АЛ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АУЫЗДЫҚТАЛМАҒАНЫ ҚАНША?
АҚШ. Невада.
Еліміз әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, Семей атом полигонын жапқанына биыл 19 жыл болғанымен, бұл өнегені жалғастырушылар табылмай отыр. Ірі державалардың сынақ алаңдарында жарылыстар жүргізілмесе де, олардың полигондары жұмыс істейтіндер қатарында саналады.
Невададағы ядролық полигон 1951 жылдан жұмыс істейді. Оның аумағы 3500 шаршы шақырымдай. Мұнда 1951 жылғы 27 қаңтардағы алғашқы жарылыстан бастап 1992 жылға дейін барлығы 928 жарылыс жасалған, оның 828-і жер астында жүзеге асырылған. АҚШ-тың басқа жерлерінде 126 ядролық заряд сынақтан өткен.
1953 жылғы 25 мамырда Невадада тарихта алғаш рет артиллериялық ядролық снарядты ату сынағы өткен. Оның ядролық саңырауқұлағы Лос-Анджелесте көрінген екен. Ал өткен ғасырдың 60-шы жылдарында бұл саңырауқұлақтар 160 шақырымнан көрінетін болып, оларды қызықтап қарау үшін адамдар турист ретінде Лас-Вегасқа келеді екен. Мұндағы жер асты сынақтары 1992 жылғы 23 қыркүйекке дейін жалғасыпты. Ал сыни массаға жетпейтін жарылыстар әлі де жалғасады екен. 2006 жылы өте қуатты 1100 тонналық ядролық емес бомба жару жоспарланып, кейіннен бұл жоба ресми түрде алып тасталыпты.
Қазіргі кезде Невада ядролық полигонында жарылыстар жасалмайтын көрінеді. Мұнда ай сайын полигон бойынша турлар ұйымдастырылады екен, оған кезек бірнеше ай бұрын қалыптасады. Келушілерге камералар, дүрбілер, қалтафондар, басқа да техникалар алуға рұқсат етілмейді. Сол секілді полигоннан ескерткішке тас алып кетуге де тыйым салынған.
Сол турларға қатысушылардың айтуларына қарағанда полигонда еуропалық және америкалық қалаларға тән ғимараттар тұрғызылған, түрлі техника мен көлік құралдары, әртүрлі құрылыстар орналастырылған. Бұл нысандардың бәрі жарылыс нүктелеріне түрлі қашықтықта және түрлі бұрышпен қойылады екен.
Қорғалатын орындарға қойылған жедел жылдамдықты камералар жарылыс толқындарының, радиацияның, температура мен ядролық жарылыстардың басқа салдарларының әсерін түсіріп тұрған.
Ресей. Капустин Яр.
1946 жылғы мамырда, америкалықтар Германиядан әкетілген А-4 снарядының алғашқы ұшырылуын Нью-Мексикадағы Уайт Сэндз полигонында жүзеге асырғанынан бір айдан кейін КСРО-да да осындай полигон құру туралы шешім қабылданып, оған орын іздестіріле бастайды. Жеті түрлі нұсқадан метереология, гидрология, коммуникация, құрылыс мүмкіндіктері бойынша талдау жасалып, Астрахань облысындағы Капустин Яр селосы таңдап алынады.
1947 жылғы 18 қазанда КСРО-дағы алғашқы баллистикалық зымыран ұшырылған. Ол 86 шақырым биіктікке көтеріліп, нысанадан 30 км. ауытқып, 274 шақырым жерге барып түскен. Содан 1957 жылға дейін Капустин Яр кеңестік баллистикалық зымырандарды сынаудың бірден бір орны болған. Полигонда Р-1 (1948 жылғы қыркүйек-қазан, 1949 жылғы қыркүйек-қазан), Р-2 (1949 жылғы қыркүйек-қазан), Р-5 (1953 жылғы наурыз), Р-12, Р-14, РСД-10, “Скад” және басқа зымырандар сыналған.
1957-1959 жылдары Капустин Ярда “Буря” атты континентаралық қанатты зымырандарды ұшыру жүзеге асырылған. 1960 жылғы 20 мамырда полигон аумағында Құрлық әскерлерінің зымырандық оқу орталығы ұйымдастырылған.
1962 жылғы 16 наурызда бұл полигон космодромға айналдырылып, “Космос-1” жер серігі ұшырылған. Бұдан кейінгі жерде космодромда шағын зерттеу жер серіктері ұшырылып, олар үшін жеңіл сыныпты зымыран-ұшырғыштар пайдаланылған. Кейінгі жылдары полигонда шағын және орта қашықтықтағы түрлі зымырандар, қанатты зымырандар сынақтан өтуде.
Ашық деректерге қарағанда Капустин Яр полигонында 1950 жылдан бастап 300 метр биіктіктен 5,5 шақырым биіктікке дейінгі аралықта кем дегенде 11 ядролық жарылыс жасалған. Олардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасы секілді 65 бомбаның қуатына тең. Ресей 2008 жылы ұшырғыш зымырандардың 27 рет ұшырылуын жүзеге асырып, 2007 жылғы көрсеткішінен асып түскен. Бұлардың дені Байқоңырдан ұшырылса, біреуі ғана Капустин Ярдың үлесіне тиген.
Франция. Муруроа.
Францияның негізгі полигоны ретінде Француз Полинезиясына жататын Туамоту архипелагының оңтүстік-шығысындағы Муруроа атолы аталғанымен, бұл ел негізгі сынақтарын Сахара шөлінде өткізгендігі белгілі. Осында 1960 жылғы 13 ақпанда француздың алғашқы атом бомбасы сынақтан өткен.
Елдің ядролық бағдарламасын іске асыру 1954 жылы Францияның Вьетнамдағы жеңілісінен кейін басталған. 1958 жылғы маусымда Шарль де Голль билікке келгеннен кейін АҚШ-тың одақтастық кепілдіктеріне күмән келтіріп, атом бомбасын өз беттерімен жасауға кіріскен.
1957 жылы Африкадағы Алжир елінің аумағына орналасқан Регган оазисінде үш жылдың ішінде 10 мың адам тұратын қалашық және ғылыми-зерттеу кешені салынған. Құрылыс 100 млрд. франкке түскен. Алғашқы сынақ осы полигонда 1960 жылғы 13 ақпанда жасалған. Кейіннен Париждегі орталық билікке қарсы көтерілген француз бүлікшілерінің қолына атом қаруы түспесін деп, 1961 жылғы сәуірде сынақ алаңын жаруға тура келген. Сөйтіп Алжирдің оңтүстік бөлігінен алғашқы полигоннан 560 шақырым жердегі Хоггар гранитті үстіртінде екінші полигон салынып, ол 1966 жылға дейін пайдаланылған. Мұнда 13 жарылыс жасалған. 1962 жылы Алжир тәуелсіздік алған соң полигонды жаңа орынға, Муруроа атолына көшіруге тура келген.
КСРО, АҚШ пен Ұлыбритания 1990-1992 жылдардан бастап ядролық сынақтарға жариялаған мораторийге Франция 1996 жылы ғана қосылған. Сөйтіп, 1960-1996 жылдарда Сахарада және Полинезияда барлығы 210 ядролық сынақ жүргізген, соның 181-і Муруроада жасалған.
1996 жылы Франция жерде орналасқан ортақ қашықтықтағы баллистикалық зымырандардан және жерде орналасқан тактикалық ядролық қарулардан бас тартты. Болашақта бұл ел сүңгуір қайықтардың баллистикалық зымырандарын ғана сақтап қалмақ. Қазіргі кезде сүңгуір қайықтардағы 384 стратегиялық оқтұмсықтардан басқа авиациялық тактикалық ядролық қарудың 80 бірлігі бар.
Қытай. Лобнор.
1928 жылы 3100 шаршы шақырымға жететін ауданды алып жатқан Лобнор көлі суарудың, айналасындағы ағаштарды кесудің салдарынан біртұтас айдын қалпын жоғалтып, көптеген көлшіктерге бөлініп кеткен.
Осында 1964 жылғы 16 қазанда Қытайдың алғашқы ядролық жарылысы жүзеге асырылған. Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан көл маңындағы полигонда 1996 жылғы 24 қыркүйекке дейін, ҚХР Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қол қойғанға дейін барлығы 45 сынақ (23-і – атмосферада, 22-сі жер астында) жасалған. 1968 жылғы 27 желтоқсанда қуаты үш мегатонналық атом бомбасын жарса, 1970 жылғы 14 қазанда үш мегатонналық сутегі бомбасының жарылысы жүзеге асырылған.
Қытайдың атом бомбасын жасауға деген ұмтылысына алғаш КСРО көмектескені белгілі. Кейіннен екі елдің қарым-қатынасы нашарлаған кезде Мао Цзедун өздерінің ядролық қаруын жасау жұмысын өрістету жөнінде шешім қабылдаған. Бұл жобамен жұмыс істеуге 900-ге жуық ғылыми және өнеркәсіптік ұйымдар тартылған. Ал оның негізін уранды өндіру жөніндегі (Ченсян, Хеншан Дапу, Шанграо кеніштері), өңдеу және байыту жөніндегі (Баотоу, Дзиуцян, Ланьчжоу, Хэньян) кәсіпорындары, Цзюцюаньдағы плутоний әзірлеу орталығы, Цинхайдағы солтүстік-батыс қару-жарақты дамыту орталығы құраған. Олардың қатарына Пекин ядролық қару-жарақ институтын, Атом энергиясы институтын, Лобнордағы сынақ полигонын қоссақ, қандайлық қуатты күш шығатынын аңғару қиын емес. Соның арқасында Қытай бастапқы жоспарланған 8-10 жылдың орнына 5 жылда атом қаруына ие болған.
2009 жылғы жағдай бойынша Қытай жерде орналастыру және теңізде алып жүрудің жаһандық ауқымдағы ядролық құралдарына ие болып отыр. Олардың ішінде жерде орналастыру зымырандары, орта қашықтықтағы зымырандар, 2500 шақырым қашықтыққа дейін ядролық оқтұмсықтарды жеткізуге қабілетті бомбардировщиктер бар.
2007 жылы Лобнор полигонында туристер үшін база ашылып, оларға алғашқы ядролық бомба сыналған орындар көрсетілетін болған.
КХДР. Янгандо.
Корей халық-демократиялық республикасы 2005 жылғы ақпанда алғаш рет ядролық қару жасағаны туралы ашық мәлімдесе, 2006 жылғы 9 қазанда алғашқы ядролық жарылыс жүргізілген. Егер бір зерттеушілер Ким Ир Сен 1950-1953 жылдарғы Корей соғысында АҚШ-тың Пхеньян мен оның төңірегіне 7 ядролық заряд тастауды жоспарлағанын білгеннен кейін 1956 жылы КСРО-мен ядрошы мамандарды дайындау келісіміне қол қойған. Енді бір зерттеушілер 1952 жылы Атом энергиясын зерттеу институтын құру туралы шешіммен байланыстырады. Қалай болғанда да алғашқы шаралар 50-ші жылдардың аяғында алынған болуы керек. 1959 жылы КХДР КСРО-мен және ҚХР-мен ядролық энергияны бейбіт пайдалану саласында ынтымақтастық туралы келісім жасасып, зерттеу орталығына кеңестік реактор орнатылған болатын. Бейбіт мақсатта делінгенімен, 1992 жылғы маусымда елдің атомдық нысандарында басталған МАГАТЭ инспекциясы кейбір күмәнді жәйттерді анықтады. Шу шыққаннан кейін Кореяның атом энергиясы жөніндегі министрі инспекцияға рұқсат берілмейтінін айтса, 1994 жылғы 13 маусымда КХДР МАГАТЭ құрамынан шықты.
Кезінде бұл елге көмектескен Ресей мен Қытай да 2004 жылғы маусымда 6 жақты келіссөздердің үшінші раундында ядролық дағдарысты шешу үміті пайда болғанын айтқан еді. Бірақ Пхеньян бұл келіссөзден де шығып тынды. Кейіннен бұл ел Жапонияға, Корея Республикасына, басқа елдерге де ядролық қоқан-лоққы жасауға көшкенде, ядролық сынақтарды жалғастыра беретінін мәлімдегенде дамыған мемлекеттер Солтүстік Кореяның ядролық саясатын тоқтату үшін оған қарсы қатаң экономикалық санкциялар қолдану қажет болар деген ойға да келе бастаған.
* * *
Бұл айтылғандар бес ел ғана, ал атом бомбасы Ұлыбританияда, Үндістан мен Пәкстанда да бар екенін ескерер болсақ, ажал аждаһасының ауыздықталуы оңай болмайтындығы анықтала түседі. Екі елдің егесінен туған ядролық қаруға ұмтылушылық соңы Иранды қандай жағдайға душар еткені де белгілі.
Ал енді 1991 жылға дейін батыс елдерінің қаншама ядролық оқтұмсықтары Қазақстанға кезеліп тұрғанын, Семей полигоны жарылыстарын жүргізіп, айнала төңіректегі халыққа зардабын тигізе беретінін ойлайтын болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен ажал аждаһасын ауыздықтағаны, содан кейін қуаты жағынан әлемдегі төртінші арсенал саналған қаншама атом қаруынан бас тартуы бүгінгі заманның ең көреген, ең сарабдал саясаты екенін түсінетініміз анық. Қазақстан ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың басында болды және сол ізгілік шарасын жалғастыра беретін болады.