Сурет: gov.kz
Комиссия жұмысы бірнеше кезеңде өтті. Алғашқы отырыстарда реформаның жалпы бағыты айқындалды. Бірпалаталы Парламент – Құрылтай моделіне көшу, Халық кеңесін құру, Вице-президент институтын енгізу, заң шығару рәсімдерін қайта қарау секілді стратегиялық мәселелер көтерілді. Бұл ұсыныстардың барлығы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын жаңа сапада іске асыруға бағытталған. Реформаның тұжырымдамалық негіздері айқындалды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей, ұсынылып отырған жаңа нормалар комиссия отырыстары барысында ғана пайда болған жоқ. Бұл – жарты жыл бойы азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық белсенділерден eOtinish пен eGov платформалары арқылы келіп түскен 10 мыңға жуық ұсыныстың қорытпасы. Яғни реформа – қоғаммен бірге пісіп-жетілген шешім.
Сол кезеңде бірпалаталы Парламент – Құрылтай моделіне көшу мәселесі басты тақырыптардың біріне айналды. Мұнда негізгі салмақ партияларға түседі. Яғни сайлаушы бір адамға емес, белгілі бір саяси бағдарламаға, идеяға дауыс береді. Бұл халықтың еркін кейін бұрмалауға, депутаттың жеке мүддеге қарай бағыт ауыстыруына жол бермейді. Партия алған дауыс санына сай мандат алады және сол сенім үшін толық саяси жауапкершілік арқалайды.
Комиссияның келесі отырыстарында нақты баптар талқыланып, реформаның құқықтық мазмұны айқындала түсті. Үкімет, сот жүйесі, прокуратура, Конституциялық сот, адам құқықтары мен бостандықтары, арнайы құқықтық режім секілді бағыттар бойынша ұсыныстар пысықталды. Бұл кезеңде реформаның тек саяси емес, құқықтық салмағы айқын сезілді. Екіұшты түсіндіруге жол бермейтін, нақты әрі анық нормалар қалыптастыру басты мақсат болды.
Адам құқықтары мәселесіне ерекше мән берілді. Жаңа редакцияда өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке басына тиіспеушілік қағидаты күшейтіледі. Конституция деңгейінде Миранда ережелерін бекіту ұсынылды.
Преамбула толық жаңартылды. Бұл жерде Конституцияның идеялық-моральдық негізі күшейтілді. Адам, оның өмірі, қадір-қасиеті, құқықтары ең жоғары құндылық ретінде айқын бекітілді. Реформа тек саяси құрылымдармен шектелмейді. Мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарын нақты көрсету қажеттігі, өмір сүру құқығын абсолютті норма ретінде бекітудің маңызы, мемлекет пен дін қатынасын нақты құқықтық шеңберде реттеу қажеттігіне назар аударылды. Сонымен қатар неке мен отбасы құндылықтарын қорғау, қоршаған ортаға жауапкершілік, дербес деректерді қорғау, зияткерлік меншік мәселелері де нығайтылды. Сот төрелігі мен судьялардың тәуелсіздігіне қатысты нормалар нақтыланды.
Комиссия жұмысы көрсеткендей, бұл өзгерістер «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының жаңа мазмұнда іске асуына жол ашады. Өңірлер үшін бұл реформаның мәні ерекше. Заң шығару үдерісінің ықшамдалуы, Парламент жауапкершілігінің артуы аймақтардан көтерілген мәселелердің ұлттық деңгейде нақты әрі жедел қаралуына мүмкіндік береді. Пропорционалдық жүйе арқылы облыстық мүдде партиялық бағдарламаларда көрініс табады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару мен өңірлік саясаттың жаңа сапасына жол ашады.
Маңыздысы – ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің біртұтастығына, аумақтық тұтастығына қауіп төндірмейді. Бұл норма өзгеріссіз қалды. Белгілі бір аумақтарда арнайы құқықтық немесе қаржылық режім енгізу тек экономикалық дамуды ынталандыруға бағытталған және тек конституциялық заң арқылы жүзеге асады.
Ата заң мəтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналады деп сенеміз. Ата заң мемлекеттің ғана емес, халықтың таңдауы болуы керек. Сондықтан алдағы кезеңде қоғаммен ашық түсіндіру жұмысы, өңірлердегі талқылаулар ерекше маңызға ие.
Шалқар БАЙБЕКОВ,
Абай облысы мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі