01 Қыркүйек, 2010

Апта айшықтары

401 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қаратөбедегі жаңа мектеп-гимназия Қаратөбе ауданы орталығында 100 орындық интернатымен бірге, 300 орындық жаңа мектеп-гимназия ғимараты пайдалануға берілді. Оның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен Елбасы тапсырмасына сәйкес жаңа білім ғимаратының ашылып отырғанын айтып, мектеп-гимназияға “ГАЗель” автокөлігін тарту етті. “Альтаир” ЖШС салған мектеп-гимназия құрылысына 800 миллиондай теңге жұмсалған. 300 адам жұмысқа тартылса, 100-і – жергілікті тұр­ғындар. Негізінен бір жылға жоспарланған жұмыс сегіз айда аяқталған. Заманауи үлгіде салынған жаңа білім ордасына 250 бала қабылданса, оның 20-сы шағын орталыққа, 20-сы мектепалды даярлыққа бармақ. Мұндағы бүлдіршіндер болашақта ыстық тамақпен қамты­латын болады. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. Қайырымдылық акциясы жалғасты Былтыр “Мектепке жол”, “Асар” республикалық қайырымдылық шаралары барысында оқушыларға 46,9 миллион теңгенің оқу құралдары мен киім-кешектері әперілсе, биыл да жан-жақты көмек жасау қарасты­рыл­ды. Акциялар аясында 900-дей рейдтер ұйымдастырылып, аз қамтыл­ған, көп балалы отбасылардың, тәртібі мен оқу-үлгерімі төмен жасөс­пі­рімдердің есебі алынды. Бір мыңнан астам балаға оқу құралдары сыйға тартылды. Мекеме-ұйымдар 73 оқушыны өз қамқорлықтарына алатын болды. Осынау игі іске “Нұр Отан” ХДП жергілікті филиалы да белсене ат­салысты. Мәселен, “Жас Отан” жастар қанаты 10 оқушыға көмектесуді өз міндетіне алды. Ал, “Қарындаш”, “Школьник”, “Абди-компания” секілді кітап дүкендері жәрмеңкелер өткізіп, өз өнімдерін арзан бағаға ұсынды. Демеушілер қатарында “Фрегат”, “Сұлтан”, “Маслодел”, тағы басқа фирмалар бар. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан  облысы. Айқасқан  құшақтар құрыштай берік Облыстағы этно-мәдени орталықтар Конституция күні мерекесін бірге атап өтуді берік үрдіске айналдырған. Осымен 15-ші рет дәстүрлі фестивальға жиналған олар Станиславский атындағы орыс драма театры сахнасынан өз ұлттарының әнін шырқап, биін билеп, салт-ғұрыптарын көрсетіп, келушілерді әсем әсерге бөледі. Ата Заңның қабылдануымен тұспа-тұс дүниеге келген бұл өнер байқауына қатысушылар бастапқыда санаулы ғана болса, осы жолы қатары 27-ге жетті. Әсіресе, Абай, Бұқар жырау, Нұра аудандары өнер­паздары көзге түсті. Фестиваль меймандары сондай-ақ түрлі этностар өкілдерінің шығармашылық ізденістерін қызықтаумен қоса, “Достық шаңырағы” тақырыбында ұйымдастырылған жәрмеңкеге қойылған ұлттық қолөнер, тағам үлгілерімен танысты. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды. Бүлдіршіндердің сиқырлы әлемі Облыс орталығындағы Тұрар Рысқұлов атындағы демалыс сая­бағында облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің балалары мен немерелерінің асфальт бетіне салған суреттері бойынша конкурс болып өтті. Конкурс тақырыбы да сәбилер үшін ерекше қызықты – Ата Заң аясында деп аталды. Конкурсқа қатысқан әрбір бүлдіршін өз қиялындағы атажұрты – қазақ елін әр қырынан бейнелеген. Сондықтан асфальт үстіне түрлі-түсті бормен салынған айшықты бейнелерден олардың Отан-анасына деген жүрекжарды сезімдері анық аңғарылып тұрды. Балалар, әсіресе, зәулім ғимараттар, ағылған автокөліктер, сондай-ақ, жасыл жайлау мен ақшаңқан киіз үй, аспан астында қалықтай қанат қаққан қыран сияқты суреттерді салғанды ұнатады екен. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Семей алдыңғы қалалар қатарында Жуырда республикалық дәрежедегі құзырлы органдар үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысын шығарды. Онда бюджеттің орындалуы, жұмыссыздық деңгейінің төмендеп, жаңадан жұмыс орындарының ашылуы, бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесі секілді 25 басты көрсеткіш негізге алынды. Сол бойынша Семей қаласы Ақтөбе, Павлодар, Талдықорған, Орал, Атырау, Қызылорда секілді облыс орталықтары қатарында бірінші категорияға, яғни даму қарқыны жоғары қалалар қатарына өткізілді. Семейдің осымен екінші рет алдыңғы қалалар қатарынан табылуы, әрине, сүйсінерлік жәйт. Отанымыздағы барлығы 200-дей қаланың ішінен топ жару Семейдің болаша­ғынан үлкен үміт күттірсе керек. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей. Солтүстік мұнайшылар мерейтойы Облыс орталығында орналасқан “ҚазТрансОйл” акционерлік қоғамының Батыс Сібір және Қазақстан мұнайын құбыр арқылы тасымалдайтын Шығыс филиалын еліміздегі осы саланың жүрегі деп те атайды. Сонымен қатар, бұл бөлімше еліміздің ішкі нарығындағы Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына үздіксіз жіберілетін мұнай тасымалымен айналысады. Өткен аптада мұнайшылар облыс орталығындағы кең сарайда құбырмен мұнай тасымалдау саласының 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Жиналғандарды облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтады. Мерекеге осы салада еңбек еткен аға ұрпақ өкілдері, бүгінгі жас мамандар қатысты. Мұнайшылар алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңы Роза Рымбаеваның концертіне ұласты. Фарида БЫҚАЙ, Павлодар. Екі субұрқақ іске қосылды Өскеменде қала мерекесі қарсаңында тағы екі субұрқақ пайдалануға берілді. Оның бірі – Ертіс өзені жағалауында, ал екіншісі Үлбі көпірі үстінде орналасқан. Жақын арада тағы екі субұрқақ іске қосылмақ. Қазір өскемендіктер қыркүйектің 6-7-сінде Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен өтетін өзара ынтымақтастық форумына әзірліктерін аяқтап қалды. Қала көшелеріне асфальт төселіп, өзге де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Н.Назарбаевтың интеллектуалды мектебі де салтанатты жағдайда ашылды. 250 орындық балабақша қала тұрғындары демалатын орындар да өз есігін айқара ашты. Оңдасын ЕЛУБАЙ,  Өскемен.