17 Тамыз, 2010

Іске сәт, “Тараз құбыр зауыты”!

795 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өзгеріс өлшемі – өндіріс Жақында Астана қаласындағы “Қазақстандық құбыр зауыты” ЖШС-ның “Тараз құбыр зауы­ты” филиалы Байзақ ауданының Көктал ауылдық округінен жаңа өндіріс орнын ашты. Полиэтилен құбырларын шығаратын өндіріс “Тараз құбыр зауыты” деп аталады. Оның жо­ба­сының жалпы құны 3 миллион 460 мың еуроны құрайды. Ал ауылдағы жаңа өндіріс орнында 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде су және газ желіле­рін­де қысымға шыдамды полиэтилен құбырларына сұраныс арта түсті. Орта және кіші қысымды газ желілерінің құрылысы мен оларды қайта құру үшін де поли­эти­лен құбырларына деген тап­сырыс мол. Өңірлерде алқап­тар­ды тамшылатып суаруға бай­ла­нысты жобалар да көбейіп келеді. Оған да полиэтилен құбырлар қажет. Сондықтан индустриялық-инновациялық даму бағдарла­ма­сы аясында өмірге келген бұл өндіріс орнын тек қана табыс көзі дер қарауға болатын сияқты. Зау­ыт басшылары полиэтилен құ­быр­ларымен, негізінен, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда об­лыстарын қамтамасыз етуді мақ­сат етіп отыр. Дегенмен, тиімді келісім-шарт болса зауыт басқа өңірлермен де жұмыс істеуге бар. Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпорында жаңа өндірістер қо­сылған сайын су желілерінде пай­даланылатын қысымға шы­дамды жиырма мың миллиметрге дейінгі полиэтилен құбырлары, газ желілерінде пайдаланылатын қысымға шыдамды жиырмадан төрт жүз елу миллиметрге дейінгі полиэтилен құбырлары және кең ауқымды түрлі полиэтиленді фитингтер шығарылмақшы. Зауыттың даму жобасы 3 ке­зеңнен тұрады екен. Бірінші кезең – 2010 жылдың 10 тамызына дейін диаметрі 20-160 мм, өнімділігі 250 кг/сағ Graewe өндірісінің (Гер­ма­ния) экструзионды кешендік желісінің іске қосылуынан тұрса, екінші кезең – 2010 жылдың қа­зан айында диаметрі 110-450 мм, өнімділігі 500 кг/сағ Graewe өндірісінің экструзионды кешендік желісінің іске қосылуымен аяқтал­мақшы. Ал үшінші кезең – 2011 жылдың сәуір айында диаметрі 400-1000 мм, өнімділігі 1000 кг/сағ Graewe өндірісінің экструзионды кешендік желісінің іске қосы­луымен бітпек. Сонымен қатар, полиэтиленді фитингтерді шығару үшін кешенді жабдықтар да іске қосылмақ. – Зауыт өнімі бірінші кезекте еліміздің құрылыс индустриясы үшін, сондай-ақ, өңірлердегі тө­менгі және орта қысымдағы су мен газ желілерін қайта жарақтандыру үшін пайдаланылмақ. Бұл өз ке­зе­гінде облыс экономикасының қар­қынды дамуына серпіліс беріп, хал­қымыздың әл-ауқатының өсуіне жол ашпақшы. Естеріңізде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тапсырмасымен Үкімет “Ауыз су” бағдарламасын қабыл­даған болатын. Біз Үкімет бас­шысы облыста болғанда жергілікті жердегі ауыз су мәселесінің жағ­дайымен жете таныстырдық. Өйт­кені ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуде облы­сымыз ел бойынша санағанда он алтыншы орында тұр. Бұл жақсы емес. Міне, осының салдарынан “Тараз құбыр зауыты” жобасын жедел қолға алуға кірістік. Неге? Алдағы екі жылда облыстағы отыз­дан аса ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Олар­дың жоспары жасалған. Сөйтіп 3 жылда облыс тұрғындары таза ауыз сумен толық қамтамасыз етіл­мек. Тіпті шалғайдағы Шы­ғанақтың тұрғындары да таза ауыз су ішетін болады. Бүгінде Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларын­дағы сумен қамтамасыз ететін жүйелердегі құбырлар да әбден тозған. Бұларды жаңалау үшін шамамен 60-70 миллиард теңге қажет. Сондықтан осы игі­лікті іске “Тараз құбыр зауы­тының” өнімдері пайдаланылады. Зауыт инвестор­лары өз өнімдерін 50 жылға дейін төзімді деп отыр. Оның үстіне олар құбыр төсеу жө­ніндегі тендерге қатыса оты­рып, өнімдерін тиісті нысандарға өздері жеткізіп, өздері төсеп, өздері іске қосып беруге де даяр, – деді аталмыш зауыттың ал­ғашқы кезеңінің іске қосылу салтанатына арнайы кеген облыс әкімі Қанат Бозымбаев. “Қазақстандық құбыр зауыты” ЖШС көптеген табыстарға қол жеткізген ірі компания. Мысалы, Астана мен Алматы сияқты іргелі қалалардағы су және газ жүйе­леріне, негізінен, осы зауыттың өнімдері пайдаланатын көрінеді. Ал “Тараз құбыр зауытының” өмір­ге келуі, “Қазақстандық құбыр зауыты” ЖШС-ның құ­рыл­тай­шы­сы Қайыржан Мейрам­бековтің айтуына қарағанда, Жамбыл об­лысының әкімі Қ.Бо­зымбаевтың тікелей қолдауы мен көмегінің нәтижесінде қолға алыныпты. Зауыт жұмысы толықтай ав­томаттандырылған. Бірінші кезең­дегі 20-160 миллиметрлік құбыр шығару жұмысына отызға жуық адам тартылыпты. Олардың бәрі­нің Астана қаласында арнайы тәжірибеден өткен жергілікті тұрғындар екені көңіл қуантады. Зауыттың шикізаты Оңтүстік Ко­рея елінен алынады. Филиал ди­ректоры алыстағы елмен болатын бұл алыс-берістің зауыт жұмысына ешқандай кедергі келтірмейтініне сендіреді. Ауылдағы өндіріс орнына алғашқы тапсырыс та түсіп үлге­ріпті. Атап айтсақ, Байзақ ауданы­ның жылыжай құрылысы үшін ұзындығы 45 шақырымдық 60 миллиметрлік құбыр қажет екен. Ендеше, іске сәт, “Тараз құбыр зауытының” тарландары! Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көктал ауылдық округі.