18 Тамыз, 2010

Бағдарлама тірегі – заңдық-құқықтық база

600 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Мемлекеттік бағдарламада түрлі елдердегі тіл саясаты тәжі­ри­бесі сара­ла­нып, міндет-мақсаттар мен басым бағыттар, іс-шаралар жүйесі нақты көр­сетілген. Бұл – құптарлық іс. Егер бағдарламада көзделген басты нәти­же­ге қол жеткізіп, мемлекеттік тілді мең­герген қазақстандықтардың санын он жылда 95 пайызға өсірсек, тіл сая­са­тының басты мақсаты орын­далғаны емес пе? Сонымен бірге бағдарлама ел хал­қының мемлекеттік тілді оқып-үйрену үрдісіне де жаңа қарқын, тың серпіліс әкелетіні сөзсіз. Өйткені, қазіргі қа­лып­тасқан жағдайда еліміздегі тіл сая­сатының іске асырылуы, ең алдымен, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде би­ліктің барлық жүйесінде басқару тілі, іс жүргізу және барлық салада халыққа қызмет көрсету тілі, қоғам тілі міндеттерін толық атқаруына қатысты. Бұл – мемлекеттік қызметшілер мен кә­сіби сала мамандарының тіл білік­тілігін қажетті деңгейге жеткізу арқы­лы ғана орындалатын міндет. Сондықтан да бағдарламаның бі­рін­ші мақсатында көрсетілген – үз­дік­сіз білім беру моделі арқылы қазақ ті­лін оқыту, азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құруға бағыт­тал­ған ұсыныстарды барынша қолдай оты­рып, осы мақсатқа жеткізетін бас­ты фактор, мемлекет пен қоғамдағы мемлекеттік тілге деген сұраныс пен қажеттілікті қалыптастыру тетіктері туралы міндеттерді нақты көрсету ту­ра­лы ұсыныс түсіргім келеді. Мем­лекеттік тілді білу, қолдануды ын­та­лан­дырумен бірге міндеттеу шаралары да нақты анықталуы керек. Жаңа бағдарламамен бірге мемлекеттік тілді білудің біліктілік талаптары жүйесі жұмыс істей бастауы қажет (заңдық актілер негізінде). Олар: - мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді жетік білуі; - халыққа қызмет көрсету ме­ке­ме­лері мамандарының мемлекеттік тілді тиісті деңгейде білуі; - мемлекеттік тіл біліктілігі кәсіби білік­тіліктің басты көрсеткіштерінің бірі болуы, т.б. Қазір біздің “қоғамда мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейінің” немесе проблемалық аспектінің болуының бірден бір себебі – қазақстандық қоғамда қазақ тіліне деген сұраныс пен қажеттіліктің тиісті деңгейде болмауы, мемлекеттік тіл идеологиясының әлсіздігі деген жөн. Сонымен бірге бағдарламаның бі­рінші мақсатында тіл туралы әңгімеде көбіне назардан тыс қалып келе жат­қан мәселені, қазақ тілінің қазақ мек­тептерінде оқытылуы жайын арнайы міндет ретінде қарастырған дұрыс болар еді. Бұл саладағы жағдайдың да­был қағарлық күйге жеткенін ма­ман­дар айтып жүр, жазып жүр. Ұсынылып отырған алты деңгейлік тіл меңгеру жүйесі (А-1, А-2, В-1, В-2, С-1, С-2) өзге тілді азаматтарға, шетел азамат­та­рына тіл меңгерту үшін екені белгілі, ал қазақ тілінде білім беру жүйесіне бұл әдіс сай келе ме? 2011 жылдан қал­дырмай осы мәселеге арналған ар­найы бірлескен жиын өткізу туралы Бі­лім министрлігіне ұсыныс түсірген жөн. Шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілі мен ұлттық мәдениетін оқып-үйренуіне қажетті жағдайлар жасауға бағдарламада арнайы көңіл бөлінгені дұрыс. Бағдарлама міндетінен туын­дайтын арнайы “Ана тілі” мемлекеттік бағдарламасын Үкіметте қабылдау арқылы біз шет елдердегі қазақ диас­порасына нақты көмек көрсетуге қол жеткізер едік. Бағдарламаның екінші мақсаты бойынша көрсетілген міндет, бағыт­тар­ды қолдаймыз және қазіргі қалып­тасқан жағдайда елімізде мемлекеттік тілдің ерекше мәртебесінің қоғамдық санада толық мойындалуына қол жеткізетін қуатты мемлекеттік тіл идео­логиясын қалыптастыру басты мақ­сат болсын деген тілек айтқымыз келеді. Сол сияқты тілдік біліктілік талаптары БАҚ қызметкерлерімен бірге барлық деңгейдегі лауазымды тұлға­ларға, халық қалаулыларына да бірдей қойылғаны дұрыс. Бағдарламаның үшінші мақсатын­да­ғы тіл мәдениетін жетілдіру бой­ын­ша көрсетілген шаралар жүйесіне нақ­тылық қажет. Сөйлеу мәдениетін да­мы­ту үшін айтыстар мен сыйлықтар жет­кіліксіз екені анық. Қазақ өзінің сөйлеу дәстүрін, тілінің қайталанбас саздылығы мен әуезін сақтағанда ғана халқымыздың шешендік дәстүрі де барлық болмысымен сақталады. Таза табиғи қазақы тілдік ортаның та­ры­луы, өзге тілдердің әсері мен ықпалы (орыс тілі ғана емес, ағылшын, араб, қытай, т.б) күшеюі анық байқалып отырған қазіргі кезде білім беру жүйесінің жауапкершілігі мен міндеті де артады, соған сәйкес тіл әдістемесі де заман талабына сай жетілуі қажет. Қазіргі қазақ тілін оқыту әдістеме­сі­не, ең алдымен, тілдің сөйлеу нор­ма­ларын қалыптастыратын тілдік заң­дылықтар (үндесім) тірек болуы керек және бұл бағытта бізде тамаша дәстүр де бар. Кешегі Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған “тіл ережелерін тіл заңынан алу” тәжірибесі бүгінгі қазақ фо­нетистері (Ә.Жүнісбек, С.Мырза­бек, Ж.Әбуұлы, т.б) еңбектерінде жал­ғасын тауып, ғылыми-теориялық тұр­ғыдан толық дәлелденді. Ендігі міндет – осы тіл табиғатын танытатын тілдің бас­ты заңын бастауыштан бастап бар­лық қазақ тілі оқулықтарында дұрыс сөйлеу ережелерінің темірқазығына айналдыру. Орфографиялық сөздікпен бірге орфоэпиялық сөздік те күнде­лік­ті қажеттілікке айналып, “дұрыс сөй­ле!” талабы қазақ тілі маманының бас­ты құралдарының біріне айналуы керек. Сонымен бірге қазақ жазылы­мы­ның дұрыс айтылымын дәл көрсе­те­тін арнайы жазу — фонетикалық транскрипцияның да (дыбыстаңба) бар­лық оқулықтар мен сөздіктерде қол­данылатын ортақ үлгісін қабыл­дайтын уақыт келді. Сол сияқты қазақ жазуын одан әрі жетілдіру шаралары да ең алдымен осы бағыттағы басты мәселені анық­таудан басталғаны жөн. Қазіргі кезде қазақ ғалымдары қазақ жазуына ре­фор­ма керектігі жөнінде мәселе көтеріп жүр. Сайып келгенде, бұл арада әңгіме жазу реформасының қажеттілігінде, мәселенің пісіп-жетілгенінде. Бәсекеге қабілетті тіл болу үшін де қазақ жазуы­на өзгерістер керек. Тілдің табиғи заңына сүйенген ұлттық әліпби керек. Мә­селе жазудың түрі мен төркінінде емес, жазуда қолданылатын қағидат-ережеде. Ғасырлар бойы тілді өзге тіл­дер ықпалынан қорғап келген үндесім заңы ұлттық жазудың да (латын, араб, орыс графикасы негізіндегі) тірегі бол­ғанда ғана тілдің ажары кіріп, сөздің сәні келер еді. Бұған нақты мысалға А.Байтұрсынұлының төте жазуын алуға болады. 30-шы жылдардағы әліпби де (латын жазуы) үндесімнен алыс кеткен жоқ. Қазір үйреншікті болған самауыр, бәтеңке, кереует, шот, т.б. (орыс сөздері), әріп, қалам, дәптер, әдет, т.б. (араб сөздері) сөз­дердің жазылымы сол кездерде рет­тел­ген еді. Жат сөздерді үндесім заңы бой­ынша қолдану қазір де ауызша сөй­леу тілімізде байқалады (ыспорт, кәпе, семент, пормы, жорнал), ал кей­бір сөздерді қазақша жазу (пойыз, Ре­сей, Мәскеу, мүйнөт, гәзет, зауыт, та­уар, пошта) үрдісі басталып та кетті. Дегенмен бұл стихиялы үрдіс , кірме сөздерді, “терминдерді және атауларды қазақ тілінің негізгі ереже­леріне, жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру” үшін де тілдің жазу заңына өз­геріс қажет. “Жазу реформасы ке­шенді түрде алфавит (әліпби), графика (таңба) және орфография (емле-ереже) үшеуін қатар қамти жүргізілуі керек” (Ә.Жүнісбек). Ғалым пікірі бұл салада жүргізілетін жұмыстың бағытын анық көрсетіп тұр. Дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты шара ретінде бағдарламаның алғашқы кезеңінде қазақ жазуының көкейкесті мәселе­ле­рін талқылау үшін арнайы жиын өт­кізу туралы ұсынысты қолдаймыз. Мемлекеттік деңгейде шешілетін мәсе­ле­ге ғылыми негізделген байыпты көзқарас, белгілі кезеңдерге жоспар­лан­ған мемлекеттік бағдарлама қажет. Бүгінде тәуелсіз ел ретінде дүние жүзі­не танылған ел болашағы, ұлт бола­шағы үшін де қазақ жазуы мәселесін біржолата шешудің маңызы мен қажеттілігі ерекше. Ал бағдарламаның төртінші мақ­сатында қазіргі қоғамдағы сұраныс пен қажеттілік тұрғысынан алғанда екінші, үшінші тілдер ретінде оқытылатын, қолданылатын орыс, ағылшын тіл­деріне арналған бағыттардағы шара­лар­ды біріктірген дұрыс болар еді. Жалпы алғанда бағдарлама еліміз­дегі тіл саясатын жүргізудегі шешуші қадам, мемлекеттік тіл мәселесін түбегейлі шешетін құжат болатынына сенім мол. Тек осы бағдарламаны толықтай іске асыру үшін бізге ең басты мәселені, бағдарламаның заңдық-құқықтық базасын нығайту мәселесін шешу керек деп санаймыз. Бұл – уақыт талабы. Жаңа, нақты, пәрменді қадамдар ғана бағдарламаның басты мақсаты­ның орындалуына ықпал етеді. Сон­дық­тан да Қазақстандағы тіл саяса­тының бүгінгі күнгі басты мәселесі мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің өз мәртебесіне сай міндеттерін атқа­руы мен қолданылуына барлық жағдай жасау бағытында нақты қадам жасау үшін, “Мемлекеттік тілді қазақстан­дық­­тың өмірлік қажеттілігіне айнал­ды­ру” (М.Құл-Мұхаммед) үшін “Мем­ле­кеттік тіл туралы” арнайы заң қа­был­дау және “Тілдер туралы” Заңға то­лықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет деген қоғамдық пікірді, тіл жа­на­шырларының ұсынысын қолдай­мыз. Жаңа бағдарламада көзделген мақ­сат­тарға жету үшін де “Мем­лекет­тік тіл туралы” заңды 2010 жылдың аяғына дейін қабылдап, жаңа заңға қатысты Үкімет қаулы-қарарларын 2011 жыл­дың бірінші жарты жылды­ғынан қал­дыр­май қабылдаған дұрыс. Сол сияқ­ты жаңа бағдарламаның орындалу ке­зең­дерін сонша созу қажет пе? Бес­жыл­дық немесе жетіжылдық бағ­дар­лама туралы ақылдасып көр­сек... Тағы бір айта кетерлік жайт, бағ­дар­ламаның қазақ тіліндегі нұсқасы оры­сшадан аударма екені көрініп тұр. Қазақы ұғым мен ойлау жүйесіне қай­шы тір­кестер мен сөйлемдер көп. Сон­дықтан бағдарламаны өзгеріс, то­лық­тыру­ларымен қайта қарағанда осы­ған көңіл бөлсек. Бағдарламаны ел игілігіне, туған тіл игілігіне жаратайық, ағайын! Болат ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы. ОРАЛ.