“ҚазТрансОйл” акционерлік қоғамы “ҚазМұнайГаз” акционерлік қоғамы” ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылады. Бүгінде акционерлік қоғамда Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында жүйелі де ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді.
Акционерлік қоғамда қазақ тілін қолданысқа енгізу шаралары 2004 жылдан бері мақсатты да жүйелі түрде қолға алынған. Алдымен құқықтық және ғылыми негіз жасалды. Өткен жылдар ішінде үкіметтік шешімдер негізінде тұғырнамалық құжаттар әзірленіп, акционерлік қоғам басқармасының шешімдерімен бекітілді. Бұл ретте “ҚазТрансОйл” АҚ-та қазақ тілін қолдану мен дамыту жөніндегі 2005 – 2010 жылдарға арналған бағдарлама”, “ҚазТрансОйл” АҚ қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту тәртібі туралы қағида”, “ҚазТрансОйл” АҚ-та қазақ тілінің біліктілігі конкурсын өткізу тәртібі туралы” тұғырлық құжаттарды атап өткен жөн. Осы тұғырлық бағдарламалар негізінде жүзеге асырылатын кешенді шараларды тұрақты жүргізетін арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп келеді.
Комиссия акционерлік қоғам бұйрығымен бекітілген ережені басшылыққа ала отырып, жұмыс жасайды. Комиссияның орталық жұмыс органы – мемлекеттік тілді дамыту секторы. Бұл сектор кеңсе құрамында, сондықтан екі бағыныс жүйесі бойынша есеп береді, яғни акционерлік қоғамда қазақ тілін енгізу мәселесімен екі арнайы орган – комиссия және сектор айналысады. Бұл ретте олардың жұмыстарын құрамында 9 адамы бар қоғамдық комиссия үйлестіріп, бағыттап отырады. Ұжымда беделді, ана тілімізге жанашыр жандардан құралған бұл комиссия акционерлік қоғам басшылығы мен кеңсе секторы арасында дәнекерлік қызметтер атқаратын көпір сияқты. Сектор дайындаған шаралар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңіту және дамыту жөніндегі ұсыныстар алдымен комиссияда талқыланып, акционерлік қоғам басшылығына тиянақты пікір ретінде ұсынылып отырады. Жұмысты осылай ұйымдастыру басшылық арасында болып тұратын ауыс-түйістерге тым тәуелді болмай, белгілеген мақсатқа жету жолында үрдісті міндеттерді үздіксіз атқара беруге мүмкіндік береді. Сектордың штатында 3 адам – бас менеджер, бас маман, жетекші маман, сондай-ақ жалдау шартымен 2 адам – аудармашы, қазақ тілінің оқытушысы, барлығы 5 адам еңбек етеді. Бұдан басқа акционерлік қоғамның еліміздің 14 облысын қамтитын 4 филиалы және осы филиалдардың жергілікті жерлерде одан әрі тармақталған ондаған бөлімшесі бар. Міне, осы құрылымдарда, жалпы алғанда акционерлік қоғамда тікелей қазақ тілін дамыту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселелерімен 50-ге жуық маман тікелей айналысады. Жергілікті жерлердегі филиалдардың директорлары мен қазақ тілін дамыту комиссиялары атқарған іс шаралары барысында жылына екі рет есеп береді. Орталық аппарат комисииясы олардың ақпараттарын талдап, акционерлік қоғамның бас директорына істің жайы туралы жан-жақты мәлімет беріп отырады. Осыған байланысты орталық аппарат комиссиясы және мемлекеттік тілді дамыту секторы филиалдарды және олардың жергілікті құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік тілді дамыту мақсатындағы жұмыстарын тұрақты түрде тексеріп отырады.
Орталық аппаратта, филиалдарда және олардың жер-жердегі құрылымдық бөлімшелерінде қызметкерлерге қазақ тілі алтыншы жыл қатарынан тұрақты негізде оқытылып келеді. Арнайы қазақ тілі кабинеттері жасақталған. Орталық аппаратта оқитын қызметкерлер саны жыл сайын 140 адамды құрайды. Сабақ қызметкерлердің білім дәрежесіне сәйкес 8 топқа жіктеліп, бастауыш, жалғастыру және тереңдеп оқыту топтарында аптасына 2-3 рет өткізіледі. Мемлекеттік тілді оқу барлық қызметкердің лауазымдық міндеттерінің қатарына кіргізілген. Ал лауазымдық міндетін орындамаған адамға еңбек заңнамасында көзделген тәртіптік жазалардың кез келгенін қолдануға болады. Тіл үйретуде құқықтық негіз жасау деген осы. Осындай игі шаралардың нәтижесінде қазір орталық аппаратта мемлекеттік тілде жұмыс істей алатын қызметкерлер саны 100 адамнан асты. Мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлер жасына, лауазымына қарамастан оқуға тартылады. Басшылар жеке кесте жүйесімен оқиды. Осы арада ерекше атап өтетін бір мәселе – оқытуды балабақша, мектептен бастайық, үлкендерге тиіспейік деген тұжырым түбірімен қате. Мемлекеттік тілді оқыту адамның жасына қарамастан жаппай жүргізілуге тиіс.
Акционерлік қоғамның оқу қағидасына сәйкес жыл сайын қыркүйектен маусым айына дейін 9 айлық оқу жылы аяқталған соң, оныншы ай – маусымда орталық аппаратта, филиалдар мен барлық құрылымдық бөлімшелерде қазақ тілін үйренушілер емтихан тапсырады. Биыл емтихан қабылдауда тұңғыш рет “ҚАЗТЕСТ” жүйесі сынақтан өткізілді. Оқыту бағдарламасы заманауи оқу құралдарын кеңінен қолдану тәсілімен жүргізіледі. Акционерлік қоғам тапсырысымен әзірленіп, Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдаған мұнай-газ саласы терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша үштілдік нұсқалы сөздігінің электронды түрі барлық компьютерге енгізілген, кітап түріндегі сөздіктер орталық аппараттың әрбір қызметкеріне таратылып берілген. Бұл ретте Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің сөздіктер, түрлі көмекші құралдар беру арқылы жасап отырған зор көмегіне ризашылық білдірген орында.
2008 жылдан бері акционерлік қоғам қызметкерлері арасында қазақ тілін білу және құжаттарды мемлекеттік тілде жетік әзірлеуге арналған “Қазақ тілі – менің тілім” конкурсы ойдағыдай өткізіліп келеді. Осындай конкурстар өткізу дәстүрге айналған. Биыл оның қорытынды сайысын қыркүйекте – Тіл күні қарсаңында өткізу жоспарлануда. Білім күні қарсаңында алғаш мектепке баратын бүлдіршіндерді марапаттау шаралары өткізіледі. Акционерлік қоғамның жыл сайынғы бюджетінде мемлекеттік тілді дамытуға арнап қомақты қаржы бөлінеді. Мәселен, былтырғы жылы бұл мақсатқа 4 миллион теңге бөлінсе, биылғы жылы 10 миллион теңге бөлініп отыр. БҰҰ-ның Наурыз мейрамын адамзат құндылықтарына қосуына және елімізде бұл 3 күндік мереке болып белгіленуіне байланысты биыл Наурыз мерекесі орталық аппаратта апталық ретінде аталып өтілді. Қоғамда қазақ тілін дамыту жөніндегі жүйелі жұмысты жақсы атқарып жүрген мемлекеттік тілді дамыту секторының бас менеджері А. Ысымұлының еңбегін ерекше атап өткен орынды. Өткен жылы қоғамның 5 қызметкері “Тіл” қоғамдық бірлестігі мен “Тіл” журналының “Қазақ тілінің жанашыры” төс белгісімен марапатталды.
Акционерлік қоғамда мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатындағы ізгі бастамалар мен мақсатты да жүйелі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.