Қазақстанның кеден органдары республика шекараларынан тауарлар мен көлік құралдарының заңсыз өткізілуіне тосқауыл қойып, сол арқылы экономикалық мүдделерді сақтауда мемлекетіміздің саяси-экономикалық өмірінде маңызды орын алады.
Қызылорда облысының кеден органы құрылымында да өзгерістер болып, оның материалдық-техникалық базасы нығайды. Қазақстанның экономикалық дамуы, кәсіпкерлікке жасалған қолайлы жағдайлар облысқа шетел инвесторларын тартты. Бұл өз кезегінде кедендік бақылау департаментінің жұмыс көлемін ұлғайтты. Облысқа келетін жүк тасқыны көбейді, кеден төлемдері мен салықтарының көлемі өсті. Мұнымен қатар, экономикалық-әлеуметтік жағдайы көтерілген тұтынушылардың шетел тауарларына деген қажеттілігі артты. Кеден органдарының көрсеткіштері жыл сайын қарыштап өсті.
2010 жылдың 1-жартыжылдығында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қызылорда облысының сыртқы сауда айналымында өсім байқалып отыр. Кедендік статистика мәліметтері бойынша 2010 жылдың 1-жартыжылдығында сыртқы сауда айналымы 544 млн. 621 мың АҚШ долларын құрады, ал 2009 жылдың сәйкес кезеңінде 348 млн. 725 мың долларды құраған, өсім 195 млн. 896 мың доллар, яғни 56 пайызды құрап отыр.
Сыртқы сауда айналымының өсіміне импорт көлемінің 3 пайызға, экспорт көлемінің 123 пайызға артуы есебінен қол жеткізілген. Экспорттың елеулі өсіміне 302 млн. 446 мың АҚШ долларын, немесе экспорттың жалпы көлемінің 88 пайызын құрайтын мұнай және мұнай өнімдерін, 15 млн. 169 мың АҚШ долларын немесе жалпы көлемнің 4 пайызын құрайтын сұйытылған газды тиеу есебінен қол жеткізілген. Экспорт өсімі, негізінен, өндірістік өнімдерді, шикізаттарды шығаруға және оларды экспорттауды ұлғайтуға бағытталған.
Бүгінгі күнге 5 млрд. 401 млн. 869 мың теңге құрайтын болжамды тапсырманың орнына мемлекет кірісіне 5 млрд. 623 млн. 446 мың теңге кедендік төлемдер мен салықтар түсіріліп, меже 104,1 пайызға орындалды. Кедендік төлемдер мен салықтардың түсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млрд. 680 млн. 833 мың теңгеге немесе 42,6 пайызға артқан.
Кедендік бақылау комитеті ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында жалпы 297 млрд. 485 млн. 229 мың теңге кедендік төлемдер мен салықтар өндірген. Бұл сомадағы Қызылорда облысының үлесі 1,6 пайызды құрап отыр.
Облыс бойынша республикалық бюджетке өндірілген салықтар мен міндетті төлемдердің жалпы түсімінің ішінде (Ұлттық қорға аударылғанды қоспағанда) кедендік төлемдер мен салықтардың үлесі 62,1 пайызды құрайды.
Қызылорда облысының экспорттық-импорттық әлеуетінің өсуі облыс экономикасының қарқынды дамуына негізделген. Индустрияландыру картасына ендіру үшін бүгінгі таңда облыс бойынша жалпы сомасы 245,9 млрд. теңгені құрайтын 54 жоба іріктелді. Олардың қатарында аудандардың да алар үлесі айтарлықтай. Міне, осындай қажеттіліктен туындаған міндеттің бірі – жергілікті кәсіпкер үшін өз өңірінде кедендік ресімдеу жүргізуге жағдай жасау. Үстіміздегі жылдың 1 маусымынан Арал және Шиелі кеден бекеттері толық автоматтандырылып, ресімдеу жүргізіле бастады. Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарында сыртқы экономикалық қызметпен шұғылданатын тұлғалар осы кеден бекеттерінен тауарын ресімдеп, келген жүкті бірден өз өндірісіне орналастыратын мүмкіндік алды. Ресімдеуді жүзеге асыра бастаған алғашқы екі айдың өзінде екі кеден бекеті жүргізілген экспорт-импорт операциялары негізінде бюджетке 32 млн. 846 мың 705 теңгенің кеден төлемдері мен салықтары түсірілді.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.