Қазір елімізде Ата Заңымыздың 15 жылдығына орай әр түлі іс-шаралар өкізіліп жатқаны белгілі. Сондай шараның бірі “Конституция – демократия мен қоғамдық тұрақтылық негізі” тақырыбында “дөңгелек үстел” сәрсенбі күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Аталған шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы, Астана қаласының әкімдігі мен “Казахстанская правда” газеті ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына Сенат Төрағасының орынбасарлары Мұхамбет Көпеев пен Александр Судьин, Ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдар мен мәдени бірлестіктер басшылары қатысты. Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жүргізіп отырды. Осы ретте шара аясында “Казахстанская правда” газеті беттерінде жарық көрген материалдар негізінде әзірленген “Казахстан: территория мира и согласия” атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткенін айта кету керек. Кітап ел Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойларына орайластырылыпты. “Казахстанская правда” республикалық газеті” АҚ басқарма төрағасы Александр Тараков кітаптың тек алғашқы 40 данасы ғана жедел жеткізілгендігін тілге тиек етсе, кітап бойынша өз пікірлерін Мәжіліс депутаты Олег Дымов пен республикалық әдеби-көркем және қоғамдық-саяси “Нива” журналының бас редакторы Владимир Гундарев ортаға салды.
Алдымен сөз алған Ералы Тоғжанов Ата Заңның маңызына ерекше тоқталып өтті. “Конституция мемлекет құрылуындағы қоғамның мұрат, мақсатын айқындайтын басты құжат. Ата Заңның басты мақсаты да ілгері мемлекет орнату, мемлекет ішіндегі қарым-қатынастардың сипатын айшықтау”, деді ол. Өз кезегінде Мұхамбет Көпеев ойын былай өрбітті: “Біз бейбітшілік пен ынтымақтың арқасында өткенімізді бағамдап, алға үлкен мақсаттар қойып жүрміз. Осының барлығы қазақстандықтардың тірлігі мен бірлігінің, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасы деп есептеймін”. Сондай-ақ Еуропалық құқық және адам құқығы институтының директоры Марат Башимов, “Нұр Отан” ХДП сараптамалық орталығының директоры Қазбек Қазкенов сөз сөйледі. Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар этносаралық және конфессияаралық төзімділік қазақстандық моделінің құқықтық негіздері 1995 жылғы Конституцияда көрініс тапқанын атап көрсетті.
Қорытындысында дөңгелек үстелге қатысушылар елдің дамуындағы Президент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ерекше рөлін атай келіп, қоғамдық санада Конституция күнін қоғамды ұйымдастырушы ерекше маңызды шара деген түсінік қалыптастырып, азаматтардың назарын мемлекеттілік пен тәуелсіздік деген ең маңызды құндылықтарға аудару қажеттілігін жан-жақты әңгіме өзегіне айналдырды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.