Қарқаралыдағы ескі дәуір ескерткіштері
Осы күндері Қарағанды облысында ескі обаларды зерттеп жүрген алматылық археологтар тарапынан жаңалықтар жиі естіліп қалып жатыр. Бұдан бір ай бұрын Кент таулары баурайындағы жазық дала төсіндегі ежелден оқшау, сыры жұмбақ көрінетін жеті обаның ортаңғысынан алтын бұйымдар табылғаны хабарланған еді. Содан кейін келесі бірі аршылғанда одан да шеберлікпен жасалған қымбат әшекейлердің жарық дүниеге шыққаны кеше тағы құлаққа жетті.
Мұндайда тағат қайда, дереу аттануға тура келген. Осымен екінші рет іздеу жұмысының сәті түскен, соның басы-қасындағы археолог Арман Бейсеновтің қуанышты жүзінен анадайдан аңғарылғандай бұл жолғы олжа да олқы соқпапты. Мұның алдында қазылған қорған түбіндегі қабір жанынан 8 үлкен және кішірек 82 белдіктің жарқыраған үзіктері, 8 құйма арыстан, алтынмен апталған өте жұқа қаптырмаға ойылған аңдар, құстар бейнесі, 6 алтын орама, садақ жебелерінің ұштары табылса, ендігі түрлері де соларға ұқсас болып шыққан. Бұлардың біразы таутеке, самұрық құс, мысық тәріздес хайуанаттар кескініндегі әралуан өрнекті алтыннан айшықталған заттар екен. Киімнің содан жасалған ілгешектері, түймелері, қапсырмалар, зерлер, майда түйіршікті әбзелдер үлгілері және бөлек олжа саналады.
– Кезінде ұлы ұстазымыз Әлкей Марғұлан Қазақстанның әр түкпірінде сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірінен қалған мәдениет белгілері орасан көп, оның барлығын жиып айтқанда мәдениет дүниесінің жойқын белгісі деп аманаттағандай, Сарыарқа аймағы да тұнған тарихи бесік. Мәселен, Талды қорымдары атауымен мәлім осы жердің өзінде 20 қорған ізі бар. Соның 7-і сақтар дәуірінің дәуірлеген кезін айғақтап, елестетерліктей. Оларды дүниеден өткен айтулы адамдарын арнаулы орынға апарып, қастерлеп қоюдың бүкіл халықтарға ортақ үрдісінің алғашқы үлгісі деуге боларлықтай. Бәлкім, осынау ғұрып сақтардан басталған шығар. Біздің заманымызға дейінгі VІ-V ғасырларда қаланған мұндай оба-қорғандар әлемде сирек. Мына жердегі аралары 200-300 метрден аспайтын 7 обаның әрқайсысында 7 адам жеке жерленген. Атақты бір әулеттің ата қорымдары болуы мүмкін. Онда заманында осы маңайды мекендеген сақ тайпалары көсемдерінің мүрделері қойылғанын табылып жатқан алтын заттар дәлелдейді, – деп таныстыруды әріден өрбіткен Арман Бейсенов біздің алдымызда аршылған обаға бастады.
Оның айтуы бойынша қабір төрт жағынан ауыр салмақты қалақтастармен қаланып, беті бөренелермен жабылған. Үстіне құм төселіп, топырақпен толтырылған. Одан соң тас үйіліп, биіктетілген. Қазірдің өзінде табанынан төрт-бес метр жоғары қорғанның кезінде 10-12 метр биіктіктен кем болмағандығы туралы әріптестері болжамына Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінен археологтар ортасында жүрген, тарихшы профессор Сағындық Жауынбаев қосылады. Бүгінде де көлбей көтерілгені білінетін обаның талай ғасырлар бұрын далалық аймақ төскейінде алыстан көзге шалынып, айбынды көрініп тұрғанынан сақтар әміршілерінің өлгеннен кейінгі де құдіреті сезіледі.
Қазба жұмыстарына қатысушы ғалымдар мен мамандардың пікіріне қарағанда мұннан табылған археологиялық құндылықтармен қатар обаның архитектуралық, композициялық құрылымы, ең маңыздысы жерлеу рәсімі ерекше назар аудартады. Қабірдің бір бүйірінен шығысқа қарай ойық жасалып, сыртқа бағытталған дәліз қалдырылуы ойландырады. Адам жүрелеп өтерліктей, ұзындығы 15 метр әлгі дәліз аузы жоғары, күн шығар тұсқа бағытталғандығы байқалады. Бітеліп қалмауы үшін үсті бөренелермен көмкерілгенін аршылғандағы ашылған ағаш кесектері аңғартады. Неге бұлай жасалған? Арман Бейсеновтің болжамы бойынша жерленген адамның жаны осы дәліз арқылы Күнмен табысатындығына ерте дәуірлік діни сенім болған сияқты. Мүмкін атып келе жатқан таң шапағы қабірде жатушыны себезгілеп өтуіне арналып жасалды ма? Қайткенде де мәні жағынан ғажайып құбылыс. Мүрденің басы шығысқа, аяғы батысқа қаратылып қойылуы да Күнге табынудың нышанын көрсетердей. Мағжан Жұмабаев ақын: “Ерте күнде отты күннен Ғұн туған, Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам”, деп жырға қосқандай, сақтардан ғұндарға сақталып, көне түркілерге жалғасқан Күнді тәңір ету із бастауының Қарқаралы оба-қорғандарынан табылуы ғалымдарды қызықтырарлық жаңалық десек, артық айтқандығымыз болмас.
Жерленгендер киімінің тұтастай алтынмен безендірілуі, жанына алтыннан құйылған заттардың молынан қойылуы сақтар байлығын айғақтаумен бірге, қазақ жеріндегі қолөнерлік тарихтың түптамыры тереңдігін сараптық жұмыстар көрсетуге тиіс. Мейлінше шеберлікпен, аса дәлдікпен жасалған асыл бұйымдар осылай дайын күйінде көршілес елдерден сатып алынған ба, әлде өз зергерлері жергілікті құймалардан соқты ма екен? Өңірдің ежелгі тарихын көптен бері талмай зерттеуші ғалым Сағындық Жауынбаев екінші болжамға сүйенеді. Кент тауларындағы алтын қазбаларының ертедегі із-сілемдері соған дәлел бола алатындығын алға тартады. Қорғандардан алыс емес Алат қонысынан табылған алтын құятын қалыптар, құралдар соны негіздейтіндігіне сенімді. Мысыр перғауындарының көзі тірісінде-ақ мүрделерін алтынмен малындыруға дайындық қылатындай сақтар көсемдері де солайша қамданған болар. Демек өмірлерінде тек зергерлікті кәсіп еткен арнаулы шеберлер тобы болғандығы ықтимал.
Өкінгенмен бола ма, Талды қорымындағы 7 обаның 5-і қолға түк ілгісіз тоналған. Барға қанағат, екеуінен ғана байырғы мәдениеттің жұрнақтарына қол жетіп отыр. Иә, бұлардағы заттар да аяусыз ұрланған. Мүмкін Есік алтын адамындай мүрде басынан аяғына, қару-жарағына дейін алтынданған шығар. Соның кей үзіктерінің өзі өнердің өлместігін паш етеді.
– Бір қызығы, алғашқы ұрлықтың ізі оба түбінде сайрап жатыр. Ең бірінші қол салғандар қабірді орнатуға қатысушылар секілді. Олар қалдырылған дәліз арқылы еніп, ең құнды дүниелерді асығыс жымқырғандай көрінеді.
Сүйектердің шашылып қалуы, дәліз бойымен сыртқа сытылғанда қойны-қоныштарынан, қалталарынан төгіліп қалған ұсақ алтын бұйымдары соны көрсетеді. Бізге бұйырғаны негізінен солар, – дейді Арман. Одан соңғы үлкен тонауды Қарқаралыға қоныс аудара бастаған Ресей көпестері жасапты. Жұмыссыз мұжықтарды, көп ретте орыс-жапон соғысынан қайтқан солдаттарды қорғандардан алтын қойма іздеуге үгіттеп, арам әрекеттеріне көндірген. Бұлар өз кезегінде обаның төбесіне жарылғыш заттар қойып қопарған. Кісі сиярлық үңгіме жасап, арқанмен ішіне түскен. Сөйтіп қолдарына тигенін азын-аулақ ақшаға қожайындарына сатқан.
Сәтіне орай біржолата жоғалып кетпей, еліміз мақтанышына айналарлықтай сақталған сақтардың құнды жәдігерлері алдағы уақытта тиянақты зерттеледі. Адам қаңқалары, ағаш қалдықтары бойынша жасалу уақыттары толық анықталады. Ал санғасырлық қатпарларда жиналған топырақты аршып, көне заман құпиясын ашуды жалғастырушылар жұртты елең еткізе берерлік жаңалықтарға үмітті.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы.
Қасым Аманжолов ауылы.