Мемлекеттік мәселе
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елді дамытудың таяудағы онжылдықа арналған негізгі бағыттарын белгілеп, құқық қорғау қызметінің жоғарғы стандарттарына сәйкес елдің құқық қорғау жүйесін жаңғырту міндетін алға қойған еді. Таяуда Елбасы құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша өткізген кеңесте осы мәселені одан әрі тереңдетіп, бұл қызметтің тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар шараларды белгілеп берді. Адам құқы мен бостандығын қорғау жөніндегі ең басты құндылықтар Конституция күні қарсаңында айрықша қозғалып, халықтық сипат алуына сәйкес бұл орайда құқық қорғау және арнайы органдардың атқаратын қызметі де ерекшелене түспек. Осыған орай құқық қорғау органдарын реформалау барысында қандай жұмыстар атқарылатыны жөнінде Ішкі істер министрінің орынбасары генерал-майор Амантай КҮРЕНБЕКОВКЕ бірнеше сауал қойған едік. – Амантай Жанкеұлы, Конституция күні қарсаңында өткен кеңесте Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі мемлекеттік комиссия үлкен жұмыстар атқарғандығын айтып өтті. Енді осы реформадан кейін ішкі істер органдары саласынан қандай өзгерістер күте аламыз? – Елбасы Жолдауында көрсетілген міндеттерді орындау барысында Ішкі істер министрлігі жүйесін реформалау жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Ендігі міндет бойынша ішкі істер органдарын бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Ол – ішкі істер органдарын өзіне тән емес қызметтерден арылтып, ведомство жұмысын жетілдіру мақсатында ішкі басқару ісіне өзгерістер енгізу, жазалау жүйесін ізгілендіру сияқты маңызды мәселелер болмақ. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталып та кетті. Саладағы реформалық зор өзгерістерден кейін жетілген, жұмысы сапалы құқық қорғау жүйесін көретініміз анық. Қайткен күнде де ішкі істер органдарының басты мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету міндеті өзгермейді. Құқық қорғау органдары қызметінің кез-келген бағытын алып қарайтын болсақ, оның адам құқығын қорғау және оның сенімді кепілі болу мәселелерін көздейтінін аңғарамыз. Біздің демократиялық құқықтық мемлекетіміздің мақсаты мен мәні, құрылуы мен дамуының құқықтық негізі 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясымен айқындалады. – Ата Заңның қабылдануымен қоса елімізде қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және бірқатар басқа да кодекстер жаңартылып, сонымен қатар, жаңа заңдар, оның ішінде “Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы” заңы қабылданғаны белгілі. – Иә, құқықтық және демократиялық тұрғыда өзінің оң бағдарын айқындай білген мемлекетте азаматтардың құқықтарының орнығуы және олардың міндеттерін айқындау тек заңмен ғана жүзеге асырылатыны түсінікті. Осыған байланысты “Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы” заң жалпыадамзаттық құндылықтарды, адам мен азаматтардың құқықтарын қадірлеуді полиция қызметінің негізгі қағидалары ретінде бекітеді. Осылайша, аталмыш заң негізгі конституциялық қағидаттарды дамыта отырып Конституция әлеуетінің толығымен іске асуына ықпал етеді және құқық қорғау жүйесіне, сондай-ақ, жалпы мемлекетке демократиялық қоғамның көпшілік қабылдаған стандарттарына кезең-кезеңімен қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ең маңызды конституциялық қағида – бұл жеке тұлғаның құқығы мен бостандығының сақталуы болса керек. Бұл орайда біз полиция қызметінде жазалау бағытының әлі де басымдау түсіп, қатардағы азаматтардың, кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін бұзу деректері жиі кездесіп отырғанын мойындауға тиіспіз. Сондықтан ішкі істер органдарының жазалау функцияларын әлеуметтік қызмет көрсету функциясына бағыттауды негізгі міндетіміз деп білеміз, бұл полиция қызметінің алға қойған мақсаттарына жауап беріп, тәртіп сақшыларының тұрғындармен сапалы қарым-қатынасының орнығуына жол ашады. – Өзіңіз айтқандай, полиция қызметкерлерінің алдын-ала тергеу барысында заңды бұзуына жол бермеу үшін қандай нақты шаралар атқарылмақ? – Ең алдымен қылмыс туралы арыз-шағымдарды қарау және шешу барысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының аяқасты болмауын қатаң ескеріп, оған ерекше көңіл бөлудеміз. Осыған орай елімізде прокуратура органдарымен тізе қосып қылмыстардың есепке алынуы мен тіркелуінің толықтығын қамтамасыз ету, оларды шешу кезінде заңдылықты нығайту бойынша жүйелі шара жүргізіп отырмыз. Әрине, өзіңіз айтқандай, біз қылмыстарды есепке алудан жасыру және қылмыстық істерді қозғаудан заңсыз бас тарту деректеріне жол бермеуге тиіспіз. Десек те, өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың әлі де орын алып отырған жайы бар. Бұл ретте атқарылған нақты іс пен қарқынды шешімдердің нәтижесіне қарап қана тұрғындар өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін полицияның қорғай алатын қабілетіне сенетін болады. Сондықтан ішкі істер органдары жүйесінде заңның салтанат құруы, әсіресе адамдарды ұстау және оларды қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту кезінде заңдылықтың бұлжымай сақталуы – Ішкі істер министрлігі үшін міндетті талап болып табылады. – Бұл талапты жүзеге асыру үшін полицияға жоғары білімді, адамның ар-намысын қадірлеуді білетін, яғни заңды бұлжытпай орындай алатын жан-жақты тәрбиеленген мамандар қажет екендігі де жасырын емес. – Иә, мұндай мамандар ауадай қажет. Бұл өз кезегінде кадрлық мәселелерге кешенді көзқарасты, оның ішінде қызметкерлердің құқықтық мәдениет деңгейін арттыруды талап етеді. Қазіргі уақытта заңгерлік білімі бар қызметкерлердің үлесі полицияның жалпы санының 83,2 пайызын құрап отыр. Үкіметтің 2010 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен ІІМ-нің Семей және Шымкент заң колледждерінің тұрақты және ауыспалы құрамының штаттық саны есебінен ІІМ Ақтөбе заң институты құрылды. Бұл батыс өңірінің ішкі істер органдарының бөліністері үшін “Құқық қорғау қызметі” мамандығы бойынша жоғары білімі бар мамандарды дайындауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ішкі істер органдарының әрбір қызметкері – ең алдымен кәсіби заңгер және содан кейін ғана ол полиция жұмысының жекелеген мәселелерінің маманы болып табылады. Полиция қызметкері үшін өз бойында құқықтық мәдениетті жетілдіре білу және оны қоғамда насихаттау – таңдап алынған кәсіптің маңызды құрамының бірі. Конституцияда белгіленген құқықтық қағидаттың толық мәнінде іске асуы жоғары құқықтық мәдениетке ұмтылудың басты шарты болып табылатыны сөзсіз. Бұл барлық азаматтарға бірдей қатысты. Жалпы, полиция қызметкерлеріне заңдылық пен тәртіптің қырағы сақшылары ретінде қойылатын талап ерекше. Полиция формасын киген әр адам өзіне осы жауапкершілікті жүктейді және оның одан арғы қызметі кәсіби шеберлігі мен азаматтық қасиетінің өсуінің кепілі болуы тиіс. Мұндай қызметкерді тәрбиелеу – біздің маңызды міндетіміз. Демек, ведомстволық оқу орындарымыз бен қызметті ұйымдастыру жүйеміз осыған бағытталған. Қылмыспен күресте алдыңғы қатардан табылатын қызметкерлеріміз өз өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігіп қызмет атқарады. Тек соңғы 2009 жылдың өзінде қызметтік борышын орындау кезінде 41 қызметкер қаза тауып, 53 қызметкер жарақат алған. Азаматтарды түрлі қауіп-қатер мен зорлық-зомбылықтан қорғау кезінде ерлік пен қайсарлық көрсеткен және өз қызметтік парызын күнделікті жұмысында адал атқарып жүрген қызметкерлер саны бірнеше есе арта түсті. Меніңше, бұл заңды мүлтіксіз сақтау, қырағы қорғау жолында жүрген адам үшін жоғары сынақ болып табылады. – Біздің Ата Заңымызды өзге елдердің конституцияларымен салыстырғанда қандай артықшылықтары бар деп айта аласыз? – Қазақстан Республикасының бүгінгі Негізгі Заңының өзегі біздің мемлекетіміздің бұрынғы конституцияларынан алынған, оның бірқатар ережелері өзге мемлекеттердің негізгі заңдарына ұқсас. Дегенмен, біз Қазақстан халқы қабылдаған өз Конституциямызды ел өмірінің тыныс-тіршілігіндегі негізгі тірек етіп, 15 жыл өмір сүріп келеміз. Онда мемлекеттіліктің, қоғамның, саяси дамуының, тәуелсіз демократиялық құқықтық мемлекеттің нақты тәжірибесі мен өмірлік нормасы бар. Іс жүзінде Ата Заңның әрбір бабы толыққанды және түрлі құқықтық қатынастарды екі жақты ауытқусыз іске асыруға бағытталған. Еліміз Конституциясының мәні, мақсаты адам мен азаматтың негізгі құқығы мен еркіндігі болып табылады. Қоғамда құқық қорғау органдары жүйесіне деген сенімділік күшейіп келеді. Республикамызда демократиялық қоғам дамуының алғышарттарының бірі сөз бостандығы қамтамасыз етіліп, ақпараттарға шектеу қойылмайды. Мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары толық құқықпен жұмыс істеуде. Әрбір мемлекеттің Конституциясы оның дамуы мен мемлекеттік құрылымының белгілі кезеңдеріне сәйкес келеді. Біздің Негізгі Заңымыздың басқа мемлекеттердің конституцияларынан шынайы ерекшелігін осыдан көреміз. Еліміздің басты құжаты қабылданғалы бері 15 жыл өтіп, Конституция күні Қазақстан халқы үшін айрықша маңызға ие болды. Бұл күн бізді Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының қайнар көзіне жетелейді және ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетіміздің дамуының басты бағытын дұрыс таңдағанын айғақтайды. Демек, Конституция – мемлекетіміз бен қоғамның тұрақтылығы, ертеңгі күнге сенімділік және халқымыздың ауқатты тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі болып тұра бермек. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ. * * *Сот іс қарады
Қарыздың ақыры
Ол өзгеге ор қазғанда соған кейін өзім түсіп кетпеймін бе, соңы әлдеқалай болар екен деп ойлап жатпады. Олай болуы оған мүмкін еместей көрінді. Ал он миллион теңге қарызынан айырылып қалу қаупін ойлағанда жаны жер таптырмады. Ақшадан айырылса бар байлығынан да жұрдай қалмақ. Онда өзіне расымен ор қазғандай болып шығады. Сондықтан “Алтын” ӨК атқарушы директоры Сабыр өзінен он миллион үстінде теңгені қайтарып беруді талап етушінің көзін бірінші болып жоймаққа тәуекелге бел буады. Бұл өзі Алматы қаласында таяу жылдары орын алған қанды оқиға еді. Тіршілігі құмырсқадай қайнаған үлкен қалада ақша үшін бірін бірі аңдығандар көп екені белгілі. Солардың өзі дәл жандарында батыстың экшн киносынан асып түсер шытырман оқиғаның өтіп жатқанын білмей де қалды. Әрине, болары болып, бояуы сіңді дегенімізбен, жүректерде қалған дақ бар дегендей, кейіпкерлер аты-жөнін өзгертіп алуды жөн көрдік. Бірақ, болған оқиға бұрмаланбас үшін Алматы қалалық сотының үкіміне де сүйендік. Сот үкімі бәріне бірдей. Бірнеше томнан тұратын күрделі істі парақтай отырып, құқық қорғаушылардың орасан еңбегін де еріксіз ескересіз. Жоғарыда аталған “Алтын” ӨК құрылтайшысы Қорлан көптеген адамның қолына жұмыс тауып береді. Соның бірі Сабыр болатын. Бірақ 2007 жылы оның өндірістік кооператив алдында 10 миллион теңгенің үстінде қарызы бар екені анықталады. Қарыз қайтуы керек. Қарыз күліп барып, күңіреніп қайтады дегендей, оны беру қиынға түседі. Соған орай Қорлан мен Сабырдың арасында келіспеушілік туындап, бірте-бірте ол алауыздыққа айналады. Сонымен, шынында Сабырдың беретін ақшасы болмады ма, әлде әдейі қайтарғысы келмеді ме, кім білсін, жағдай ушыға бастайды. Оның шиеленіскені сондай, Сабырдың санасын түрлі арам ойлар шырмап, ұйқы бермейді. Ақыры ол тығырықтан шығар бір жол тапқандай болады. Адам жоқ болса, бас ауыртатын мәселе де болмайды деген сөз бар. Ендеше, Қорланның көзін жою керек деп түйіндейді. Алғашқыда бұл ойынан өзі де шошыды. Қайткенде де біреудің көзін жою деген иманды адамның қолынан келе қоятын іс емес. Сабыр ақыры сол имандылықтың бәрінен аттап кетті. Егер Қорланның көзін жойса, бұдан қарызыңды қайтар деп қыспаққа алатын адам да жоғалады. Бірақ, қалай қылмыстық жоспарын жүзеге асырмақ? Жалғыз өзінің қолынан келе қоятын шаруа емес. Қиналғанда жан тәтті дегендей, кенет оған тығырықтан шығар жол табылғандай болады. Өзінің жерлесі әрі досы Естай да Қорланға қыруар ақша қарыз болатын. Оның да көп соманы иесіне қайтара салуға ықыласы жоқ еді. Жамбасына басып қалса ұпайы түгенделіп шыға келеді. Демек, Естай айтқанға көнеді. Ол Сабырдың ұсынысын естігенде солай болуы керек секілді бірден қабыл алды. Кезінде оны Қорланмен таныстырған да осы жерлесі болатын. Кейін Қорланның сеніміне әбден кірген соң Естай өндірістік кооператив үшін бес жүз бас қой аламын деген мақсатпен одан үш миллион теңге қарызданады. Бірақ бұл мақсатын орындаудың орнына ол қолына түскен ақшаны өз жеке бас пайдасына жаратып жібереді. Міне, осы жағдайды жақсы білетін досы оны жанды жерінен ұстап, Қорлан ақшаны сұрап жатыр деп бірнеше мәрте қысымға алады. Ақыры бір келгенде енді ақшаны қайтармасаң, саған көресіңді көрсетемін деп адамдарын жібергелі жатыр дейді. Бұдан кейін Естай әзір ақша жоқ, не істеу керек деп ақылдасқандай қинала тіл қатады. Сұрағанға іздеген деген, тап осы сәтті күтіп жүрген Сабыр оған өз жоспарын білдіре қойған еді. Енді Сабырдың жүгі сәл-пәл жеңілдегендей болды. Естай ұсынысқа іштей қуанбаса, ешқандай үрку танытқан жоқ. Ол өзінің бір танысы арқылы барлық шаруаны бітіруге тиісті негізгі орындаушымен кездеседі. Әрине, орындаушыны, яғни жалдамалы кісі өлтірушіні ешкім білмеуге тиіс. Сондықтан екеуара ғана кездескен олар істің у-шусыз бітуіне ерекше мән берді. Бұл жұмысы үшін орындаушы Еркін екі миллион теңге сұрады. Екі миллион теңге де аз ақша емес, бірақ алған беттен енді қайтуға болмайды, ал ақша төлемесе іс бітпейді. Сонан амал жоқ ол Еркінді Сабырмен кездестіреді. Олар екеуі бір-бірін бірден ұғысып, ұялы телефон нөмірлерімен алмасады. Бастапқы аванс ретінде орындаушы Еркінге 400000 теңге ұстатылады. Бұдан кейін Естай да кеудесін кере бір еркін дем алып, құпия істің шешім табатындығына күмән келтірмеді. Еркін мылтық сұраған соң оның ұңғысын кесіп, винчестердің дүбін қоса береді. Жан баласының жанына жақпайтын өзгеше тапсырысты алып, қомақты қаржыны қалтаға басып, қолына мылтық ұстаған Еркін енді өзіне де серік іздеуге кіріседі. Жалғыз өзінің бел шешіп кірісуге жүрегі дауаламады ма, әлде бір өзінің шамасы келмейтіндігін білді ме, әйтеуір бұрыннан таныс Балқарды жанына қосады. Бірақ оған адам өлтіру туралы түпкі ойын ашпайды. Тек Қорлан деген біреуді ұрып-соғу керектігін түсіндіреді. Бұған Балқар қарсылық білдірмейді. Қылмыстық екеудің әзір болғанын естігеннен кейін Сабыр олармен тағы бір мәрте кездеседі. Қапшағай қаласынан жеткен екеуін Сабыр өзінің “БМВ” көлігімен күтіп алады. Арнайы пәтер жалдап, орналастырады. Алда атқарылар жоспарды жан-жақты талқылап, пысықтайды. Істің тезірек әрі өзі ойлағандай орындалуы үшін тапсырысшы ретінде орындаушыларға тағы да қолма-қол жеті жүз мың теңге береді. Бұдан кейін ол қылмыстық топтың басшысы ретінде Еркінге Қорлан тұратын үйдің кіреберісін және марқұмның өзін сырттай көрсетеді. Бұл арада олар Қорланның ертеңгісін үйден шығатын, жұмыстан оралатын кезін, уақытын нақты анықтап алады. Сабырдың көрсетуі бойынша Еркін Балқарға өздерінің қорқытып, ұрып-соғатын адамының түр-түсін суреттеп береді. Оның айтуынша, Қорлан ұзын бойлы, ақ шалған қысқа шашты дейді. Сөйтіп, іске кірісетін сәт те туады. Бұл 2007 жылдың қыркүйек айының ортасы еді. Алматы таңы тамылжып тұрды. Ертеңгілік сағат жетіде ару қаланың тіршілігі түнгі дамылдан кейін қалыпқа түсе бастаған. Бұл кезде Еркін мен Балқар да 16 калибрлі шолақ мылтықтары мен оқ-дәрілерін арқалап Әуезов ауданындағы “Жетісу-4” шағын ауданындағы үйге жетеді. Шолақ аңшы мылтығын дайындаған Балқар оны бұта арасына жасырып қояды. Содан Еркіннің әмірін күтіп, елеусіз отырады. Көп ұзамай бұлар аңдыған кіреберістен ұзын бойлы ақ шашты азиялық пішіндегі ер адам шығады. Екеуі де біздің нысанамыз осы деп бірден тоқтам жасайды. Балқар бұта түбінде жатқан мылтықты алып, Еркіннің қолына ұстатады. Анау еш кідірместен демін ішіне тартып қолына қаруды қысады да алаңсыз жөнімен кетіп бара жатқан еркектің соңынан жүгіре басып, таяп барып, жауырын тұсынан атып жібереді. Қорқауға да жан керек дегендей, екеуі сол сәтте істерінен шошынғандай қолдарындағы қаруды да тастай салып қанды оқиға орын алған жерден тұра қашады. Сол қашқаннан таксиге отырып, Қапшағай қаласына тартады. Осымен қылмыскерлер дегендеріне жетті, қарызын сұрап мәселе тудырған адамның көзі жойылды, бірақ кісі қанын мойындарына жүктеген қанды қолдар қашып құтыла алмады, сотталды деп бұл оқиғаға нүкте қоя салуға болар еді. Алайда, айтар әңгіме алда. Демдерін алған Еркін де, Балқар да Қорланның өлгеніне кәміл сенді. Өйткені, жақыннан атылған аңшы мылтығының оғынан тірі жанның аман қалуы екіталай еді. Соны місе тұтқан Еркін Алматы облысы, Кербұлақ ауданына кетіп қалған Естайға келеді. Сен тапсырыс берген адамның көзін жойдық, енді қалған ақшаны тез бер дейді. Бұлардың адамды ақша үшін оп-оңай о дүниеге аттандырып жібере алатынын жақсы білсе де анық-қанығына әбден көз жеткізу үшін Естай осы қылмыстың бастаушысы Сабырға телефон шалады. Сөйтсе... Ие, расында Еркін мен Балқар сол жерде, сол уақытта адам өлтірген екен. Марқұм өзінің ажалын әкелген кімдер екенін де білместен, көрместен о дүниеге аттанып кетіпті. Артында жылап, еңіреп туыстары қалды. Ұқсастықтың опық жегізген тұсы осы шығар, Қорланның сыртқы бейнесінен ол аумай қалыпты. Сондықтан да оны екі қылмыскер тура Қорланның өзі деп ұғыпты. Сонан негізгі адам аман қалғанын Сабыр Естайға қинала айтты. Сондықтан тапсырма орындалған жоқ, демек ақша да берілмейді деді, Естай. Ал шатыстырып өзге жазықсыз біреудің қанын жүктегендеріне, әрине, қылмыстық топтың ешқайсысы жандарын жеп қинала қойған жоқ. Ақша, дүние көз құртына айналып тұрғанда адам өмірі деген не, тәйірі? Бұл заманда бәрі де ақша үшін жүгіреді. Оны қалай тапсаң да өзің білесін, тек ұсталсаң опық жемейтіндей бол. Ал ұсталмай жатсаң, онда бәрі сенікі. Қылмыстық топ соған бек сенді. Сабыр мен Естай Еркіннің Қорланды қалай да өлтіруі керектігін алдына тартты. Енді басталған істі аяғына дейін жеткізу қажет, шегінерге жол жоқ, деді олар. 16 калибрлі шолақ аңшы мылтығынан айырылып қалған соң, Сабырдың ұсынысы бойынша Естай өзінің 12 калибрлі винчестерін шолақ мылтыққа айналдырады. Бұл аздық қылып жатса дегендей онымен бірге Макаров тапаншасын қоса береді. Сонымен Еркін кісі өлтіруге қайтадан сақадай-сай әзір болады. Бірақ, қанша тәжірибелі болса да тағы да жалғыз өзі қан жүктеуге беттей алмайды. Қасына Балқарды қайыра ілестірейін деп еді, ол айтқанға көнбеді. Сен мені алдадың. Біз адам өлтіруге емес, тек қорқытуға, ұрып-соғуға барамыз деп келісіп едік, алайда сен өтірік айттың, мұның жарамады, деді ол. Сонан оның енді қайтіп қасына ермейтінін білген Еркін бұрынғы таныстарының бірі Мансұрды тауып алады. Оған да қасақана біреуді өлтіруге бара жатқандықтары туралы айта алмай, жүз мың доллар сақталып тұрған кеңсені тонаймыз дейді. Көкала долларды қақ бөліп алатындығын жеткізеді. Мұншама ақшаны бір сәтте қолдарына түсіретін болса, неге тартынсын, Мансұр да бірден келіседі. Сөйтіп, қылмыстық топтың үш белсенді мүшесі Сабыр, Естай және Еркін өзара ақылдасып тағы жоспар құрады. Үйдің қасындағы әрекеттері сәтсіздікке ұшыраған соң Қорланды кеңседе отырған орнында тұншықтыру қажет деп шешеді. Бұл ұсыныстары өздеріне ұнап қалады. Өйткені, офиске қасақана кісі өлтірейін дегендер емес, ақша іздегендер қарақшылықпен шабуылдаған екен деген болжам жасалады дейді. Сол бойынша ізшілерді шатыстыруға мүмкіндік туады деп қорытады қылмыскерлер. Олар ойлаған жоспарды ғана жүзеге асырып, кейін тып-тыныш ешкімнің көзіне түспей су түбінде жата қаламыз деп ұйғарады. Бірақ, алда әлі не күтіп тұрғанын бірде-бірі нақты топшылай алмайды. Қаншалықты сақтық таныттық дегенімен, үлкен қателік жібергенін байқамайды. Бұл кезде құқық қорғау органдары да қарап жатпаған еді. Тура үйінің алдында ер адамды атып кеткен белгісіз біреулер ізделіне бастаған. Бұл жағдайдың Сабыр бастаған қылмыстық топқа ешқандай қатысы жоқтай көрінді. Расында, бұлардың шаруасына ешкім кедергі келтірмеді, талтүсте қару асынып жүрген оларға ешкім назар да аудармады. Сонан біз не істесек те өзіміз ғана білеміз деген олар қару-жарақтарын асынып алып, Қапшағай мен Алматы арасында емін-еркін жосылтып жүрді. Қанды оқиға болар күннің алдында Еркін мен Мансұрды қолындағы қаруларымен сонау Қапшағай қаласынан Сабыр өзінің “БМВ” көлігімен жолдағы барлық жол полиция бекеттерінен аман-есен өткізіп, Сейфуллин мен Мақатаев көшелері қиылысқан аудандағы жалдамалы пәтерге алып келеді. Сабыр екеуіне қажеттеріңе жаратыңдар деп отыз мың теңге тастайды. Ертеңгісін Еркін ерте оянды. Сағатына көз жүгірткен, әлі жеті бола қоймапты. Төсегінен атып тұрып, Мансұрды оятты. Бір-екі сағаттан соң істейтін тірлігін еске алғанда жүрегі дүрсілдеп қаға жөнелді. Жуынды, шайынды. Балконға шықты, қайта кірді. Бірақ тұла бойындағы діріл кетер емес. Мен қорқатындай бұл бірінші ісім емес қой деп өзіне басу айтқандай болды. Алайда тынши алмады. Содан таңғы оразаларын ашар-ашпастан такси ұстап Зейін Шашкин көшесі бойында орналасқан “Сарытал” фирмасының кеңсесіне жетеді. Уақыт әлі ерте, екеуі кіреберіске қарсы жақтағы орындыққа жайғасады. Екі көздері келген адамдарда. Бірақ олардың біріне де жете назар аударар емес, өзге жұртты көрсе де, көрмегендей сана-сезімдері тұмшаланып қалғандай. Бейсауат отырған бұларды фирманың ерте келген кейбір қырағы қызметкерлері байқап қалып жатқандарында шаруасы болмады. Көп ұзамай сағат ертеңгі 09 шамасында қызметтік көлігімен жұмыс орнына Қорлан да келіп, ішке кірді. Еркін мен Мансұр амалсыз тапжылмай отырған орындықтарынан құйрық көтерді. Оралған қаруларын: бірі ұңғысы кесілген шолақ мылтықты, екіншісі МТ тапаншасын қойнына тыға ұстады. Олардың сенгендері осы қарулары. Сол қаруларының арқасында өздері де керемет өмір кешпек секілді көрінді. Өйткені, осы бір адамның көзін жою арқылы ғана миллиондаған теңге алмақ. Ал бұған дейін ұқсастығымен абайсызда қарауылға ілініп кеткен жазықсыз жанның өлімі шыбын құрлы саналмады. Тіпті олар үшін ұмытылып та кетті. Еркіннің ойында қазір бір-ақ мақсат тұрды. Соны жүзеге асыру үшін ол кідіріп жатпады, орнына отырып, күнделікті жұмысын жүргізе бастаған Қорланның қасына жетіп келді де басына мылтықтың ұңғысын тақай беріп, шүріппені басып қалды. Бұл ғимаратта бұрын-соңды естілмеген бір үн тарс етті. Басқа бөлмедегі адамдарға екінші қабаттан бір зілмауыр тас гүрс етіп құлап түскендей болды. Қорлан тіл тартпай кетті. Кенет Еркін осы бөлмеде тағы бір адамның бар екенін байқап қалды. Ол қару кезенген жанды көргенде орындық артына бұғып қалған болса керек. Еркін оны атарға оғы болмаған соң шалт қимылдап, мылтықтың дүбімен бастан ұрып сұлық түсірді. Бірақ анау да осал емес екен, қанға бөккен басын ұстай қайта көтеріле бастады. Енді өзіне қарсы ұмтылса күш бермей кетердей көрініп, Еркін кері шегінді. Сосын жалт беріп Мансұрдың қолындағы тапаншаны жұлып алды да соққысы дарымаған жанды көздеместен басып қалды. Батыр бір оқтық деген, анау жалпасынан түсті. Қарсы келер негізгі жандардан құтылған Еркін енді қабылдау бөлмесіндегі қыз-келіншектерге бас салды. Қолына іліккен біреуін шашынан ұстай шыңғыртып, ақша қайда деп айқай салды. Олар кенеттен бастарына төнген мына жәйттен жай түскендей естері шығып, тіл-ауыздары байланып қалды. Қылмыскерлердің не сұрап жатқандарын да қапелімде түсіне алмай, жалбарына жылап білмейміз дегеннен басқа түк айта алмады. Қолы қанға батқан Еркін ызадан жарылардай болып әйелдерден түк шықпасын білгендей тастай салды да, үстел үстіндегі ноутбукке жармасты. Оған қоса шағын сейфті ала Мансұрды еріте кеңседен шыға жоқ болды. Көрікті де әсем, ару қаланың қақ ортасына орын тепкен “Сарытал” фирмасының бас кеңсесінің іші алапат дауыл жүріп өткендей астан-кестені шығып қала берді. Табан астында екі адам өліп, бір адам ауыр жараланды. Бірнеше жүз мыңның дүниесі қолды болды. Қылмыскерлер атарын атып, аларын алып тайып отырған соң құқық қорғаушылар да қаптап кетті. Кейін бәрі анықталып, іс сотқа жеткенде осы қылмыстың бас ұйымдастырушысы Сабыр айыбын мойнына алмауға тырысты. Бірақ оның жандайшаптары бәрін айтып берді. Куәлер көргенін растап, білгенін жайып салды. Сөйтіп, бас орындаушы қылмыскер Еркін өмір бойына сотталып, бас ұйымдастырушы Сабыр 22 жылға, ал Естай 19 жылға бас бостандықтарынан айырылып, қатаң режімдегі түзеу мекемесіне айдалды. Алматы қаласы сотының үкімін Жоғарғы Сот өзгеріссіз қалдырды. Александр ТАСБОЛАТОВ.