Қазақстан халқы қолдаған Конституция — еліміз өркендеуінің ерен тетігі
БІРЛІК ПЕН ЕРКІНДІК ҰСТЫНЫ
Мемлекетімізді демократиялық, зайырлы және құқықты ел ретінде айқындайтын басты құжат – Конституция. Ата Заң барлық құжаттардың қайнар көзі, бастауы болып табылады. Кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым өзінің қызметінде Конституцияны басшылыққа ала отырып, өз қызметтерін жүзеге асырады. Ата-бабаларымыз қаншама қиындықтар мен тосқауылдарды бастан өткерсе де, халықтың мықты ерік-жігерінің арқасында көп жылдар бойы арман етіп, аңсап келген тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, 1991 жылы егемен еліміздің туын биікке желбіреттік. Тәуелсіз Отанымыздың тұңғыш Президенті сайланып, дербестігімізді растайтын мемлекеттік рәміздерімізді бекіттік. Осы орайда 1993 жылғы 28 қаңтарда тұңғыш қабылданған бас құжаттың кейбір тарауларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 1995 жылы 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз қабылданды. Кеңес өкіметі кезінде конституция өкілетті органдармен қабылданған болса, біздің негізгі құжат халықтың жалпы дауысымен референдумда қабылданды. Бұл күн еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан күн болып табылады. Конституцияны қабылдай отырып, қазақ халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етті. Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің дамуына жол ашып, тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне үлкен себеп болды. Конституцияның алғашқы беті “Халқымыз, байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және ұлтаралық тату азматтық қоғам ретінде дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды көздей отырып және болашақ ұрпақтар алдында жоғары жауапкершілігімізді сезініп осы Конституцияны қабылдадық” деген сөзбен басталады. Бұл Қазақстан елінде тұратын барлық ұлт өкілдерінің орныққан саяси келісімінің негізі болып табылады. Ата Заң – бейбітшілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата Заңда еліміздің азаматтарына толық жағдай жасалған. Екінші бөлімнің 10-бабында “Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластатуға болмайтындығы” көрсетілген. Олардың өмір сүруіне, білім алуына, қызмет етуіне және зейнеткерлікке шығып демалуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Әлемде терроризм және діни экстремизм әрекеттері өршіп жатқанда, көп ұлтты Отанымызда саяси тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнығып тұруы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты мен Конституция қызметінің жетістігі деп айта аламыз. Бүгінгі таңда Ата Заң – ел тыныштығының кепілі. Елбасымыз бастаған ұлы көш тар жолды таймай өтіп, оның батыл шешімдері мен саяси ерігінің арқасында еліміз өзін барша әлемге зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде таныта білді. Президентіміз қоғам тынысында көпұлтты қазақстандықтардың өзара татуластығы мен бірлігін орнықтыру мақсатында өзінің беделін пайдалана отырып, халықтар достығын шақыруды ұйымдастыру лидеріне айналды. Ұлт көшбасшысының бастауымен елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясын қоса алғанда, этноконфессиялық келісімнің біртұтас инфрақұрылымы жасалды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу орнына айналды. Осындай өнегелі істер нәтижесінде қоғамдық тұрақтылық механизмдерінің ұстанымдарын жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізілді. Әр алуан мүдделер тоғысқан, ауқымды істер атқарып отырған ірі саяси алаң – ЕҚЫҰ-ға еліміздің төраға болып сайлануы бізді дүние жүзі мойындағанын дәлелдейді. Ағымдағы жылдың 14 қаңтарында ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесіндегі отырыста жасаған өзінің бейне-жолдауында Елбасы Н.Назарбаев “ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының стратегиясы мен басым бағыттарын айқындап берді. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – ЕҚЫҰ-ны жан-жақты дамыту, бүгінгі күнгі қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етуде оның тиімділігі мен мүмкіндіктерін арттыру”, – деді Қазақстан Президенті. Сондықтан мұндай салмақты ұйымға төрағалық ету – еліміз үшін үлкен мәртебе. “Уақыт сыншы” дегендей, Ата Заңымыз егеменді ел тарихы үлесіндегі аз уақытта үлкен сындардан сүрінбей өтіп, өзінің құқықтық құндылығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді. Конституциялық заңнамаларға сәйкес барлық азаматтар тең құқылы. Егер олармен заң бұзушылық жіберілген жағдайда жауапкершілікке тартылып, жалпыға бірдей тәртіпте шартты жазасын алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында Ата Заңның ең жоғары заң күші бар және республиканың барлық аумақтарына тікелей қызмет етеді деп айқын жазылған. Басқа да шығарылып жатқан нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық келісім-шарттар еліміздің ең басты құжатына қайшы келмеуі тиіс. Ал 74-баптың 1-тармағында Қазақстан Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық келісім-шарттарға қол қойылмайды делінген. Демек, Ата Заңымызда адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы ретінде реттеледі. Отанымыздың дамуына өз үлесін ішкі істер органдары да қосып келеді. Осы бағытта біздің облыстың ішкі істер органдарының қызметкерлері заң нормаларының орындалуын қамтамасыз етуде күні-түні аянбай еңбек етуде. Ағымдағы жылдың І жарты жылдығы ішінде ішкі істер басқармасы криминалдық ахуалға тиімді әсер етуі нәтижесінде аумақта ауыр және аса ауыр санатына жататын қасақана кісі өлтіру, тонау, қарақшылық, мал ұрлау қылмыстары 28,4%-ға азайып, барлық қылмыс түрлерінің ашылуының оң беталысы мен анықтау және тергеу қызметтері көрсеткіштерінің азайғаны байқалады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу бағытында да бірқатар ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар жүзеге асырылды. Өткен алты айдың ішінде полиция қызметкерлеріне қатысты келіп түскен 290 арыз-шағым қарастырылып, қызметтік тексеріс жүргізудің нәтижесінде оның 6-уы ғана расталды. Осы жылдың маусым айында Елбасының Павлодар облысына келген екі күндік сапары барысында құқық қорғау органдарының өкілдеріне салтанатты түрде берілген 77 автокөліктің 57-сі ішкі істер органдарының үлесіне тиді. Президент ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдағы жұмыстарына табыс тілей келіп: “Құқық қорғау органдары да өздерінің мемлекеттік қызметтерін абыроймен орындауда. Осы орайда оларға да техникалық көмек керек. Сондықтан бүгін табыс етілген қызметтік көліктерді мамандар мемлекеттік парыздарын өтеуге пайдаланады деп сенемін”, – деді. Мемлекетіміздегі әр адам Ата Заңның шеңберінде өмір сүргенде ғана біз өзімізге тән ұлттық құқықтық жүйемізді жетілдіретін боламыз. Сондықтан ең басты міндет заңды және жеке тұлғалардың, қоғамдық құрылымдар мен азаматтардың Ата Заңға деген құрметін барынша дәріптеу болып табылады. Сөз соңында барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтай отырып, Ата Заңымыз анықтап берген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетімізде татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылық, құт-береке болсын, көк байрағымыз ашық аспан астында желбірей берсін дегім келеді. Наурызбай ҚЫДЫРҒОЖАЕВ, Павлодар облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі.* * *
БАРЛЫҚ ҚҰЖАТ НЕГІЗГІ ЗАҢНАН БАСТАУ АЛАДЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен әзірленген еліміздің Ата Заңын қабылдау жөніндегі республикалық референдумның маңызы өте зор болды. Еліміздің 1995 жылғы жаңа Конституциясы – көпұлтты халқымыздың шынайы еркі мен ертеңгі күнге сенім құжаты саналады. Онда Қазақстан Республикасының дербестігін жариялаумен бірге, аумақтық тұтастықты сақтау және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты өткір мәселелер шешімін тапты. Дәл қазір біз үшін тәуелсіздіктен қымбат еш нәрсе жоқ, оның қадірі еш нәрсемен өлшенбейді. Конституция біз үшін алдағы уақытта да өзіміздің биік мақсатымыз – мемлекеттің әлеуметтік жағдайын көтеретін, азаматтардың дәулетті және заманға лайықты өмір сүруіне барлық жағдай жасайтын, тәуелсіз еліміздің өркениетті мемлекет болу жолындағы ілгері басуымызды реттейтін шуақты да басты бағдаршам. Конституцияның 1-бабында мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп көрсетілген. Сонымен қатар, азаматтың жеке бостандығы, конституциялық құқықтары бекітілген. Атап айтқанда, олар адамның жеке өміріне, қадір-қасиетіне қол сұғылмауы, әркімнің өзінің және отбасылық құпиясының болуы, абыройы мен ар-намысының қорғалуы, әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазылған хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуы, қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы екені, ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануы, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін таңдап алуы. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды және жасап та келеді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары шет елдерде жүрген кезде мемлекеттің қорғауында болады. Жеке меншік мүлкі, отбасы, ар-ожданы мен жеке басының өмірі заңдармен қорғалады. Ата Заңымыздың талаптарына сай елімізде цензураға тыйым салынған, сөз бостандығы шектелмейді. Азаматтар тегін орта білім алуға, мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек алуға құқылы, сонымен қатар, ақылы медициналық жәрдем алу заңдарда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына, әркімнің білікті заң көмегін алуға құқы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі. Соттар шешімдері, үкімдері мен өзге қаулылары Қазақстанның бүкіл аумағында міндетті күші болады. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай-да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың парызы әрі міндеті. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауы қажет. Прокуратура мемлекет атынан еліміздің аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс-жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Заңдылықтың кез келген сипатта бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады. Сондай-ақ ол ел Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын қадағалайды. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді. Сондықтан еліміздің Ата Заңын құрметтеу, талаптарын әрдайым сақтау мен орындау – біздің басты міндетіміз. Бірлік ТӘШІМОВ, Көкшетау қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі. Ақмола облысы.* * *
КОНСТИТУЦИЯ – ӘР АЗАМАТТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ КЕПІЛІ
Әлеуметтік қорғау – келеңсіз жағдайлардың әсерінен (қарттық, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылу) экономикалық белсенді және лайықты төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін кіріспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтардың жеткілікті әл-ауқаты деңгейі мен өмірлік қажетті игіліктеріне қол жеткізу мүмкіншілігін қамтамасыз ететін жүйе. Әлеуметтік қорғау жүйесінің көрсеткіштері елеулі дәрежеде мемлекеттің экономикалық дамуы деңгейімен өлшенеді. Ел тәуелсіздік алған сәттен бастап әлеуметтік қорғау жүйесі, ең алдымен, зейнетақылар мен жәрдемдер санының жалпы өсуімен сипатталады, қазір олардың жалпы саны 40 түрлі көрсеткіштерге жуықтады. Көптеген азамат екі және одан да көп әлеуметтік төлемдер алады. Еліміздегі халықты әлеуметтік қорғау жүйесі халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарының ұсыныстары мен ұстанымдарына толық сәйкес келеді. Елдегі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіру “Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау тұжырымдамасында (2001 жыл) белгіленген, онда әлеуметтік қорғаудың негізгі салалары: 1) мемлекеттік жәрдемдер; 2) міндетті әлеуметтік сақтандыру; 3) жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру; 4) әлеуметтік көмек көзделген. 2005 жылдың қаңтарынан бері елде міндетті әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі жұмыс істейді, ол әлеуметтік аударымдар төлеудің мөлшері мен ұзақтығына қарай әлеуметтік тәуекелдер болған жағдайда жұмыс істейтін азаматтарды қосымша қорғауды қамтамасыз етеді. 2005 жылғы 1 шілдеден бастап зейнет жасына жетуі бойынша базалық зейнетақы жүйесі енгізілді. Сөйтіп, бүгінгі таңда Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі құрылды: Бірінші деңгей – Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдендірген әлеуметтік төлемдер, яғни барлық азаматтарға қоғамның дамуына азаматтың қосқан жеке үлесін есепке алмай бірдей деңгейдегі төлемдер (базалық зейнетақы төлемі, мемлекеттік жәрдемдер, баланың дүниеге келуіне біржолғы төлем). Екінші деңгей – жұмыс өтілі мен еңбекке ақы төлеу мөлшеріне қарай жалпыға бірдей зейнетақы, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік сақтандыру аударымдары есебінен әлеуметтік төлемдер, яғни, азаматтарды олардың қоғамды дамытуға жеке қосқан үлесін есепке ала отырып, қосымша әлеуметтік қамсыздандыру. Үшінші деңгей – халықтың ерікті немесе кәсіби жинақтау жарналары есебінен әлеуметтік төлемдер. Қазір адамдардың көпшілігі мемлекеттің өтпелі кезеңінде әлеуметтік қорғаудың ағымдағы мәселелерімен шұғылдануға мәжбүр болғанын ұмыта бастады. Еліміз алғаш рет тұрғындар бұрын белгісіз болып келген экономикалық факторлар: инфляция, бюджеттің және тауардың жеткіліксіздігі, кәсіпорындар мен өндірістердің жабылуы, жұмыссыздық сияқты салдарлардың әсерімен бетпе-бет келді. Зейнетақылар мен жәрдемақылар бойынша берешектер айларға созылды, оларды төлеу оны алушылар үшін де, әлеуметтік қызметкерлер үшін де басты бас ауруына айналды. Зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшері зейнеткерлердің, мүгедектердің және басқа да халықтың әлеуметтік әлжуаз жіктерінің ең төменгі өмірлік мұқтаждарын қанағаттандыруды қамтамасыз ете алмады. Осындай кезеңде жағдайдың оңалып кетуіне үміт аз болды, әлеуметтік әлжуаз жіктер алатын төлемдер, жалпы алғанда олардың әлеуметтік мәртебесі әлемнің дамыған елдерінің деңгейіне сәйкес болатынына (ең болмағанда соған жақындайтындығына) сенім жоқ еді. Осындай қиын кезеңдерде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті әлемнің басқа да дамыған елдерімен қатар болашақ әлеуметтік мемлекет құрудың бірегей мүмкіндігі болғанын қапысыз жібермеді. Ал әзірше, Н.Ә.Назарбаев еске алғандай: “Жаңа мемлекетте Конституция, өзінің символдары мен атрибуттары болмады. Барлық заңнама басқа идеологияға, басқа елдің жағдайына және басқа мақсаттарға бейімделген болатын. Ең бастысы, жаңа жағдайда не істеу қажеттігін айқын білетін адамдар жетіспеді. Енді ескіше өмір сүруге болмайтынын бәрі де жақсы түсінді, бірақ не істеуге және қалай істеуге болатынын бәрі бірдей тап басып айта алмады. Бәрін де басынан бастау, дегенмен ең басты бағытты табу қажет болды”. Институционалдық реформалардың бастауы егемен Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдаумен басталды (1995 жылы 30 тамызда Бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды). Онда бұрынғы конституциялық құрылымның кемшіліктері жойылды, президенттік республиканың моделі қалыптастырылды, билік тармақтары арасындағы өкілдіктердің ара-жігін ажыратуды ұтымды шешудің жолдары айқындалды, бұл жүйелі нарықтық қайта құруларға көшуге мүмкіндік берді. Қазақстандағы өтпелі кезеңде алда тұрған маңызды тұжырымдамалық проблемалардың бірі – зейнетақымен қамсыздандыру және сонымен бірге халықты әлеуметтік қорғаудың бүкіл жүйесін реформалау жолын таңдау болды. Өте маңызды бір мәселені қаперден шығаруға болмайды: ХХ ғасырдың соңында социалистік лагерь жүйесі бұзылуымен қатар әлемдік капиталистік шаруашылықтың жалпыға ортақ жаһандану дәуірі басталды, әлемнің дамыған елдері дамыған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі бар әлеуметтік-бағдарлы мемлекетке айналу кезеңін аяқтады. Экономикалық дамудың жаһандануы және өмір жасы ұзара түскен орнықты үрдіспен егде адамдар санының өсуі әлемнің дамыған елдеріндегі зейнетақы жүйесін реформалауға себеп болды. Шығыс Еуропа, ТМД және Балтық бойы елдері санатына кіретін өтпелі экономикалық кезеңде тұрған мемлекеттер әлеуметтік саланы реформалауды социалистік ұстанымдарға құрылған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жоюдан бастады. Бұл елдер, соның ішінде Қазақстан да әлеуметтік салада реформалау жүргізудің нұсқаларын өздерінің ұлттық басымдықтары мен мүмкіндіктеріне қарай қарастырды. Әрине, зейнетақы проблемаларының жалпыға бірдей әмбебап шешуі жоқ. Ұлттық зейнетақы жүйелері күрделі әрі олардағы төлемдер мөлшері көптеген әртүрлі факторларға тәуелді. Әртүрлі елдердегі зейнетақы жүйесін дәлме-дәл салыстыруға зейнет жасына шығу жасы, төлемдерді есептеу әдістері, өмір ұзақтығы сияқты өзгешеліктер кедергі келтіреді. Сонымен бірге әлемдік тәжірибеде зейнетақы жүйесін құрудың жалпы ұстанымдары мен әдістері бар, оларды әлеуметтік реформалар жүргізуде қолдануға болады, дегенмен ұсынылатын реформаны бағалауда мақсатты параметрлер мен өлшемдерді жіті айқындауға баса назар аудару қажет. Сөйтіп, әлеуметтік қорғау және әлеуметтік сақтандыру институттары бар барлық елдер ерте ме, кеш пе, өздерінің зейнетақы жүйесін реформалауға мәжбүр болады, бұл орайда орташа өмір ұзақтығының артуына, сондай-ақ әлеуметтік стандарттар мен өмір сапасының жақсаруы сияқты жайттар ескерілері сөзсіз. Зейнетақы реформасы басталғанға дейін мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру бөлу тетіктеріне негізделіп келді, ұрпақтар шартына негізделген бұл әдісте еңбекке жарамсыз адамдарға зейнетақы жұмыс істейтін адамдардың жарналарынан төленді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында демографиялық үрдістерге сәйкес көптеген елдер зейнетақы қорларының жеткіліксіз болуымен бетпе-бет келді, жұмыс жасайтын адамдардың жарналарының ағымдағы түсімдері қажетті мөлшерді жаба алмайтын болды, ал барған сайын арта түскен жеткіліксіздікті жалпы салық төлемдері (мемлекеттік бюджет) есебінен жабуға тура келді. Бұл жағдай басқа да маңызы бұдан кем емес бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекет шығындарын шектеуге әкеп соқты. Сондықтан да алғашқыда өнеркәсібі дамыған елдер бөлу жүйесінен толық бас тарту, әртүрлі жинақтау тізбелеріне негізделген жаңа модельдерге көшу зейнетақы реформасы деп түсінді. Бөлу моделінен оның айырмашылығы қызметкер аударған жинақтау жүйесіндегі жарналар қазіргі зейнеткерлерге төленбейді, жинақтала береді. Зейнет жасына жеткеннен кейін қызметкерге өзінің зейнетақы жинақтары төленеді. Жинақтау тетігі нарықтық экономикаға сай келеді және шиеленіскен зейнетақы проблемасын бұрынғыдан гөрі ұтымдырақ шеше алады деп саналды. Алайда, зейнетақы реформасының барысында көптеген елдер мұның да жетілмеген тұстары бар екендігін байқады. Батыс елдерінің зейнетақы жүйесін сақтықпен және бірте-бірте реформалау себебі, бұл салада аяқты аңдап баспаса, оны шұғыл жүргізу жұртшылық тарапынан қолдау таба бермейтінін көрсетті. Дегенмен, көптеген саясаткерлер мемлекеттік қолдау базалық зейнетақыға қатысты көрсетілуі қажеттігін жақтайды, өйткені ол алушылардың кәсіби ерекшеліктерімен байланысты емес. Сонымен бірге жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ауқымы жеке зейнетақы қорларының және жеке зейнетақы жоспарларының қатысуымен кеңейе түсуі тиіс. Бұрынғы бөлу жүйесінде зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және еңбек етушінің соңғы жылдарындағы еңбекақы мөлшеріне тәуелді болды. Зейнеткерлердің жалпы саны өсіп, зейнетақы төлеу кезеңі ұзаруына (өмір ұзақтығының артуымен байланысты), оның үстіне сақтандыру жарнасын төлеушілердің азаюы жағдайында зейнетақы жүйесі мемлекеттің белі көтере алмайтын проблемаға айналды. Сондықтан да көптеген елдердің үкіметтері “параметрлік реформаға” ойысуда, өйткені, өмір сапасы стандарттары өсуіне байланысты зейнетақы жүйесіндегі бұл таңдаудың артықшылықтары бар. Алайда бірқатар параметрлерді өзгерту, мәселен зейнетке шығу жасын ұлғайту сияқты шаралар қоғамда жұртшылықтың алаңдаушылығын және реформаларға қарсы наразылығын тудырады. Бұған мысалға 2010 жылдың басында қаржылық дағдарыс салдарынан ақша құнсызданып, Еуропалық Одақ елдерінен қаржылай көмек сұрауға мәжбүр болған Грекияны келтіруге болады. Грекияға қаржылық көмек көрсетуде зейнетақымен қамтуда мемлекеттік шығындарды қысқарту жөнінде талап қойылды. Еуропалық Одақ сондай-ақ шұғыл зейнетақымен қамту реформасын жүргізуді, атап айтқанда, зейнет жасын 65-ке дейін көтеруді, зейнетақы сақтандыру тарифтерін арттыруды, толық зейнетақы алу үшін еңбек (сақтандыру) өтілін 35-тен 40 жылға дейін өсіруді қайта қарауды талап етеді. Алайда, мұндай шаралар уақытша ғана тиімділік беретінін есте ұстау қажет және белгілі бір кезең өткеннен кейін зейнетақы проблемалары тағы да алдан шығады. Дамыған елдерде әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік кепілдіктер деңгейінің қалыптасқан жағдайына қарап, сондай-ақ, саясаткерлердің популистік ұрандарымен түбегейлі әлеуметтік реформалар жүргізу мүмкін емес. Алайда, әлемдік экономиканың жаһандануы және көптеген елдерді шарпыған әлемдік қаржы дағдарысы дамыған елдерде өз азаматтарының әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін қолдауға мүмкіндік берер емес және күрмеуі қиын мәселеге айналып отыр. Бұл арада тағы бір атап өтетін жайт, зейнетақы жүйесіндегі кез келген өзгерістер, соның ішінде түбегейлі реформалар – өте қиын саяси шешім. Зейнетақы реформасының нәтижелері тез арада білінбейді, оған біраз уақыт қажет. Сондықтан да түбегейлі зейнетақы реформалары бойынша шешім қабылдау үшін бірқатар электораттың қарсылығына және қабылданатын шаралардың жұртшылық қолдай бермейтін сипатына қарамастан мықты саяси ерік-жігер қажет. Елдегі қолайлы өзгерістер және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі қолға алынған шаралар, ұлысаралық және конфессияаралық саясат халықты әлеуметтік қорғаудың кешенді жүйесін құруға алғышарттар жасады. Осыған байланысты Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы басымдықтары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, әлеуметтік қорғаудың жаңа тұжырымдамасын жасаудың қажеттігі пайда болды. Баршаға мәлім, 1998-2000 жылдары жаңа жинақтау зейнетақы жүйесінің қалыптасу кезеңі болды. Оны қысқа мерзімде жүргізу, зейнетақы қызметі нарығына жеке инвесторларды ойдағыдай тарту, заңнамалық және нормативтік база қалыптастыру, сондай-ақ, нарықтың инфрақұрылымына жаңа жүйені кіріктіру өз жемісін беруде. Қазақстанның зейнетақы жүйесін реформалаудағы кейбір кемшіліктерге қарамастан, оны қайта құру қазірдің өзінде қаржылық-экономикалық секторға оң ықпал етуде. Қаржы нарығында жинақтаушы зейнетақы қорлары деп аталатын жаңа институциональдық инвестор пайда болды. Оның басты артықшылықтарының бірі – енді әркім өзінің болашақ зейнетақысының жайын өзі қамдайтын болды. Екіншіден, жинақтау қорлары салымшыларының зейнетақы мөлшері оның зейнетақы жинақтарының шамасына тәуелді, яғни, қалай жұмыс жасады, сонша тапты. Қазақстан экономикасы 90-жылдардың ортасында мемлекеттік және жеке меншік теңдігін және оны тану, меншікті қоғам игілігіне пайдалану, кәсіпкерліктің еркіндігі сияқты конституциялық ұстанымдарға сәйкес дами бастады. Мемлекет медицинамен қамту және білім беру, ауқымды тұрғын үй құрылысы, еңбекақы мөлшерін және әлеуметтік төлемдерді көбейту, азаматтар мен кәсіпкерлердің салық ауыртпашылығын төмендету сияқты әлеуметтік мәселелерді бұрынғыдан гөрі ұтымды шешуге қол жеткізді. Басқа елдердегі, ең алдымен Батыс елдеріндегі жаңғырулар, саяси өзгерістер өзін туындатқан, астасып жатқан жаңа технологиялық және экономикалық жаңалықтардың соңына ілескенде, Қазақстанда мүлдем басқаша бұған кереғар схема жасалды: түбегейлі саяси өзгерістерден бұрын экономикалық реформаларға баса назар аударылды. Кең ауқымды тарихи өзгерістер, соның ішінде әлеуметтік реформалар кездейсоқ жүргізіліп жатқан жоқ. Олар көптеген күштердің – әлеуметтік өзгерістер агенттерінің топтасуымен жүргізілуде. Бұлар – нақты жағдайлардың себебінен адамзат тарихының көшін, сонымен бірге миллиондаған адамдардың тағдырын өзгерістерге ұшырататын жеке адамдар, олардың идеялары және үдерістері болуы мүмкін. Қазақстанның халықты әлеуметтік қорғаудың көпдеңгейлі жүйесін таңдауында қиын да тарихи шешім қабылдап, сарабдал саясат жүргізіп отырған Мемлекет басшысының рөлі нақты көрініп отыр. Оның көзге көрініп тұрған тиімділігі келешек ұрпақтарды әлеуметтік қорғауда өз жемісін берері сөзсіз. Аса күрделі кезеңде нақты және жан-жақты ойластырылған қадамдар жасалып, реформа қысқа мерзімде жүргізілді. Тарих бізге ұзақ ойланып-толғануға мүмкіндік бермеді. Президенттің көрегендік қасиеті арқасында Қазақстан әлеуметтік өзгерістер бағытын таңдауда тарихи артықшылықтарға қол жеткізді. Сөйтіп, ТМД-ның және Балтық елдерінің арасында әлеуметтік реформалар саласында көшбасшы бола білді. Сонымен, қазақстандық өтпелі экономика кезінде, қоғамда әлеуметтік қайшылықтар шиеленісіп тұрған тұста Мемлекет басшысының Ұлт көшбасшысы – Елбасы ретіндегі зор қайраткерлігі баға жеткісіз. Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституция ел Президентіне әлеуметтік-экономикалық өміріміздің барлық саласында түбегейлі реформалар жүргізуіне мүмкіндіктер берумен қатар, оның нәтижелері үшін зор жауапкершілік те жүктеді. Елбасы осы сыннан сүрінбей өтіп, халқын жаңа жеңістерге бастады. Қазақстан халқы кешегі кеңестік кезеңнен кейінгі көптеген қиыншылықтарды ойдағыдай еңсерді. Елде де, әрбір қазақстандықтың жеке өмірінде де зор өзгерістер болды. Бұған біздің өміріміздің Негізгі Заңы – Қазақстан Конституциясының арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттің өз азаматтарын әлеуметтік қорғау шараларымен толық қамтамасыз етуі қазақстандық патриотизм сезімін күшейте түсуде. Еліміздің барлық аумағындағы Конституцияның үстемдігі – тәуелсіздіктің заңды тірегі. Қазақстан мемлекеттер мен ұлттардың өркениетті ұлы көшіне қосылып, алға, жарқын келешекке сеніммен қадам басуда. Алмас ҚҰРМАНОВ, “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ президенті.