21 Тамыз, 2010

Қазақ тілін оқыту жайы қайтсе жақсарады?

1174 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Тіл бағдарламасы жобасын талқылаймыз Соңғы уақыттағы соны серпілісті іс-шаралар туған тіліміздің толғағын тоқыраудан алып шығатындай берік сенім ұялатуда. Соның бір үлкен айғағы халық талқысына “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” жобасының ұсынылуы болып отыр. Жұртшылықты жүрекжарды ойларға жетелеп, көпшіліктің құптауына ие болып жатқан осынау сындарлы қадамды қуанышпен қарсы алғандардың бірі Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің профессоры Ахмет МҰса десек, еш қателеспейміз. Себебі, бұл кісі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырумен, қазақ тілін жоғары оқу орнында оқытумен тәуелсіздік жылдарының өне бойында нақты айналысып келеді. Сондықтан, мемлекеттік тіл мәртебесін көтере түсуге аса мүдделі, тіл үшін табанды күрестің алғы шебінде, ыстығына күйіп, суығына тоңған, осы ретте мол тәжірибе жинақтаған білікті маманның ой-пікірлері, бұған дейінгі жұмысының тағылымдары бағдарламаны талқылау барысында да бағалы болар деп безбендедік. – Еліміз егемендік алғаннан бері мемлекеттік тіл туралы ай­ты­лып-жазылып жүрген пікір­лер­ді жинақтасақ, талай том­дар­дың шаңын қағар едік,– деп бас­тады әңгімесін Ахмет Ос­пан­ұлы. – Жиналыс, конферен­ция­лар да аз болған жоқ. Ал Пар­ла­мент қарауына ұсынылар нақ осы бағдарлама біздіңше, кейінгі 20 жыл бойғы қазақ тілі, оның болашағы туралы тіл безеуді қой­ып, нақты іске кірісуге ша­қырады. Жобада жөн айтылған тұжырымдардың бірі Қа­зақ­стан­ның барша азаматтарының мем­лекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты ұйым­дас­тырудың көзделуі дер едік. Аталмыш жүйе бойынша мем­ле­кеттік тілді меңгеру мен оқы­ту­дың бірыңғай стандарттары әзір­леніп, бекітілуі, сонан кейін олар­дың білім беру жүйесінің барлық деңгейіне – мектепке дейінгі меке­мелерге, мектептерге, жоғары оқу орындарына енгізілетін болуы өте маңызды. Біз өз студент­терімізге қазақ тілін үйретуде жиырма жыл бойы осындай бірыңғай стандарттардың жоқ болуынан зардап шегіп келдік емес пе. Сон­дық­тан да тіл үйрету, әсіресе, жоғары оқу орын­дарында орыс тілді отандастарымызға қазақ ті­лін оқыту-үйрету проблемаларын шешу жө­нінде Тілдер заңы дүниеге келгеннен бері ең­бек­теніп жүргендердің қатарынан болған­дықтан, бас газеттің үндеуіне үн қоспай отыра алмадық. – Олай болса, қазіргі Т.Рысқұлов атын­дағы Қазақ экономикалық универси­тетінің өзіңіз көп жыл басқарған, бүгінде құр­метті профессоры болып отырған “Қа­зақ және орыс тілдері” кафедрасының осы орайдағы іс-тәжірибесінен баян ете отырсаңыз. – Өздеріңізге мәлім, 1986 жылғы жел­тоқ­сан­дағы жастар қозғалысынан кейін, 3 ай өтпей-ақ 1987 жылдың 5 наурызында бір күнде қатарынан екі қаулы шықты. Олар Министрлер Кабинетінің “Қазақ тілін үйрету-оқытуды жақ­сарту” және “Орыс тілін оқыту-үйретуді жақ­сар­ту” атты қаулылары еді. Осыдан бастап тіл­ші­­лерге күн оңынан туып, олар 1921 жыл­ғы “Тіл заңын” қайта тудыру мәселесін қоя бас­тады. Ақыры 1989 жылы ол “Тіл заңы” болып дүниеге келді. Оның төңі­ре­гінде талай айтыс-тартыстар болып жат­ты. Бірақ бір нәрсе анық еді. Ол қазақ ті­лін жандандырып, оны орыс тілді отан­дас­тарға, тіпті қазақтардың өздеріне оқы­ту-үйретудің уақыты туды, соны қолға алу керек деген тұжырым болатын. Біздің кафедра, міне, осы дүрбелең тол­қын­мен 1990 жылдың наурыз айында бүкіл Қазақ­стандағы жоғары мектеп­тер­ден бұрын (әрине, филфактар емес) дү­ниеге келген болатын. Ка­федра құрылды. Бірақ о баста біз неден бас­тарымызды білмей дал болдық. Өйткені, қазақ ті­лін жоғары мектептердің орыс тілді сту­дент­теріне үйрету әдістемесі жоқ болып шық­ты. Оқулық атымен жоқ. Бағдарлама дегенді ел естімеген. Министрлікке бар­дық, басқа оқу орындарымен хабар­ластық, таппадық. – Содан бұл тығырықтан қалай шық­ты­ңыздар? – Айналып келгенде, өзіміз ізденіп, өзіміз бағдарлама ойластыру керек болды. Сүйен­гені­міз – шет тілін оқыту-үйрету, орыс тілін орыс емес­терге үйрету әдістері. Өйткені, бұлар бая­ғы­дан қалыптасқан, талай жылғы тарихы бар әдістемелер ғой. Сөйтіп, әлгі айтылған әдіс­терді арқау етіп, өзіміздің алғашқы бағдарла­ма­мызды жасадық. Біздің оқыту-үйрету нысан­дары­мыз күндізгі және сырттай оқитын сту­денттер болған соң, олардың әрқай­сы­сына бө­лек-бөлек бағдарлама жасалды. Бірақ бұл кезде бүкіл Қазақстан бойынша тіл үйрету мәселесі үлкен дағдарысқа ұшы­рап, біздің алғашқы жа­саған бағдар­ламамыз кемінде 20 рет өзгертілді. Тілдер заңы 1995 жылы қайта қабылданды. Ақ­таң­дақтар тарихта өз орындарын ала бас­тады. Нарықтық экономика және оған бай­­ланысты жаңа атаулар, терминдер пай­да болды. Ол аз болса, біздің сол кезде ака­демия аталған ме­кемеде тіл үйретуді неше жылға созуымыз керек дейтін мәсе­ле туып, әуелі күндізгілерді екі жыл, тіпті 4 жыл оқытатын болдық. Бағ­дар­лама­мызды жедел өзгертіп отырдық. 1999 жылы “Қазақ тілінің типтік бағдарла­ма­сын” жасап, онымыз бүкіл елдің оқу орын­дарына таралып, кәдеге асты. Білім министрлігі ондай бағдарламаны тек 2002 жылы ғана дүниеге әкелді. Кафедра жо­ғары оқу орындарының орыс бөлімше­ле­рінде арналған алғашқы “Қазақ тілі” оқулықтарын, оқу құралдарын жариялады. Олар да бүкіл республикадағы оқу орын­дарына тарады. Әсіресе, экономика мамандарын даяр­лайтын институттарға, колледждер мен лицей­лерге арналған оқулықтарымыз осы күнге дейін сұранысқа ие. Осы жылдары кредиттік технология дейтін үрдіс пайда болып, ақыры осы технология бойынша, мемлекеттік стандартқа сай қазақ тіл­ін оқыту-үйрету мерзімі бір жылға келіп ті­релді. Ал сонда орыс тілді студенттерді бір жыл оқытып-үйреткендегі нәтижесін сұрасаңыздар, жағымды жауап бере алмасымыз хақ. – Бұл далаға кеткен еңбек, құмға сіңген қа­ра­жат емес пе. Неге олай болды? – Бұның себебі көп. Біріншіден, алғашқыда 3-4 жыл оқытып-үйреткенде әжептәуір нәтиже көрген болатынбыз. Ол жылдары бізде бітірген маман­дар қазір үлкен-үлкен қызмет­терде жүр. Екіншіден, сонау 1998 жылдың 5 қазанында Елбасы Жарлығымен бекітіп берген “Тілдерді қолдану мен дамы­ту­дың мемлекеттік бағдарлама­сын­да” “Жоғары және орта ар­нау­лы оқу орын­да­рының орыс бөлім­дерінде қазақ тілін оқы­туға арналған са­ғаттар санын көбей­ту...” делінсе (24-бап), қа­зіргі таңда бұған әр оқу орны әртүрлі қарайды. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі 2002 жылы бекітіп берген “типтік бағдарламада” қазақ тіліне 270 сағат, яғни 6 кредит берілген. Бірақ министрлік 5 кредитті өздері беріп, қалғанын беру-бермеуді оқу орны басшылығының құзырына қалдырыпты. Осындай босаңдықтан кейбір жоғары оқу орындарында 270 сағатты 120 сағатқа дейін қысқартып, 6 кредитке “раз­мазать” етіп жүр. Әдейі орысшалап отырмын. Қысқасы, “қой да түгел, қасқыр да тоқ”. Үшіншіден, алғашқы жылдар студент­тері мен қазіргілерді салыстыруға кел­мейді. Алғаш­қылардың мектептен алып келген білімдері молырақ, тіл үйренуге деген құштарлықтары артығырақ болатын. Қазіргі студенттердің пси­хологиясы мүлде басқа: оқыдым-үйрендім-тап­сырдым-құтылдым, міне, олардың қағидалары. Ендігі жерде бірінші курста 270 сағатпен бір жыл оқытқан күннің өзінде, қалған үш жылда олардың лексикасында қазақ тілінен үш сөз қалмайды. Олар баяғы өздерінің орыс тілді ортасына барады да, қазақ тілін ұмытады... Сондықтан да Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев­тың тікелей тапсырмасымен жасалған жаңа Тіл бағдарламасындағы “Жоғары оқу орындарында қазақ тілін пән ретінде оқытудың жүйесін же­тілдіру. Осы мақсатта тиісті салалар бойынша және мамандықтарға қарай бейімделген тиімді оқу бағдарламалары, оқулықтар мен оқу құрал­дары, басқа да көмекші құралдарға деген қа­жет­тіліктер толық өтелуі тиіс. Ең бастысы, ер­теңгі мамандардың тіл үйренуі бос схоластикаға айналмай, жоғары оқу орнын бітірген әрбір жастың мемлекеттік тілді еркін біліп шығуына толық мүмкіндік туғызу” делінген тұжырымды қуана қолдадық. – Ахмет Оспанұлы, осы істі тікелей атқарып жүрген маман ретінде айтыңызшы, бұл бағыттың толық орындалуына не қажет, нені ескерген жөн? Осы сауалға жауап іздеп көріңізші? – Өткен 20 жылда жинаған табыс-тәжі­ри­бемізді ескере отырып, мынадай қорытындыға келдік. Орыс тілді студенттерді бір жыл қанша са­ғатпен болса да қазақ тіліне үйретіп-оқыт­қанның берер пайдасы шамалы. Сондықтан оларды төрт жыл бойы баптау қажет. Төртінші курста мемлекеттік емтиханда олардың білімін бағалаған абзал. Не болмаса соңғы 3-4 курс­тарда оқытып-үйретіп, бәрібір мемлекеттік ем­тиханмен аяқтау керек. Әрине, бұл жерде біздің пікірімізге қарсы шығатындар табылады. Олар­дың айтатыны – біз еуропалық оқу жүйе­сіне көштік. Онда тілді бірінші курста, бір-ақ жыл оқиды. Ол рас, Еуропа, Америка, т.б. елдерде тіл пәнін бір жыл оқитыны бар. Бірақ ол жақ­тарда өз тілін (ағылшын, француз, т.б.) мек­теп­те оқып келген студент университеттерде оқы­­майды. Оқитындар – сырттан, шетел­ден баратындар. Оларды бір жыл бойы үйретіп, оқытып (басқа пәндермен бас­та­рын ауыртпай), бірінші курсқа дейін бап­тап, барған елінің тілінде дәріс тыңдап, сөйлеуге, жазуға, тың­дауға дайындайды. Өйткені, ол елдерде сабақ тек өз тілдерінде ғана жүргізіледі. Біздің елде ондай мақсат қойылып отырған жоқ қой. Екіншіден, қазіргі уақыт тіл үйретудегі толып жатқан технологиялар, техникалық құ­рал-жабдықтар, компьютерлер заманы дейміз. Оның бәрі құптарлық. Әрине, орнымен қол­данса, керегінде пайдаланса. Бірақ олар оқы­ту­шыға көмекші құрал ретінде, өз орнында ғана пайдаланылуы керек. Ал негізгі оқу үрді­сінде оқытушы­ның алатын орны ерекше бол­ғаны жөн. Яғни, оқытушы жыл бойы ақ тер – көк тер болып студентті сөйлеуге, жазуға, оқу­ға, аударуға баулып, үйретіп, нәтижесін ком­пьютер, не болмаса тест арқылы анықтау жөнсіз. Түйіп айт­қанда, жыл аяғында өз жұмысының нәтижесін, сту­денттің жетістігін, яғни сөйлеу, жазу, оқу, аударудағы жетістігін мұғалімнің өзі бағалағаны абзал. Қазақ мектебінде орыс тілін 11 жыл оқып келген студенттің университетте ол тілді қай­та­лап оқуында қандай логика бар? Ол студент орыс тілінде сайрап тұр. Ал оны барып орыс мек­тебінде қазақ тілін шала біліп келген шала қазақ – шала орыстарды орыс тілінде сайрап тұрған қазақтармен жарыстырып не керегі бар. Мысалы, қазақ мектебін бітіріп келгендер орыс тілімен қатар өз тілдерін неге пысықтамайды? Бұл жерде орыс тілі керек емес деген ой тумаса керек. Тек қазақ мектебінің түлектері өз тілде­рін жоқ дегенде бір семестр пысықтап, сауаттарын шыңдағандары артық болмас еді. Қазір екінің бірі оқулық жазғыш болып, дүкен сөрелеріндегі қазақ тілі оқулықтарынан көз сүрінеді. Оқулықтың көп болғаны жақсы шығар. Бірақ оларды мұғалімдер мен оқыту­шылар қажеттеріне жаратып жатуы керек қой. Оқушыға, студентке қайсысын ұсынарыңды біл­мей қиналасың. Сондықтан, басқа пән­дер­дікі секілді, қазақ тілі оқулығының классика­лық бір не екі түрі ғана болғаны дұрыс секілді. Әрине, олар сарап-сындардан өткен, бағдар­ла­маға сай болсын. – Іс қағаздарының қазақша жүргізілуі жөнінде айтылып жүрген сын-пікір­лер аз емес. Айтыңызшы, оның ше­шімін қайдан іздеуіміз керек? Неге осы күнге дейін толып жатқан бағ­дарлама, нұс­қау­ларға қарамастан, заң­дар және басқа да іс қағаз­дар қазақ тілінде жазыл­майды? Неге осы күнге дейін, 1998 және 2001 жылғы бағдарлама­ларға қарамастан Қазақстанның бір де бір облысы іс қағаздарын толықтай қазақ тілінде жүргізуге көшпеген? – “Егемен Қазақстандағы”  осы жыл­ғы 24 ақпанда “Заң қай тілде жасалып жүр?” деген мақаласында Д.Омаш­ұлы заң мәтінін жаза алады-ау деген адамдарды қазіргі Парламент мүшелерінің, Үкімет басындағылардың арасынан іздейді, бірақ бұл мәселенің түп-тамырын анықтап айта алмаған. Біздіңше, бүгінгі таңда бұл мәселеге байланысты “неге?” деген сұраққа жауапты қазіргі іс басындағы үлкенді-кішілі шенеунік­тер­ден күту орынсыз деп білеміз. Өйткені, олар­дың ешқайсысы арнайы дайындықтан өтпеген. Әр құжаттың өз тарихы, лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекше­лік­тері бар. Соларды меңгермейінше, орындаушыдан дұрыс құжат жазуды талап ету орынсыз. Ал оларды оқытып-даярлау әрбір жоғары оқу орнының міндеті болу керек. Және маңызды пән ретінде жоо-ның оқу жоспарында маңызды орын алу керек. Мұны біз ойдан шығарып отыр­ғанымыз жоқ. Ресейде бұл мәселе арнайы пән ретінде ертеден жолға қойылып, ондаған оқулықтар, монографиялар жа­рияланған. Пән­нің жалпы аты “Докумен­товедение” (“Іс жүр­гізу”), шартты түрде дербес екі пәннен тұрады: “Іскерлік лингвистика” және “Іскерлік терми­нология негіздері”. Ресей ғалымдарының тәжі­ри­бесін ескере отырып, біздің кафедра бұл пән­дерді оқытудың өзімізше алғашқы бағдар­ламасын жасап, 3 жыл бойы “Іс жүргізу” мамандығының стандартына сай дәріс оқылып, практикалық сабақтар жүргізілді. Әр пәнге 100 сағат бөлінген болатын. Өкініштісі – пәндер тұрақтамады, қысқартылып қалды. – Ендеше, осы тәжірибелеріңізге кеңірек тоқталып өтсеңіз? – Онда әуелі ХVІІІ ғасырдан бастап қазіргі кезеңге дейінгі іс қағаздарына зер салғанбыз. Қазақ даласындағы қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдайларға, сол кездегі қазақ тілін, қазақ ресми іс қағаздар тілін сипаттайтын нұсқаларға, ресми іс қағаздары стилінің ерекшеліктеріне байланысты дәріс тақырыптарын кезең-кезеңге бөліп қарастырдық. Олар “ХҮІІІ ғасырда қазақ даласында қолданылған ресми іс қағаздар тілі”, “ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әкім­шілік орындарының бұйрық, жарлықтары”, “ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылған қазақша заң жинақтары мен ережелер”, “ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы эпистолярлық стиль материалдары”, “ХХ ғасырдың басында­ғы ресми іс қағаздар тілі”, “1920-30 жылдардан кейінгі ресми іс қағаздар тілі”, “Қазіргі ресми іс қағаздар тілі” деген тақырыптар болатын. Аталған кезеңдердегі ресми іс қағаз­дары қандай болған, тілдік ерекшеліктері қандай деген мәселелермен студенттерді таныстыру мақ­сатында тарихи дерек, тілдік материал ретін­де сол кезеңдердегі іс қағаздардың нұсқа­лары беріліп отырды. Әр тақырыпта берілетін оқу ақпарат­тарының көлемі – лексикалық, грамма­ти­калық, коммуникативтік, фонетика­лық және етістік минимумы келесі тақырыпта әрі қайталанып, әрі күрделене түсіп отырды. Сонымен қатар бағдарлама құры­лымында барша­ға мәлім лингводидак­тикалық аксиома – тіл қызметінің барлық түрлерінің (өнімді түрлері – сөйлеу және жазу, рецетивті түрлері – тыңдау және оқу) өзара тығыз байланысты оқылуы ескерілді. Екінші пән “Іскерлік терминология негіз­дері” деп аталған болатын. Жалпы алғанда, 100 жылдан аса тарихы бар қазақ терминдерінің қалыптасу жолы қазақ тіл білімінде өте аз зерт­телген, ал іскерлік терминдердің қалыптасу, даму мәселесіне мүлде көңіл бөлінбеген. Сон­дық­тан да, студенттерге арнап бұл пәннен бағ­дарлама жасау өте қиын. Дегенмен де, азды-көпті әдебиеттерге, кейбір қазақ ғалым­дары­ның, әсіресе орыс ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, алғашқы оқыту бағдарламасын жасаған болатынбыз. Негізгі мақсат тіл мәде­ниетін игерген, мемлекеттік мамандық лекси­касын пайдалана алатын, алдына келген әртүрлі құжаттардың мән-мағынасын сараптап, іскерлік терминдерді өз орындарында пайдалана білетін мамандар дайындау. Тілсіз әдебиет жоқ, әдебиетсіз тіл дамымай­ды десек, студенттердің әдебиеттен, өнер, мәде­ниеттен білімдері өте тайыз. Бұл қатты ойландырып жүрген мәселенің бірі екені анық. Олардың машығы теледидар, компьютер, интернет екені жасырын емес. Бірақ осы толып жатқан технологиялардан қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің нұсқаларын іздеп тауып оқып, бойларына сіңіріп, жадыларына сақтап қалса қандай ғанибет болар еді. Осылар тіл жө­ніндегі жаңа бағдарламада айқынырақ көрініс тапса, құба-құп. Қорытып айтқанда, біз бірер мәселе­нің төңі­регінде кәдеге асар-ау деген ұсыныстар айтуға тырыстық. Оларымыз тіл бағдарламасын жасаушылардың назарына ілігіп, шешімін тапса, жалпы білім саласына зиян болмас еді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.