Қазақстан жетістіктері бағалана бастады
ХV ғасырда өмір сүрген француздың философы Франсуа де Ларошфуке “біздің денемізге қарағанда ойымыз әлдеқайда жалқау” деген екен.
Расында да осыдан V ғасыр уақыт бұрын адамдардың көпшілігі, тіпті түгелге жуығы дене еңбегімен шұғылданғаны белгілі. Ол кезде ойға салмақ саларлықтай шынайы қажеттіліктер дұрыс жетіле қойған жоқ еді.
Ал енді қазір, яғни ХХІ ғасырда адам үшін бір нәрсені білмей, ойланбай жұмыс істеу мүмкін еместей жағдай қалыптасып келеді. Дене еңбегіне қарағанда ой еңбегі әлдеқайда басым түсуде және бұл үдеріс өте жылдам жүзеге асуда. Мәселен, ХХ ғасырдың соңына дейін дұрыс білім алмай-ақ өмір сүре беруге болатын. Ал ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңі ендігі дәуірдің тек біліммен, ғылыммен ғана алға жылжитындығын көрсетіп берді. Адамзат қоғамында қалыптасқан бәсекенің ең күрделі түрі білім саласына ауысты.
Дүние дидарында жүріп жатқан осындай өзгерістерді тамыршыдай тап басқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің білім саласын жетілдіру ісіне барынша ден қоюда. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан нарықтық қатынастарға көшіп, бұрынғы экономикалық байланыстар үзіліп, елдің басына қиыншылық бұлты үйілген 90-жылдардың басында еліміздегі әрбір баланың мектепке баруын қамтамасыз етуді әкімдерге мықтап тапсырып, олардың жұмысы осымен бағаланатындығын қатты ескерткен болатын. Сөйтіп қиын сәттің өзінен сүрінбей өттік. Қазір Қазақстанда сауатты адамдар барлық халықтың 99,6 пайызын құрайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының өлшемі бойынша республикамыз әлемдегі ең сауатты елдердің қатарына жатады.
Жалпы білім саласында табысқа жету өте күрделі де қиын міндеттердің бірі. Мұны алысқа бармай-ақ өз еліміздегі білім саласын реформалау ісінен аңғаруға болады. Қазірге дейін еліміздегі барлық салалар негізгі реформалау кезеңінен өтті деп айта аламыз. Ал білім саласына келгенде осы міндет ең қиын шаруа, шағылмайтын жаңғақтардың бірі болып шықты.
Дегенмен соған қарамастан Қазақстанда соңғы 2-3 жылдың бедерінде көптеген шаралар жүзеге асты. Қаншама жаңа мектептер салынды. Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып Болон және Лиссабон конвенцияларына қосыла алды. Болон үдерісі дегеніміз еліміздің білім стандартын еуропалық талап деңгейіне көшіру деген сөз. Ал бұл оңай міндет емес. Орталық Азияда осы міндет үдерісінен көрінуге ұмтылып отырған бірден бір ел біздің Қазақстан екендігі көңілге мақтаныш сезімін ұялатады.
Қазақстанның білім жүйесінде бұрынғы Кеңес Одағымен салыстырғанда қазір көптеген өзгерістер бар. Ең алдымен білімді бағалау мен тексеру жүйесінің өзгергендігінің өзі көптеген жайдан сыр аңғартады. Қаншама күрделі де қиын міндеттердің бірі болып табылғанымен ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі жүзеге асып, жақсы нәтижелер бере бастады. Бұл жүйе туралы бастапқыда әртүрлі пікірлер көп айтылған болатын. “Көш жүре түзеледі” дегендей, кемшіліктер де болмай қалған жоқ. Бірақ жылдар өте келе оқушының білім деңгейін кең көлемде бағалауда бұл жүйенің неғұрлым қолайлы екендігі дәлелдене түсуде. Осы арқылы орта білім жүйесі мен жоғары оқу орындарына түсу мәселесінің бұрынғы былық-шылықтардан, сыбайластық жемқорлық, пара алушылықтан жедел арылып келе жатқандығын айтпасқа болмайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің қалыпқа түсуіне Жансейіт Түймебаев бастаған Білім және ғылым министрлігі көп еңбек сіңіруде. Бәлкім бұл мәселе министрдің біраз шашын ағартқан болар. Бірақ оның жемісті нәтижелерін халық, соның ішінде сабақты жақсы оқыған, өмірге деген талабы бар жан-жақты білім жинаған озат оқушылар көретін болады. Олардың алдынан мемлекеттің адал да сапалы білім жүйесін құруға деген қамқорлығының нәтижесінде жарқын жол ашылады. Мұндай оқушының қазірдің өзінде отанымыздың алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірінде немесе “Болашақ” бағдарламасының негізінде шетелдік оқу орындарының бірінде оқуға толық мүмкіндігі бар. Баланың қабілеті мен мүмкіндігін, еңбегін адал бағалай білген қоғам ғана ең әділетті қоғам деп айтуға лайық. Елбасының қамқорлығы мен қатал талабының нәтижесінде Қазақстанның білім беру жүйесі жоғары сатыға көтеріліп келеді. Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі осындай қоғамды қалыптастыруға өлшеусіз қызмет етуде. Демек, Білім және ғылым министрлігі жауапты қызметкерлерінің еткен еңбек, төккен терлері осымен ақталады.
Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 107 543 түлек қатысты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 737 түлекке артық. ҰБТ бойынша орташа балл 84, 84 бірлікті құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10 бірлік шамасында артық. Ең көп орташа балл Астана қаласында (97, 43) болды. Павлодар облысында – 94, 36, Шығыс Қазақстан облысында – 93, 29 балды құрады. Демек, осы облыстағы оқушылардың да білім деңгейі басқаларға қарағанда жоғары екендігі белгілі болды. Ал неғұрлым төмен көрсеткіштерді Жамбыл облысы (76, 16), Ақмола облысы (79, 27), Қостанай облысы (80, 16) оқушылар көрсетті. Ең жоғарғы 125 баллды 43 түлек жинады. “Алтын белгіге” үміткер 3632 түлектің 3573-і тестілеуге қатысып, 2529-ы өз білім деңгейін дәлелдей алды. Жоғары оқу орнына түсу үшін қажетті 50 баллды тестілеуге қатысқан 11 597 түлек жинай алмады.
Тестілеу қорытындысы бойынша республикалық апелляциялық коммисияның қарауына 538 өтініш түсіп (өткен жылы 1 138 болатын), оның 117-сі қанағаттандырылды. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысының жетістігі ретінде оның дұрыс ұйымдастырылып, көп ың-шыңсыз өткендігін айтуға болады.
Жоғарыда Қазақстанның білім саласында соңғы 2-3 жылдың айналасында көптеген өзгерістердің байқалғандығын айттық. Соның ішінде білім саласына бөлінетін қаржы көлемінің едәуір дәрежеде арта түскендігін тілге тиек етуге болады. Екіншіден, оқушыларға сапалы білім беруге негізделген президенттік интеллектуалдық мектептер еліміздің әр өңірлерінде құрыла бастады. Биылғы жылы Астанада білім беру стандарты әлемнің ең озық жоғары оқу орындарымен сәйкес келетін Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Астана университеті ашылды. Олар қосыла келіп еліміздегі білім сапасын арттыруға тың серпін беруге тиіс.
Елбасының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім мекемелерінің, балалар бақшаларының санын арттыруға бағытталған “Балапан” бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Осы бойынша еліміздің қалаларында балалар бақшаларының саны арту үстінде.
Оның үстіне жуықта республикадағы білім сапасын дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленіп, Үкіметте оның тұсаукесері өткізілді. Отырыс барысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тұжырымдаманы айтылған ұсыныстармен жетілдіре түсу жөнінде Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа тапсырма берді. Ол тапсырмалар білім саласындағы мемлекет-жеке меншік әріптестігін нақтыландыру, білім сапасын бақылау ісіне азаматтық қоғамды неғұрлым кеңірек тарту, тілдерді дамыту, ақпараттандыру жүйесін дамыту мәселелерін қамтыды. Бағдарламаны жүзеге асыру екі кезеңге бөліп қарастырылады. Бірінші кезең 2011-2015 жылдарды қамтиды. Осы үшін мемлекеттік бюджеттен 527, 04 миллиард теңге қосымша қаржы қарастыру көзделеді.
Қазақстанның білім саласының алға басып келе жатқандығын бірқатар маңызды жаратылыстану пәндері бойынша еліміздің оқушыларының халықаралық жарыстарда алдыдан көрініп жүргендігінен де байқауға болады. Мәселен осындай жарыста халықаралық талдау бойынша біздің оқушылардың математика пәнінен 5-орынды, ал жаратылыстану пәні бойынша 11-орынды иеленуі үлкен жетістік дер едік. Білімнің ең түпкі нәтижесі бәсекелестік қабілеті мол, қоғамды алға сүйрей алатын білікті және тәрбиелі кадр әзірлеуінен білінеді десек, бұл жайындағы мысалдар да баршылық. Мәселен, Ресейдің ақпараттық технологиялар саласындағы үздік жобаларының бірі болып табылатын атақты Яндекс бағдарламасы мен компаниясының негізін қалаушылар Илья Сегалович пен Аркадий Волождың Алматының даңқты физика-математика мектебінде бір сыныпта бірге оқығандықтарын екінің бірі біле бермейді.
Иә, өзінің білім-білігімен биікке көтеріліп, ел есінде қаларлық жаңалық әкелер ұл-қыздарды озық білім ұялары ғана тәрбиелеп шығарады. Осындай білім ошақтарын, қоғам қажетіне толық жауап бере алатын әділетті білім жүйесін құрып, дамыту Қазақстанның алға қойған ұлы мақсаттарының бірі болып отыр. Қазір осы мақсат үдесіндегі жұмыстар барған сайын өріс алып келеді деп сеніммен айта аламыз.
Осы мақала жазылып болғаннан кейін интернеттен тағы бір жағымды жаңалық оқыдық. Американың “Newsweek” қоғамдық-саяси журналы әлемнің 100 елінің білім беру, денсаулық сақтау, өмір сапасы, экономикалық даму бойынша рейтингтік көрсеткіштерін жариялаған. Жалпы көрсеткіш бойынша Қазақстан 61-ші орынға ие болса, білім саласының дамуы жөнінен 14-ші орынға көтеріліп, батыстың және басқа да өңірлердің көптеген дамыған елдерін артқа тастаған.
Алға, Қазақстанның білім саласы!
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.