Биылғы жылы қоғам және мәдениет қайраткері, әдебиет сыншысы, Алаштың ардақты азаматы Ілияс Омаровтың өмірден озғанына 40 жыл болды. Заманалар көшінде уақыт қанша зымырап өтсе де халқына еткен қызметімен жұртының жадынан өшпейтін есімдер бар. Солардың бірі Ілияс Омаров еді.
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек сынды өткен ғасырдың басында өмір сүрген Алаш асылдарын айтпағанда, бергі замандағы Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтерді көрмеген тұтастай бірнеше жаңа буын бүгінде қалыптасып үлгерді. Олар ұлтына қалтқысыз, бар жан-тәнімен адал қызмет еткен осы қайраткерлер турасында не біледі, осы кезеңнің перзенті менің өзім не білемін деген сауал төңірегінде біраз ойландым. Біздің тануымыз олар жайында жазылған мақалалар мен естеліктерден, өздерінің артында қалдырған еңбектерімен танысудан тұрады екен. Ендеше, Ілияс Омаров жайында өзім білгенімді оның көзін көрген тұстастары барында айтып беруге тырысайын.
Бір қарағанда, апыр-ау, көрмеген адам турасында қалай жазбақшы деген де сауал туындауын жоққа шығармаймын. Бірақ, осы тұлғаны жазу арқылы, егер халқыңа қызмет ете білсең, сені келер буын ұмытпайды екен-ау өмірден кетсем де, танымайтын ұрпақ өкілі де елеп-ескеріп, ескеріп емес-ау, құрметтеп есіне алады екен-ау деген ой замандастарыма жетсе деген тілегім де бар екенін жасырғым келмейді.
Сталиндік репрессия мәшинесі айналғанда ГУЛАГ лагерінің тұтқыны, кейін босаған соң Абай атындағы опера және балет театрының режиссері болған, көрнекті режиссер Наталья Сац өзінің “Менің өмірімнің новелласы” атты кітабында: “Ілияс Омарұлымен 15 минөт сөйлескеннен кейін мен бар қазақты бірден жақсы көріп кеттім. Оның жоғары мәдениеттілігі, ізеті, сұхбаттасушысына деген құрметі, менің Қазақстанға келуімнің осында шығармашылық пайда әкелетініне деген сенімі қандай!” деп Ілияс Омарұлымен алғашқы кездесуі турасында риясыз таза пейілін, ол кісіге деген үлкен құрметін жеткізген екен. Ал 1967 жылдың 3 маусымында жазушы Юрий Казаков: “Қымбатты Ілияс Омарұлы! Әбдіжәміл Нүрпейісовтен жаңа қызметке тағайындалғаныңызды естідім, сізді шын жүректен құттықтаймын. Және сонымен қатар қазақ мәдениетін де құттықтағым келеді, әйтпесе, мәдениет министрліктерінің барлығы бірдей мәдениетті министрлерімен мақтана алмайды. Қазақ достарым үшін керемет қуаныштымын, және өзімнің қазақ еместігіме өкініп қалғандаймын...” деп жазады.
Ілияс Омаровты өмір бойына қадірлеп өткен жандардың бірі Ғабит Мүсірепов болыпты. Арқалы ақын Ғафу Қайырбеков Іле ағаң қайтыс болғанда Ғабеңнің қатты егілгенін “Егізімнің сыңары еді, мен содан айырылып тұрмын”, – дегенде денесі қозғалақтап, қисайып барып әрең түзелгенін жазыпты. “Мен Ғабеңнің қасында жүріп, оған бірнеше жақын адамның қазасын көрдім, бірақ мұндай еш уақытта егілген емес еді. Мінберден оны сүйесіп түсірістім де, бір көлеңкелі теректің түбіне келіп отырдық... “Бұл – қазақтағы алтаудың біреуі еді, өзгесін айтуға болмайды, ешкім сұрамайды да” деп маған немесе маңайындағыларға емес, әлдеқандай көзге көрінбеген біреуге айтқандай, өзімен өзі сөйлегендей кейіпке түсіп еді. Кейін көп уақыт өткенде барып, Ғабеңнен сұрағанымда, ақыл емес, жай жобалап қана аңғару есебінде былай деп еді дейді.
– Сен жұмыртқаның ішіндегі сары уызды білесің ғой, мына ұлттың, халықтың өзі де бір тұқым болса, соның да уызы болады. Ол тұрғанда ешбір ұлт құрымақ емес. Ол уызды аз ғана адамдар құрайды. Оны тірі пендеге білдірмейді, ол құдайдан басқа ешкім білетін нәрсе емес. Олар енді ру, жер, ауыл дегендерді қозғамайды, бұл өзін-өзі сақтаудың ең жоғары түріне жатады. Олардың түпкілікті есімі не тізімі болмайды, бірі өлсе, біреуі туып, алмасып жатады, – деп тұспалдап қана аңғартқан еді. Және өзінің оған қосыла алмайтынын білдірген еді...” – дейді Ғафаң.
Ал Ғабит Мүсірепов өз естелігінде Ілияс Омаровтың жиырма жасынан бастап қоғамдық істерге белсене араласып, екі рет министр, екі облыстық, екі рет өлкелік партия комитеттерінің хатшысы болғанын айта келіп: “Ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Қайда да жауапкер, қайда да іскер, қайда да заманымыздың үлкен қайраткері, қадірлі азамат қалпынан өзгермей танылатын. Орын оны көркейтпейтін. Орынды ол көркейтетін. Ілияс бір орыннан екінші орынға ауысқанда істес болған адамдары құшақтасып қоштасатын да, баратын жерінің адамдары құшағын жайып қарсы алатын. Еш уақытта ешбір қызметте Ілиястың артынан өсек-аяң, жәбір-жапа, сықақ-келемеж ере жүрмейтін еді. Айтқанын орындамай құтылар бойтаса іздемейді, уәдесін парыз-қарызсыз орындап тынады. Ешкімнен алғыс та күтпейді, ешкім оған қарыздар да емес. Қайта алғыс айта бастасаң, қысылып қалады. Марқұм Ілияс Омаров осындай азамат еді” деп жазса, енді бірде “Тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас-бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай, азамат арына – адамгершілікке, әділетке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмай өткен бір адам Ілиястай-ақ болар... Үлкен қатарында кіші емес, кіші қатарында үлкен емес бір ғажап жан еді-ау!” депті.
Көзі тірісінде қазақтың марқасқаларымен қимас дос болған Омаровтың енді бір қымбаты – Баукең – Бауыржан Момышұлы болыпты. Бірде Баукеңнің сөздерін ауырсынған бір құрдасы Іле ағаға: – Досысың ғой, мінезін жөндесеңші, – дейді. – Осы мінез жойылған күні сендерге Бауыржан да жоқ деген сонда Омаров. Ал Баукең болса, 1962 жылдың 19 желтоқсанында “Артымызда Москва” атты кітабына “Аи эм глэд ту си ю! Аи лайк ю вери матч! Бұл шындық. Өмірден жасы кіші бұрын өте ме, жасы үлкен бұрын өте ме, бұл біздің құзыретіміздегі шаруа емес. Бірақ менің сенің артыңда қалғым келмейді!” деп жазған тілегінің астарында қимастық пен азаматтың қадіріне жеткен қаншама кісілік жатыр десеңізші!
Ілияс Омаровтың адамгершілік келбетінде бүгінгі қоғам биікке көтеріп отырған демократия мен биік мәдениет жатыр. Ол маңайындағы адамдардың барлығына, мейлі ол қызметтес пе, өз туысы, отбасының адамы ма, әлде елге пайдасы тиеді дейтін зиялы қауымның бір өкілі ме, бәрібір ол ешкімді бөліп-жармай барлығына біркелкі жанының жылылығын себелепті. Жақындары да: оның көңіл күйінің өзгерістерін байқау мүмкін емес болатын. Өйткені, ол маңайындағы адамдардың көңіліне бір кірбің түсіргісі келмейтін, есесіне ол адамдарды әркез тыңдауға, көмек беруге, қолұшын созуға үнемі әзір болатын. Ол қарапайым еңбек адамы ма, биік мансап иесі ме, орден алған үлкен марапат иесі ме, атақты ғалым ба, әңгімесін, айтар ойын аяғына дейін тыңдайтын және отбасында осы қалыбынан айнымаған дейді. Зайыбы Гүлшат Мұхамедсақиқызы “Еріммен отыз бес жыл отасқанда қабақ шытысқан бірде-бір күніміз болмады, ол – тұнып тұрған жақсылықтан жаралған адам еді, несін айтасың, тек өмірден ертерек кетті”, десе, “Адамгершілігінің ірілігі ғой, Ілияс өзінен гөрі өзгенің қуанышы мен бақытын көбірек қастерлейтін. Достың, жолдастың жетістігін көрсе, балаша қуанатын, жаны жайнап, жайқалып кететін”, деп жазады кезінде ҚазҰУ ректоры болған тағы бір досы ғалым Асқар Закарин.
Айтқандай, Іле ағаңның өмірлік жарымен қосылуы да оның сол жас кезінің өзінде адамгершілік қалыбынан айнымағанын көрсетеді. Аш-жалаңаш жүріп, Ташкенттегі Ортаазиялық мемлекеттік университетті бітірген соң Қызылордадағы сауда техникумына директор болып келген Ілияс Омаров бірінші гильдиялы көпестің, яғни тап жауының қызы Гүлшатты ұнатады. Екі жас үйленетін болады. Бірақ та оның бұл ісі “қырағы” партия назарынан тыс қалмайды. Іле аға сол жолы партия билетімен қоштасқан, бірақ таңдап қосылған жарына адалдығынан айнымапты.
Тағдыр оның адалдығын, айнымастығын мұнан кейін де талай рет сынға салған екен. Сондай ауыр сын оған 1940 жылдары Қазақстан КП-ның идеологиялық хатшысы кезінде төнген еді. І. Омаров Ермұхан Бекмаханов жазған “Қазақ ССР тарихы” атты екі томдық іргелі еңбектің редакторы болып, кітап жарық көреді. 1949 жылдың 11 қазанында Мәскеуден атақты академик Анна Панкратовадан хат келеді. (Ол хат күні бүгінге дейін Орталық мемлекеттік архивте сақтаулы.) “Тарихшылар арасында кейбіреулердің қазақ тарихын кемсіткісі келетіні бар. Неге грузин патшасы мен өзбек ханы дәл қазақтардағыдай жағдайда озық ойлы болып есептеледі де, ал қазақтар Абылай мен Кенесарыға неге күйе жағуы тиіс? Мен қазақ тарихындағы көрнекті қайраткерлерге кері тарихи баға беру жолына түсе алмаймын. Оның үстіне ондай сыншылар өздерінің жасаған қорытынды түйіндерін ешқандай тарихи құжатпен, дерекпен дәйектемейді”, – дейді ол. Өзі құрмет тұтатын ғалымның хаты Ілияс Омаровты қатты қуандырады. Оны Жұмабай Шаяхметовке көрсетеді. Алайда екі жыл өтер-өтпесте қазақ ұлтшылдығы жайында әңгіме қозғалып, өрескел саяси қателік жіберген Ермұхан Бекмаханов пен Бек Сүлейменов “халық жауларының” қамытын киіп, лагерьге айдалады. Бекмахановтың Панкратова мен Омаровты қаралауға бармай, қиындықты қайыспай көтеріп, тұтқын татар дәмді татып, әйтеуір кейін аман-есен елге оралғаны аян.
Бірақ осыған қарамастан, Қазақстан КП бюросында ҚКП хатшысы І.Омаровтың жіберген қателігі турасында мәселе көтерілетін болады. Сонда Жұмабай Шаяхметов Ілияс Омарұлына Мәскеуден Сталинге өте жақын сенімді адамның қоңырау шалғанын, оның Омаровтың тарихшы болмағандықтан Панкратовадай іргелі ғалымның жетегінде кеттім деп айтуын ал Панкратовадай әлемге аты белгілі әрі Сталинмен сонау Азамат соғысы жылдарынан таныс, 1946 жылы Сталиндік сыйлық алған ғалымға ештеңе болмайтындықтан басын арашалағаны жөн деген әңгіме айтылады. Алғашында таңданғандықтан үнсіз қалған Ілияс Омарұлы артынша өзінің ондай сатқындыққа бара алмайтындығын айтады. Бір күннен кейін болған ҚКПОК бюросында қазақ ұлтшылдығы сыналып, Абылай, Кенесары атына бес батпан қара күйе жағылады. Сөз кезегі Ілияс Омаровқа келгенде ол өзінің Бекмахановты тарихи фактілерге адал да кәсіби тарихшы деп білетінін, ал оған кінә таққандардың жалған ғылыми ұғымдармен адасушылар деп пайымдайтынын айтады. Осыдан кейін бюрода нағыз у-шу болып, аяғы Омаровтың қызметтен кетуі туралы шешім қабылданады.
Шын достар сыналып, күні үшін жүргендердің тайып кететін кезеңі жетіп, Іле ағаң бір жыл үйде отырады. Тіпті, қатаң репрессиялық шаралар да қабылдануы мүмкін еді. Сол кезеңде қасынан табылған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Темірбай Дарқанбаев, Мәжікен Бутин, Әмір Ержанов, Асқар Закарин, Бөлебай Исабеков, Николай Анов, Евгений Брусиловский, Максим Зверев, Ахмет Әділов, Дмитрий Снегин, Серке Қожамқұлов, Рахымжан Баймолдин, Қадыр Қонақов, Рахымжан Мусин Ілеғаңның көңіліне қаяу түсірмеуге тырысыпты.
Омаровтың адамгершілігінің тағы бір көрінісі – кейін өзіне сырт бергендердің, оның ішінде бюрода партбилетін тапсыруды айтқан адамды кешіруі. Отбасындағылар мен жанашыр достары: “Неге, өзіңе жамандық жасаған адамның өзін кешіре бересің?” дегенде: “Адамдар– заманның құлы, ол емес, бұған осындай жүйенің өзі кінәлі. Барлығын халық көріп отыр. Ал жіберген қателікті кешіру – ердің ісі”, – деп өзінің тағы да Ілияс Омаров екендігін танытқан.
Өмірде Ілекеңнің алдына барып, болмаса оған хат жазып, өздерінің басындағы мұң-мұқтаждарын айтып үлкен жүректі азаматтың шарапатын көргендер қаншама десеңізші. Жалаң сөз болмасын деген ниетпен бір-екі мысал келтірейік. Бірде Жоғарғы Кеңестің депутаты І. Омаровқа Алматы облысының Ұзынағаш ауылының тұрғыны Хасан Аушев ақсақалдан өтініш хат түседі. Онда ақсақал өзінің 1919 жылғы Азамат соғысына қатысып, деникиншілермен соғысқан ардагер екенін, қазіргі күні кемпірі Патимат екеуінің есігінің алдындағы бақшасының өнімімен ғана күнелтетінін, ал осы облыстың Шелек ауданында тұратын баласы Бесланға (Руслан Аушевтың әкесі) аудан аумағынан шығуына рұқсат етілмеуіне байланысты қиындық көріп отырғандарын жазады. Осыдан кейін Хасан қарт зейнетақысын алып, баласы Беслан қасына көшіп келеді.
Ал Ғафу Қайырбековтің естелігінде келтірілген мына бір мысал да артықтық ете қоймас деймін. 1962 жылы “Қазақ әдебиеті” газетіндегі қызметінен кетіп, үйде отырыңқырап қалған Ғафаңа қадірлесі Бөлебай Исабеков телефон соғып: “Сен мына жағдайыңды айтып Ілекеңе барсайшы, саған қарап отырған қыруар адам бар, жұмыссыз қиын ғой”, – дейді. Оған Ғафаң қазір ол кісінің өзі де жұмыстан шеттеңкіреп жүр ғой және аралас-құраластығым жоқ дейді. Сонда: “Біріншіден, – деді Бөлекең, – Ілекең сені біледі екен. Мен ол кісімен жолдас, дос адаммын, бір әңгімеде байқағанмын, екіншіден, – деді енді нығарлай сөйлеп, – есіңде болсын, шырағым, Ілияс Омаров деген кісі қай жерде, қай қызметте отырса да – бәрібір Ілияс. Оны бүкіл қазақ интеллигенциясы сыйлайды, құрметтейді. Жәй қызмет аты болмаса, ол кісі отырған жердің бәрі биік, ұмытпағайсың, деген соң Ілекеңе барғанын, ол кісінің Нұрымбек Жанділдинге кіргіздіріп, шаруасының оң шешілгенін айтады.
1953 жылы Ілияс Омаров Мәскеудегі Жоғары партия мектебінде оқиды. Сондағы ұстаздар тыңдаушының білімділігіне, ойының тереңдігіне, еңбекқорлығы мен әдебиетпен жұмыс жасау қабілетіне таң-тамаша қалады. Жоғарғы партия мектебіндегі екі жылдың ішінде Мәскеудегі зиялы ортаны аузына қаратқан І.Омаров оқуды “өте жақсы” деген бағамен аяқтайды. Енді оны Солтүстік Қазақстан обкомына бірінші хатшы етіп жібереді. Мұнда Іле ағаңның арқасында ұмыт бола бастаған айтыс өнері қолға алынады. Ол облыс басшысының күнделікті қым-қуыт тірлігінің арасында “Кітап – мәдениеттің қуатты құралы”, “Ескі мұра жаңа мазмұнда” деген сынды халықтың рухани өміріне қажет мәселелер турасында ой толғап, мақалалар жазады.
Солтүстік Қазақстанды басқарған 5 жылдан кейін Алматыға оралып, 1 жыл Министрлер Кеңесінде жұмыс жасап, онан мемлекеттік Басжоспарлау басшысының орынбасары, кейін бірінші орынбасары болады. Сол жылдары Ілеға жазған бір хатқа үңілейікші. “Құрметті Қайнекей! Қаптаған цифрлардың арасынан кейде мойнымыз көтерілсе, еріксіз көзіміз әдебиетке түседі... Сүреңсіз, сүзектен тұрғандай жүдеу, аш мысықтай арық өлеңдерді көргенде жүрегің айниды. Ұйқас жүйесімен құрастырылған, ілінген бірдемелер. Асыл тастай жарқырап тұратын өлеңдер де кездесіп қалады. Ондай кезде өзің жазғаннан кем қуанбайсың. Өзім Алтайды жақсы көретін болған соң “Алтай аясы” деген өлеңіңді зейін қойып оқып едім. Әр жерінен астын сызып, “бюрократтығымызға” салып бұрыштама жазып қойып едім... Менде жай жата бергенде не қажет бар деп, осы үзіндіні өзіңе жіберіп отырмын. Менің барлық бағам – бұрыштамада айтқаным. “Жол түсіп араласаң Алтай маңын, /Көресің тарлан таудың қартайғанын,/ Тентек жел, долы нөсер әжім салған,/ Жартастың тынығуға жантайғанын./ Мінеки, тарихи шындық, көркем теңеулер осылай жымдасуы керек. Сонда ғана өлең поэзияға айналмақ, поэзия қоры байымақ. Тек поэзияның қарышы мол болғанда ғана бір ауыз өлең мен шағын романдық өмірді беруге болады. Артық кетсе де айтайын: осы төрт ауыз өлең – әдебиет табысына лайықты сый. Автордың өзі қиып алып қойғанынан, оқушының қиып алып авторға жіберген үзіндісі қымбатырақ бола ма деп отырмын”, – деп ақын Қайнекей Жармағамбетовке хат жазып жіберіпті.
Өзі айтқандай, қаптаған цифрламен жұмыс жасаған жылдары ол кісіге бірде Қазақстан комсомолы ОК бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков еліміздегі клубтар мәселесімен алдына барады. Сонда Ілеға: “Бірлесіп қимылдасақ, клуб салына жатар. Дегенмен, менің саған айтар басқа бір тілегім бар. Қазір әдебиетке Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Жүнісов секілді жастар келіпті. Егер мен бірдеңе түсінетін болсам, болашақта әдебиеттің құлағын ұстайтын осылар болады. Менің жағдайымда әдебиет мәселелеріне араласа бергенімді біреу түсінсе, біреу түсіне бермейді. Сен осыларға қамқоршы болсаң болар еді”, дегенді айтады. “Абзал ағаның тапсырмасын алып, біз жас әдебиетшілермен тікелей айналыса бастадық”, деп жазыпты өз естелігінде Өзаға.
Осы жылдардағы Ілекеңнің атқарған жұмысы жайлы белгілі экономист Жарысбек Әбуталыпов ол кісі еліміздегі экономикалық реформаның бастауында тұрып еді. Омаровтың бастамасымен экономикалық зерттеу институты ашылып, ал орталық аппаратта жаңа жобалау әдістемелері бөлімі ашылды. Сол жылдары Іле аға “Енді бір 20 жылдан кейін КСРО-ны ауыр экономикалық соққылар күтіп тұр. Ұзаққа созылатын осы экономикалық дағдарыс алып державаның болашағына қауіп төндірмек. Адамзаттың дамуы ортақ диалектикалық спиральға негізделген, ал Сталин осы спиральды зорлықпен түзеді. Бұл 20-30 жылдың ішіндегі қысқа мерзімге ғана жүрмек, ал әрі қарай заңдылық өзін күштеп өзгертуге жол бермейді”, деген екен.
1967 жылы І. Омаров Мәдениет министрі болып бекітілгенде одақтық Басжоспарлаудың бастығының орынбасары, академик Николай Некрасов: “Қалайша, осыншалықты кәсіби экономист маманды мәдениет саласына жіберген”, деп кәдімгідей ренжіп, Д.Қонаевқа телефон шалмақ болыпты. Сонда оны Іле ағаңның өзі тоқтатып, “Бұған тек өзім кінәлімін, Қонаевқа мәдениет саласының жұмысын жақсарту мен реформалау жайында жиі ұсыныс жасаған едім” деп академикке басу айтыпты.
Ал Ілияс Омаровтың Мәдениет министрі болған кезеңі қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін айтулы жылдар болды. Ғазиза Жұбанова өз естелігінде: “Мен Іле аға қатыспаған бірде-бір опера мен балеттің, симфония немесе ораториидің, драмалық спектакльдің, болмаса эстрадалық концерттің премьерасын білмеймін. Ол жазушылардың, композиторлар мен суретшілердің барлық жаңа туындыларын біліп отыратын. Шығармашылық адамдармен жиі араласып, олардың алдында үлкен беделге ие еді”, деп жазады.
Министрліктегі жұмыс кабинетіне әлі ақталмаған Темірбек Жүргеновтің суретін іліп қойып, Қанабек Байсейітовке: “Е, Қанеке, менің министр, сіздің халық әртісі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Темірбек Жүргеновтен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы”, дейтіні де осы тұс.
1970 жылы осы ізгі жүректі, шын мәніндегі зиялы, биік мәдениет пен парасат иесі небары 58 жасында көз жұмды. Дүниеден өтердегі жазған қоштасу хатындағы орындай алмай кеткен мұраты да халық өнері жайында болды. “...Туған халқымның мәдени өрісі, өскелең жолы және оның ғасырлар сақтаған аса бай мұрасын байланыстыра зерттеу еді. Мен бұл салада көп уақыт әрекет, қызмет еткенімді еске алғаныммен, ол істердің атқарылуға тиістісінен әлдеқайда аз болғанына өкінемін...” деп арманын да халқының мұрасымен байланыстырыпты.
“Біз өкінішке орай, ол кісінің алдын көргеніміз жоқ... Соған қарамастан осы бір асыл ағаның рухы биік рухани тәрбиесін соңында қалдырған мұнтаздай таза мұрасы – жазғандары арқылы күні бүгінге дейін көріп келеміз, сондай азаматтық, адамгершілік өміршең де өнегелі істеріне көз жеткізіп келеміз. Қолымызға еріксіз қалам алдырып отырған жәй да, сол жақсы ағадан көрген рухани тәрбие – жақсылықтың жанымызға жай таптырмағаны деуіңізге болады”, деп марқұм Сағат Әшімбаев жазғанындай, ол кісінің алдын көрмеген, дауысын естімеген, тек жазғандарын оқып, тұстастары жазып кеткен естеліктерден пайымдап түйген ойымыздағы Ілияс Омаров бейнесі көлеңкесі мол, саялы, бұтағына келіп қонған мың сан құс ұя салар алып бәйтеректі елестетті.
Ата-анасынан тым ерте қалса да тегінде бар текті ұл халқының қажетіне мықтап жараған асыл перзентіне айналыпты. Көңілдердің төрінен мықтап орын алған осы бейненің талайға үлгі болары хақ.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.