17 Тамыз, 2010

Апта айшықтары

455 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Күн тәртібінде — сыбайлас жемқорлық “Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жем­қорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алуға байланысты бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстары жайлы есептері тыңдалды. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев, облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова және облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары қатысты. Қоғамдық кеңесте сөз алған Ақтөбе облысы бойынша құқықтық статис­тика және арнайы есепке алу комитеті басқармасының есепке алу бөлімінің бастығы Құндыз Олжабаева осы кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 59 құқық бұзушылық тіркелгенін атап өтті. Бүгінде 40 іс сот өндірісінде жатыр. Мемлекетке келтірілген 24 миллион теңге зиянның 5 миллион теңгесі өндірілген. Қоғамдық кеңесте облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Патрис Нокин, облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр және басқалары есеп берді. Сы­байлас жемқорлыққа жол беретіндер арасында әкім­­шілік қызметкерлері, ше­­неу­ніктер, полицейлер, білім саласының қызметкерлері жиі ұшырасады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. Одақ төрағасының облысқа сапары Көкшетауға Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы, респуб­ликамыздың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Игорь Вовнянко бастаған Ш. Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясының шығармашылық тобы келді. Алматы, Астана қалаларынан келген қонақтар ұлттық киноның қазіргі ахуалы жайында өткір әңгіме қозғады. Одақ төрағасы, режиссер Игорь Александрович қазақ киносының әлі де өтпелі кезеңдегідей күй кешіп жатқанын ортаға салды. Әуесқой режиссерлер түсіріп жатқан сапасыз дискілер сұранысқа жауап бере алмауда. Бір ғана жарнама сюжеттеріне қыруар қаржы жұмсалатын бүгінгі күні оларға қатаң талап қоюдың өзі қиын. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы да шекемізді шылқитқаны шамалы. Шет елден қыруар қаржы шығарып шақыртқан мамандардың қол­ынан шыққан дүниелер ұлттық сипатынан айырылып, күлкілі жағдайға душар еткені мәлім. Қазір күрт бетбұрыс жасайтын уақыт. Осыған байланысты 2008 жылдан бастап “Ұлттық кино күні” акциясы қолға алынды. Келесі, 2011 жылы осы акция шеңберінде Ақмола облысында “Балапан” халық­аралық кине­матографиялық фестивалін өткізу көз­деліп отыр. Оның тақырыбы атынан көрініп тұр­ғанындай, ба­ла­лар киносын дамытудың өзекті мәселе­ле­ріне арналмақ. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы. Астық қабылдауға дайындық Қызылжар өңірінде талапқа сай жабдықталған астық сақтау қоймалары жетіспегендіктен, ырыс дәнін тазалау, кептіру жайы әлі де сын көтермейді. Солтүстіктің астығын сақтауға жалпы сыйымдылығы 3 миллион тоннаға жетеғабыл 49 элеватордың күш-қуаты жете бермейді. Соңғы жылдары олқылықтарды түзеу мақсатында осы заманғы элеваторлар салу өріс ала бастады. Солардың бірін “Зенченко және К” командиттік серіктестігі қолға алып отыр. Жобаның құны – 2,3 миллион АҚШ доллары. Сыйымдылығы – 35 мың тонна. Құрылыс жұмыстарымен қытайлық “Land Company” компаниясы айналысады. Осыдан бес ай бұрын Аққайың ауданының орталығы – Смирново теміржол стансасында іргетасы қаланған кәсіпорын биылғы жылдың астығын қабылдауға әзір етілмек. Агроқұрылымның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченконың айтуынша, құрал-жабдықтар АҚШ-тан, Германиядан әкелініп, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан  облысы. Көрікті жарнама — көркем тіл Жұма күні А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен “Көрікті жарнама – көркем тіл” атты облыстық байқау өтті. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жарнамалардың қазақ тілінде жазылуы мен көркемдік сапасын жақсарту мақсатын көздеген бұл байқауға қатысушылар өз өнім түрлерін сарапқа салды. Байқау қорытындысында “Қызылорда дизайн” жарнама агенттігі жеңімпаз деп танылып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісі мен “Картел” байланыс жүйесі жүлделі орындарды бөлісті. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. Денсаулық” пойызы тегін қызмет көрсетті Республикалық “Денсаулық” акциясы бойынша жүзеге асырылып жатқан дәрігерлік пойызы жақында Өскеменге атбасын тіреді. Денсаулық пойызы құрамында тіс дәрігері, терапевт, балалар дәрігері, барлығы 20-ға тарта қызмет көрсететін мамандар, тіпті қан құрамын анықтайтын лаборатория, рентгенге түсіретін қызмет түрлері бар. Дәрігерлік көмек көрсететін пойыз теміржолшылар мен олардың от­басыларына тегін қызмет көрсетті. Сосын олар жақын маңдағы те­міржол стан­салары мен разъездерге барып, ондағы қызметкерлерді тек­серді. Әрбір бе­кеттерде екі күн болып, барлық адамдарды дә­рі­герлік тек­серуден өткізген ақ желеңді абзал жан­дар­ға жер­гілікті тұрғындардың алғысы шексіз. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы. Сұлуағаш ауылындағы жиын Сарыкөл ауданындағы Сұлуағаш ауылында аталар аруағына арнап ас берілді. Мұндай жиын қазір көпшілікке таңсық болмауы мүмкін. Бірақ сұлуағаштықтар үшін мұның маңызы үлкен. Себебі, бұл 90-шы жылдары тоз-тозы шыққан ауылдың алғашқы еңсе көтергені болатын. Ауыл азаматтары А.Қасымов, Х.Алдаев, Ы.Дүйсекеев, Қ.Қарпықов, Б.Бекболатов жергілікті әкім М.Құлымбековтің басшылығымен аталар қо­рымын қоршады. Ауылды көркейту жұмысына да тұрғындар атса­лыс­ты. Аста осы өңірден шыққан Аспантай әулие, Бұхараның әмірі бол­ған Нияз туралы А.Жоламанов айтқан әңгіме де жастарға қызықты болды. Ал көрші Тимирязев ауылында “Олар жеңіспен оралды” деген мәңгілік от белгісі қойылды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы. Келесі кездескенше, “Жасыбай толқыны”! Баянауылдың жаз күндерінің әсерлері көп-ақ. Соның бірі – өткен аптада Жасыбай көлі жағасын қызықты, көңілді, тапқыр ойындарға арнаған қазақ КВН ойыншыларының басқосуы болды. Жыл сайын өтіп тұратын тап­­қырлар клубы ойынын, яғни “Жасыбай толқыны” аталатын бұл фести­валь­ға қатысушыларды КВН одағының президенті Есен Елеукен бастап келді. Еліміздің әр түкпірінен – Тараз, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Қарағанды, Жаңаөзен қалаларының жастары ойлы да мәнді, қызықты, ұтымды, тапқыр ойындарымен көзге түсті. Көл жағасындағы мерекеге ана тілін сүйетін жастар да көп жиналды. Қазіргідей қазақ тілінің тағдыры таразыға түсіп, салмақтылығы өлшеніп жатқан осынау бір уақытта жаста­рымыздың туған тілдерін насихаттап, өрісін кеңейтіп жатқандарына қуандық. Бұл жолы астаналық “Спарта” командасы жеңімпаз атанды. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.