Қазір елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Бұл тұста асыраушы салаға айналған ауыл шаруашылығы құрылымдарына да артылар жүк өте қомақты. Сол себепті бүгін біз Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтерге жүгіне отырып, жүзеге асырылған істер мен алда тұрған міндеттер туралы тарқатып әңгімелегенді жөн санадық.
Азық-түлік қауіпсіздігін өз өндірісіміз есебінен қамтамасыз ету мақсатында биыл облыста 160,2 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдары егілді. Осы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,1 мың гектарға артық болып отыр. Оның ішінде күріш егісінің көлемі 5,6 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 0,5 мың гектарға ұлғайды. Сонымен бірге үстіміздегі жылы 101,4 мың тонна картоп, 96,9 мың тонна көкөніс, 124,8 мың тонна бақша дақылдары, 16,3 мың тонна ет, 83,7 мың тонна сүт, 31,3 млн. дана жұмыртқа өндіріледі деп күтілуде. Жыл сайын күріш, бақша өнімдеріне қажеттілік толық өтеледі. Ал сүт, ет және жұмыртқаға деген сұраныстың бір бөлігі сырттан тасымалдау арқылы жүзеге асырылады. Алайда, жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын тиісті орындардың болмауы салдарынан, олардың бағасы қыс, көктем айларында қымбаттап кетеді. Осы жағдайды ескере отырып, маусым айында облыста жылыжай шаруашылығын салу ісі қолға алынды.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 200,0 млн. теңге бөлінген болатын. Соның нәтижесінде көкөністі консервілеу мен инкубатор цехтарына, 10 жылыжайға тиісті құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ 300 бас жылқы, 46 бас түйе, 2385 бас қой шаруашылықтарға лизингіге берілді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жахановтың мәлімдеуінше, бюджеттен бөлінген қаржыларға әрбірінің көлемі 500 шаршы метрді құрайтын 3 жылыжай пайдалануға берілген. Оларға көктем мезгілінен бастап өнімдер жиналу үстінде. Мұнан өзге Қызылорда қаласының Ақжарма елді мекенінде жалпы көлемі 3500 шаршы метрлік 7 жылыжай құрылысы салынуда. Қыркүйек айының басында осы аталған жылыжайларға 3000 түп көшет отырғызылатын болады. Алдағы уақытта 20 жылыжай салу жоспарда тұр.
Келешекте кәсіпорындардың ұнды сырт жерден тасымалдамауы үшін тәулігіне 250 тонна ұн шығаратын зауыт құрылысын салу жоспарлануда. Ал “Квант құрылыс-өндірістік бірлестігі” ЖШС құс фабрикасының іргетасын қалауға ниет білдіруде.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласына негізделген инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін жергілікті бюджеттен 250,0 млн. теңге бөлінді. Осы қаржыға мал бордақылау алаңы, өсімдік майын шығару цехы және құрамажем өндіретін зауыт салынбақшы. Бұл кешендер іске қосылған сәтте жылына 500 тонна өсімдік майы, 300 тонна жылқы еті, 137 тонна қой еті өндірілетін болады. Бұл жобалар мал өнімділігін арттыруға және сапалы азықпен қамтуға, ет өнімдерінің бағасын төмендетуге бағытталған.
Өнімдер бағасын тұрақтандыруға байланысты құрылған арнайы жұмыс тобы Қызылорда қаласының ірі сауда үйлеріндегі және базардағы негізгі азық- түлік өнімдерінің бағаларына мониторинг жүргізеді. Осы тұста атап өтерлік келесі бір мәселе азық-түлік бағаларын тұрақтандыру үшін “Қызылордаагросервис” МКК қаражаты есебінен “Аль-Асад” ЖШС-іне 10,0 млн. теңге берілді. Бұл қаржыға Оңтүстік Қазақстан облысынан арзандатылған бағада картоп, көкөніс өнімдері тасымалдануда. Бүгінгі күнге дейін облысқа 105,4 тонна картоп, 8,5 тонна жуа, 3,5 тонна қырыққабат, 1,2 тонна қызанақ және баклажан өнімі жеткізіліп, нәтижесінде картоп бағасы 40 пайызға, жуаның бағасы 27 пайызға төмендетілді.
Облыс көлеміндегі ірі сауда үйлері мен жергілікті атқарушы билік азық-түлік бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында меморандумға қол қойды. Бұл, әдетте, өнімдердің жекелеген түрлеріне үстеме бағаны белгілі мөлшермен бекітуге негіз қалады. Сондай-ақ биылғы жылдың 13 ақпанынан бастап 41 рет өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде өнімдер базар бағасынан 10-15 пайызға төмен сатылды.
Қазіргі кезде облыста инженерлік жүйеге сәйкестендірілген 175 мың гектар жер бар. Оның 158 мың гектары ауыспалы күріш егістігі болса, қалған 17 мың гектары мал азығы мен көкөніс дақылдарына арналған. Дегенмен, кейінгі жылдары ауыспалы егіс жүйесіне тиісті тегістеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуіне байланысты 39 мың гектар жер айналымнан шығып қалды. Осыған байланысты “Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру” жобасының 1-кезеңінде 1034 гектар жерге күрделі тегістеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Суармалы жер төңірегіндегі туындаған мәселелерді шешу үшін біршама жұмыстар жүргізілуде. Тарқатып айтқанда, келер жылы суармалы егіншілікті қолдау бағытында қосымша 4 бағдарлама қабылданатын болды. Бұл ретте күріш егілетін алқап тегістеледі және канал, қашыртқылар тазаланып, тамшылатып суару жабдықтарын сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін мемлекет тарапынан субсидиялау қарастырылған. Жалпы, облысымыздағы 30 мың гектар жерді қайта қалпына келтіру жоспарланған. Ескере кететін жағдай, бұл көлем аздық етеді. Сондықтан бұл көрсеткішті 45 мың гектарға жеткізуге ұсыныс берілді. Осы жұмыстар нәтижелі аяқталғанда күріш өнімділігін еселеуге жол ашылады.
Сөз басында ауыл шаруашылығындағы егіс көлемінің ұлғайып келе жатқанын атап өткенбіз. Соның басым бөлігін күріш өнімі құрайды. Дерекке жүгінсек, 2008 жылмен салыстырғанда егіс көлемі 14,1 мың гектарға артса, ал күріш алқабының көлемі 15,7 мың гектарға өскен.
Жыл санап күріштің орташа өнімділігі де арта түсуде. 2007 жылы таза салмақтағы әр гектар күріштен 33,9 центнерден өнім жиналса, өткен жылы 36,0 центнерден өнім алынды. Негізі, дақылдардың орташа өнімділігін арттыру жағдайы егіс көлемін ұлғайтумен шектелмейді. Бұл жерде агротехникалық талаптарды қатаң сақтау, тұқым, минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және өсімдіктерді зиянкестен қорғау, егістік көлемін қажетті мөлшерде суландыру айрықша рөл атқарады. Егер, осы айтылғандарды өз дәрежесінде орындамасақ, егіншілік мәдениетін жоғары деңгейге көтеру мүмкін болмайды. Екіншіден, егіншілеріміздің кәсіби біліктілігін арттырып, өндіріске жаңа технологиялар енгізу шарт.
Үкімет минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға бағдарлама қабылдаған болатын. Сол арқылы облыс шаруашылықтары 36,2 мың тонна азотты және 5,3 мың тонна аммофос тыңайтқышын арзандатылған бағамен алды. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін көтеруге негіз бар.
Жақсы, сапалы тұқым мол өнімнің кепілі. Осыған орай, аймағымыздағы тұқым шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазір 2 аттестатталған бірегей, 3 элиталық және І-ІІ-ІІІ репродукциялы сапалы тұқымды өндіретін 7 шаруашылық бар.
Тағы бір дерек, кезінде Ресейдің күріш ғылыми-зерттеу институты шығарған күріштің үш тұқымы аудандастырылған болатын. Бүгінде олар жақсы өнім беруде. Дегенмен, тәуелділікті болдырмауға және қаржыны үнемдеуге де қадам жасалды. Бұл төңіректегі мәселені нақтылар болсақ, алдымен Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының материалдық-техникалық базасын нығайту қажет болды. Осыған сәйкес облыс әкімдігі мен “Қазагроинновация” АҚ меморандумға қол қойып, аталмыш институтқа жергілікті бюджет есебінен 75 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілді. Үстіміздегі жылы да 25 млн. теңге бөлінген. Өрелі іс өз жемісін беріп, жоғарыда аталған институт биыл элита, суперэлита тұқымын өндіріп, сатуды бастады. 2012 жылы осы ғылыми орталық өңірімізді аудандастырылған күріш сұрыбының бірегей тұқымымен қамтитын болады.
Облыс деңгейіндегі шаруашылықтарды күріштің элита тұқымымен қамтамасыз ететін “Түгіскен ТШ” ЖШС-іне өткен жылы “ДамуагроҚызылорда” қоры арқылы 30,5 млн. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы 10 млн. теңге несие берілді. Соның нәтижесі болар, жоғары репродукциялы тұқым үлесі 65 пайызға жетіп отыр.
Биыл шаруашылықтар тарапынан сатылған 943,3 тонна элита тұқымының бағасын субсидиялауға республикалық бюджеттен 24,0 млн. теңге және 4373,1 тонна І дәрежелі репродукциялық күріш тұқымы бағасын арзандатуға облыстық бюджеттен 105 млн. теңге субсидиялық қаржы төленді. Мұның өзі өнімділікті жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалған ізгі шара болып есептеледі.
Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ, журналист. Қызылорда облысы.