28 Тамыз, 2010

29 тамыз — Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні

1664 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
АЛ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АУЫЗДЫҚТАЛМАҒАНЫ ҚАНША? АҚШ. Невада. Еліміз әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, Семей атом полигонын жапқанына биыл 19 жыл болғанымен, бұл өнегені жалғастырушылар табылмай отыр. Ірі державалардың сынақ алаң­дарында жарылыстар жүргізілмесе де, олардың полигон­дары жұмыс істейтіндер қатарында саналады. Невададағы ядролық полигон 1951 жылдан жұмыс істейді. Оның аумағы 3500 шаршы шақырым­дай. Мұнда 1951 жылғы 27 қаң­тар­дағы алғашқы жарылыстан бастап 1992 жылға дейін барлығы 928 жарылыс жасалған, оның 828-і жер астында жүзеге асырылған. АҚШ-тың басқа жерлерінде 126 ядролық заряд сынақтан өткен. 1953 жылғы 25 мамырда Нева­дада тарихта алғаш рет артил­лерия­лық ядролық снарядты ату сынағы өткен. Оның ядролық саңырау­құлағы Лос-Анджелесте көрінген екен. Ал өткен ғасырдың 60-шы жылдарында бұл саңырау­құлақтар 160 шақырымнан көрі­нетін болып, оларды қызықтап қарау үшін адамдар турист ретінде Лас-Вегасқа келеді екен. Мұндағы жер асты сы­нақ­тары 1992 жылғы 23 қыр­күйекке дейін жалғасыпты. Ал сыни массаға жетпейтін жары­лыстар әлі де жал­ғасады екен. 2006 жылы өте қуатты 1100 тонналық ядролық емес бомба жару жос­парланып, кейіннен бұл жоба ресми түрде алып тас­талыпты. Қазіргі кезде Невада ядролық полигонында жарылыстар жасал­майтын көрінеді. Мұнда ай сайын полигон бойынша турлар ұйым­дас­тырылады екен, оған кезек бірнеше ай бұрын қа­лыптасады. Келушілерге ка­мералар, дүрбілер, қалта­фондар, басқа да техникалар алуға рұқсат етілмейді. Сол секілді поли­гоннан ескерткішке тас алып кетуге де тыйым салынған. Сол турларға қатысушылардың айтуларына қарағанда полигонда еуропалық және америкалық қала­ларға тән ғимараттар тұрғы­зылған, түрлі техника мен көлік құрал­дары, әртүрлі құрылыстар орна­ластырылған. Бұл нысандар­дың бәрі жарылыс нүктелеріне түрлі қашықтықта және түрлі бұрышпен қойылады екен. Қорғалатын орындарға қойыл­ған жедел жылдамдықты камера­лар жарылыс толқындарының, радиацияның, температура мен ядролық жарылыстардың басқа салдарларының әсерін түсіріп тұрған. Ресей. Капустин Яр. 1946 жылғы мамырда, амери­калықтар Германиядан әкетілген А-4 снарядының алғашқы ұшы­рылуын Нью-Мексикадағы Уайт Сэндз полигонында жүзеге асыр­ғанынан бір айдан кейін КСРО-да да осындай полигон құру туралы шешім қабылданып, оған орын іздестіріле бастайды. Жеті түрлі нұсқадан метереология, гидро­логия, коммуникация, құрылыс мүмкін­діктері бойынша талдау жасалып, Астрахань облысындағы Капустин Яр селосы таңдап алынады. 1947 жылғы 18 қазанда КСРО-дағы алғашқы баллистикалық зымыран ұшырылған. Ол 86 ша­қырым биіктікке көтеріліп, ны­санадан 30 км. ауытқып, 274 шақырым жерге барып түскен. Содан 1957 жылға дейін Капустин Яр кеңестік баллистикалық зы­мырандарды сынаудың бірден бір орны болған. Полигонда Р-1 (1948 жылғы қыркүйек-қазан, 1949 жылғы қыркүйек-қазан), Р-2 (1949 жылғы қыркүйек-қазан), Р-5 (1953 жылғы наурыз), Р-12, Р-14, РСД-10, “Скад” және басқа зымыран­дар сыналған. 1957-1959 жылдары Капустин Ярда “Буря” атты конти­нент­аралық қанатты зымырандарды ұшыру жүзеге асырылған. 1960 жылғы 20 мамырда полигон аума­ғында Құрлық әскерлерінің зы­мырандық оқу орталығы ұйым­дастырылған. 1962 жылғы 16 наурызда бұл полигон космодромға айнал­дырылып, “Космос-1” жер серігі ұшырылған. Бұдан кейінгі жерде космодромда шағын зерттеу жер серіктері ұшырылып, олар үшін жеңіл сыныпты зымыран-ұшыр­ғыштар пайдаланылған. Кейінгі жылдары полигонда шағын және орта қашықтықтағы түрлі зымы­рандар, қанатты зымырандар сынақтан өтуде. Ашық деректерге қарағанда Капустин Яр полигонында 1950 жылдан бастап 300 метр биіктіктен 5,5 шақырым биіктікке дейінгі аралықта кем дегенде 11 ядролық жарылыс жасалған. Олардың жиын­тық қуаты Хиро­симаға тас­талған атом бомбасы секілді 65 бомбаның қуатына тең. Ресей 2008 жылы ұшырғыш зымырандардың 27 рет ұшы­рылуын жүзеге асырып, 2007 жылғы көрсеткішінен асып түскен. Бұлардың дені Бай­қоңыр­дан ұшырылса, біреуі ғана Ка­пустин Ярдың үлесіне тиген. Франция. Муруроа. Францияның негізгі полигоны ретінде Француз Полинезиясына жататын Туамоту архипелагының оңтүстік-шығысындағы Муруроа атолы аталғанымен, бұл ел негізгі сы­нақтарын Сахара шөлінде өткіз­гендігі белгілі. Осында 1960 жылғы 13 ақпанда француздың алғашқы атом бомбасы сынақтан өткен. Елдің ядролық бағдарламасын іске асыру 1954 жылы Фран­цияның Вьетнамдағы жеңілісінен кейін басталған. 1958 жылғы мау­сымда Шарль де Голль билікке кел­геннен кейін АҚШ-тың одақ­тастық кепілдіктеріне күмән кел­тіріп, атом бомбасын өз беттері­мен жасауға кіріскен. 1957 жылы Африкадағы Алжир елінің аумағына орналасқан Регган оазисінде үш жылдың ішінде 10 мың адам тұратын қалашық және ғылыми-зерттеу кешені салынған. Құрылыс 100 млрд. франкке түс­кен. Алғашқы сынақ осы поли­гонда 1960 жылғы 13 ақпанда жасал­ған. Кейіннен Париждегі орталық билікке қарсы көтерілген француз бүлікшілерінің қолына атом қаруы түспесін деп, 1961 жыл­ғы сәуірде сынақ алаңын жару­ға тура келген. Сөйтіп Алжир­­дің оңтүстік бөлі­гінен алғашқы полигоннан 560 шақырым жердегі Хоггар гранитті үстіртінде екінші полигон салынып, ол 1966 жылға дейін пайдаланыл­ған. Мұнда 13 жарылыс жасалған. 1962 жылы Ал­жир тәуелсіздік алған соң поли­гонды жаңа орынға, Муруроа атолына көшіруге тура келген. КСРО, АҚШ пен Ұлыбри­та­ния 1990-1992 жылдардан бастап ядролық сынақтарға жариялаған мораторийге Франция 1996 жылы ғана қосылған. Сөйтіп, 1960-1996 жыл­дарда Сахарада және Поли­незия­да барлығы 210 ядролық сынақ жүргізген, соның 181-і Муруроада жасалған. 1996 жылы Франция жерде орналасқан ортақ қашықтықтағы баллистикалық зымырандардан және жерде орналасқан тактика­лық ядролық қарулардан бас тарт­ты. Болашақта бұл ел сүңгуір қа­йықтардың баллистикалық зымы­рандарын ғана сақтап қалмақ. Қазіргі кезде сүңгуір қайықтардағы 384 стратегиялық оқтұмсықтардан басқа авиациялық тактикалық ядролық қарудың 80 бірлігі бар. Қытай. Лобнор. 1928 жылы 3100 шаршы шақырымға жететін ауданды алып жатқан Лобнор көлі суару­дың, айналасындағы ағаштарды кесудің сал­дарынан біртұтас айдын қалпын жоғал­тып, көптеген көлшіктерге бөлініп кеткен. Осында 1964 жылғы 16 қазанда Қытайдың алғашқы ядролық жарылысы жүзеге асырылған. Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан көл маңындағы полигонда 1996 жылғы 24 қыркүйекке дейін, ҚХР Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қойғанға дейін барлығы 45 сынақ (23-і – атмосферада, 22-сі жер ас­тында) жасалған. 1968 жыл­ғы 27 желтоқсанда қуаты үш мегатонналық атом бомба­сын жарса, 1970 жылғы 14 қазанда үш мегатонналық сутегі бомбасының жары­лысы жүзеге асырылған. Қытайдың атом бомба­сын жасауға деген ұмтылы­сына алғаш КСРО көмек­тес­­кені белгілі. Кейіннен екі ел­дің қарым-қатынасы на­шар­­­лаған кезде Мао Цзедун өз­дері­нің ядролық қаруын жасау жұ­­мы­сын өрістету жөнінде шешім қабылдаған. Бұл жобамен жұмыс істеуге 900-ге жуық ғылыми және өнеркәсіптік ұйымдар тартылған. Ал оның негізін уранды өндіру жө­нін­дегі (Ченсян, Хеншан Дапу, Шан­грао кеніштері), өңдеу және ба­йы­ту жөніндегі (Бао­тоу, Дзиуцян, Ланьч­жоу, Хэньян) кәсіпорындары, Цзюцюаньдағы плутоний әзірлеу орталығы, Цин­хайдағы солтүстік-батыс қару-жарақ­ты дамыту ор­талығы құраған. Олар­дың қатарын­а Пекин ядролық қару-жарақ инс­­титутын, Атом энер­гиясы инс­ти­тутын, Лоб­­нор­дағы сынақ по­лигонын қоссақ, қан­дай­лық қуатты күш шы­ғатынын аңғару қиын емес. Соның ар­қа­­сында Қытай бас­тапқы жоспарланған 8-10 жылдың орнына 5 жылда атом қаруына ие болған. 2009 жылғы жағ­дай бойынша Қытай жерде орналастыру және теңізде алып жү­рудің жаһандық ау­қымдағы ядролық құ­рал­дарына ие бо­лып отыр. Олардың ішін­де жерде орна­ластыру зымыран­дары, орта қа­шық­тықтағы зымы­ран­дар, 2500 шақы­рым қа­шық­тыққа де­йін яд­ро­лық оқтұм­сық­тар­ды жеткізуге қабілетті бомбар­дировщиктер бар. 2007 жылы Лоб­нор полигонында ту­ристер үшін база ашылып, оларға ал­ғаш­қы ядролық бом­ба сыналған орындар көрсетілетін болған. КХДР. Янгандо. Корей халық-демократиялық республикасы 2005 жылғы ақпанда алғаш рет ядролық қару жасағаны туралы ашық мәлімдесе, 2006 жылғы 9 қазанда алғашқы ядро­лық жарылыс жүргізілген. Егер бір зерттеушілер Ким Ир Сен 1950-1953 жылдарғы Корей соғысында АҚШ-тың Пхеньян мен оның төңірегіне 7 ядролық заряд тастау­ды жоспарлағанын білгеннен ке­йін 1956 жылы КСРО-мен ядро­шы мамандарды дайындау келі­сі­­міне қол қойған. Енді бір зерт­теушілер 1952 жылы Атом энер­гия­сын зерттеу институтын құру туралы шешіммен байланыс­тырады. Қалай болғанда да алғашқы шаралар 50-ші жыл­дардың аяғында алынған болуы керек. 1959 жылы КХДР КСРО-мен және ҚХР-мен ядро­лық энер­гияны бейбіт пайдалану сала­сында ынтымақтастық туралы келісім жасасып, зерттеу орта­лығына кеңес­тік реактор орнатыл­ған бола­тын. Бейбіт мақсатта делін­генімен, 1992 жылғы маусым­да елдің атомдық нысандарында басталған МАГАТЭ инспекциясы кейбір күмәнді жәйттерді анықта­ды. Шу шыққаннан кейін Корея­ның атом энергиясы жөніндегі министрі инспекцияға рұқсат берілмейтінін айтса, 1994 жылғы 13 маусымда КХДР МАГАТЭ құра­мынан шықты. Кезінде бұл елге көмектескен Ресей мен Қытай да 2004 жылғы маусымда 6 жақты келіссөздердің үшін­ші раундында ядролық дағ­дарысты шешу үміті пайда бол­ғанын айтқан еді. Бірақ Пхеньян бұл келіссөзден де шы­ғып тынды. Кейіннен бұл ел Жапонияға, Корея Республи­касына, басқа елдерге де ядролық қоқан-лоққы жасауға көшкенде, ядролық сынақтарды жалғастыра беретінін мәлімдегенде дамыған мемлекет­тер Солтүстік Кореяның ядролық саясатын тоқтату үшін оған қарсы қатаң экономикалық санкциялар қолдану қажет болар деген ойға да келе бастаған. * * * Бұл айтылғандар бес ел ғана, ал атом бомбасы Ұлыбританияда, Үндістан мен Пәкстанда да бар екенін ескерер болсақ, ажал аждаһасының ауыз­дықталуы оңай болмайтындығы анықтала түседі. Екі елдің егесінен туған ядролық қаруға ұмтылушылық соңы Иранды қандай жағдайға душар еткені де белгілі. Ал енді 1991 жылға дейін батыс елдерінің қаншама ядролық оқтұмсықтары Қазақстанға кезеліп тұрғанын, Семей полигоны жарылыстарын жүргізіп, айнала төңіректегі халыққа зардабын тигізе беретінін ойлайтын болсақ, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен ажал аждаһасын ауыздықтағаны, содан кейін қуаты жағынан әлемдегі төртінші арсенал саналған қаншама атом қаруынан бас тартуы бүгінгі заманның ең көреген, ең сарабдал саясаты екенін түсінетініміз анық. Қазақстан ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың басында болды және сол ізгілік шарасын жалғастыра беретін болады.