20 Тамыз, 2010

Тыныштық шекарадан басталады

811 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасына қызмет етемін! 1992 жылдың 18 тамызында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі құрылды. Осы күннен бастап қазақстандық шекара қызметінің төл тарихы бастау алды. Әрине, қазір сол бастау алған уақытқа байыптай көз жіберіп, саралай қарар болсақ, ол кездің де өзіндік бір уақытша қиыншы­лық­тарының болғанын аңғарамыз. Мәселен, ол кезде көптеген білікті офи­церлер өздерінің тарихи ата­ме­кендеріне қоныс аударып жатты. Соның салдарынан тәуелсіз елі­міз­дің Шекара қызметіне білікті де сауатты мамандар даярлау мәсе­лесі күн тәртібіне қойылды. Ф.Э.Дзер­жинский атындағы Ше­карашылардың жоғары ко­ман­да­лық училищесі Елбасының жар­лы­ғы негізінде еліміздің қарама­ғы­на өткеннен кейін, аталған мә­се­лені шешу осы әскери оқу орнына жүктелді. Сөйтіп, аз уақыттың ішін­де осындай кем-кетіктердің ор­нын толтырып, шұғыл түрде шеш­кен соң келесі кезекте мем­ле­кеттік шекара күзетін заң талап­тары аясында жүзеге асыру міндеті тұрды. Соған орай республика Жо­ғар­ғы Кеңесі депутаттарының ұзақ талқылауынан кейін 1993 жылдың 13 қаңтарында “Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік шека­ра­сы туралы” және “Қазақстан Рес­публикасының Шекара әскерлері туралы” маңызды заңдар дүниеге келді. Міне, содан бері аталған заңның аясында ҰҚК Шекара қызметі өздерінің міндеттері мен құқықтарын жүзеге асырып келеді. Кейіннен толықтырулар мен өзгертулер енгізілген “Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі туралы” заңының 1-бабында: “ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік шека­расын күзету мен қорғауға, Қа­зақ­стан Республикасының егемен­ді­гіне, аумақтық тұтастығына және қол сұғылмауына, қастандық жа­са­луының алдын алуға және жо­лын кесуге арналған”, – деп ай­қын жазылғандай, Мемлекеттік ше­караның қастерлі ұғым екен­дігін, аумақтық тұтастыққа қол сұғылуға болмайтындығының ха­лық­аралық қағидатын ел тұрғын­дары толығымен түсініп, аталған заңның талаптары мүлтіксіз орын­дала бастады. Бұл құжаттардың ерекшелігі сон­да, мемлекеттілігіміздің та­ри­хында шекарамызды тұңғыш рет ресми түрде мойындап, оның күзетін құқықтық тұрғыда дербес қорғауға бағытталған алғашқы заң еді. Сонау Кеңес Одағы кезіндегі қабылданған “Мемлекеттік шекара туралы” заңда посткеңестік елдер­дің шекара кеңістігін тұтас қам­тыған жалпылама ортақ түсініктер бар болатын. Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік шекарасы деген ұғымның алғаш рет тайға таңба басқандай жазылуы осы заңның еншісіне тиді. Шекарашылар осы жылдар аралығында үлкен белестерді артқа тастады. Мәселен, Кеңес Одағы ке­зінде Қытай Халық Респуб­ли­ка­сымен арадағы шекараны ғана күзетіп келсек, енді тәуелсіз елдің ше­карасы барлық ендіктері бой­ын­ша толық күзетіле бастады. Арғы-бергі тарихымызда тұңғыш рет шекарамызды толық белгілеп алдық. Мемлекеттік шекара сая­са­ты жөнінде Президент Н.Назар­баев: “Қазақстан өзі шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркі­менстан және Қырғызстан мем­ле­кеттерімен шекара мәселесін бір­жолата шешіп, халықаралық құ­жат­тармен бекітті. Бұл – құр­лықтағы шекарасының өзі 14 мың шақырымға жуық еліміздің сырт­қы саясаттағы үлкен табысы. Біз барлық көршілерімізбен орныққан өзара ынтымақтастық пен адал әріптестікті қастерлейміз және оны алдағы уақытта да еселей бе­ре­тін боламыз” деп атап айтты. Ел­басымыздың осы сөзінен-ақ, Мемлекеттік шекарамыздың мән-мағынасының ауқымдылығы мен халықаралық саясаттағы биік орнын межелеп бергендігін аңғарамыз. Биыл көршілес қырғыз еліндегі саяси толқуларға байланысты ара­дағы мемлекеттік шекара уақытша жабылды. Оған қоса шекарашы­лардың жұмысы да күшейе түсті. Мемлекеттік шекара қатаң күзетке алынып, төл міндеттер ойдағыдай атқарылу үшін қосымша қажетті адам ресурстары мен техникалық жарақтар тартылды. Мұндай шара отандастарымыздың жеке қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған болатын. Көрші елдегі жағдай тұрақтанғанша ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктермен, ІІМ әскерлері секілді күш-қуат құрылымдарымен ықпалдасып қыз­мет атқарды. Мемлекеттік ше­кара маңында аумақтық тұтас­ты­ғымыз бен ел қауіпсіздігіне нұқсан келетіндей оқыс оқиға болған жоқ. Шекарашыларымыз бұл мерзімде де өздеріне сеніп тапсырылған міндеттің биік талабынан шыға білді. Қазіргі уақытта екі елдің ара­сындағы шекара ашылып, өткізу режімі қалыпқа келтірілді. Соңғы жылдары еліміздің ше­кара шебін бекіту жұмыстарын кең ауқымда жүргізу қолға алынды. Оның күзетін лайықты қамтама­сыз ету мақсатында құрылған Ше­кара қызметінің күнделікті қыз­меті мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің оң шешілуіне жіті көңіл аударылуда. Оңтүстік өңірде қызмет атқаратын Шекара қызметі бөлімдерінің қызметін жетілдіру, оларға қажетті ғимараттардың құ­рылысын жүргізу, инженерлік қондырғалармен қамтамасыз ету, шекараны қырағы күзетуге қажетті басқа да күш-құрал, ресурстармен жа­сақтау жоғары деңгейде жүр­гі­зілуде. Биыл Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің басшылығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Жұмыс то­бының мүшелері оңтүстіктегі ше­кара шебін бірнеше рет аралады. Шекараны бекітуге қажетті қа­ражат көлемін анықтап, атқарылар шараларды белгіледі. Нәтижесінде осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2010-2011 жылдарға 15 мил­лиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ, осы қаражаттар есебінен қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу пункттерін жаңадан кеңейту жоспарлануда. Өйткені, өткізу пункттерінің ша­ғын­дығына орай жазғы туристік маусым кезінде азаматтардың әрі-бері өтуі көптеген қиындықтар туындатып отыр. Қазірдің өзінде 8 бақылау-өткізу пункттері пайда­лануға берілді. Тағы бір ерекше тоқталатын нәрсе, 2001 жылдан бастап еліміз­дің барлық шекарасындағы бақы­лау-өткізу орындарында бірыңғай ақпараттық жүйе орнатылды. Бұл жүйенің визалық құжаттарды ре­сімдеуге, шекарадан әрі-бері өткен азаматтардың арасында қылмысқа қатысы бар-жоқтарын анықтауда көп көмегі тиіп отыр. Кеден одағының жұмыс істей бастағанына да көп уақыт өткен жоқ. Осы құрылымның шеңбе­рін­де шекарашылардың қызметі де күшейе түсуде. Кеден одағы – бұл бұрынғы посткеңестік елдер­дің өзара ықпалдасуының бастауы. Соған орай шекара шебінде өз­ге­рістер орын алды. Бірақ ол көбіне кедендік бөлімшелерге қатысты. 2001 жылдың 1 шілдесінен бастап шекарашылар Кеден одағының сыртқы шекараларын қадағалауға баса мән беруде. Қырғыз Респуб­ликасы, Өзбекстан, Түркімен­стан­мен арадағы шекара күзеті күшей­тілді. Бұл дегеніңіз, алдыңғы шеп­те қызмет атқаратын шекара құ­рылымдарына қойылатын талап та, жауапкершілік те күшейді деген сөз. Александр ТАСБОЛАТОВ.