Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВАМЕН әңгіме
– Гүлшара Наушақызы, ел Конституциясының 15 жылдығы қарсаңындағы әңгімені Ата Заң халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда қандай рөл атқарды деген сауалдан бастасақ деймін...
– Өткенге көз жүгіртсек, егемендік алған алғашқы жылдар кедейшілік пен жұмыссыздық проблемасының шиеленісуімен ерекшеленді. 1998 жылы ауыл халқының жартысына жуығы және қала халқының үштен бірінің табысы кедейлік шегінен төмен болды. Зейнетақылар мен жәрдемақылар бойынша мемлекеттің берешегі 36 млрд. теңгеге жетті. Алайда тәуелсіздіктің сол алғашқы қиын жылдарында-ақ билік халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуінің алдын алу және әлеуметтік қолдау шараларымен қатар, ұзақ мерзімді әлеуметтік даму басымдықтарын қалыптастырды. Мәселелер қордаланып, халықтың мазасы қашқан тұста Қазақстан Республикасының Конституциясы елімізді әлеуметтік бағдарлы мемлекет деп жариялады.
Қазақстандықтардың денсаулығын, білімі мен әл-ауқатын арттыру шаралары дер кезінде қабылданған “Қазақстан-2030” Стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі болып белгіленді. Осы орайда республиканың экономикалық қалыптасуының күрделі кезеңдерінің өзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Бізге әлеуметтік саясаттың тұтас тұжырымдамасы қажет” дегенін атап көрсету орынды. Сондықтан да ел басшылығы бұрынғы жүйенің бүгінгі жағдайға сәйкес келмейтінін ескеріп, нарықтық экономика талаптарына жауап беретін әлеуметтік қорғаудың жаңа үлгісін жасауға бел буды. Міне, араға уақыттар салып, артымызға қараған сәтте өткен жылдар нәтижелерінің жаңа үлгінің өміршеңдігін дәлелдегеніне және халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары баға алғанына куә болып отырмыз.
– Бүгінде мемлекет өз азаматтарына қандай әлеуметтік кепілдіктер бере алады?
– Мемлекет өз азаматтарына маңызды әлеуметтік игіліктерге жалпы қолжетімділік пен сапаны қамтамасыз ететін ең негізгі деген әлеуметтік стандарттарға кепілдік береді.
Біріншіден, бұл – адам денсаулығын сақтауға және оның өмір сүруін қамтамасыз ететін ең төменгі тұтыну себетінің құнына байланысты айқындалатын ең төменгі күнкөріс деңгейі. 2005 жылдан бері ол базалық әлеуметтік стандартпен бекітіледі, оның негізінде ең төменгі жалақы мөлшері, базалық зейнетақы төлемдері мен мүгедектігі, асыраушысынан айрылуы және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар белгіленеді. Ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшері 1997 жылы 3 505 теңгені құраса, 2005 жылы – 6 014, 2009 жылы 13 717 теңге болды. Соңғы он жылда ол 4 есеге өсті. Екіншіден, өтпелі кезеңнің қаржы-экономикалық мүмкіндіктеріне сәйкес ең төмен жалақының мөлшері 1997 жылдан бастап 2003 жылға дейін ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінен аз көлемде белгіленіп келді. Тек 2004 жылдан бастап қана ол ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінен аса бастады, ал 2009 жылы оның мөлшері 13 717 теңгені құрады. Үшіншіден, зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 1995 жылғы 300 теңгеден 2010 жылы 18 325 теңгеге дейін (базалық зейнетақыны қоса есептегенде) көбейіп, 5 жылда 22,6 %-ға артты. Төртіншіден, алғашында мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткішке қатысты еселеніп белгіленетін, 2005 жылдан бастап шынайы өмір жағдайына сәйкес келуін қамтамасыз ету мақсатында ол ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатысты белгіленетін болды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың орташа мөлшері 1998 жылдан бері 2 970 теңгеден 14 535 теңгеге немесе 5 есеге өсті.
– Осы мәселені өрбіте отырып, халықты әлеуметтік қамсыздандыру жайына да тоқталып өтсеңіз.
– Әлеуметтік қамсыздандырудағы конституциялық кепілдіктерді іске асыруда зейнетақы жүйесі ерекше орын алады. 1992 жылдан бастап, күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, Үкімет зейнеткерлердің өмір сүру деңгейінің құлдырауын төмендететін немесе оны мүлде тоқтататын шараларды жүйелі түрде қабылдап отырды. Алайда өтпелі кезеңнің алғашқы кездерінде орын алған шашыраңқы зейнетақы схемасы, зейнеткерлікке шығу жасының төмендігі, бейресми сектордың дамуы, салық төлеуден бас тартудың кең етек алуы және өтпелі кезең басындағы экономикалық құлдырау зейнетақы төлеу бойынша және зейнетақы аударымдарының жинақталуында берешектердің қордалануына әкеп соқты. Осының барлығы қолданыстағы зейнетақы жүйесінің тұрақсыздығын туындатты. Осы жәйттерді ескере келіп, 1998 жылы зейнетақы жүйесінде реформа басталды. Осылайша Қазақстан ТМД кеңістігінде алғашқы болып жеке жинақ қағидаттарына негізделген жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өтті.
Дәл сол кезеңде экономикалық әлеуетті одан әрі орнықты дамыту қажеттілігі туды, жаһандану үдерісімен қатар, қоғамдық дамудың барлық салаларында орын алған қарқынды өзгерістер әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдастыруда да тиісті түзетулерді талап етті. Осыған орай, Елбасы әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдетудің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Оның нәтижесі зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекеттің, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында тиімді етіп бөлуге негізделген толыққанды көп деңгейлі зейнетақы жүйесінің құрылуы болды. Қазіргі уақытта аталмыш зейнетақы жүйесімен 1,6 млн. астам адам қамтылып отыр.
2010 жылы зейнетақымен қамсыздандыру шығындары 432 млрд.теңге болды, бұл 1995 жылмен салыстырғанда 6,8 есе артық. Сонымен қатар, реформа басталғаннан бері жинақтаушы зейнетақы қорларынан 1 432,7 мың адамға 142,6 млрд. теңге мөлшерінде зейнетақы төлемдері берілді. Бұл құбылыс зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыруға мүмкіндік берді. Мысалы, соңғы 15 жыл ішінде елімізде зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 14,7 есе өсіп, 27 мың теңгені құраса, ең жоғары мөлшері шамамен 40 мың теңге болды. 2012 жылға қарай Мемлекет басшысының 2008 жылғы Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2007 жылмен салыстырғанда 2,5 есе арттырылатын болады.
– Азаматтардың аз қамтамасыз етілген топтарын әлеуметтік қамсыздандыру бағытында қандай шараларды атап көрсетер едіңіз?
– Бүгінгі таңда мемлекетіміз 420 мыңнан астам мүгедек пен 200 мыңнан астам асыраушысынан айрылған азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етуде. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған зейнетақы заңнамасына сәйкес, ауру салдарынан туындаған мүгедектік бойынша және асыраушысынан айрылуына байланысты зейнетақылар әлеуметтік қатер туындаған сәтке дейін еңбек өтілі болған жағдайда жалақысын ескере отырып тағайындалып келген болатын. Бұл ретте мүмкіндіктері тең дәрежеде шектелген адамдардың алатын зейнетақысының мөлшері әртүрлі болды. Сондықтан әлеуметтік қамсыздандыруда тең құқықтарды қамтамасыз ету үшін 1998 жылдан бастап базалық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар енгізілді.
Әлеуметтік төлемдермен қатар, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың ерекше мұқтаждықтарына да баса назар аударылды. “Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы”, “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” жаңа заңдар қабылданды, қиын-қыстау жағдайға тап болған мүгедектерді медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту жөнінде кешенді шаралар әзірленді. Ақысыз кепілді медициналық көмек көрсету, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, білімнің, ақпараттың қолжетімділігін, денсаулығын ескере отырып кәсіп таңдау еркіндігін, кәсіби даярлау және қайта даярлауды қамтамасыз ету, еңбек ету қабілетін қалпына келтіру және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу олардың қоғам өміріне толыққанды араласуын қамтамасыз етеді.
– Ана мен баланы әлеуметтік қолдау тұрғысында қандай табыстарға қол жеткізілді?
– Республика Президенті Н.Назарбаев “Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы” атты Қазақстан халқына Жолдауында “Уақыт өтіп, қазына кірісі өскенде мемлекет үшін де, отбасын қолдауға тиімді демографиялық саясат үшін де қолайлы нысанда аналар мен балаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге қаражат табамыз” деген болатын. 2006 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балалы отбасыларды қолдаудың тұтас жүйесі жасалды. Ол жүйе барлық отбасылар үшін бала туған кезде біржолғы жәрдемақы төлеуді, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы төлеуді, аз қамтамасыз етілген отбасылардағы 18 жасқа толмаған балалар үшін жәрдемақы төлеуді қарастырады.
Балалар жәрдемақысының мөлшері отбасыдағы балалар санына қарай сараланады. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы 30 АЕК-ті құраса, төртінші және одан кейінгі балаларға 2010 жылдан бастап 50 АЕК төленеді. Ал бала күтімі жөніндегі ай сайынғы төлемдер кезең-кезеңімен көбейтілуде және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес олардың мөлшері 2010-2011 жылдары 2007 жылмен салыстырғанда орта есеппен 2,5 есеге арттырылатын болады.
Әлеуметтік төлемнің жаңа түрі – мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға 2010 жылдан бастап ең төмен жалақы мөлшерінде жәрдемақы енгізілді және мұндай мемлекеттік көмек түрі Қазақстан азаматтарына бұрын берілмеген болатын.
Мемлекет 2010 жылдан бастап “Алтын алқа” және “Күміс алқа” белгілерімен көп балалы аналарды марапаттау шарттарын өзгертті. “Алтын алқа” белгісімен жеті және одан көп (бұрын – он және одан көп) балалы аналар, “Күміс алқамен” алты баланың (бұрын – сегіз) анасы марапатталатын болды. Сонымен қатар, оларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 3,9 айлық есептік көрсеткіштен 6 айлық есептік көрсеткішке көбейтілді.
– Сөз ретінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жайы туралы да айтып өтсеңіз.
– Қазақстандағы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің қалыптасуы өтпелі кезеңнің күрделі уақытына тап келді. Қысқа мерзімде әлеуметтік қолдаудың бұрынғы тетіктері нарықтық экономикаға сай және халықтың әлеуметтік кедей және осал топтарының қажеттілігін қанағаттандыратын бейімді жүйеге айналды. 90-жылдардың алқашқы жартысында-ақ халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің құқықтық негізі қаланды, алайда әлеуметтік қызмет көрсетуде мемлекеттің рөлі басым болып қалды. 2009 жылы ТМД елдерінің ішінде алғаш рет Қазақстанда “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” заң қабылданып, оған қоса тегін көрсетілетін мемлекет кепілдендірген арнаулы әлеуметтік қызметтердің тізімі мен көлемі, өмірлік қиын жағдайларда жүрген адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетудің стандарттары әзірленді.
Қазіргі уақытта әлеуметтік қызмет көрсетуге жеке сектор және ҮЕҰ субъектілерін тарту есебінен стандарттар енгізіліп, бәсекеге қабілетті орта дамытылуда. Әлеуметтік қызметтерді егде адамдар мен мүгедектердің тұратын жерлеріне жақындату мақсатында елімізде аумақтық көмек көрсету, оның ішінде үйде көмек көрсету орталықтарының желісі кеңейтілуде.
– Сөз соңында еңбек қатынастары, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөнінде де айтып өтсеңіз.
– Өтпелі кезең еңбек және халықты жұмыспен қамту саласындағы ахуалдың шиеленісуімен жалғасқан болатын. Жүздеген кәсіпорындар жұмысы тоқтады немесе қысқарған режімде жұмыс істеді. Жалақы бойынша берешек көбейді, еңбек жағдайы нашарлады. Осының бәрі азаматтардың еңбек қатынастары саласындағы конституциялық құқықтарының заңды түрде қорғалмауына алып келді.
Жалпы ахуал қолданыстағы заңнаманы шұғыл түрде қайта қарауды қажет етті. Сол себепті де “Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы”, “Ұжымдық шарттар туралы”, “Кәсіптік одақтар туралы”, “Ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдер туралы”, “Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік туралы” және басқа да бірқатар заңдар әзірленіп, қабылданды. Бұл заңдардың өмірге келуі еңбек қатынастарын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Еңбек заңнамасының реформасы 2007 жылы Еңбек кодексінің қабылдануымен аяқталды. Еңбек кодексі, оның құрылымы мен мазмұны қызметкерлер мен жұмыс берушілердің мүдделерін теңдей ұстауға және мемлекетімізде еңбек рыногының негізгі субъектілері—жұмыс берушілер, жалдамалы қызметкерлер мен мемлекеттің арасында еңбек қатынастарын құру және реттеудің өркениетті тәртібін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Одақтың ыдырауы, шаруашылық және экономикалық байланыстардың үзілуі қазақстандық еңбек рыногының жағдайына кері әсерін тигізді. 90-жылдардағы ахуал халықты жұмыспен қамтудың төмендеуімен, жұмыссыздықтың өсуімен, жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың теңсіздігімен сипатталады. Жұмыспен қамтылған халықтың саны 1991 жылғы 7,7 миллионнан 2000 жылы 6,2 миллионға дейін төмендеді. 1999 жылдың аяғында жалпы жұмыссыздық деңгейі 13,5 %-ды құрады. Еңбек рыногын реттеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін өтпелі кезеңнің алғашқы он жылдығында нарықтық экономикаға сәйкесті нормативтік құқықтық база әзірленген болатын. Кедейлікке және жұмыссыздыққа қарсы күрес жөнінде мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, іске асырылды. Бұл шаралардың барлығы жұмыспен қамтылғандар санын 2000 жылмен салыстырғанда 2005 жылдың соңында 1 млн. адамға көбейтуге мүмкіндік берді. Аталған кезеңде жұмыссыздық деңгейі 12,8 %-дан 8,1 %-ға төмендеді.
Жұмыспен қамту саясатына әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс елеулі түзетулер енгізді. 2009 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлаудың өңірлік стратегиясы ( “Жол картасы”) әзірленген болатын. “Жол картасы” шеңберінде Үкімет қабылдаған шаралар жалпы еңбек рыногындағы ахуалға және елдегі жұмыссыздар санын тұрақтандыруға оң әсер етуде. 2010 жылғы маусым айының аяғында жұмыссыздар саны 498 мың адамға, ал жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызға төмендеді. Жұмыспен қамту саясатын одан әрі қалыптастыру үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде де белсенді жүргізіле беретін болады.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.