25 Тамыз, 2010

Алты жасар имам

577 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
(деректі әңгіме) Ислам тарихында бала кездерінен Тура жолға түсіп, Исламиятқа айрықша үлес қосқан сахабалар едәуір еді. Солардың бірі жайлы баян... Әмір тұратын ауыл керуен жол­дың бойында еді. Бұл жерден мөлдір бұлақ басталатын. Араб даласының аптап ыстығында тілі таңдайына жабысып, діңкесі құ­рып, шөліркеп келіп, бас қойған жан ғана ол бастаудың қадірін же­те түсінсе керек. Тура жер ас­тынан қайнап шығатын тұсында су – мұп-мұздай салқын, жанға шипа беретіндей мөлдір. Тіпті су астындағы қайрақ тастар мон­шақтай тізіліп, көздің жауын ала­ды. Бастауынан сәл ұза­сы­мен-ақ бұлақ суы жылып сала беретін. Ауыл тұр­ғындары ауыз суларын осы жерден алатын еді. Күннің аптабы сәл басы­лы­сымен ауыл балалары бұлақ ма­ңынан табылатын. Ойынның не­ше түрін ойлап тапқандарына мә­ре-сәре. Бірақ, қаншама асыр салып ойнаса да, бұлақ суын лай­лау, оның көзін бітеу деген бұ­зақы қылықтар ойларына да кел­ген емес. Себебі, үлкендер жа­ғы бұлақ көзін ашуды, суды қас­терлеуді суы тапшы құмды өңірде өскен осынау балалардың санасына сәби кездерінен құйып баққан-ды. Су жоқ жерде тір­ші­лік те болмақ емес. Осы бұлақ маңынан өтетін керуен жолдары сона-а-ау көк­жиекке жалғаса асылып, одан әрі тылсым бір әлемге жетелеп әке­тетіндей... Сон­дықтан болар, Әмір бала достарымен сонша­лық­ты беріліп ойнай жүре, оқ­тын-оқтын керуен жолдары о ше­ті мен бұ шетін жалғастырып жат­қан көкжиекке ұзақ қараған­ды жақсы көретін. Себебі, сол жолдар арқылы ке­ле­тін керуеншілер мұның ауы­лын көл-көсір әңгімеге қарық етуші еді. Олардың ішінде көсем сөздің небір шешендері де бар. Алыс елдер мен қалалардағы ба­зар нарқынан бастап, түрлі адам­дар тағ­дыры туралы небір хи­кая­лар­дың майын тамызады-ай дерсің. Әсіресе, сахарада салқын мау­сым­дар басталған тұста бұлар­дың ауылы арқылы өтетін жо­лау­шылар саны көбейіп, ауыл­дас­тарының құлағы әр-алуан әң­гімеге әбден-ақ қанығып қалушы еді. Шілденің ми қайнатар ыс­тығында, әрине, керуен тарту­шылардың тым азайып қалатыны тағы бар. Ондай кезде со-на-ау көк­жиекке көз талдырып қараған Әмір­дің бойын ересектерге тән, белгісіз бір зарығу сезімі билей­тін еді. Сағы­нышпен ұзағырақ тел­міре қарағаннан болар, әй­теу­ір көз ұшындағы сағым атаулы бір сәт қоңыр керуенге ұқсап, сәлден кейін жөңкіле көше жө­не­летіндей әсер қалдыратын балаға. Сондай аңсауға толы күндер­дің бірінде Мекке жақтан керуен келді. Оның иелері шай ішіп, жайғаса оты­рып, әдеттегісінше хикаяларын бас­таған тұста бұл жолғы әңгімелерінің сарыны бө­лектеу сияқты көрінген. Меккеде өзін пайғамбар деп жария­лаушы бір адам пайда болған көрі­неді. Көп құдайға табынуға қарсы­лық көрсетуші ол адам бір Аллаға ға­на құлшылық етіп, мойынсұ­нуға шақыруда, дейді. Міне, сол күн­нен бастап, бала Әмірдің ауы­лына Мек­кеде пайда бола бас­таған жаңа дін және оның на­си­хаттаушысы жайлы әңгі­мелер толассыз жете бастады. Керуеншілердің бірі оны мақтаса, екіншілері даттап де­гендей, екіұдай хабарлар қаптап кеткен болатын. Арада тағы біраз уақыт өткенде керуеншілердің кейбірі: “Алла тарапынан жаңа пайғамбарға түсірілген аяндар” – деп, бұларға жыр тілінен де жағымды, ғажап бір мақаммен айтылатын аяттарды жеткізе бас­тады. Әмірдің ауылдастары ке­руеншілер кеткеннен кейін әлгі аяттардың жалпы мазмұнын ғана қайталай баяндап жүрісетін. Се­бебі, сөзбе-сөз жаттап алған еш­қайсысы бола қоймады. Тек бес жасар Әмір ғана әлгі аяттарды сол естіген қалпында санасында сақтап қалған екен. Ол қасиетті сөздер бала жүрегіне өз-өзінен сіңіп жататындай. Со­дан бастап Әмірдің бойында то­сын бір өзгерістер басталды. Ол жадында жатталған аяттарды оңаша сәттерінде жиі қайталап, әкесі Саламаға да оқып беретін. Осыдан былай әкелі-балалы екеуі оңашаланып, жиі әңгіме­лесуді әдетке айналдырған еді. Сөйтіп жүргенде Әмір бес жасты артқа тастап, алтыға аяқ бас­қан-тын. Күннен-күнге ба­ланың жаңа дінге, оны таратушы пайғамбарды көруге деген ынты­зары арта түсті. Бірақ ол бар бол­ғаны бала, оның алдында үлкен­дер бар ғой. Араб халқының ұлт­тық дәстүрі бойынша, үлкен­дердің сөзін тыңдау, алдарынан қия өтпеу-парыз. Арабиядағы өзге тайпалар сияқты, бұлардың ауыл ақсақал­дары да өзін пайғамбармын деп жариялаушы адам мен меккелік көпқұдайшылар арасындағы қақтығыстарды құрайыштардың өз ішкі мәселесі деп бағаласты. Ол жаңа діннің Ислам екен­ді­гін, ал оны ұстанушылардың мұ­сыл­мандар деп аталатындығын ба­ла Әмір кейінірек білген-тін. Бұл жөнінде әл-Бұхаридің “Сахихындағы” 4302-ші хадисте Әмір бин Саламаның өзі (Алла оған разы болсын) былай деп ес­ке алады: “Өзге арабтар жөнінде айтар болсақ, олар Меккені мұ­сылмандар жаулап алғанға дейін Ислам дініне өтуді кешеуілдету­мен келді. “Оның өз руласта­ры­мен күресін жайына қойыңдар. Егер ол шынымен құрайыштар­ды жеңсе, онда оның шынайы пайғамбар болғаны”, десті. Кейін Меккені мұсылмандар жаулап алған тұста барлық араб тайпа­ла­ры Исламға лап қойып, өте бас­та­ды. Біздің руымыздан, өзгелер­ден бұрын, менің әкем мұсыл­ман болды. Пайғамбарымыз сал­ла Аллаһу алейхи уәс сәләммен кездесіп келгеннен кейін әкем былай деді: “Алла атымен ант етемін! Сендерге шынайы Пай­ғамбардың (с.а.у.) хабарын жет­кізгелі келдім. “Әр намазды өзі­не тиесілі уақытында орындаң­дар, намаз оқитын мезгіл жет­кенде сендердің біреулерің азан шақырыңдар. Және іштеріңде Құранды кім артық білсе, сол имам болсын”, – деді пайғам­бар”, деген әкемнің хабарынан кейін руластарым Құранды жақ­сы білетін адамды іздестіре бас­тады. Алайда, менен артық Құ­ранды білетін ешкім табылмады. Себебі, осы қасиетті Кітаптың әрбір аяты керуеншілердің жет­кізуінде жүрегімде жатталып қалған болатын. Сондықтан олар мені имам қойысты. Ол кезде алты немесе жеті-ақ жаста едім. Үстімдегі көйлегім өте қысқа бол­ғандықтан, сәждаға бар­ға­ным­да оның етегі тым жоғары тү­ріліп кете беретін. Сонда на­мазға тұрған біздің тайпаның әйе­лдерінің бірі: “Имамдарың­ның арқасын дұрыстап жапсаң­даршы, көрінбесін!”-деді. Содан кейін ауылдастарым бір мата сатып алып, одан маған арнап көйлек тігіп берді. Сол кезде әлгі көйлекке қатты қуанғаным әлі есімде”, – деп еске алған еді Әмір хазыреті Сахих хадисте. Иә, ағайын! Алланың нұ­ры­на, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шапағатына сәби кезінен бөлен­ген бақытты балалардың бірі осы Әмір бин Салама болатын. Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.