28 Тамыз, 2010

Ата заң – мемлекеттіліктің арқауы

678 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған “Конституция – мемлекеттің демократиялық дамуының негізі” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның бірінші бөлімі болып өтті. Оның жұмысын Қазақстан Рес­пуб­ликасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов ашып, құттықтау айту үшін алғаш­қы сөзді Қа­зақстан Республи­ка­сының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді. Конференцияға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Елбасы 15 жыл ішінде қол жеткізілген біздің Ота­нымыздың барлық жетістіктерін атап өтті. Бұл – Конституция іс-қимы­лының және оның аясында қабыл­данған заңнамалық базаның нақты нәти­жесі, деді Президент (Прези­денттің сөзі бөлек беріліп отыр). Халықаралық ғылыми-тәжі­ри­бе­лік конференцияның отырысы барысында құқықтық мемлекет институттары мен азаматтық қо­ғам­ды дамытуға қосқан үлесі үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Халықаралық заңгерлер одағының “Фемида” сыйлығы берілді. Оны одақ төрағасы Андрей Требков табыс етті. 1996 жылы құрылған бұл одаққа 12 мемлекет заңгерлерінің 35 қауымдастығы енеді. Күні бүгінге дейін аталған сыйлық Ресей Феде­рациясының Президенті Д.Медве­дев­ке, Болгария Президенті П.Стоя­новқа, Мәскеу мэрі Ю.Луж­ковқа және т.б. берілген екен. Елбасы Н.Назарбаевтың құт­тық­тау сөзінен кейін мінберге Қа­зақстан Республикасы Конститу­ция­лық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов көтерілді. Ол “Қазақстан Республикасының конституциялық саясаты” деген тақырыпта сөз сөй­леді (И.Рогов сөзінің негізгі мәтіні бөлек беріліп отыр). “Қазақстан және әлем қауым­дастығы” деген тақырыпта негізгі баяндаманың бірін Парламент Сенатының Қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Қуа­ныш Сұлтанов жасады. Кез келген мемлекеттің халықаралық саясаты мен беделі, сөз жоқ, мемлекет бас­шысы мен сол елдің мемлекеттік институттарының, қызметкерлері­нің, өкілдерінің ұстанымдары мен іс-әрекетіне, олардың дайындығы мен мемлекетке шынайы жан­ашыр­лығына байланысты екені белгілі, деп бастады өзінің сөзін се­натор. Бұл тұрғыдан біздің еліміздің Президенті, құзырлы мемлекеттік орындар, заңгерлер қоғамы, саясат­кер­лер Конституция аясында берілген мүмкіндіктерді жүзеге асыруда едәуір нәтижелі қызмет атқарып келеді деуге толық негіз бар. Одан әрі шешен өзінің осы сөздерін дәйекті деректермен байыта түсті. Біріншіден, деді ол, Президент Н.Назарбаев тәуелсіз мемлекет болып ту көтерген күн­нен бастап әлемдік қоғамдастықпен бейбіт, түсіністік қарым-қатынасты Конституция талаптарына сәйкес қалыптастыруға мүдделі екенімізді дәлелдей алды. Оның мысалына Елбасының ядролық полигонды жабудан бастап, басқа мемлекет­термен достық қатынас орнату ние­тіндегі өңірге, ТМД-ға, әлемге әй­гі­лі көптеген бастамалары мен нақ­ты қадамдарын айтсақ та жет­кі­лікті. Екіншіден, Қазақстан дүние­жү­зілік қоғамдастықта қабылданған, қастерленетін адам құқықтарын қорғауды көздейтін барлық ха­лық­аралық келісімдерге, конвенция­ларға қосылды. Сонымен бірге, осы игілікті бағытта Қазақстан өзі де жаңа бастамаларды әлем сахнасына шығара алды, деп жалғады сөзін шешен. Конституцияның негізінде көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде Президент мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап қысқа мерзімде еліміздің ал­ғашқы сыртқы саясат стратегиясын бекітіп, әлемнің 150-ден астам мем­лекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Конститу­цияның 2-бабына сәйкес мемле­кеттің аумақтық тұтастығын қамта­масыз ету мақсатында көрші елдер­мен шекарамызды шегендеп алдық. Бұрын шартты ғана шекарамыз болған еді, енді оны көршілес мем­лекеттердің бәрі мойындап, шекара талабының барлық ережелеріне сәйкес ресми келісімдермен бекітті. Осылай дей келіп баяндамашы Пре­зиденттің дипломатиялық іс­керлігінің нәтижесінде ҚХР-мен ғасырлар бойы шешілмеген “даулы жерлер” проблемасы толығымен тең дәрежеде, екі жақтың да мүд­десін ескере отырып шешілгенін атап көрсетті. Осыдан кейін Ресей және басқа да көршілес елдермен шекаралық келісімдерге қол қойыл­ғанын айтты. Осының өзі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі, ұлты­мыздың тарихи жетістігі екеніне екпін түсірді. Одан әрі баяндамашы еліміз тәуелсіздігінің арқасында мыңдаған қазақ жастарының, өнер адам­дары­ның әлемдік аренаға шығып жүр­ге­нін көлденең тартты. Осының бәрі Конституцияда аталған рух бостандығы мен адамның құқық бостандығының қамтамасыз етілуі­нің арқасында қол жеткізілген жетістіктер, дей келіп, шешен жуырда болған алқалы жиында Президент көтерген құқық қорғау саласындағы тиімді реформаларды жүзеге асыру да Конституция талабын орындау жолындағы нақты шаралардың бірі екенін атап өтті. Сөзінің соңында Қуаныш Сұлтанов қазіргі кезде әлемнің Қазақстанды мойындап, оның пікіріне құлақ асуы, ең алдымен біздің Конститу­циямыздың жобасын дайындауға тікелей басшылық етіп, оның орындалуын қатаң бақылап келе жатқан Президентіміздің қайрат­керлік еңбегінің жемісі екенін айтты. Мемлекет құрылысындағы стра­тегиялық серпіліс және Ұлт көшбасшысының рөлі тақыры­бында сөйлеген Парламент Мәжі­лі­сінің депутаты Камал Бұрханов негізінен Конституцияның мем­ле­кеттік құрылыстың нығаюындағы маңызына тоқталды. Осы қатарда ол Мемлекет басшысының да жеке басының қайраткерлігіне тереңнен тоқталды. Ұлттық ғылым академия­сы­ның академигі Жабайхан Әб­діл­диннің сөзінде Қазақстанның тәуел­сіз мемлекет ретінде қалып­тасуы жолында атқарылған барлық саладағы реформалардың тиімді іске асуына Конституцияның игі­лікті ықпалы көп болғаны туралы мо­лынан айтылды. Заң ғылым­дары­ның докторы, профессор Са­лық Зиманов өзінің сөзінде Конс­титуцияның тарихилығы туралы әңгіме қозғады. Сондай-ақ ол ел­дегі демократияның дамуына оның игі ықпал ететін рөліне кеңінен тоқталды. Парламент Сенатының Заңнама және құқықтық мәселелер комите­ті­нің төрағасы Берік Имашевтің сөзі Конституция нормалары әлеуе­тін құқық қорғау органдары жұмысын жетілдірудегі фактор ретінде қарастыруға арналды. Бұл бүгінгі күні Президент алға қойып отырған өзекті проблеманы қам­титын баяндама болғандықтан, оған тереңірек тоқтала кеткенді жөн көрдік. Конституцияға сәйкес мемлекет адамның бостандығы мен құқының сақталуына кепілдік береді және оны қамтамасыз етуде кең тараған мемлекеттік тетіктерді қолданады. Соның ішінде жеке адам мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынаста адамның құ­қы мен бостандығын қорғау міндеті соттар мен құқық қорғау органдарына жүктелген, деді Б.Има­шев. Одан әрі шешен Прези­денттің құқық қорғау мәселелерін­дегі олқылықтарды сынаған сөзде­рін еске алып, осыған сәйкес кей­бір кемістіктердің сырына тоқ­талды. Соның ішінде Елбасының құқық қорғау жүйесін жетілдіруде айрықша мән ведомствоішілік мүдделерді қорғауға емес, азамат­тардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін қорғауға берілсін деген сөзін еске ала келіп, осы тапсыр­маны орындау үшін Президенттің құқық қорғау жүйесін реформалау туралы заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма бергенін атап өтті. Біздің Конституциямыздың 83-бабында, деді ол,  прокуратураға заң­дарға және басқа да құқықтық актілерге қарсылық білдіру құзыреті берілген. Бірақ осы норма салалық заңнамаларда, соның ішінде “Про­куратура туралы” Заңның өзінде айқындалмаған. Сондықтан да прокуратура өзінің конституциялық өкілеттігін іске асыра алмай келеді. Міне, осы олқылықты еңсеру қа­жет­тілігі бүгін туындап отыр. Одан әрі шешен 2007 жылғы консти­туциялық реформаның нәтижесінде қылмысты істі жүргізу үдерісінің демократияландырылып, соттың адамның құқы мен бостандығына кепілдік беру құзыреті арттырыл­ғанын атап өтті. Бірақ осы конституциялық өзгеріс толығымен қолданылады деп айту қиын, деді ол. Болашақта еліміздің қылмыс­тық сот өндірісіне соттың тергеу институты енгізілетініне мен се­німдімін, сонда осындай олқылық­тар болмас еді. Конференцияда Конституция­ның интеллектуалды ұлттың ор­нық­ты дамуының кепілі тақыры­бына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов, Ата Заңның кейбір баптарының жүзеге асы­рылуын заңнамалық қамтамасыз ету жолдары туралы Парламент Мә­жілісі Заңнама және сот-құ­қықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова және т.б. сөйледі. Халықаралық ұйымдар атынан Еуропа Одағы Венеция комиссия­сының президенті Джанни Бу­киккио, Финляндия парламентінің мүшесі, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті Киммо Роберт Килюнен, Халық­ара­лық заңгерлер одағының төр­ағасы А.Требков және т.б. құт­тық­тау сөз сөйледі. Бүгін конференция өзінің жұ­мы­сын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жалғастырады. Жақсыбай САМРАТ. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.