24 Тамыз, 2010

Заң бұрмаланса зардаптарға соқтырады

517 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша үлкен кеңес өткізді. Онда еліміздің құқық қорғау жүйесі тұрақты және үздіксіз жұмыс істеп келе жатқандығымен қатар, реформалаудың бұған дейінгі барлық әрекеттері күткендегідей нәтиже бермегені баса айтылды. Бұл орайда құқық қорғау органдарының жұмысында сапалық көрсеткіштерді сандық көрсеткіштермен алмастыру етек алғандығы, соның салдарынан халықтың билікке деген сеніміне де селкеу түсе бастағаны алаңдатпай қоймайды. Мұның сыры кеңесте жан-жақты ашылып, оны түзеу жолдары көрсетілді. Дегенмен бұлардың бәрі халықтың құқық қорғау органдарына, ал солар арқылы тұтастай билікке деген сенім деңгейіне салқынын тигізуінің өзге де себептері бар екенін білдіреді. Жалпы, осындай аяқтан шалар кемшіліктер болмаса, ел тарихында тұңғыш рет қуатты мемлекеттілік пен экономика құруға қол жетіп, ха­лықтың әл-ауқаты артты. Бәсекеге қабілетті жетістіктерімізді бүкіл әлем мойындауы секілді жарқын істеріміздің қайнар бастауында Конс­ти­туциямыз тұр. Халқымыздың қарымды істері­нің әлем жұртшылығының үлгі-өнегесіне айналуы­ның бір жетістігі осы Ата Заңымызда бүкіл адам­заттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің түгелдей қамтылғанының айғағы деп білеміз. Өйт­кені, біздің елімізде мемле­кет­тік биліктің бір­ден-бір бастауы халық болып табылады. Ал адам­дар мен ұйымдардың құқық­тарын, бостандық­тары мен заңды мүдделерін қорғауды сот билігі ғана мемлекет атынан жүзеге асыра алады. Ендеше мемлекетіміздің даму сатысындағы республика сот жүйесін реформалаудың басты мақсаты – адамның конституциялық құқы мен бостандығын, қоғам мен мемлекеттің мүддесін қорғаудың нақты тетіктерін табу. Қазіргі таңда еліміздің Жоғарғы Сотының алға қойып отыр­ған негізгі міндеттерінің бірі де осы. Консти­туцияның 4-бабында жазылғандай, Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конс­ти­туцияның, соған сәйкес заңдардың, Консти­ту­циялық Кеңестің және Жоғарғы Сот нор­мативтік қаулыларының нормаларынан туын­дайды. Бұған Жоғарғы Соттың үстіміздегі жылы дайындаған “Қылмыстық сот өндірі­сін­дегі адам мен азаматтың құқы мен бостанды­ғын соттық қорғау туралы” нормативтік қау­лысын тілге тиек етуге болады. Бұл қаулының ерекшелігі неде дегенде Жоғарғы Соттың судья­сы Қалидола Шаухаров оның сот ісін қараудағы толыққанды мүмкіндігі мен қыл­мыстық процеске қатысушының құқы мен бостандығын негізсіз шектеуден қорғау, заңсыз бұзылған құқықтарын уақытылы қайтару және шеккен зиянның орнын толтыруға бағыт­талуында деп түсіндіреді. Оның айтуына қарағанда, құқық қолдану тәжірибесінде қалыс қалған көптеген мәселелер мұнда көрініс тауыпты. Мәселен, жаңадан ашылған жәйттерге байланысты өндірістік іс қоз­ғаудан бас тарту туралы прокурордың қау­лы­сы енді Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 109-бабы бойынша қайта шағымдалуға жатады. ҚІЖК 150-бабының оныншы бөлігіне сәйкес, сот сезіктіні немесе айыпталушыны қамауға алуға санкция беруден бас тартқан кезде сол сот отырысында прокурордан үйде қамауда ұс­тау түрінде бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтініш түскен жағдайда, сот материалдарды жал­пы тәртіппен зерттеуді қайта жалғастырады, оның нәтижелері бойынша сезіктіге, айып­талушыға қатысты үйде қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы. Өйткені, жасалған қылмыстың ауырлығы тұтқындауға немесе үй қамауына алуды көздейтін жалғыз және нақты себеп болып табылмайды. Себебі сотқа дейінгі өндіріс барысында тараптардың құқы заңсыз шектелгендігі туралы арыз бол­ғаны анықталып және оның талапқа сай шешілмегендігі белгіленген жағдайда олардың тиісті деңгейде қаралғандығын нақты анықтап, прокурорға оны талапқа сай шешуді міндеттеп, материалдарды сотқа қайыра ұсыну қажет. Нормативтік қаулының аталған тармағына сүйене отырып сот тәжірибесін зерттеу бары­сында байқағанымыздай, айыпкерлер өздерінің арыздарында қудалау органдары кейбір кезде сот өндірісіне дейін заңсыз тергеу тәсілдері арқылы оларға кінәні мойындату мақсатында жалған ақпарат бергізу үшін психологиялық қы­сым көрсету қолданылатындығын жазатын­ды­ғы анықталып отыр. Ал қудалау орган­дары­ның кей кезде мұндай әрекетке баратындығы жасырын емес. Өйткені дамыған елдердегідей өркениетті тергеу деңгейіне жету біздің құқық қорғау орган­да­ры үшін әлі алыста жатқан бұл­дыр сағым екен­дігі сөзсіз. Дегенмен, мұндай арыздардың іске тіркелуі де некен-саяқ дейді Қ.Шаухаров. Ал олар­ға қатысты қызметтік тексе­ріс жүргізілгенде, әдеттегідей, арызда көрсетілген жәйттер дәлелін тап­қан жоқ деген жаттанды жауап қана қайта­ры­лады. Бұған қоса әлгі тексерістің материал­дары іске тігілмейді, тек қорытындыға қосылады. Одан тексеріс атүсті яғни шағым түскен жандар ісіне оларға сұрау салумен шектелгендігі анық байқалып тұра­ды. Бұл сөзімізге бұлтартпас дәлел бар. Мы­салға, мыңдаған істі қарау барысында жоға­рыдағыдай ұқсас арыздар ішінде дәлелді деп табылып және кінәлі жандар тиісті жазаларын алды дерліктей бірде бір дерек кездеспеген. Бұған енді не дейсіз? Құқық қорғау органдарын реформалау барысы, реформаланып жатқан құқықтық жүйеміздің сиқы осы ма? Мәселен, Жамбыл облысының Жуалы аудандық сотында Т.Сүлейменовке қатысты қыл­мыстық іс қаралған кезде ІІД мен АІІБ қызмет­керлері оған күш көрсетіп ұрып-соққан және қорлағандығы белгілі болыпты. Бұл сол кезде жасалған дәрігерлік сараптама арқылы дәлелденген. Анықталған жайды сот жеке қаулы арқылы ІІД мен облыс прокуратура басшыларына жеткізеді. Бірақ, қалыптасқан әдетпен ІІД тергеу басқармасы бұл іске біздің қызметкерлердің қатысы жоқ деп қарап отыр дейді. “Әй” дейтін ажа, “қой” дейтін қожа жоқ заман туғандай. Мұндай мысалдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Әрине, қудалау органдарының осындай заңсыз әрекеттерінен азаматтардың құқын жалғыз сот қорғап үлгіре алмайды. Бұл құқық қорғау органдарының қызметін түбегейлі реформалауды қажет ететіндігін білдірсе керек. Қаулының 15-тармағында ұсталған жағ­дайда тұңғыш рет тірі адамды қарау мен жеке тінтудің айырмашылығы айқындалған. Бұл да көп жылғы сот тәжірибесінің нәтижесі болып табылады. Адамды ұстаған жағдайда көбіне оған тінту жүргізіледі, ал бұл заңға қайшы әре­кет және ол оқиға орын алған жерді немесе әлгі адамды қарау қаулысын толтырумен ғана кө­рініс табады. Бірқатар судьялардың пікірін­ше, қылмыстық-процессуалдық кодексте “тірі адамды қарау” мен “жеке тінту” деген процес­суал­дық әрекеттің анықтамалығы нақты беріл­ме­ген, өйткені олардың қолданылу тәртібі мүлде бөлек, сондықтан бұл қылмыстық қуда­лау органдарының қызметкерлеріне заң тала­бын орындаудан жалтаруына мүмкіндік беріп және азаматтардың жеке құқына қол сұғыл­мау­шылығын бұзады. ҚПК 221, 222-баптары бой­ын­ша тірі адамды қарау барысында прокурор тоқтамының қажеті жоқ. Сондықтан құқық қор­ғау қызметкерлері нақты жағдайда жеке тін­ту жүргізіп, өздерінің бұл іс-әрекетін тірі адамға тек қарау жүргізілген қаулы толтырумен шектеледі. Әрине, сот тәжірибесін талдау және қорыту барысында өзге де түсіндіретін бірқатар мәсе­лелердің басы ашылды. Мәселен, оқиға орын алған жерді тиісті хаттама толтырып қарау жүргізу тәжірибесі әбден қалыптасып қалса да, шын мәнісінде тұрғынжайға кіріп тінту жүр­гі­зілетіндігі анық болып отыр. Мұндай жағ­дайда көбіне прокурорлар тұрғынжайға қарау (тінту) жүргізілгендігі туралы құлағдар болмай қалады. Прокурор құлағдар болмаса жүргізілген процессуалдық әрекеттің заңдылығы туралы қорытынды іске тіркелмейді немесе бар болса өте қысқа ғана қайырылып, сенімсіздік туды­ра­ды. Сол сияқты тұрғынжайды прокурор­лар­дың тоқтамынсыз қарау немесе тінту жүргізіл­гендігі заңсыз болып табылғандығы туралы да деректер талдау барысында анықталмаған кө­рінеді. Мәселен, тағылған айып дәлелденбе­ген­діктен Өскемен №2 қалалық сотының үкімімен ақталған Л.Лавроваға қатысты қылмыстық істі талдау барысында тұрғын үйді тінту прокурордың тоқтамынсыз оқиға орын алған жерді қарау болып тіркеліп және тінту жүргізілгендігі хабарланбаған. Істе тіпті анықтау органының жедел-іздестіру шараларын өткізудің себебі, қажеттілігі туралы қаулысы, жүргізілген тінтудің заңдылығы туралы прокурордың қорытындысы да жоқ болып шықты. Оқиға орын алған жерді қарау қаулысында үйге қарау жүргізу Лаврованың келісім қолхатымен тергеуші Д. жүргізіп, соның арқасында есірткі заттарын тауып, тәркілеген-мыс. Ал шындығында үйге қарау жүргізуге Лаврова келісім бермеген, тергеуші тінту кезінде қатыспаған, сөйтіп ақыр аяғында ештеңе табылмаған және тәркіленбеген. Расы керек, осындай бір қарын майды шірітетін бірқатар құқық қорғаушылардың мұндай іс-әрекетінің қауіпі өте зор. Және қудалау органдары қызметкерлерінің мұндай әрекетке неге баратындығы ойландырмай қой­майды. Ал сол тергеушілердің түрлі қитұрқы амалдарын істі талдау барысында сот орындары ашып жатқанда олардың басшылары қайда қарап жүргендігі тағы таң қалдырады. Мәселен, Қ.Шаухаровтың айтуынша, ҚПК 86-баптың 2-бөліміне сәйкес куәгерлікке істе мүддесі жоқ, қылмыстық қудалау органдарынан тәуелсіз, жағ­дайды дұрыс түсініп, толық қабылдай ала­тын азамат алынуға тиіс. Ал ҚК 259-бабының 1-1-бөлімі бойынша кейін ақталған Н.Бус­лаеваға қатысты Алматы қаласы Әуезов АІІБ о баста тексеріс жүргізгенде түрлі тергеу әрекет­теріне куәгер ретінде сол кезде аталған тер­геушіге көмекші болып өндірістік тәжіри­бесін өтіп жатқан адам қатысыпты. Сол сияқты Павлодар қалалық №2 сотымен ҚК 259-баптың 1-бөлімі бойынша сотталған К.Сүлейменовке қатысты қылмыстық істе сотталушыны ұстап, одан есірткі заттарын тәркілеген кезде куәгер ретінде жол-жөнекей өтіп бара жатқан жүр­гізушілер тартылған көрінеді. Оларды куәгер болуға тәртіп сақшылары жүргізуші құжатта­рын тартып алып күштеп көндірген. Мұндай жағдайды жиі кездестіретін судьялардың айтуынша, бұл полиция қызметкерлерінің өз міндеттерін толық білмеуі немесе оған атүсті қарап тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, нәтижесінде азаматтардың құқын қасақана аяққа таптауы болып табылады. Кейбір жағдайда азаматтар заңды негіз жеткіліксіз болса да ұсталынып жатады. Және бұл кезде полиция қызметкері азаматтарды ұс­та­ғандары туралы ешқандай қаулы толтырмай­ды, толтырыла қалған күннің өзінде онда негіз бен себеп көрсетілмейді. Ұсталған уақыт нақты жазылмай немесе қаулының толтырылған уақы­ты бұрмаланып көрсетіледі. Тіпті ұсталған адамға оның процессуалдық құқы түсіндіріл­мей­ді, түсіндірілу түгілі не үшін ұсталғандығы да және туысқандарына бұл туралы хабар­лан­байды. Айта берсе қудалау органдарының мұн­дай заңсыздықтарынан аяқ алып жүре алмай­сыз, ал мұның бәрі айналып келгенде қара­пайым азаматтардың ашу-ызасын тудыратыны анық. Құқық қорғау органдары атына сай халықтың құқын қорғауы қажет, биліктің атын пайдаланып жасалған заңсыздық түптің-түбінде адамдарды ашындырмай қоймайды. Мемлекет басшысы бұл орайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің міндеті билік соғу емес, халыққа қызмет көрсету екендігін айтқан болатын. Алайда, қашан бір нақты оң нәтиже шығарын әзірге ешкім білмейді. Ата Заңымызға “Қазақстан Республикасы­сы­ның сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы” конституциялық заңымен енген 1-бап­тың 2-тарауында сот жүйесі азаматтар мен ұйымдардың құқын, бостандығы мен заңды мүдделерін қорғай алады деп тайға таңба басқандай жазылды. Еліміздің әр адамына Конституция мен заңдарда көзделген құқықты, бостандық пен заңды мүдделерді шектейтін немесе бұзатын лауазымды тұлға, ұйым, меке­ме, мемлекеттік органдардың кез келген заңсыз шешімдері мен әрекеттерінен соттық қорғауға то­лық кепілдік беріледі. Бұл орайда азамат­тар­ды заңсыздықтардан қорғайтын сенімді құқықтық орта қалыптастырудың маңызы өте зор. Сенімді құқықтық ортаға заңның үстемдік қағидаттары сақталуы арқылы қол жеткізіледі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына деген жалпы сенімділікті орнатуға тиіс. Сонда Ата Заңымызда жазылғандай, адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады және олардан ешкім айыра алмайды деген қағида одан әрі айқындала түсіп, заң мен сот алдында бәрінің теңділігіне сенімділік нығаяды. Сөйтіп, сот қана азаматтардың құқын нақты қорғай алатын бірден- бір әділ билік шыңына айнала түседі. Александр ТАСБОЛАТОВ. * * * ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМА ЖАЙЫ СӨЗ БОЛДЫ Жақында Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Мұ­хамеджан Пақірдінов “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиім­ді­лігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Елбасының Жарлығына байланысты түрлі деңгейдегі су­дья­лармен кездесіп, өз ойын ор­таға салды. – Бұл  аса маңызды шара, құ­қық қорғау қызметі мен сот жүйе­сінің тиімділігін арттыруға ба­ғыт­талған реформаны жүзеге асыратын кез жетті, – деген Елба­сы сөзін келтіре отырып,  сот жүйесінде де реформалар батыл жүргізілмек, ең бастысы, адам­дар­дың тағдырына жауапкершілікпен қарау қажет, – деді облыстық соттың төрағасы М.Пақірдінов. Облыстық, аудандық, қалалық сот судьялары сауалдар қойып, оған сот төрағасы нақты жауаптар қайтарды. Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейім­деу мен оңалтуды ұйымдас­ты­ру және жүзеге асыру міндеттері енді атқарушы органдарға беріл­мек. Бұрынғыдай қатаң емес, адам­дардың тағдырына жауап­кер­шілікпен қарап, процестер кезінде адами жеңілдікпен жаза қолдану өркениетті елдердің тәжірибесіне енгізілген. Демек, әрбір судья өз ісіне мығым болып, сот процесі кезінде “мың ойланып, жүз тол­ған­ғаны” артық болмас дегенді айт­ты кездесуде облыстық сот төрағасы. Облыстық ішкі істер депар­та­менті­нің бастығы, милиция гене­рал-майоры Қалмұханбет Қасымов та өзіне қарасты жауапты адам­дар­м­ен Елбасы Жарлығына байла­ныс­ты үлкен кездесу өткізді. Құқық қорғау саласындағы реформа ең алдымен бізден басталады деген ойдамын. Бұдан былай біз өзі­міз­дің нақты істерімізбен шұғылдана­мыз. Артық буындар функциясы бізден алынып тасталмақ. Бұл по­лиция қызметкерінің адамдардың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуін­де маңызды шара болмақ. Демек, сіздерден қатаң тәртіп пен өз қызметтеріңізге жауапкершілік­пен қарауды сұраймын, – деді Қ.Қасымов. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы.