Осындай тақырыппен Курчатов қаласында халықаралық конференция болып өтті. Ұлттық ядролық орталықтың геофизикалық зерттеулер институтының базасында үш күн бойы жүргізілген бұл жиынға әлемнің 12 елінен білікті ғалымдар қатысып, жүзге жуық автордың елуден астам баяндамасын тыңдап, талқылады.
Әлемнің бірқатар елдері осыдан 13 жыл бұрын Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шартқа қол қойған еді. Ал біздің еліміз оған арада төрт күн өтпей жатып қосылған-ды. Содан беріде сол шартқа орай осымен алты рет алқалы жиын өтіпті. Соның кезекті жиынының тағы да біздің елімізде өткізілуі көп нәрсені аңғартса керек. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен Семей атом полигонының жабылуының жиырма жылдығы жақындай түскен сайын Курчатов қаласында мұндай маңызды шаралар жиі өткізіле бастады. Оның үстіне биылғы жылдың көктемінде ядролық қауіпсіздік жөнінде Америкада өткен аса ауқымды саммиттен соң әлемдік қауымдастықтың осы мәселе жөнінен біздің елімізге қатты назар аударып отырғаны да шындық.
Осы орайда бұл жиынның өтуіне республикамыздың Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Ұлттық ядролық орталық, жоғарыда айтылған Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымы, Норвегияның НОРСАР орталығы, Францияның Атом энергетикасы жөніндегі комиссариаты, Ресей Ғылым академиясының Геосфералар институты мен Сібір бөлімінің Есептеу математика және математикалық геофизика институты ұйытқы болғанын айта кеткеніміз жөн.
Иә, алтыншы конференцияның Курчатов қаласында өткізілуі бекерден бекер емес. Көзі қарақты оқырман жақсы білетіндей, қырық жыл ішінде осы өңірде жиыны 456 ядролық сынақ өткізілген. Кеңес дәуірінде сол заманның геофизиктері әлем полигондарында жүргізілген сынақтарды зерттеу мақсатымен арнайы жүйе құрған. Сөйтіп, осыдан қырық жыл бұрын мұнда сейсмикалық сигналдарды бақылайтын станса орнатылған. Іле одан кейін бірегей эксперименттік “Курчатов-Крест” топтастыру жүйесі іске қосылған. Мұнда одан бұрын электр-магнитті импульстерді тіркеу жүйесі, инфрадыбысты және магниттік сигналдарды тіркеу стансалары жұмыс істеп тұрған-ды. Ал Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына орай соңғы жылдары “Курчатов-Крест” жүйесі толық жаңартылған. Қазіргі кезде ол аталған шарттың орындалуын бақылайтын халықаралық мониторинг жүйесінің сейсмикалық стансаларының бірі болып табылады. Ол әлемнің басқа да стансаларымен бірге тәулік бойы тіркелген деректерді өзіміздегі Ұлттық ядролық және халықаралық орталықтарға жіберумен айналысады.
Бүгінгі таңда мониторингтің қазақстандық желісінің деректерін көптеген елдердің ғалымдары геодинамика, сейсмикалық қауіпті мәселелерді шешуде керегіне жаратуда. Конференция барысында сондай қазақстандық тәжірибе қонақтар назарына молынан ұсынылды. Конференция жұмысын ашқан Ұлттық ядролық орталықтың директоры, академик Қайрат Кәдіржанов та оған кеңінен тоқталды.
Қалай болғанда да мұндай алқалы жиындардың еліміз үшін маңызы зор. Өйткені, оның саяси жағын айтпағанда басқа да себептері жоқ емес. Айталық, пәлен жылғы жарылыстардан соңғы мұндағы жер қойнауындағы өзгерістерді зерттеу нәтижесін әлемнің білікті ғалымдарымен бірлесе отырып талқылау үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Тегінде біздің еліміз сейсмикалық қауіпті аумақтан кенде емес. Өткен соңғы бір-екі ғасырда ел аумағында магнитудасы сегізден асатын өте қатты жер сілкіністері тіркелген. Өкінішке қарай, сондай жер сілкіністері жаңа мыңжылдықтың алғашқы онжылдығында республикамыздың Луговой, Шалқар және Текелі елді мекендерінде орын алды. Ал осындай сейсмикалық қауіпті алдын ала бағамдап отыруда қазақстандық ядролық сынақтар мониторингінің мүмкіндігі зор. Конференция қонақтары соған орай өз бағаларын беріп жатты. Келесі кезекте біздің ғалымдардың әлемнің түкпір-түкпірінен келген білікті мамандардың сөздерін ықыласпен тыңдап, өзара тәжірибе алмасуға да мүмкіндік туды.
Конференция жұмысын қысқаша сөзбен қорытындылаған Қайрат Камалұлы біздің мұнда жиналғандағы басты мақсатымыз Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына жан бітіру болса, сол үддеден шыққандаймыз дей келіп, ендігі міндет басқа да мемлекеттерді бейбітшілік ісіне иландырып, аталған шарт ұйымы қатарына тарту деді. Соның бәрі жиын соңында қабылданған арнайы меморандумда кеңінен қамтылды. Конференция өз жұмысын аяқтаған соң қонақтар сынақ алаңдарында болып, осы өңірдің өткен қасіретті тарихымен жете танысты.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы.