Сараптама
Төскейде малы, төсекте басы қосылған қырғыз ағайындардың басындағы жағдай әлі де тұрақтанды деп айту қиын. Әсіресе, ел гуманитарлық көмекке зәру. Еліміз ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде және өзі тарапынан Қырғызстанға жан-жақты көмек беріп келеді. Жақында Ереван қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінде Қырғызстанға жан-жақты көмек көрсету қажет деп танылды. Осының өзі көршілес жатқан елдегі жағдайдың әлі де қолдауды қажет ететіндігін көрсетеді. Әне-міне дегенше оқу жылы да жақындап қалды. Алайда Қырғызстан алдағы оқу жылына сақадай сай дайын отыр дей алмайсың. Мәселен, Бішкек қаласының мэрі Иса Омарқұловтың мәліметіне қарағанда, бір қырғыз астанасының өзінде 345 мұғалімге және 30 мың оқушыға орын жетіспейді екен. Қазіргі таңда ел астанасының білім беру жүйесіне 2010-2011 оқу жылына 900 миллион сом қарастырылыпты. Ал өзбек мектептеріндегі оқулықтар негізінен Қазақстанда басып шығарылған. Ұлтаралық қақтығыс орын алған Ош қаласы мэриясының алдына жиналған ата-аналар өз балаларының қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, онда мектепке жібермейтіндіктерін айтып шағымдануда көрінеді. Өйткені, орын алған қақтығыстардан қаланың көптеген кварталдары жапа шеккен болатын. Қазір осы кварталдар тұрғындары өз балаларының тағдырына алаңдаулы. Бішкектегі шілде айындағы қанды оқиға елді тығырыққа тіреп қана қоймай, ел тұрғындарының жүйкесіне теріс әсер еткені де мәлім. Бұл жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қырғызстандағы офисінің жетекшісі Оскон Молдокулов Бішкек, Ош және Жалалабад облыстарының психотерапевтері мен психиатрлары арасында арнайы тренинг өткізу барысында тілге тиек етті. “Республиканың оңтүстігінде орын алған маусымдағы оқиғалардан кейін 100 мың адам психоәлеуметтік көмекті қажет етеді”, деді ол. 7 маусым күні оппозицияның қырғыз астанасындағы акциясы барысында 2 адам қаза тауып, тағы 90-ы жараланған болатын. Мұндай акциялар қазір де тоқтар емес. Мәселен, кеше Қырғызстан астанасындағы қалалық сот ғимараты алдында Ұлт қауіпсіздігі мемлекеттік қызметі “Альфа” құрылымының қызметкерлеріне қатысты шешімді өзгерту туралы талаппен акция өткізілді. Арнайы құрылым басшысы Алмаз Жолдошалиевті қоса алғанда альфалықтарға 2010 жылы 7 сәуірде ҚСДП офисінің алдында қаруларын жоғалтты, заңсыз бұйрықты орындады, сондай-ақ Үкімет үйі алдына жиналғандарға оқ атты деген айыптар тағылып отыр. Осы акцияның өзінен халықтың заңдылыққа жүгінуден гөрі кейбір жеке тұлғаларға иек артатыны байқалып қалып отыр. Жақында Ош қаласының мэрі Мелис Мырзаакматовты қолдауға байланысты мыңдаған адамды жинаған үлкен акция болып өтуінің өзі осы сөзіміздің айғағы болса керек. Сарапшылар аталған оқиғаны сәуір айындағы қанды оқиғаның сарқыншағы деп бағалауда. Қалай болған күнде бұл жәйт билікке ой салса керек. Қырғызстанның оңтүстік астанасы атанып кеткен сол Ош қаласында ұнға деген баға өсіп кеткен. Қазіргі таңда бір қап ұнның бағасы 250-300 сомға бағаланып отырған көрінеді. Бұл, әрине, өз кезегінде қарапайым тұтынушылардың қалталарын қағуда. Ресей Федерациясындағы құрғақшылық, одан қалса көршілеріміздегі өңделмей қалған жерлер өз дегенін істеген сыңайлы. Баткен облысында судың тапшылығынан 6 мың гектар алқап құрғап жатқаны, ал Шу облысы Жайылым ауданындағы 5 мың гектар жердің өнделмегені осы айтылған сөзіміздің айқын айғағы. Осыған орай Қырғызстан ұнға салынатын салық мөлшерін килосына үш сомнан бір сомға дейін төмендеткені мәлім болып отыр. Бұл бұл ма, Ош және Жалалабад қалалары тұрғындарын тағы бір мәселе мазалайды. Осы қалаларды жөндеу және қайта қалпына келтіру дирекциясының директоры Жанторо Сатыбалдиевтің айтуынша, егер қыс мерзімінен бұрын түсетін болса, онда Қырғызстанның оңтүстігіндегі жапа шеккендер уақытша баспаналарда тұра тұруларына тура келеді екен. Дирекция 1 мың 836 үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Енді сол іргетастары қаланған баспаналарды қар түскенше салып бітіру оңай шаруа болмайын деп тұр. Оның үстіне ақша және материалдық құндылықтарды жымқыру 2010 жылдың жартыжылдығында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 55 есе өскен. Есеп палатасы осындай мәлімет таратыпты. Қаржылық заң бұзушылық салдарынан келген зиян 5 есе артып, 663 миллион 300 мың сомды құраған. Бұдан басқа Қырғызстанның мемлекеттік қарызы шілде айындағы көрсеткіш бойынша 8 миллиард 519 миллион сомға жеткені өзіндік қиындықтар туғызары айтпаса да түсінікті. Қалай болған күнде де Қырғызстанның өзгелердің көмегіне зәрулігі күшейе түсетіні аңғарылады. Түркия Ош пен Жалалабад қалаларын қайта қалпына келтіруге деп 11 миллион доллар бөлетін болып шешім қабылдаған. Бұған дейін Қазақстан жақын көршісіне 20 миллион доллар төңірегінде және донорлық конференция өткізу тұрғысында көмек қолын созған еді. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінде мәлімдеме жасаған Ресей Президенті Дмитрий Медведев Қырғызстанға жан-жақты көмек көрсету туралы шешім қабылдайтындығын хабарлады. Мұны ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының басты жетістігі деп бағалаған жөн. Қорыта келгенде айтарымыз, Қырғызстан халқының саясиланып кеткені сонша, саяси акцияға шыққан халық 5-6 баллдық жер дүмпуіне пысқырып та қарамаған көрінеді. Осының өзі халықтың күнделікті тұрмыстан алшақтап кеткенін айғақтап тұр. Алда елді парламенттік басқару жүйесіне бастайтын сайлау науқаны жақындап келеді. Қырғыздар үшін ендігі мәселе – сол сайлауды “сайқал саясатқа” салмай, абыроймен өткізу. Кезекті саяси тартысты елдің экономикасы да, тұрғындарының жүйкесі де көтермейтін түрі бар... Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.Америкалық сарапшы Рахмоновтың жалғыз қателігін атады
Спорт • Бүгін, 12:59
Талғар қаласында әкім сайлауы өтіп жатыр
Сайлау • Бүгін, 12:21
Павлодар облысындағы ауруханада зейнеткердің 13 млн теңгесі қолды болған
Қоғам • Бүгін, 11:58
Павлодар облысындағы алтын кеніште ер адам қаза тапты
Аймақтар • Бүгін, 10:57
Жетісу облысында қар құрсауында қалған алты адам құтқарылды
Аймақтар • Бүгін, 10:15
Семейде Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші бой көтерді
Әдебиет • Бүгін, 09:20