Астана қаласының прокуроры, ІІІ сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Мұхтар ЖӨРГЕНБАЕВПЕН әңгіме
– Жаңа Конституция мемлекеттің құқық жүйесін реформалаудың базасы болды деп айтады. Елбасының үстіміздегі жылдың 17 тамызында өткізген кеңесте құқық қорғау органдарының қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде реформа енгізілді. Сол туралы айтып берсеңіз.
– Елбасымыз өзінің Жарлығында құқық қорғау жүйесін жаңартудың негізгі бағыттарын нақты атап көрсетті. Прокуратура органдарының құқық қорғаудағы қызметін үйлестіруді күшейтуге, прокурорларға қылмыстық қудалаудың заңдылығын арттыруға деген талап қойылды. Ал реформаның маңызды бағыты құқық қорғау органдарының аппаратын оңтайландыру болып танылады. Бұл міндетті шешу үшін штаттық бірлік сандарын дұрыс есептеу қажеттігі жөнінде нұсқау берілді. Сондықтан да заңдылық базаны жетілдіріп, көп өзгерістер мен толықтыруларды енгізу қажет. Сонымен қатар, қылмыстық саясатты ізгілендіру туралы жұмыстарды жүзеге асыру тапсырылып отыр.
Бүгінде құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар негізінде Астана қаласының прокуратурасы көзделген шараларға байланысты өз қызметінің беделін арттырып, оның бет-бейнесін өзгертуді, уақыт талабы мен халықаралық стандартқа сай келетін құқық тәртібінің жаңа жүйесін қалыптастыруды және оларды жүзеге асыру ісін қолға алды. Прокурорлық қадағалауды одан әрі дамыту және жетілдіру жұмыстарын тиянақты түрде жалғастырудың жолдары қарастырылуда.
– Мұхтар Әкебайұлы, прокуратура – конституциялық заңдылықтардың сақталуын қадағалайтын бірден-бір орган. Ал Астана қаласының прокуратурасы биылғы жылдың бірінші жартысын қандай нәтижелермен қорытындылады?
– Астана қаласының прокуратурасы бірінші жарты жылдықта біршама жұмыстар атқарды. Ең негізгі атқарылған жұмыстардың бірі – тұрғын үйлердің үлестік құрылысы мен азаматтардың еңбек құқықтарының қорғалу заңдылығын қамтамасыз ету. Сонымен бірге, бюджет қаражаты шығындарының заңдылығы мен кәсіпкерлер құқығының сақталу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Еңбек қорғау мен техникалық қауіпсіздік, жерді заңсыз басып алу жөніндегі заңнамалар мен денсаулық сақтау, табиғат қорғау заңнамаларын бұзу фактілері бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 8 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Ал прокурорлық қадағалау актілерін қарау қорытындылары бойынша 373 тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, зиян келтіру бойынша нақты 780 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Елордамызда жалақыны уақытында төлету бағытында да көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта прокуратура жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына үнемі мониторинг жүргізіп отыру ісі ұйымдастырылды. Өткен жарты жылдықта прокуратура органдарының араласуымен 5 мыңға жуық Астана тұрғыны 140 миллион теңгеден астам сомадағы еңбекақыларына қол жеткізді. Сонымен қатар, алақол жұмыс берушілерге қатысты жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 78 әкімшілік іс қозғалды.
Бүгінде қаладағы өзекті мәселелердің бірі үлескерлер проблемасы екені белгілі. Прокуратура қызметкерлері осы бағытта атап өтерлік жұмыстар жүргізуде. Мысалы, ағымдағы жылдың алты айында 773 үлескердің мүдделерін қорғай отырып, олар төлеген 6 миллиард теңгені өндіріп алу үшін үлестік құрылысқа қатысу туралы келісім-шарттарды бұзу туралы 9 талап-арыз енгізілді. Сонымен қатар, тұрғын үй кешендері құрылыстарындағы қалыптасқан жағдайға байланысты үлестік құрылысқа қатысқандардың ақшалай қаражаттарын ұрлау фактілері бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды.
Қалалық прокуратура табиғат қорғау заңнамасының қатаң сақталуына да ерекше назар аударуда. Тексеру барысында анықталғандай, “Астана Энерго” акционерлік қоғамы мен “Астана су арнасы” кәсіпорны қоршаған ортаға зиянды заттарды мөлшерден тыс көп шығарған. Аталған кәсіпорындардың зиянды заттарды белгіленген нормадан тыс мөлшерде шығарғандары үшін қоршаған ортаға келтірілген зиян көлемі тиісінше 95 миллион теңге мен 53 миллион теңгеден астам қаржыны құраған. Осы фактілер бойынша прокуратура әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, тексеру нәтижесінде 21 миллион теңге көлемінде айыппұл салған болатын. Бұл қаржы толық көлемінде төленді. Бүгінгі таңда кәсіпорын республикалық бюджетке әкімшілік айыппұлмен қатар шығын сомасын ішінара қайтарды. Сондай-ақ осы акционерлік қоғамның бірқатар лауазымды тұлғалары әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу фактілері де кездеседі. Мысалы, осыған қадағалау жүргізу барысында жалпы көлемі 2 319 300 000 теңгеге жасалған үш конкурс мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт қорытындысына дейін күшін жойды. Осыған байланысты алты тұлға жазаланды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне орай азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуына ерекше назар аударылып келеді. Азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзғаны үшін өткен жарты жылдықта 22 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал өткен жылдың осы мерзімінде 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.
– Сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар да кездесетін болар?
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес барлық құқық қорғау органдарының міндеті. Бұл мәселе Мемлекет басшысының үнемі назарында. Нақты мәліметтер келтіретін болсақ, Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа салынғаны үшін 20 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылған. Ал биылғы жылдың бірінші жартысында Астана соттарымен сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 39 тұлғаға қатысты 23 қылмыстық іс қаралды. Соттардың қылмыстық істерді қарау тәжірибесі көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың ең көп таралған түрлеріне лауазымды тұлғалардың пара алулары, олардың қызмет бабын асыра пайдаланулары, сондай-ақ қызметтік лауазымын пайдалана отырып, өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иемденулері жататыны анықталды. Осыған байланысты қалалық прокуратура төрт сыбайлас жемқорлық қылмыстық істі тергеуді аяқтап, сотқа жолдады.
– Сот қаулыларының орындалу пәрменділігі қандай?
– Прокуратураға сот қаулыларының ұзақ уақыт орындалмауы туралы көптеген арыз-шағымдар түсіп жатады. Осыған байланысты үлескерлердің ақшаларын қайтарту, жер телімдерін мәжбүрлеп алу, сондай-ақ жалақы қарызы және басқа мәселелер негізінде 191 прокурорлық тексеріс жүзеге асырылды. Прокурорлық актіні енгізгеннен кейін 418 миллион теңгеден астам сома бойынша 172 іс жүргізу орындалды. Сөйтіп, мемлекет кірісіне 83 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Прокуратураның бастамасымен Астана қаласының шегіндегі мүлікті анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. Нәтижесінде сот орындаушыларымен және жол полициясы қызметкерлерімен 25 борышкердің автокөлігі тұтқындалып, борышкерлердің басқа аймақтардағы анықталған жерлер бойынша 12 орындаушылық құжат жолданды. Сонымен бірге, үлескерлердің қарыздарын төлеу іс жүзіне асырылды.
– Мұхтар Әкебайұлы, кейбір деректер елордада қылмыс санының көбейе түскенін көрсетеді. Оны ашуда қала прокуратурасының үлес салмағы қандай дәрежеде?
– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы Астанадағы жасалған қылмыстардың көбейе түскенін көрсетті. Ол негізінен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша елордада арыздарды және қылмыс туралы ақпараттарды электронды тіркеу жөніндегі қанатқақты жобаның жүзеге асырыла бастағанына байланысты. Бұл қылмыстық жағдайдың нақты бет-бейнесін көруге мүмкіндік берді. Астана қаласы құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің жұмысы аясында құқық қорғау қызметін жетілдірудегі тапсырмаларды шешуге баса назар аударылған. Барлық жоспарланған іс-шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді және үнемі бақылауда болады. Жалпы, Астана қаласындағы прокуратура органдарының қызметі мемлекеттік органдар мен басқа да салаларда заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлықпен және қылмыстың өзге де түрлерімен күресті нығайтуға жұмылдырылған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.