақылды батысқа жеткізу жұмысы басталып кетті. Сонымен қатар А.Буць “мемлекет тарапынан құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге жеткізу үшін шамамен 70 мың тонна қосымша тұқым сатып алу арқылы мемлекеттік ресурсты толықтыру бойынша шара қабылданатын болады” дегенді де сол жиындардың бірінде айтып еді.
Ендігі жерде еліміздің астықты өңірлерінде егінді аптап ыстықтан сақтап қалудың бүгінгі таңдағы тиімді технологиясы жөнінде де ойланатын кез келгенін айта кетуіміз керек. Соның бірі ылғал сақтау технологиясын қолдану болып табылады. Алқада Ақылбек Күрішбаев өте дәлелді тұжырымдармен оның жайын тарқатып шықты. “Қазіргі астық саласында қолынан іс келетін, күші бар, ірі шаруашылық субъектілері ғана ылғал ресурстарын сақтау технологиясымен жұмыс істей алады, – деді ол. – Осыған аздап сараптама жасап көрейік. Қостанай облысында алқаптары 2 мың гектардан кем шаруашылықтар 29 пайызды құрайды. Ал бұл көрсеткіш Батыс Қазақстанда – 51, Ақтөбе облысында – 41 пайыз. Енді қай өңір шаруашылықтары ылғал ресурстарын сақтау тәсілімен көбірек жұмыс істеді десек, бұл Қостанай облысында жоғары болғаны күмән тудырмайды. Демек, ылғал ресурстарын сақтау әдісімен жұмыс жасаған астық шаруашылықтарының ғана болашағы бар. Бұрынғыдай ауа райының қас-қабағына қарап отыра берсек, одан тірлік оңбайды”. Оның тағы бір нақтылы мысалы ылғалды технологияны сақтамай жүрген өңірлердегі астықтың түсімінен де көрінеді. Айталық, соңғы 5 жылда Ақтөбенің Қостанай жерімен шектесетін Әйтеке би ауданында алынған орташа өнім гектарына – 5, ал Қостанайдың құнары тәуір Қамысты ауданында 8,5, құмдауытты Жанкелдин ауданында 6,5 центнерден келген. Осы орайда “ауылы аралас, қойы қоралас” жатқан екі аймақта алынатын өнімдерде неге айырмашылық бар деген заңды сауал туындайтыны анық.
Мемлекет басшысы өзі өткізген кеңесте де биылғы жылы ылғал ресурстарын сақтау технологияларын енгізген, егіске дұрыс тұқым сепкен, агротехникалық шараларды мерзімінде атқарған және дер кезінде жинап алған шаруашылықтардың ұтқанын атап өтті. Кеңесте сондай-ақ астық шаруашылығындағы күрделі жағдайға қарамастан, Қазақстанның 2010-2011 маркетингтік жылдағы экспорттық әлеуеті 8 млн. тоннаны құрайтынына болжам жасалды. Біле білсек, осы жағдайдың өзі қазақстандық ұн-жармашылардың шетелдік рыноктарды жаулап алуына тамаша мүмкіндік бергелі тұр. Осыған байланысты Президент Үкіметке астықтың және оны өңдеу өнімдері экспортының жалпы көлемінде ұнды экспорттау үлесін арттыру жөніндегі шараларды қолға алу жөнінде нұсқау бере келе, “Егін орағы барлық жерде жылдағыдан ерте басталып отыр. Астықтың пісуі шапшаң жүруде. Сондықтан да алдын-ала қамдану қажет. Техникамен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету қажет. Бұл барлық облыстарға қатысты. Бұл – барлық әкімдер мен барлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің міндеті. Мемлекет ең алдымен өздері тырбанып, қимылдап жатқандарға көмектесетін болады”, деп атап көрсетті.
Диқанның бар үміті – алдағы жиналып алынатын алтын дән ауқымы мен биыл астық бағасының рынокта жоғары болу ықтималдылығында. Мәселен, былтыр астық түсімі жақсы болса да, баға төмен болуы себепті шығындар ақталмады. Осыны қаперге алған министр егін орағында аянып қалмау керектігін алға тартып отыр. Ағымдағы жылғы егін орағы үшін 408 мың тонна дизель отыны қажет болса, оның литрі 62 теңгеден, яғни жеңілдетілген бағамен босатылып жатыр. Оның жеткізілу кестесі әр облыстардың операторлары бойынша анықталған.
Иә, астық үшін айқастың қашанда айқайы бөлек болған. Ал биылғы жағдай тіпті басқаша. Шындап айқай салатын шақ енді туды. Сондықтан ырыздыққа біткен егінді агротехникалық талаптарға сай қысқа мерзімде төкпей-шашпай жинап алуға бар күш-жігерді жұмылдырған абзал.
Серік ПІРНАЗАР.
* * *
Құрылысшылардың толағай тартулары
Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктегелі Қазақстан келбеті әлемге әйгілене бастағаны көңілімізге қуаныш нұрын ұялатуда. Кешегі қазақ елінің келбетіне сарғайған тарих парақтарын парақтай отырып көз жеткізсек, бүгінгі қазақ елі көз алдымызда көлбеңдей тұр. Ал, ертеңгі қазақ елінің талайларды таңқалдырып, дүние жүзін дүр сілкіндіретініне ешқандай да шүбә келтіруге болмас. Елбасымыздың тікелей ықпалымен тәуелсіз еліміздің бас қаласы – Астананың жыл санап емес, ай санап айшықтануы өзіне әлем жұртшылығының назарын аударып-ақ отыр. Астана ғана емес, еліміздің қай қаласы, қай ауылы болмасын жыл өткен сайын жасарып, көркіне көз сүйсіндіріп барады. Содан да құрыш қолды құрылысшылардың елімізге жасап жатқан осындай толағай тартуларына қалайша тәнті болмасқа?
Заманында экологиялық ахуалдың азабын көрген Сыр аймағы да айшықтанып келеді. Жарыса бой көтерген құрылыстар, яғни қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлер, мәдени-спорт кешендері мен демалыс орындары сырбойылықтардың тыныс-тіршіліктерін кеңейтіп, экологияның азабынан арылтуда десек, асыра айтқандығымыз болмас. Құрыш қолды құрылысшылардың қарқынды да қайтарымды іс-қимылдарының арқасында Қызылорда ғана емес, орталықтан шалғай жатқан елді мекендер де еңселерін тіктеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайлары жақсарып келеді. Аяқ су мен ауыз су азабынан арылту, электр жарығымен қамтамасыз етіп, телефон байланысын орнату, мектептер мен мәдени-тұрмыстық ғимараттардың жарыса бой көтеруі дәстүрге айналып келеді. Ойымыз орнықты болуы үшін қызылордалық құрыш қолды құрылысшылардың кәсіби мерекелері қарсаңында жасаған толағай тартуларына жүгінелік.
Қызылорда облысының құрылыс басқармасына тәжірибелі азамат Нәжмадин Шамұратов басшылық етеді. Кезінде аудан әкімі, мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы бастығы қызметтерін абыроймен атқарған Шамұратов облыстық құрылыс басқармасы басшылығына қалай келді, солай құрылыс саласы қарқын алып қоя берген.
– Біздің облыстық құрылыс басқармасы, – дейді бізбен әңгіме үстінде Н.Шамұратов, – екі қаржы көзінен, республикалық және облыстық бюджет есебінен салынатын құрылыс жұмыстарын қамтамасыз етеді. Өздеріңізге мәлім, бүгінде елімізде құрылыс саласы ерекше қарқын алған. Бөлінетін қаржы мөлшері де жыл өткен сайын қомақтана түсуде. Қаржы бөлінген екен, оны дер кезінде игеруің керек. Қараңыз, ағымдағы жылы Сыр аймағында салынатын құрылыстарға 18,3 млрд. теңге қаржы қаралса, осының 12,1 млрд. теңгесі бірінші жартыжылдықта игерілді.
Нәжмадин айтса айтқандай, биылғы жылы Сыр еліндегі бой көтеріп жатқан құрылыстардан көз сүрінеді, яғни облыс көлемінде 101 құрылыс нысандары жоспарлы салынуда екен. Егер жіліктеп айтар болсақ, білім беру саласының 47-і, денсаулық сақтау саласының 11, әлеуметтік салалардың 6, сондай-ақ 36 тұрғын үй құрылыстары салынуда. Осы құрылыстардың бәрі дерлік ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. Саралай айтар болсақ, 42 білім ордасы, яғни 11068 оқушыға есіктерін айқара ашар 28 мектеп, 2290 бүлдіршінді қуанышқа кенелдіретін 17 балабақша мен 300 орынды жазғы тынығу лагері сырбойылықтарға қалтқысыз қызмет көрсетуді бастайды. Сондай-ақ Қызылорда қаласында бір ауысымда 500 келушіні қабылдайтын емхана, Байқоңыр қаласында 80 төсектік перзентхана, қаладағы №5 емхана мен Сыр аймағындағы елді мекендердегі 7 дәрігерлік пункт игілігін тұрғындар жыл соңына дейін көретін болмақ.
“100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында салынып жатқан 1248 орындық мектеп-гимназия құрылысы еліміздің өзге өңірлерінде жоқ десек, асыра айтқандығымыз болмас. Осы бір ғажайып ғимарат 1 қыркүйек күні оқушыларды құшақ жая қарсы алмақ. Ал, Жаңақорған ауданының Талап ауылындағы тау етегіне қоныс тепкен 300 орындық балалардың жазғы демалыс лагеріне мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетерлігі, осы тынығу лагері маусымдық емес, жыл бойы жұмыс істейді екен.
Сыр елінде халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету де қағыс қалдырылмай келеді. Қызылорда қаласының іргесіндегі Талсуат ауылында салынып жатқан үш бірдей ғимарат ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. Олар – 300 орындық жүйке аурулары интернат-үйі, 200 орындық ақыл-есі кем балаларға арналған интернат-үйі және 150 орындық мүгедектерді оңалту орталығы. Сыр жерінде сондай-ақ мәдени-спорт кешендері, көп қабатты коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйлер де жоғарыда айтқандай, жарыса бой көтеріп, жыл соңына дейін халық игілігіне ұсынылады.
– Біздің басты мақсатымыз, – дейді әңгіме барысында басқарма бастығы Н.Шамұратов, – биылғы жылы бөлінген қаржының толық әрі уақытылы игерілуіне, “100 мектеп, 100 аурухана” жобасы аясындағы ғимараттардың, сондай-ақ 2008-2010 жылдарға белгіленген тұрғын үй бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің уақытында әрі сапалы пайдалануға берілуіне бақылау жасау. Ал, осы құрылыстарды ел игілігіне ұсынып жатқан құрылысшылар кімдер дейсіз ғой? Олардың арасында құрылыс нысандарын сапалы салып, уақытында пайдалануға беріп жатқан “Техноснастка-Ремсервис”, “Альянс”, “Нәсіпсервис МП”, “МИГ- 21”, “СК Энергия”, “Асар” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің құрыш қолды құрылысшылары бар.
Жасыратыны жоқ, бүгінде құрылыс саласында күрмеуі қиын мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, құрылыс сапасы тұтынушылар тарапынан қанағаттанарлықсыз баға алып та жатады. Осыған байланысты қойған сауалымызға да басқарма бастығы нақты жауап берді.
– Әрине, жаңадан салынған құрылыс ғимараттары сапалы, ішкі және сыртқы көркемдігі қазіргі заман талаптарына сай болуы тиіс. Бұл дегеніңіз жобалау-сметалық құжаттаманың сапасына тікелей қатысты. Ашығын айтсам, құрылыс жобасы жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін де жобада елеулі кемшіліктер кездесіп жатады. Мұның басты себептері – мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес іргелі құрылыстарды жобалауға берілетін уақыт пен мемлекеттік сараптамадан өткізу уақытының тығыздығы және жобалаушы мекемелер қызметкерлерінің біліктілігінің қазіргі заман талабынан көш төмен болуы. Сондай-ақ, атқарушы органдар тарапынан құрылыстарды салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын, яғни техникалық шарттарды беруде де елеулі кемшіліктер орын алып жатады. Сол тәрізді салынатын құрылыстарға орын белгілеуде де оралымсыздық бар. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда Қызылорда облысының құрылыс басқармасы алға қойған міндеттерді орындау мақсатында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара құлшыныспен еңбек етуде. Содан да Сыр аймағы, жоғарыда айтқандай, жыл санап емес, ай санап шырайланып келеді.
Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.