24 Тамыз, 2010

Әлем өткен аптада

524 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бітімге келіссөз жеткізеді Израиль мен Палестина авто­номиясы арасындағы тікелей келіссөз 2 қыркүйекте Вашинг­тонда АҚШ президенті Барак Обаманың қатысуымен бастал­мақ. Бұл жөніндегі мәлімдеме мәтінін бітімгершілік үрдісінің төрттік демеушісі (АҚШ, Ресей, ЕО және БҰҰ) бекіткен көрінеді. Бұл келіссөз осыдан екі жыл бұрын Израильдің Газа секто­рын­дағы радикалдық исламдық ХАМАС ұйымы әскерінің құ­рылымын жою шараларына байланысты үзілген болатын. Қытай Жапониядан озды Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша Қытай ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен Жапонияны басып озып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Қытай­лық ІЖӨ 1,337 триллион доллар­ды құраса, Жапониянікі – 1,288 триллион. Бірақ қытайлардың саны жапондардан он есе артық екенін ескерген жөн. Бұрын болмаған топансу БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун топансу есеңгіреткен Пәкс­танда  болып, мұндай сұмдықты бұрын-соңды көрмегенін айтып, халықаралық бас ұйым тарапы­нан бұл елге көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Оның есебі бойынша, әлем елдері тарапынан 460 миллион доллар көлемінде көмек жиналмақ көрінеді. Топансу салдарынан бұл елде 20 миллиондай адам жапа шегіп, 1500 адам қаза тапқанын еске алғанда, бұл қаржы тым аз. Өткізе алмасаң – айып төле Иран ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, бұл елге Түркия 600 миллион доллар айып төлеуге мәжбүр болыпты. Алдын ала жасалған келісім бойынша Түркия жыл сайын 30 миллиард текшеметр газды импорттауға міндеттенсе, өткен жылы 9 миллиард текшеметр ғана импорттапты. Түрік энерге­тика министрі Танер Ялдыз қыс жылы болып, жұрт газды аз пайдаланды деп ақталса керек. Ким Чен Ирдің мұрагері КХДР жөніндегі сарапшы­лар­дың пікірінше, Ким Чен Ирдің мұ­рагері болып оның қарында­сы­ның күйеуі Чжань Сон Тхек белгі­ленгенге ұқсайды. Бұрын бұл орын­ға ел билеушісінің кіші бала­сы Ким Чен Ун айтылып келсе, сірә, мұндай үлкен жауапкерші­лік­ті ол алып жүре алмас деген болар. Біраз уақыт биліктен шеттетілген Чжань Сон Тхек Халық қорғаны­сы комитеті төрағасының орын­басары болып тағайындалыпты. Иран уранды көбейтеді Иран президенті Махмуд Ахмадинежад “Иран Ислам Рес­публикасының бейбіт ядро­лық жетістіктерін қорғау” деп ата­латын декретке қол қойды. Онда уранды байытуды арттыру және Атом энергетикасы жө­ніндегі ха­лықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) байланысты шектеу көзделген. Ал Ресейдің көмегімен салынған АЭС-ті іске қосып, оған қажетті ядролық отынды Ресейден алу жөнінде келісім жасалғаннан кейін мынадай декретке қол қойылуы әлем жұртшылығын тағы да ойландырады. Бұл байытылған уран неге пайдаланылады деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Мырзакматовтың жеңісі Бейсенбі күні Қырғыз­станның Ош қаласында жергі­лік­ті әкім Мэлис Мырзакматовты жақтаған жұртшылықтың ми­тингі­сі болып, оған қатысқандар уақытша үкімет пен ел прези­денті Роза Отунбаева­ның қыз­мет­терінен кетуін талап етті. Жұма күні жиналғандармен Мырзакматовтың өзі кездесіп, Біш­кекте болғанын, уақытша үкі­меттің қарсылығына қарамай, қыз­метін сақтап қалғанын баян­да­ған соң, жұрт тарқаған көрінеді. Мұндай оқиғалар бұл елде ты­ныш­тықтың ауылы алыс екенін аңғартады. Әншінің аузын жаппақ Өзбекстанның  еңбек сіңірген әртісі әнші Феруза Жұманиязова жақында Тәжікстанда болып, концерт қойып қайтты. Қайта еліне келгенде, қатты кейіс есі­тіп, тіпті оның әншілік қыз­ме­тіне жол жабылатындай болып отыр. Себеп – тату емес көрші елге барғаны. Оған қарама-қай­шы қырғыздар Өзбекстанның ха­лық әртісі Жұлдыз Османованың Оштағы оқиғаларға байланысты ән шығарып, оны орындағаны үшін оған өз елінің есігін жаба­ты­нын айтып, дүрлігіп жатыр. Осы­дан бұрынырақ өзбектер Шыңғыс Айтматовтың атын атау­ға тыйым салғаны белгілі. Саясаттың өктемдік жасағаны жаман. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.