Тіл бағдарламасы жобасын талқылаймыз
“Тілдерді қолдану мен дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” жобасымен танысып шықтық. Бұл жоба – салиқалы үлкен әңгімеге сұранып тұрған тақырып. Алайда, мақаланың көлемі көтермейтіндіктен, жобаға қатысты ең басты проблемаларды ғана атап өтуге мәжбүрміз. Тегінде, егемендікпен өткен 20 жылдың да осылайша жобаланған мерзімдік өз “бағдарламалары” болған. Әлбетте, олардың нәтижелері де бар. Алайда оның бәрі – шала нәтиже. Соның бір ғана мысалын айтайық. Осы жиырма жылда қаншама қазақ мектептерін аштық десек те, ондағы түлектердің басым көпшілігі орысша тәрбиеленіп шықты. Неге? Себебі, бізде біріншіден – мақсат нақтылығы жоқ, екіншіден – нақты мақсатты нақты жүйелеп ережелеу жоқ, үшіншіден, олар бола қалған жағдайда – тиісті органдар тарапынан солардың орындалуын қадағалайтын қатаң талап болуы қажет, ол да жоқ. Мысалы, осы жобаның да дұрыс жобаланбағандығы яки мақсатының нақтылықсыздығы мен жүйесіздігі оның “Тілдерді қолдану мен дамытудың...” деген атауының өзінен-ақ анық көрініп тұр. Жалпы, мемлекеттік тіл мәселесін елімізде тұратын өзге ұлттар өкілдерінің тілдік мәселелерімен бірге көгендеп, бір бағдарламаға енгізе салу – ең алдымен, мемлекеттік тілге деген құрметіміздің қай деңгейде екендігінің бір көрсеткіші болса керек. Ал мемлекет алдындағы басты мақсат не? Ол, ең әуелі – мемлекеттің тілінің жағдайы, мемлекеттің іші мен сыртында мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы мен ұдайы дамуы. Ата тілінің тағдыры мүшкіл мемлекет – рухы дімкәс мемлекет. Демек, аталмыш Бағдарлама нақты мемлекеттік тіл ореолына сай аталып қана қоймай, оның жобасында Мемлекеттік тілдің ішкі-сыртқы қолданылуы мен дамуының тактикалық һәм стратегиялық бүкіл технологиясы мен механизмдері, орындалу мерзімдері, т.т. аспектілері бүге-шігесіне дейін қамтылуы тиіс-тін. Ал, елдегі диаспоралар тілдерінің мемлекеттік тіл аясындағы ортақ өз бағдарламасы өзінше жеке қарастырылып, өзінше жеке ереже түзуі қажет еді. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама жобасында мүлде ескерілмеген осы үш мәселеге бір-бір сөз арнамас бұрын, “тіл мәселесі – өте шетін мәселе” деп, біздің бұл ұсыныстарымызға қарсы өре түрегелетіндердің аз болмастығы, олардың қай тараптан, қай топтардан, не себептен өре түрегелетіндігі, бәрі-бәрі – сабырлы Қазаққа “бесенеден” белгілі екендігін айтқанымыз жөн. Сондықтан, ол жайында даурығудың қажеті шамалы. Сонымен, бірінші мәселе хақында бір сөз. Әуелі, халықты бұдан былай да шатастыра бермеу үшін, саясатты шетке ысырып қойып, әрнәрсені әділетті түрде өз атауымен атау дағдысын қайта қалпына келтірмек ләзім. Мысалы, Қазақ дүниетанымында ІЙЕ (өзге бір нұсқасы: ЕГЕ) деген қасиетті ұғым-таным бар. Ол танымның басында Жұпар Ійе (“Қош Тәңірі” деген мағынадағы Жұпар атауының арабша нұсқасы: “Жаффар”: “қатыгез де қайырымды Алып”), Тәңірі-Ійе, Жаратушы Ійе деген кепиетті атаулар тұр. Адамдық тұрғысынан келгенде, Ійе деп Қазақ, жалпының басында тұрып, ақылындағы барша ойы мен алдындағы түгел малын жеке өзінің де, жалпының да игілігіне бірдей жұмсайтын парасатты, қамқор, ортақшыл, жалқы басшы-тұлғаны айтады. ІЙЕ – ізгі Эго (Эго – Еге сөзінің латындық нұсқасы; адамдық “мен”-ді білдіреді), ІЙЕ – Ізгі Рух. ҚОЖА, керісінше, – қолында барын қанағат тұтпай, өзінің қарақан басының қамы үшін, өзгенің үлесін де өз қожалығына қаратып, сол арқылы көпшілікке арсыз да аяусыз билік жүргізгісі келетін менмен, меншік құмар пәле. Зұлым Эго-Рух. Мысалы, ата-бабаларымыз адамдық “мен”-ді яки ес-ақылдың Ійесін – ҚОШ ЕГЕ (“Жұпар Ійе”, “Жұпар Рух” дегенді білдіретін Қош Еге атауының туынды нұсқасы: “Көсеге”), ес-ақылдың Қожасын КЕЖ ЕГЕ [“Кесір Ійе” дегенді біліретін Кеж Еге (Кежеге) атауының метатезалық үлгісі – Кегеже)] деп атаған. Өзара антагонистік кейіптегі Ійе мен Қожа деген танымнан Ійе және ійелік (бір сипаты: Ійе және еркін көпшілік), Қожа және қожалық (бір сипаты: Қожа және құл көпшілік) деген ежелгі ұғымдар да қайыра жаңғырмақ. Біздің айтпағымыз, олардың экономикалық моделінің пәлсапасы емес. Әңгіме – мемлекеттік рәміздердің де Атасы болып табылатын мемлекеттік тілдің елдік ЭГО-РУХ ретіндегі мәртебесі хақында болып отыр. Мәселен, әр мемлекет – өзінше бір жеке “организм”. Оның “мен!” деуші өзіндік Эгосының да, ол Эгоның мыңдаған жылғы тарихи территориясының болмағы да – табиғи заңдылық. Ол жағынан келгенде, Қазақстан Республикасы – Қазақ атты Ізгі Ійе-Эго басқарымындағы саяси-әлеуметтік еркін формация. Тіл тұрғысынан алғанда да, оның Ізгі Эго-Рухы – жалғыз, Қазақ Тілі. Өйткені, Эго-Рух – индивидуум символы. Сөз жоқ, Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері мекен етеді, олар елімізді өз Отаны санайды. Ол құбылыс – унитарлық заңдылық аясында. Қазақстан – ұлтсызданған АҚШ емес, тіпті Ресей сияқты федерация да емес. Қазақстанның тұрғылықты тарихи Ійесі – жалғыз, ол – Қазақ. Қазақ – “Шаңырақ Ійесі”. Өкінішке қарай, Қазақтың Құдай мен Әлем һәм Ар алдында әділет болып табылатын мемлекеттік Ійе-Рух-Эго ретіндегі сондай айырықша мәртебесінің Ата Заңымызда еш айқындалмауына қоса, мемлекеттік тілдің де Рух-Ійе-Эголық жалғыздығын танып-білу һәм оған мойынсұну міндетінің “ійелік” категориясына жататын ел азаматтарынан мүлдем талап етілмеуі – Ел Ійесі ретіндегі Қазақтың Ізгі Эголығын да түбегейлі мансұқтап отыр. (анафеманың әлеуметтік бір түрі), Оған біздің елде, Ата Заң бойынша, бөгде ел тілінің де мемлекеттік тілмен тең құқылығылығын және қосыңыз. Осы соңғы фактор бәрінен де қауіпті. Мемлекеттің қазіргі бүкіл тірлігінен қоссүрей (раздвоение личности) психозы симптомдарының анық аңғарылатыны да сондықтан. Демек, мемлекеттік тіл бағдарламасын жобаламас бұрын, әуелі, осы айтылған қисынсыздықтарға, яки қиянаттарға дауа ретінде, Ата Заңға әділетті түзетулер мен қажетті қосымшалар енгізгеніміз абзал. Атап айтқанда, орыс тілін қосарламай, мемлекеттік тілді білуді еліміздің барша азаматтарына міндеттеу. (Әрине, мемлекеттік тілді үйренуге қажетті белгілі бір уақыт мөлшерін ескере отырып, күшіне енетін мерзімі жөнінде жеке жарлық шығару). Қоғамымыздың ақиқат пен әділет негізінде дамымағы рас болса, ондай қадамға қарсы ешкім де дау айтпайды. Өйтпейінше, мұндай парадокс жағдайында мемлекеттік тілге қатысты қаншама бағдарлама түзбейік, соның бәрі айналып келгенде, “Сизиф далбасасы” болады да қояды. Иә, жұқалап айтқанда, қазақ тілінің қазіргі жағдайы мәз емес. Соған қарамастан, Мемлекет Ійесі ретіндегі Қазақ өзінің табиғи ізгі эголық қасиетіне адалдықтан еш танған жоқ. Елдегі барша диаспора тілдерінің ұдайы өсіп-өркендеуі де, орыс бауырлар тілінің кеңес замандағыдай көл-көсір үдей түсуі де – аңқылдақ Қазақтың сол табиғи ізгі эголық қамқорлығы мен төзімділігінің, кеңпейілділігі мен кешірімділігінің арқасы. Бірақ, өз ана тілінде еркін сөйлеп жүрген отандас бауырларымыздың әрқайсысының әлемнің түкпір-түкпірінде өз төл Отанының барын ескере отырып, қазақ тілінің мәселесін өз Отанында басты проблема ретінде, жеке қарастырмасақ, Ата Заңға дер кезінде түзетулер енгізбесек, “О, санкта симплицитас! (“о, святая простота!”; восклицание, приписываемое Яну Гусу, увидевшему, что какая-то старуха подбрасывает дрова в костер, на котором его сжигали) аталатын қасіретке өте ұқсас әлгі қазақы қамқорлық пен төзімділіктің, кеңпейілділік пен кешірімділіктің ақыры ендігі жиырма жылда Қазақты тығырыққа тірері әбден мүмкін. Екінші мәселе – Қазақстандағы “Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының өзінше жеке түзілмегінің маңыздылығы. Әйтсе де, оның да мемлекеттік тіл құқығы аясында ғана орындалмақ шаралар сипатында қалыптаспағы – әділет. Ол шаралар ішінде айтылмыш тілдерді қолдану ісінің белгілі бір жағдайларға байланысты белгілі бір мөлшердегі құқықтық өз нормалары мен сфераларының жеке-жеке, нақты айқындалмағы және шарт. Қош делік. Десек те, ондай бағдарламаға оппонент қауымның “ресми тіл” статусынан айырылса, орыс тілінің халі мүшкілденеді” деген өзінше бір уәж ұстанбағы да сөзсіз. Әрине, ондай уәж – байбалам. Біріншіден, ол тілдің де “пұшайман” болмасы үшін, “Қазақстандағы тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы” іске қосылады – бір, екіншіден, екі жүз миллондай адам сөйлейтін өте әлуетті әлемдік тіл ретіндегі орыс тілінің Отаны-Ресей – құдайы көршіміз. Ол көршінің Қазақстанмен барлық саладағы достық қарым-қатынасының, ежелден бергі тарихи-мәдени байланысы мен коммуникациялық ықпалының һәм өз еліміз ішінде барша жағдайлары түгел жасалған диаспоралық һәм орыстілді қосымша потенциалының да орасан екендігін ескерсек, “Статуссыз орыс тілінің Қазақстанда күні қараң” байбаламының өзі – өте қисынсыз жәйт. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Қазір ел тағдыры өзге ел тіліне тәуелді болып отыр. Оның туындататын басты, тағы төрт себебі бар. Біріншісі – еліміздегі орыс бауырлардың ересек қауымының көпшілігінің көкірегінде кешегі күннен қалған империялық амбиция “шоғының” әлі күнге дейін қозданып жатуы. Екіншісі – түбегейлі орыстанған қандастарымыз бен орыстілді өзге ұлт өкілдерінің де біршама екендігі. Үшіншісі – елішіндік информациялық, инновациялық кеңістікті Ресейдің басы бүтін жаулап алуы. Төртіншісі – ғасырлар бойғы бодандық кесірінен, қазақтардың басым көпшілігінің сүйегіне әбден сіңіп қалған кембағалдық комплексі. Осының бәрі тұтаса келіп, мемлекеттік тілімізге “аттылыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты” кебін құштыруда. Қазақ пен Қазақ тілінің өз Отанындағы бірден-бір Ійе-Эго-Рух ретіндегі мәртебесінің шұғыл әрі әділетті түрде Ата Заңмен нақты мөрленбегінің, даусыз мойындалмағының мемлекеттік маңыздылығы да сонда жатыр. Обалы нешік, бүкіл ел бойынша, мемлекеттік тілді меңгерту жолында ұзақ жылдар бойы атқарылып жатқан игі істер мен шараларды санап тауыса алмайсың, өте көп. Соған орай, оларға жұмсалып жатқан қаржы да қыруар. Алайда, сол алапат ақша мен әлемет істердің тиімділігі, игілігі жағынан келгенде, қоғамда бәлендей өзгеріс байқалмайды. Абай былай демеуші ме еді: Ақылмен ойлап білген Сөз – бойыңа жұқпас, сырғанар. Ынталы жүрек сезген Сөз – бар тамырды қуалар. Ән салар, жатқа алар. Түбінде құр қалар. Мемлекеттік тілді үйретудегі шараларымыздың көпшілігінің сәтсіздік себебі сондай, – құлық та, ниет те жоқ. Мысалы, мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру тұрғысында, мекеме-мекемеде, ауыл-ауылда, қала-қалада қомақты қаржы талап ететін түрлі байқаулар жиі өтіп жатады. Тіпті, республикалық деңгейдегілері де жетіп артылады. Бәрібір, солардың көбі, негізінен алғанда, формализм, көзбояушылық. Содан да нәтижесі – нөлге жуық. Себебі сол, – мемлекеттік тілді меңгеруге деген жауапкершілік жоқ, үйренуге деген ықылас жоқ, ең бастысы, Абай айтатын ынталы жүрек жоқ. Оның солай болмағына орыс тілінің “ресми тіл” статусы да өз “септігін” барынша тигізіп бағуда. Сонсоң, әлгіндей істеріміздің бәрі “ән салар, жатқа алар түбінде құр қалар” болады да шығады. Текке өткен қайран алтын уақыт, босқа ысырап болған қайран телегей қаржы!.. Асылында, кез келген тілді “ынталы жүрек сезген сөз” құштарлығымен үйрену – жансаулыққа аса пайдалы. Олайша үйрену – адамды рухани жағынан ересен байытады. Ал, мемлекеттік тілді “ақылмен ойлап біл Сөз” принципімен үйренбекші болатын, немесе, солайша үйреніп жатқан, үйренген мемлекеттік қызметкерлердің бойынан қазақ халқына деген сүйіспеншілік арқылы ғана барынша кемелденетін елжандылық (патриоттық) қасиетті көрем деу – бос әурешілік. Өйткені, тіл үйренудегі “ынталы жүрек сезген Сөз” құштарлығынан ада олар – мемлекет қамымен емес, жеп отырған нанынан айырылып қалмаудың қамымен жүргендер. Үшінші мәселе – қазақстандық полиглоттық мәселесі. Президенттік бұл тамаша бастаманы да біз, оның ешқандай ғылыми концепциясы мүлде сараланбай, жүйеленбей жатып, бірден балабақшалық жаппай науқанға айналдырып жібердік. Науқан ұраны – “тілі шыға бастаған әр перзентті, бірден, үш тіл негізінде баулып өсіру!”. Бұл да – баяғыдағы “асыра сілтеу болмасының” сорақы бір түрі. Өйткені, тілі шыға бастаған перзент бірден Эго болып қалыптаса қалмайды. Кез келген Эгоның қалыптасуы – бір ғана тіл негізінде ғана жүзеге аспақ. Және оның қалыптасу мерзімінің бастапқы бөлігі – он екі жыл. Қазақша айтқанда, бір мүшел жас. Яғни, кез келген Эгоның белгілі бір мөлшерде Эго болып қалыптасуы үшін, оның әуелі, ең аз дегенде он екі жыл бойы, негізінен тек өз Ата тілінде ғана тәрбиеленуі шарт. Қалған тілдерге баулу жанама түрде ғана жүргізілуі керек. Балаға үш тілді бірдей тұрақты түрде меңгерте бастауды ол бала мүшел жасқа келген соң барып қана қолға алған абзал. Онда да таза ғылыми негізде. Ал, тілі жаңа шыға бастаған перзентті бірден үш тілге баулып өсіруді мемлекеттік мақсат ету – атсыз – тексіз ұрпақ өсіру. Яғни, әр тілдің басын бір шалдыратын балдыр-батбақ эксперимент нәтижесінде, біз бірде-бір тілді жөндеп меңгермеген “алашұбар мутант Эго” түріндегі бірыңғай мәңгүрттер армиясын қалыптастырамыз. Ондай дүбәралардың санасында Ұлт, Мемлекет, Отан деп басталатын сансыз қасиетті ұғымдардың бәр-бәрі тілдер қойыртпағымен ұдайы шайылып кетіп отырады. Сұйықмінезділік содан шықпақ. Ал, ол – қазақша айтқанда, қаны сұйық деген сөз. Бұдан шығатын қорытынды, ұлттық негізі жоқ көптілділік құбылысын полиглоттықпен шатастырмау керек. Полиглоттық – бір тіл негізінде ғана мүмкін боларлық ерекше ізгі қасиет. Ұлттық негізсіз көптілділіктің кез келген қожасы – дүбәра, кез келген полиглот – өз Елінің патриоты. Ал, қазақстандық патриоттықтың рухани негізі – Қазақ тілі. Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32