Он бес жыл бұрын Қазақстан халқы жаңа Конституция жобасын республикалық референдумда бірауыздан қолдады. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесін атап өткен сайын біз халқымыздың Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған дұрыс жолды таңдағанына көз жеткізумен келеміз.
Жаңа Конституция қабылдау қажеттігі саясат пен экономикадағы, соған сәйкес, халық санасындағы түбегейлі өзгерістерге орай туындады. Референдум алдында Конституция жобасы кеңінен талқыланып, халықтан 30 мыңға жуық ұсыныстар түсіп, әлемнің басқа елдерінің де тәжірибелері ескерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, “Конституцияның авторы халық деп айтуға толық негіз бар”. Ата Заң мемлекеттік билік пен қоғам институттарының қалыптасуы мен нығаюына негіз болып, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуетінің қарқынды дамуына қажетті жағдайларды бір жүйеге келтірді.
Ата Заңның басты ережелері негізінде еліміз үшін аса маңызды жаңалықтар өмірге келді: нарықтық экономика құрып, демократиялық қоғам негіздерін жасадық.
Елбасымыздың жүргізген реформаларын әлем мойындап, республикамыз посткеңестік кеңістікте реформалар көшбасшысы, тұңғыш нарықтық экономикалы ел атанды.
Ата Заң тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық һәм мемлекеттік құрылымдарының іргесін бекіте түсті. Қазақстан Республикасының Конституциясында негізгі мұраттарымыз ретінде қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, экономикалық даму және мемлекеттік маңызды мәселелерді демократиялық жолмен шешу керектігі нақтыланған. Конституцияға сәйкес, елімізде жаңа демократиялық институттар құрылып, демократияның негізгі принциптері жүзеге асырылды: билік заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі болып бір-бірімен үндес үштағанға айналдырылды.
Қазақстан Республикасы әр адамның құқы мен еркіндігін аса жоғары бағалайтын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып бекіді. Ата Заң заң шығарушы органды заң қабылдағанда ең бірінші кезекте адам құқын ескеруге міндеттеді.
Біздің Конституциямыз бен заңдарымыз адамның шығармашылық, жасампаздық күш-қуатын байытып отыруға бейіл. Республикамыздың әр азаматы алаңсыз өмір сүріп, білім алады, еңбек етеді, сүйікті ісімен, спортпен шұғылданып, құқы мен еркіндігі аяқасты болады деп қорықпайды. Өйткені, жұртшылық өз қауіпсіздіктерін қорғап, кепілдік беріп отырған Конституция барын жақсы біледі.
Қазақстан Конституциясы республиканың негізгі принциптерін жария етті. Олар қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, мемлекет өмірінің неғұрлым маңызды мәселелерін, соның ішінде республикалық референдум мен Парламентте дауыс беруді демократиялық жолмен дамыту болып табылады.
Конституцияда патриотизм ұғымына ерекше маңыз берілген. Бүгінде біздегі түрлі мамандық иелері, солардың қатарында қазақстандық спортшылар өздерінің әр саладағы тамаша табыстарымен, ел рухын көтеретін жеңістерімен, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ұйымшылдығымен патриотизмнің нағыз үлгісін көрсетіп отыр.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан спортшылары 10 жазғы және қысқы олимпия ойындарына, көптеген Азия және әлем чемпионаттарына қатысты. Бұқаралық спорт шараларына жыл сайын республиканың әр жастағы миллиондаған адамдары қатысады. Бүгінде Қазақстанда дене шынықтыру мен спортпен жаппай шұғылдануға мүмкіндіктер кеңейе түскен. Қалалар мен ауылдарда заман талабына сай спорт ғимараттары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары мен бассейндер салынып, ел игілігіне берілуде.
Демократиялық, тұрақты дамушы мемлекет ретіндегі беделінің арқасында Қазақстанда әлем чемпионаттары мен халықаралық ауқымдағы басқа жарыстар жиі өткізілетін болды. 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін 7-қысқы Азия ойындары осы сөзімізге нақты дәлел.
Айта кету керек, мемлекетіміз ел ішінде де, халықаралық ауқымда да сан түрлі ұлттар мен конфессиялар өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасты, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді. Соның бір жарқын мысалы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер форумы құрылып, оның ІІІ съезі Астанада өтті. Бұған қоса, Қазақстан әлемдегі қуаттылығы жағынан төртінші ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Еліміз ядролық қаруға біржола тыйым салу, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру тәрізді көптеген бейбіт бастамалардың авторы болып табылады. Біздің еліміз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мұрындық болды. Қазақстан өзінің зор беделі арқасында 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Биылғы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммиті өткізіліп, оның жұмысына әлемнің 56 мемлекетінің басшылары қатысады. Жас қазақ мемлекетінің әлемдік қоғамдастықтағы беделін осыдан-ақ біле беріңіз.
Қазіргі таңда Қазақстанда азаматтық қоғамның үкіметтік емес ұйымдар сынды маңызды тармағы жақсы дамып, қанат жайып келеді.
Әлемдік қоғамдастық біздің Конституциямызды елдің демократиялық даму жолын нарықтық экономика, азаматтық қоғамның барлық институттары негізінде қамтамасыз етіп отырған құжат ретінде бағалады. Өткен 15 жыл осы жоғары бағаның дұрыстығына көз жеткізді.
Ұлтаралық келісімнің беріктігі, Елбасы беделінің жоғарылығы, экономикамыздың тұрақты дамуы 7-қысқы Азия ойындарының Астана мен Алматы қалаларында өткізілуі туралы шешімнің қабылдануына негіз болды.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты нығайту, халықты әлеуметтік-құқықтық қорғау бағытындағы реформалар ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтаудың бірден-бір сара жолы. Біздің Конституциямыз осының бәріне толықтай кепілдік береді.
Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ,Туризм және спорт министрі.