01 Қыркүйек, 2010

Неміс делегациясы оралда болды

477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жақында Германия Федера­­тив­тік Республи­касының делегациясы арнайы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан өңірінде болды. Деле­гация мақсаты – екі елдің сауда-экономикалық байланысын одан әрі өрістету. Меймандарды Гер­ма­нияның Алматыдағы бас консулы Герольд Амелунг бастап келді. Бас консулды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов арнайы қабылдады. Кездесуде Батыс Қазақстан об­лысы мен Германия арасындағы қарым-қатынастың қалыпты дамып келе жатқаны айтылды. Мәселен, 2009 жылы өңір мен Германия арасындағы сауда айналымы 47,2 млн. АҚШ долларын құраса, би­ылғы жылдың алты айы ішінде бұл көрсеткіш 41,9 млн. АҚШ долла­рына жетті. Өңірде Германия ка­пи­талының қатысуымен “Батыс Қа­зақстан Қуат Сервис”, “Жайык­лей­пцигэнерго”, “ОРАЛ-ULM” ЖШС сияқты бірнеше компания жұмыс істейді. Сондай-ақ “СВ Плюс”, “Нұр­жанар”, “Агротраст”, “Ақ қай­нар” сияқты ондаған кәсіп­орын гер­ман қондырғыларымен жұмыс жа­сап, өнім көлемін арттыруға, са­пасын көтеруге қол жеткізіп отыр. Сапар барысында Германияның Алматыдағы бас консулдығы Орал­дағы қалалық көрме залында “Қа­зір­гі Германия” және “Жаңғыр­ты­латын қуат – Германияда жасал­ған” тақырыбындағы екі көр­месін өткізді. Бақтықожа Ізмұхамбетов қала­лық көрме залында болып, жаңа қуат көздері техно­ло­гиялары жөнінде делегация өкілдерімен пікірлесті. Жылжымалы қос көрменің ашы­­лу салтана­тын­да облыс әк­і­мінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев Германия Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Рес­публикасын достық, әріптестік қа­рым-қатынас байланыстырып отырғанын атап өтіп, көрмелердің жұмысы батысқазақстан­дық­тарға қа­зіргі Германия жөнінде жаңа мағ­лұматтар алуға мүмкіндік бере­ті­ніне, бұл кездесудің жан-жақты бай­ланыстардың нығаюына, халық­тардың одан әрі ынтымақтасуына қызмет ететіндігіне сенім білдірді. Герольд Амелунг өз сөзінде көр­мені ашу Германияның Қазақ­стан­дағы жылы шеңберіндегі ау­қымды шараның бір бөлігі екенін, мұның екі елді жақындастыруға, озық тәжірибе алмасуға, неміс елін танып-білуге қызмет ететінін жет­кізді. Сондай-ақ көрмені ашуға кө­мек көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын білдірді. “Қазіргі Германия” тақыры­бындағы жылжымалы көрмеде осы күнгі Германия өмірінің түрлі ас­пектілері көрініс тапқан. Бұл елдің көп қырлы қоғамдық, әлеуметтік және мәдени өмірі берлиндік фо­тограф Торстен Эльгердің фото­ком­­позицияларында айқын бейне­ленген. Ал екінші қуат тақыры­бындағы көрмеде Германияның энер­гетика жөніндегі “Dena” агент­тігінің жұмыстары көрсетілген. Германия тіркелген патент саны жө­нінен әлемде бірінші орында болса, бұл агенттік қуатты тиімді пайдалану саласында сараптамалық орталық саналады. Көрші ресей­ліктер “Denaмен” тығыз байланыс орнатып, қуат көздерін үнемдеу, жаңа көздерін орнату жұмыстарына кіріскені мә­лім. Көрмедегі 24 бан­нер­де қуат өндірудің түрлі көздері мен қуатты үнемдеу жолдары кө­рініс тап­қан. Қазіргі уақытта Гер­мания пайдаланып отыр­ған қуат­тың 15 пайызын осы жаңартылған қуат көздерінен, яғни желден, су ме­н күннен алады. Біздің еліміз та­яудағы келешекте қажетті қуаттың 5 пайызын осындай көздерден алуды мақсат етуде. Жалпы әлемде табиғатпен үйлесімді, жа­ңар­тылған қуат көздеріне деген қызығу­шы­лық ар­тып отыр. Оның себебі түсінікті де, табиғат қой­науындағы қазба байлық шексіз емес. Ал жыл өткен сайын қуатты тұтынушылық дең­гейі жыл­дам өсуде. Біздің облы­сы­мызда да қуатты көбірек қа­жет­сі­нетін жаңа өндіріс орын­дары, құры­лыс­тар, тұрғын үйлі жаңа шағын аудандар, түрлі ны­сандар іске қосылуда. Сондықтан мұндай озық ин­новациялы техно­логиялар көрмесінің келе­шек­те технология­лар трансферіне жол ашары кәміл. “Алгоритм” технопаркінде германиялық меймандар облыстағы бизнес өкілдері, басқарма, депар­та­мент басшылары, денсаулық сақтау саласы мамандарымен кездесті. Жи­ынды ашқан облыстық өнер­кә­сіп және кәсіпкерлік басқарма­сы­ның бастығы Руслан Сапарғалиев қонақтарды таныстырып шыққан­нан кейін сөз кезегі Германия эко­номикасының Орталық Азиядағы өкілдігі жетекшісінің орынбасары, Германия экономикасының Қазақ­стандағы өкілі Ғалия Жүнісәлие­ваға тиді. – Германия экономикасының өкілдігі Қазақстанда 1994 жылы ашылған болатын. Ал 2000 жылдан Астанада арнайы кеңсе ашылды. Өкілдік бүкіләлемдік сауда пала­та­ларының негізгі желісінің бөлігі болып есептелінеді. Ал Германияда DІHK – сауда-өнеркәсіп палатасы ретінде белгілі. 2008 жылдан өкілдік Қырғызстан, Тәжікстан, Түркі­мен­стан және Өзбекстан өңірлеріне де қанат жая бастады. Біз енді елі­міз­дің батыс өңірімен де тереңірек қарым-қатынас жасауға әзірміз, – деді Ғалия Жүнісәлиева. “Сименс Қазақстан” ЖШС директоры Цвингенбергер Кайдың айтуынша, өздерінің концерні әлемде электроника және электро­техника бұйымдарын өндіруде жетекші орынға ие. Өз қызметін өнеркәсіп, энергетика және денсау­лық сақтау саласы бойынша жүр­гізеді. Қазақ­стан рыногында жұмыс жасап жатқанына 15 жыл болған. Астанадағы “Бәйтерек”, “Ақорда” сияқты көптеген ірі нысандарды жа­рықтандыруды осы “Сименс Қазақстан” компаниясы атқарған. Кәсіпорын қолтаңбасын еліміздің энергетика, өндіріс және медицина салаларынан көптеп кездестіруге болады. Ал “Wіrtgen Іnternatіonal GmbH” компаниясы өкілдігінің басшысы Аман­гелді Елғонов тау-кен саласында, жол құрылы­сында, жолды асфальттау жұмыстарында кеңінен пайдаланылатын жоғары сапалы неміс машинала­рының мүмкіндіктері жөнінде әңгімеледі. “Bosh Thermotechnіk GmbH” ком­паниясының бас директоры Вла­димир Коломыцын жиналған­дарға кәсіпорын өндіретін жылыту жүйе­сінің озық техникаларын таныс­тыр­ды. Бұдан соң “Жайық­Құбыр­Тех” ЖШС директоры Хольгер Нумрих өз кезегінде компанияның мұнай-газ құбырларын тазалау, ауа және су асты құбыр желісі жүйе­сін жасау, газ құбыры желілерін кеп­тіру, ультра­дыбыспен ішкі тазалау жұмыстарын жүргізу бағытындағы жетістіктерін айтып берді. Тағы бірер компанияның осын­дай танысты­рылымы өткеннен кейін германиялық қонақтар жер­гілікті бизнес өкілдерінің сұрақ­тарына жауап берді. Мұндай іскерлік байланыс ал­дағы уақытта да жалғаспақ. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.