Қазақ елінің жаңа тарихына жол ашқан Елбасымыздың өмірінде Теміртау қаласының қаншалықты елеулі орын алатындығын көкірек көзі ашық көпшілік қауым жақсы біледі. Ал енді сол Теміртаудан сол бір жылдарда қарбаласқан еңбектің қара қазанында қайнап, шынығып, шыңдалып, өрелі өмір мектебінде ысылып, Нұрсұлтан Әбішұлының сенімін арқалау құрметіне бөленген, былайша айтқанда, алғашқы гвардия сапында болған айтулы азаматтар аз емес. Солардың бірі – кезінде Нұрекеңнің ұсынуымен жеті жыл бойы Теміртауды басқарған, кеңестік кезеңде-ақ министр дәрежесіне жеткен, Халықаралық еңбек ұйымының басшылығына тәуелсіз Қазақстан Президентінің ресми хатын табыс етіп, осынау беделді ұйымның Женевадағы сессиясында алғаш рет еліміздің атынан қазақша сөз сөйлеген, басқа түскен әртүрлі қасірет-нәубеттердің салдарынан жұмыр жерге тарыдай шашылған қандастарымыздың атажұртқа бет түзеген алғашқы қиын көшін бастап ұйымдастырған, бүгінгі ардақты ардагер Саят Дүйсенбайұлы Бейсенов.
– Сәке, өмірбаяныңызға қарап отырсам, болашақ министр өзінің еңбек жолын қарапайым ғана слесарьлықтан бастаған екен-ау?..
– Оның себебі бар. 1958 жылдың мектеп бітірген жазында мен институтқа бармас бұрын әуелі әкеме үйдегі азын-аулақ тұяқтың қыстық шөбін дайындауға қолғабыс етуге тиісті болдым. Туып өскен жерім Қарағандының Осакаров ауданы, оның ішінде Кондратьевка деген село. Ауылдық жер ғой. Әкейдің айтуымен сондағы Тельман атындағы кеңшардың пішен дайындаушылар бригадасында жаз бойы жұмыс істедім. Сөйтіп, соның ақысына үйге бір мәшине шөп түсірткізіп, бір пар керзі етік алдым. Тиіп тұрған Қарағандыға тек содан кейін ғана, тамыздың аяғына қарай бір-ақ жіберді. Әке сөзінен аттап кету ол кезде мүлдем болмайтын жағдай. Мен барғанда институттардағы қабылдау емтихандары аяқталып кеткен болатын. Содан сол қаладағы №5 кәсіптік-техникалық училищеге түсуіме тура келді. Мұнда ың-шыңсыз екі жыл оқып бітіргеннен кейін, жаңа өзің айтқандай, еңбек жолымды қалалық электр жүйесі басқармасының электр слесарі болып бастағаным рас.
– Слесарьлықта шыңдалуыңызға көп уақыт кетті ме?
– Ең жақсы өмір мектебі – еңбек мектебі. Слесарь болып істеген бір жылда әрі ысылдым, әрі есейдім деуіме болады. Кондитер фабрикасының, сыра зауытының, Михайловкадағы мәшине жасау зауытының жабдықтарын электр желісіне қосып монтаждауға байланысты қат-қабат қауырт жұмыстар, ұжым тезі көп нәрсеге көзімді ашып үйретті. Пришахтинскіні, Майқұдықты, Федоровканы және Қарағандының басқа да нысандарын жарықтандыру орайындағы жұмыстарда қанат қатайтып, жастық жігерімізді салған жарқын шақтар қазір сағындырады. Реті келгенде айтайын, алпысыншы жылдардың кез келген адамға, әсіресе өмірде мұратыма жетсем деген қазақ жасына қояр талабы қазіргіден әлдеқайда қатаңырақ болды деп ойлаймын.
– Бокспен сол себептен шұғылдандыңыз ба?
– Әрине, мұны қаз-қалпындағы қарабайырлықпен түсініп қалмайық. Бірақ спортпен шұғылдану адамның жалпы деңгейі мен өресін кеңірек өріске шығарып көтеретінін сол балғын бозбала кезімде сезінгенімді жасыра алмаймын. Иә, бокспен шұғылдандық, талай дүбірлі жарыстарға да қатысып, жүлделі болдық, мерейіміз өсті. КСРО спорт шебері атандық. Бұдан пайда таппасам, зиян көрген жерім жоқ. Сонымен бірге мамандығымның ыңғайына қарай жоғары техникалық білім алып шығуға да талпындым. Бұл ретте маған сол кезде әсіресе қалалық электр жүйелері мекемесінің бас инженері Қамзабай Арыстанұлы Бөкетовтің айтқан ағалық жанашыр ақыл-кеңестерін осы күнге дейін разы көңілмен еске аламын.
– Содан институтқа түстіңіз бе?
– Түсуін түстім ғой. Қамзабай ағаның ақылымен құжаттарымды “Кен орындары электромеханикасы” мамандығы бойынша Қарағанды политехникалық институтының кешкі бөліміне тапсырып, сонда қабылдандым. Бірақ сол жылдың күзінде әскерге алып кетті.
– Обал болған екен.
– Түк те обал емес. Біздің буынның жігіттері ондай-ондайға өкініш етпейді. Қайта әскер де бір шынығу мектебі болды. 1964 жылы борышымды өтеп келгесін нақ сол мамандық, сол институттың енді күндізгі бөліміне қайтадан түстім.
Бірақ бұл жерде көп оқымадым. Себебі, Қазақстан үшін кадр даярлау ісімен Одақтың орталық оқу орындары да айналысатын. Біздің арамыздан 15 шақты адамды іріктеп алып, ректор академик Әбілқас Сағыновқа апарды. Біразын Мәскеуге, Ленинградқа, Свердловскіге жіберді. Біздің – үш электршінің маңдайымызға Иваново қаласындағы Энергетика институтында оқу жазылған екен. Институтты бітіргеннен кейін жолдамамен Теміртау қаласына келдім. Мұндағы жұмыс күндерім негізінен синтетикалық каучук зауытының цехтары мен металлургия комбинатының электромонтаждық алаңдарында өтті.
– Көптеген армандарға жол ашқан, қиялдарға қанат бітірген, аңызды ақиқатқа айналдырған сол тұстағы Теміртау жайында айтыңызшы.
– Теміртау ерекше қала болды. Мұнда сол кездерде 23 өнеркәсіп орны жұмыс істеп тұрды. Көпшілігі жалпымемлекеттік, яғни одақтық құзырға қарады. Бұлардың ішінде Қарағанды металлургия комбинаты, синтетикалық каучук зауыты, механикалық-құю зауыты, Қазақ металлургия зауыты, КарГРЭС-1 дараланып тұратын. Оның үстіне ол тұстағы Теміртау үлкен құрылыс алаңына айналған-ды. Екі трест: Қазметаллургқұрылыс өнеркәсіп нысандарын, Металлургтұрғынүйқұрылыс әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық нысандар тұрғызумен айналысты. Ойлап қарайықшы. Қалада жылма-жыл 100 мың шаршы метрден астам тұрғын үй, бір-екі мектеп, екі-үш мектепке дейінгі балалар мекемесі пайдалануға беріліп отырды. Құрылыс қарқыны мен ауқымы осындай болатын. Стадиондар, велотрек, жеңіл атлетика манежі, жүзу хауызы, кинотеатрлар бір мезгілде тұрғызылды. Әрине, осындай жағдайда жігерленіп серпілесің, өзіңнің жауапкершілігіңді сезінесің. Ең бастысы, Теміртауда жұмысшылардан бастап, осы үдерістерді үйлестіріп басқарып отырған ғажап адамдар болды. Тәлім алып, өнеге тұтарлық азаматтар аз емес-тін. Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Давыдов, екінші хатшы Н.Назарбаев, “Қазметаллургқұрылыс” тресінің басқарушысы А.Коркин, металлургиялық комбинаттың директорлары О.Тищенко, М.Ақбиевтер шын мәнінде Теміртаудағы өмірді өркендетушілердің алғы шебінде жүрді. Облыс басшыларын айтсам, сондай салмақты да зиялы абзал азамат Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетов болатын.
– Теміртау деңгейінен жоғары самғағандар да болды емес пе?
– Иә, сол шоғырдан бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті, әлем таныған әйгілі саясаткер болғандығын, әлбетте, біз, Теміртаудан түлеп ұшқандар әркез мақтан тұтып, мерейленіп жүреміз. Жаңа айтқандардан қазір Давыдов пен Коркин Мәскеуде тұрады. Ақбиев Алматыда. Бұлардан басқа да Г.Мусалимов, А.Баублис, П.Сороквашин, Г.Шапиро, Ж.Мусин сияқты тамаша адамдардан өмір мәнін, ұжымда жұмыс істеуді үйренерлік жайлар көп болатын. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің қазіргі іс басындағы, ат үстіндегі көптеген құрметті азаматтары үшін Теміртау таптырмайтын үлкен өмір мектебіне айналды. Көп ұлтты, өнеркәсіпті Теміртауда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сияқты кемеңгер тұлғаның құрыш болаттай сомдала шыңдалып қалыптасуын өз басым Қазақстанның бүгінгі қарқынды дамуының кепілі, тыныштық пен ұлтаралық татулықтың, еліміздің барлық халқының өзара құрметі мен сыйластығының негізі екендігіне кәміл сенімдімін. Осы жылдың 2 шілдесінде республика Президентінің қатысуымен Қазақстан Магниткасының 50 жылдығы атап өтілді. Үлкен мерекеде адамдардың тілегі бір арнада тоғысқандай, жүректерде сонау жас күндеріміздегідей Теміртау оттары әлі жанып тұрғандай әсерге бөлендім. Осынау тамаша қалада өмір сүріп, еңбек ету бақытын еншілегенімді мақтан тұттым.
– Осы Теміртауда өзіңіз де саты-саты басшылық қызметтерде болған екенсіз. Қызмет бабында елдің болашақ Президентімен тікелей тоқайласқан тұстар болды ма?
– 1970 жылы синтетикалық каучук зауытында инженер болып жүргем. Бір күні зауытқа қалалық партия комитетінің өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Назарбаев келіп, жиналыста сөз сөйледі. Жанып тұрған от екен. Жас та болса жұртты байыптылығымен баурап алды. Жиналыстан соң кеңседе сәл бөгеліп, маған: “Мұнда қанша істеп жүрсің? Оқуды қайдан бітірдің?” дегендей бірер сұрақ қойды да, қалалық партия комитетіне нұсқаушы керектігін айтты. Бірнеше күн өткенде мен нақ осы жұмысқа шақырылдым. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қол астында жұмыс істедім. Көп ұзамай ол кісі қалаға екінші хатшылыққа сайланды. Бір күні мені кабинетіне шақырып: “Ана котельный, коммунальный службаларды жөнін біліп, дұрыс қарап жатқан ешкім жоқ. Осыларды сен басқарсаң қайтеді? Оқуын оқыдың, энергетиксің, білесің ғой”, деп ұсыныс жасады. Сөйтіп үш жыл қаланың коммуналдық шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып, қалалық қызмет салаларымен тығыз байланысты жұмыс кезеңімді бастадым. Ал енді бұдан кейінгі жылдарда Теміртау қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, одан соң төраға қызметтеріне ұсынылып, бекітілуімде де бұл кездегі Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп мәселелері жөніндегі хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпал-әсері болғаны анық.
– Сөйтіп, ел Президентінің болашағын бастап берген Теміртаудың тізгінін қолға алған екенсіз ғой?
– Қалай десеңіз де, ел қатарлы ғана қызмет істедік қой. Озған да жоқпыз, заман көшінен қалған да жоқпыз. Өмір заңы солай ғой. Ал енді сол Теміртаудың төрағасы қызметін бақандай сегіз жыл атқарыппын. Қала тіршілігін қамтамасыз ететін әртүрлі басқару құрылымдарында, былайша айтқанда, қан жүгіртетін күретамырларда барлығы 15 жылды тынымсыз еңбекпен өткеріппін. Әлбетте, осы жылдарда Теміртаудың толайым дамып көркеюіне мысқалдай да болса үлесімді қостым-ау деп айта алсам керек. Қаланың өнеркәсіп орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында мұнда тұрғын үй, мектептер, ауруханалар, балабақшалар салу жөнінде сол кездің тұрғысынан алғандағы қиын міндеттер рет-ретімен шешімін тауып жатты. Негізгі әрі басым көңіл Елбасымыз болат балқытушы боп өзінің даңқты еңбек жолын бастаған Қарағанды металлургиялық комбинатына, яғни Қазақстан Магниткасына бөлінді.
– Сегіз жыл мэрліктен кейін тура сегіз жыл министр болған екенсіз...
– Әділін айту керек, Нұрсұлтан Әбішұлының бір тамаша адами қасиеті сол, бұрынғы көз көрген, сыннан өткен сенімді кадрларды әркез ұмытпай қолдап отырады. Жалғыз мен тарабында ғана емес, мұның мысалдары жетерлік. “Жақсыдан – шарапат” дегендей, сол қасиеттің септігі маған да тиді. Өзі республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып барғаннан кейін біраздасын телефон соғып, Совминнің бөлім меңгерушілігіне шақырды. Айтқан уәжі бір-ақ ауыз сөз: “Ол жерде қанша отыра бермексің? Сен мұнда керексің”. “Қисынды сөзге қыңыр тоқтамас” дегендей, тілектестік ұсынысты түп көтере қабыл алғаннан опық жеген жоқпын. 1984 жылдың аяғында Қазақ КСР Халыққа тұрмыстық қызмет көрсету министрі болып тағайындалдым.
– Бұл жаңа жұмысты жатырқай қойған жоқ шығарсыз?
– Тапсырған қандай жұмысты да қатырып орындайтын қып-қызыл коммунист кезіміз ғой. Бірақ ең ғажабы, күллі Кеңес Одағындағы ең жас, ең жігерлі Премьер-Министр Нұрекеңнің командасында болғаным, сенімін иеленгенім еді. Осы бір риясыз сенімді мен үнемі ақтауға тырысып баққанымды ол кісінің өзі де біледі. Алғаш министр етіп қойғанында да сенімінің үдесінен шықтым ғой деймін. Жаңа қызметке жаңа серпінмен кірістік. Республиканың барлық облыс орталықтарында көп салалы тұрмыстық қызмет үйлері, жиһаз жасау зауыттары, киімді химиялық тазалау, кілем тоқу, былғары өңдеу жөніндегі цехтар және басқа да кәсіпорындар салынды. Барлық аудан орталықтарында тоқыма-тігін цехтарымен, күрделі тұрмыстық техниканы жөндейтін шеберханалармен қоса аудандық тұрмыстық қызмет комбинаттары жұмыс істей бастады. Бұл игі істер көпшіліктің көңілінен шығып, сонымен бірге жер-жердегі халықты жұмыспен қамтудың жайын жақсарта түсті.
– Иә, осындай игілікті істерден соң тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Еңбек министрі болып тағайындалғаныңызды білуші едік. Бір жағынан, бұл да бір құрмет емес пе?
– Құрметтен бұрын жауапкершілік десеңші. Тоқсаныншы жылдардың басындағы белгілі қиындықтар жас мемлекетімізге оңай соққан жоқ. Соған қарамастан осы жылдарда Еңбек министрлігі халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау мәселелерімен бел шеше, белсенді түрде шұғылданды. Парламентке еңбек заңнамасы (Еңбек кодексі), жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру және халықтың көші-қоны жөніндегі алғашқы заң жобалары енгізіліп, солардың бәрі қабылданды. Осы сияқты бастамаларымыз тәуелсіз Қазақстанның еңбек, көші-қон және әлеуметтік мәселелер жөніндегі қазіргі қалыптасқан ведомстволарын құруға негіз болып табылды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ сияқты халықаралық институттармен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Осы ретте, әлбетте, Халықаралық еңбек ұйымы да нақ осы алдыңғы маңызды қатарда тұрды. 1993 жылдың шілдесінде Қазақстан делегациясын бастап, алғаш рет Халықаралық еңбек ұйымының 80-ші сессиясына қатысуымыз естен кетпес тарихи оқиға болды. Ұйымның бас директоры А.Д.Хансен мырзаға Президент Н.Назарбаевтың хатын тапсырып, сессияда сөз сөйлеуім де шуақты әрі бақытты сәттердің санатында.
– Қай тілде сөйледіңіз?
– Ағылшыншаны еркін білгеніммен, әсіресе өзіміз үшін тарихи сессияда бастан-аяқ қазақша сөйледім. Ілеспе аударма кабиналарына сөзімнің ағылшын, француз, неміс, испан, қытай тілдеріндегі нұсқаларын беріп қойғанбыз. Орыс тіліне ондай құрмет берілмеген. Сөзімді: “Ең алдымен, мәртебелі сессияға Ассалаумағалейкум деп сәлем беруге рұқсат етіңіздер” деп бастадым. Осы жағдайды ұнатып қалған Түркия мен араб елдерінің министрлері, елшілері маған ерекше ілтипат білдірді. Үзілісте қолымды алып құттықтап, Кувейт, Иордания, Ливия, Марокко, Алжир, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдерден келген әріптестеріміз өз елшіліктеріндегі әрбір салтанатты қабылдауларынан қалдырмай, Құран, тәспих, басқа да қастерлі кәдесыйлар сыйлап, тіптен, үстіме шапан жауып құрметтеді. Өз тарапымнан мен де қарымта құрмет көрсетейін десем, ол кезде Женевада әлі біздің елшілігіміз жоқ. Сондықтан, Ресей елшісіне жағдайды айтып, көмектесуін өтіндім. Ол: “Сіздің еліңізге және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген айрықша құрметімнің белгісі ретінде өз елшілігіміздің ғимаратында сіздің қабылдауыңызды бір тиын алмай тегін ұйымдастырып беремін”, деді. Солай етті де. Ол да бір өз еліміз үшін мерейленген күндер еді.
Сөйтіп, Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының толық құқықты мүшесі атанды. Біз үшін бұл маңызды оқиға болды. Көп ұзамай Алматыға ұйымның мамандары келіп, жұмыспен қамтылмаған жұртты қайта оқыту, қайта мамандандыру және қайта даярлау жөніндегі қанатқақты бағдарламалар мен мультижобаларды ұйымдастыруда өз көмектерін көрсетті. Бұлар Қарағандыда, Шымкентте, Қызылорда, Орал және Алматы облыстарында іске қосылды. Соның көмегімен жұмыспен қамту, көші-қон және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі қазіргі институттарымыздың негізі қаланды. Бұл орайдағы алғашқы қадамдар осылай жасалды. Алғаш рет біздің елімізде Халықаралық еңбек ұйымы негізгі конвенцияларының ережелерін басшылыққа алу жайы Парламентте қарала бастады.
– Отандас оралмандар көшін атамекенге алғаш бастаған да осы сіздің министрлік емес пе?
– Иә, еліміз тәуелсіздік алғасын шетелдегі қандастарымыздың кейбір өкілдері ел басшылығына: “Елге қайтсақ” деген арман аңсарлы тілектерін айтып кіре бастады. Осы мәселемен біз айналыстық. Сырттағы отандастарды елге көшіру жөнінде белсенді жұмыс жүргіздік. Министрлік құрамында 1992 жылдың қарашасында арнайы көші-қон департаментін құрдық. Мәселені зерттеп, істің нақты жай-күйін көзбен көріп қанығу мақсатында Елбасы тапсырмасымен жұмыс тобын бастап, Моңғолия, Қытай, Иран мен Түркия елдеріне өзім барып қайттым. Ондағы қандастарға егемен елдің сәлемін жеткізіп, үміт сәулесін себездеттік. Отанға деген сағынышты көз жастарының, елжіреген жүректерінің куәсі болып, өзіміздің де көңіліміз босаған сәттер аз емес. Бірақ қандастарды елге көшірудің қиындық, кедергілері де аз болмады. Жаңағы елдердің әр деңгейдегі басшыларымен әңгімелесіп, сол қиындықтарды жеңілдетудің, шешімін табудың жолдарын іздестірдік. Моңғолия президентімен, Түркияда Сүлеймен Демирел, Тансу Чилер сияқты үлкен қайраткерлермен жүздесіп, түсіністік таптық. Елге қайтам деген отандастарды көшіруге әуе және темір жол көліктерін, автокеруендер ұйымдастырдық. Өзіміздің жергілікті басқару органдарымен де қандастарымызды қарсы алу, орналастыру, тұрмысын реттестіру жөнінде жұмыстар жүргіздік. Қайткенде де ұлы көштің ақ жолын ашып, бастап бергенімізді дәтке қуат ете аламыз. Бұл орайда арым таза, жүзім жарқын.
– Прибалтика елдерінде елші болған кезде қалдырған ізіңіз бар болар?
– Иә, екі жыл бедерінде ел Президенті жанындағы Бас бақылау инспекциясының төрағасы қызметін атқарғаннан кейін 1995 жылы Вильнюсте (Литва) елшілік, ал Рига (Латвия) мен Таллинде (Эстония) консулдық ашудың бақыты маған бұйырды. Тәуелсіз елімнің осындағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде қазақстандық жүктерді Клайпеда, Вентспилс пен Таллиндегі теңіз айлақтары арқылы тасымалдау мәселелерін ізерледім. Үш жылдай уақытта өзара тиімді экономикалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі көптеген құжаттарға қол қойылуы мәмілегерлік мерейімді өсірмеді деп айта алмаймын.
– Өмір мәні жайында не айтасыз, Сәке?
– Еліме қызмет еткенім, адал жүріп, ақ тұрғаным мен үшін өмірімнің басты мәні. Уақыт көшінен, замана үрдісінен қалып қоймауға ұмтылдым. Жасымда бокспен шұғылданғаным, егделенгенде республика бокс федерациясының президенті болғаным, бертінде экономика ғылымынан кандидаттық диссертация қорғағаным сондықтан шығар. Зейнетке шыққасын да қарап отырмай, “Қайнар” университетінде ұстаздық етуім де өмірімді мағыналы ету тілегінен туса керек. Адамға тәннің бәрі маған тән. Ертеректе қызығушылықпен ағылшын, түрік тілдерін үйреніп алғанымның пайдасы талай тиді. Қазақшылығыма келер болсақ, Бұқар жырау бабамның аруағына бас ұрамын. Домбыра шертіп, Қасым Аманжоловтың өлеңдерін, әндерін қоңырлатып айтқанды ұнатамын. Өзім әнші болмасам да, Ескендір Хасанғалиев және зайыбы Дарикомен отбасылық достығымды мақтан тұтамын. Теміртау-Қарағандыдағы ескі достармен де, алыс жүргенімізге қарамай, аралас-құраласты үзген емеспін. Жетпісімді Қарағандыда атап өтпекпін. Күні кеше ата-анамның бейітіне тәу еттім. Асыл жарым, жеңгең Бәтеш екеуміздің өрісімізді ұзартқан үш баламнан сүйген бес немеренің атасымын. Демек, өмір жалғасуда. Өмір мәні сол емес пе...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.