ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН
Қазақстан Республикасы өзін дербес мемлекет ретінде әлемге жариялағанда сол тәуелсіздігінің тірегі Ата Заңын алдымен өмірге әкелді. Бұл уақыт талабы болатын. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ықылым заманнан бері өркениетке ұмтылған қандай да бір мемлекет әуелгі кезекте конституциясын жасап, соған сәйкес өзге заңнамаларын шығарып, мемлекетін басқарып отырған. Мысалға, қазақ хандығын алсақ, “Есім ханның ескі жолы”, “Қасым ханның қасқа жолы”, “Әз-Тәуке ханның жеті жарғысы” деген сөздер халық арасында бекер айтылмаған. Өмірдің өзінен алып, адамдар қажеттілігі үшін жасалып, қолданысқа енгізілетін заңнамалар ұтқыр ойлар мен өміршең идеялардан тұратыны мәлім. Десек, Қазақстан Республикасының Конституциясы ұрпақтан ұрпаққа қызмет етіп, жарқын болашаққа жол ашатыны сөзсіз. Ел Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп анық жазылған. Сондықтан конституциялық құрылыстың негізін қалаған Ата Заңымыз Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңдеріне жол ашып отыр. Ата Заңымыздың тағы бір артықшылығы республикамызда тұратын адамдардың еркіне сәйкес әрі оларды ұлтына бөлмей жасалғандығы болып табылады. Осы ойымызды ұштай түссек, ортақ тағдыр біріктіріп, жүздеген жылдар бойы бірге өмір сүріп келе жатқан халықтардың құқығын тең қорғап, ортақ мүдде – Қазақстанның дамуына жұмылдыру екендігі анық көрінеді. Оған негіз тағдырдың жазуымен қазақ жеріне көшіп келген этностарға түсіністікпен қарап, жер беріп, өмір сүрулеріне мүмкіндік тудырған ата-бабаларымыздың кеңдігі, мейірбандығы, кемеңгерлігі, қонақжайлығы, бауырмалдығы десек, қателеспейтініміз анық. Соның нәтижесінде қазақстандықтар ортақ мүдде тұрғысынан бірлік пен татулыққа қол жеткізіп, тәуелсіздігімізді қорғауға жұмыла кірісті. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік және рухани тұрғыдан өсуіне күш, қуат, серпіліс берген Конституциямыздың идеялары, қағидаттары, нормалары саяси-құқықтық жағынан жақсы талданғанын уақыт көрсетіп отыр. Қарапайым тілмен айтсақ, Ата Заңымыздың арқасында Қазақстан халқының материалдық жағдайы жақсарып, әл-ауқаты артты. Елімізде қоғамның дамуына қажетті қағидаттар ескеріле отырып кәсіпкерлік еркіндігі, мемлекеттік және жекеменшік теңдігі дамытылуда. Негізгі Заң халықты әлеуметтік тұрғыдан жоғары деңгейде қорғап, өмір сүру жағдайын жеңілдетіп отыр. Медициналық қызмет көрсету, білім беру салалары жақсаруда. Тұрғын үй құрылысы екпін алып, жалақы және әлеуметтік төлемдер мөлшері көбейтілуде. Отандық кәсіпкерлердің міндетті төлемдері де азайтылуда. Жағдайы ауыр азаматтарға өтемақылар төлеу арқылы қолдау көрсету әлеуметтік бағдарламалар арқылы реттелді. Конституция азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауда ерекше орын алатындығы сол – мемлекеттік деңгейде әлеуметтік құқықтарына кепілдік беріп, қорғау міндеттелген. Соның нәтижесінде азаматтардың құқықтары сақталып қана қоймай, материалдық тұрғыдан да қамтамасыз етілуде. Ата Заңымызда айқын белгіленген тағы бір мәселе жұмыссыздық, мүгедектік, қарттық және жалғызіліктік жағдайында азаматтың денсаулығын сондай-ақ оның отбасының игілігін қолдау үшін әлеуметтік саясат жүргізу болып табылады. Бұл орайда Конституциялық Кеңестің рөлі ерекше. Өйткені, ол Конституцияның жоғарылығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган болып табылады. Мемлекет адамдардың заман ағымына лайықты бақуатты өмір сүруіне қажеттіліктің бәрін жасауға міндетті десек, біздің мемлекетіміз үшін адамға деген қамқорлықтан, оны материалдық тұрғыдан қорғап, әл-ауқатын арттырудан басқа артық ешнәрсе жоқ. Мұны адам өмірін және құқықтарын конституциялық тұрғыдан мойындау деп түсінген дұрыс. 2007 жылдың 21 мамырында “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның қабылданғаны баршаға мәлім. Бұл күнделікті өмірде қарапайым халық үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Негізгі Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың оңды нәтижелерін еліміз бүгінде көріп отыр. Құқықтық мемлекет болған соң, әлемдік тәжірибеден өмірлік мәні зор, ең бастысы – халықтың игілігіне жарайтын дүниелерді алып, қолданысқа енгізудің ұтымды жақтары көп. Бұл ретте тұтқынға алу және қамауға алуға санкцияны тек сот беретіндігін, сондай-ақ, өлім жазасын қолдану ауқымына шектеу қойылғанын қуана құптаған дұрыс. Тағы бір ашық айтып қана қоймай, ел болашағы үшін жасалған игілікті қадамдардың бірі деп бағалауға тұратын қадам қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттің қаржыландыруына салынған тыйымның алынуы болып саналады. Міне, осындай өмірлік қажеттіліктерден тұратын, нақтылай түссек, адамның бақуатты өмір сүруі үшін жасалған қадамдар біздің конституциялық реформаны саяси-құқықтық сипатта жүргізген мемлекет екендігімізді білдіреді. Заңнаманы білу, сыйлау, құрметтеу секілді құндылықтардан тұратын құқықтық мәдениетіміздің дамуына Ата Заңымыз жарқын жол ашқаны ақиқат. Жалпыхалықтың құқықтық мәдениеттің дамуы қоғамның алға басуына өзіндік ықпалын тигізіп отырады. Конституциялық құқығының бұзылуына ешкім жол бермесе, тиісті орындардан конституциялық құқығын талап ете білсе, бірінші кезекте ел заңнамалары бұзылмайды. Заң талабына сәйкес жұмысы жүрген мемлекет өркениетке қарыштап қадам басатыны тағы белгілі. Елдің құқықтық мәдениетін Ата Заңымызға сәйкес дамытуда бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Қорыта айтқанда, республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының өркениетке ұмтылған елімізге бергенінен берері көп. Данияр ЕСҚОЖАНОВ, Талдықорған қаласы әділет басқармасы бастығының орынбасары.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше