Келешек кепілі – кемел білім
М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін биыл үздік бітірген Жадыра Жұмағалиева өз жүрек қалауымен сол облыстың Зеленов ауданындағы Переметное ауылына, Қасым Аманжолов атындағы мектепке келіп, алғашқы сабағын өткізуге әзірлік үстінде.
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.
Ауылға келіп ажарым ашылды
Еліміздің ертеңі – біздердің, яғни жастардың қолында екені белгілі. Кемел келешек иесі біздер бүгінде қоғамның жетекші күшіне айналып келеміз. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміз жастарға қамқор қолдарын созумен келеді.
“Нұр Отан” ХДП-ның “Жас Отан” жастар қанатының І съезінде жастар мен жас көшбасшыларға, жоғары оқу орнының түлектері мен болашақ кәсіп иелеріне, оның ішінде ауыл жастары өкілдеріне бағытталған бағдарламалар мен жобалар әзірлеу тапсырылған болатын. Сондай-ақ Елбасымыз, “Нұр Отан” ХДП-ның төрағасы Н.Ә.Назарбаев ауыл жастарының кемел келешегіне бағытталған “Ауыл жастары” жалпыхалықтық бастамасы мен жоғары оқу орнын бітіруші түлектерге бағытталған “Дипломмен ауылға” атты жобаларды жүзеге асыруды тапсырған еді. Соны жас мамандар қолдап, ауылға бетбұрыс жасаудамыз.
Еліміздің еңсесін тіктейтін болашақ ұрпақты тәрбиелеу – мұғалімдерге жүктелер зор міндет. Осы міндет үдесінен көріну үшін мен өткен жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университеттің сәндік қолданбалы және көркемдеу өндірісі бойынша кәсіптік білім педагогы мамандығын алып, ауылға атбасын бұрдым. Яғни, Қармақшы ауданына қарасты Жосалы кентіндегі №250 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі болып қызмет істеп, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде барлық күш-жігерімді жұмсаудамын.
Елбасымыздың тікелей ықпалымен “Дипломмен — ауылға!” барған жас мамандарға барынша жағдай жасалуда. Шынымды айтсам, мен қалай ауылға бардым, солай қамқорлық құшағына кенелдім. Егер нақтылай айтар болсам, 90700 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы қолыма тисе, 890,0 мың теңге тұратын 4 бөлмелі тұрғын үйге иелік ету үшін бюджеттен 15 жыл мерзімге 0,01 пайыз көлемінде несие алдым. Сондай-ақ ауылда қызмет етуімнің арқасында қалалардағы әлеуметтік салаларда қызмет ететін мамандармен салыстырғанда 25 пайызға жоғарылатылған жалақы аламын. Ауылға келген жас мамандарға мұнан артық қандай көмек қажет.
Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Менің пайымдауымша, қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі ең өзекті мәселе – жастардың бойына адамгершілік қасиеттерін егу арқылы ізгілікке, инабаттылыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу, жан-жақты білім беру. Сондықтан да осындай асқаралы міндеттерді жүзеге асыруда біздерге, ұстаздар қауымына, жүктелер жүк те жеңіл емес екендігін сезінемін. Ауыл жастарын еңселі еліміздің ертеңгі тірегі етіп тәрбиелеп шығу үшін өз әріптестерімді “Дипломмен — ауылға!” шақырамын. Иә, ауылға келіп ажарым ашылды.
Гауһар ӘЛИЕВА, №250 мектеп мұғалімі. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кенті.
Білім беру жүйесіндегі серпінді жобалар мен жаңа мүмкіндіктер
Бүгінгі таңда елімізде стратегиялық бағыттар белгіленіп, 2020 жылға қарай білімді ел, саналы экономика және жоғары білікті жұмысшы күшін қалыптастыру межесі көзделіп отыр. Яғни, білім беру ісін дамыту еліміздің келешектегі гүлденуінің басты кілті, тұғырнамасы болуы тиіс. Бұл үшін білім беруді түбегейлі түрде жетілдіру қажет, демек, білімге салынатын қаржының мөлшерлі және тұрақты түрде көбеюі дегеніміз – білім беру сапасының артуы болып шығады. Білім тек экономикалық жағынан тиімді ғана болып қоймай, әлеуметтік тұрғыдан да пайда әкеледі.
Қазақстан Республикасындағы білім беру саласын жетілдіру мен дамыту Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың білім саласын жан-жақты қолдауы мен адам капиталын дамытудың маңыздылығы мен қажеттілігін жете түсінуі нәтижесінде қолға алынуда. Оған дәлел білім беру саласының “Қазақстан–2030” Стратегиялық даму жоспарының басым бағыттары болып белгіленуінде.
Жаңа міндеттерді шешу үшін бірқатар нормативтік құжаттар мен бағдарламалардың қабылдануы қажет екені аян. Олардың бастылары – Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңы, “Стратегия–2020” даму жоспары, Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2007-2011 жылдарға арналған “Қазақстан балалары” бағдарламасы, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы, т.б.
Елдің даму үдерісінде адами құндылықтардың өркендеуі стратегиялық маңызды мақсат болып саналады. Қазақстандағы қазіргі білім беру жүйесінің көркеюі адам капиталының рөлін бағалауға, тең білім алу мүмкіндіктерін туғызуға, жоғары білім беру стандарттарына қол жеткізуге көңіл бөле отырып жүргізуді қарастырады. Осы орайда Елбасының “Болашақ” бағдарламасы адам капиталын дамытуға зор үлес қосқан жобалардың бірегейі болып табылады.
Еліміз бүгінгі таңда білім саласына және адам мен бала құқығын қорғауға қатысты негізгі халықаралық құжаттарға қатысушы елдер санатында. Олар: “Адам құқығы туралы” декларация, Бала құқығы туралы конвенция, Адамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқығы жөніндегі Халықаралық декларация. Қазақстан “Жалпыға білім беру” бүкіләлемдік форумдарының ұсынымдарын қолдау және жүзеге асыру мақсатында “Жалпыға білім беру” ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдады.
Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне жол ашуына 2010 жылдан бастап еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етуі де зор мүмкіндік туғызып отырған басты фактор.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы баяндамасына сәйкес, еліміз 2009 жылы адами дамуы индексі бойынша 182 елдің арасында 82 орынға тұрақтап, адам дамуы жөніндегі жоғары деңгейлі елдер қатарынан көріне білді. Аталған ұйымның дерегі бойынша Қазақстандағы сауаттылық халықтың 99,6 пайызын құрайды. Бұл өте жоғары көрсеткіш.
Соңғы үш жылда білім беру жүйесіндегі талдау барысы көрсетіп отырғандай отандық білім беру жүйесінің қызметі, оны ресурстық тұрғыдан қамтамасыз ету, білім беру үдерісін ұйымдастыру және іске асыру бағытында әлеуметтік-экономикалық жағдай тудыру деңгейі бойынша бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде барлық деңгейлі білім беру ұйымдарының материалдық базалары нығайтылды.
2009-2010 оқу жылы елімізде 7801 мектеп жұмыс істесе, онда 2 млн 491 оқушы білім нәрімен сусындады. 1991-2006 жылдары республикалық бюджет есебінен барлығы 133 мектептің қабырғасы қаланған болса, 2007-2011 жылдары 245 білім ошағы салынып, пайдалануға берілуде.
Бүгінгі күні білім беру саласын арттырудың басты тетігі, білім жүйесін ақпараттандыру екені аян. Заман талабына сай орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары компьютерлік сыныптармен жабдықталды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1 компьютерге 18 оқушыдан келеді. 2001 жылы ғаламтор желісіне мектептердің 23 пайызы ғана қосылған болса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 98 пайызға жетіп отыр. Кең жолақты интернетке 34 мектеп қосылған. “Он-лайн жүйесімен оқыту” жобасы аясында 2007 оқу жылынан бері интерактивті құралдар енгізіле бастады. Қазір еліміздегі 3385 мектепте интерактивті кабинеттер жұмыс істеп тұр.
Қолда бар мәліметтерге сүйенер болсақ, еліміздегі білім сапасы жылдан жылға көтеріліп келеді. Оған ҰБТ нәтижесі, халықаралық олимпиада жеңімпаздарының саны дәлел болады.
2009 жылғы жаппай білім беру мониторингі бойынша ЮНЕСКО-ның арнайы баяндамасында көрсетілгендей баршаға арналған білім беруді дамыту индексі бойынша Қазақстан Республикасы 129 елдің арасында 1-орынға қол жеткізді. Бұл көрсеткіш білім беру саласы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар мен қыруар еңбектің жемісі десек, артық айтқандық емес. ТІМSS – 2007 зерттеуінің қорытындысы бойынша республика мектеп оқушыларының математика пәні бойынша көрсеткен нәтижесі – 5 орын. Халықаралық стандарт бойынша елдің білім саласындағы деңгейін анықтау негізінен математика пәні бойынша жүргізілетінін ескерсек, білім саласындағы оң өзгерістер өзінің жемісін күннен күнге көрсетіп келеді. Елдің үмітін үкілеп отырған жас жеткіншектер тек математика пәнін ғана емес, сондай-ақ жаратылыстану пәндерінен де өте жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, әлемде 11 орынға тұрақтады. Халықаралық салыстырмалы зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, қазақстандық оқушылар математика мен жаратылыстану пәнінен айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілдері, т.б. гуманитарлық бағыттағы пәндерді де өз деңгейінде меңгергенін дәлелдесе керек.
Нәтижесінде мұндай интеллектуалдық сайыстарды қазақ жерінде де өткізу мәртебесіне қол жеткізілді. ТМД елдері арасында алғаш рет халықаралық математикалық олимпиаданың біздің елімізде ұйымдастырылуы халықаралық олимпиадалық комитеттің жас қазақстандық математиктердің жетістігін мойындағандығы деп бағалауға болады. Білім сайысы 2010 жылғы 6-12 шілде аралығында “Балдәурен” Республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткізілді. Оның жұмысына әлемнің 100-ден астам елінен командалар қатысты. Жалпыкомандалық есепте қазақстандықтар 5-ші орынға ие болды. Дарынды балаларымыз 3 алтын, 2 күміс медальға және 1 мақтау грамотасына қол жеткізді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңімпаздар саны өсіп келеді. Өткен оқу жылында математика, физика, химия және биология бойынша Президенттік олимпиада нәтижелі басталды, енді аталған білім сайысы жыл сайын ұйымдастырылатын болады.
Еліміз дарынды балалардың ғылымға деген талабын ұдайы қолдап келеді. Мысалы, жас қазақстандықтар соңғы жылдары төмендегі халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысуға мүмкіндік алған: Халықаралық математикалық олимпиада, Балкан математикалық олимпиадасы, Батыс-Қытай математикалық олимпиадасы, “Математика және жобалау” халықаралық конкурсы, т.б. Халықаралық деңгейдегі осы іспетті жарыстарда Қазақстаннан барған талантты балалар 62 медальға ие болса, олардың 8 – алтын, 17 – күміс, 37 қола медаль болды.
Мектеп түлектерінің Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 2009 жылғы көрсеткен көрсеткіші – 74,9 балл болса, 2010 жылдың қорытындысы – 84,8 балға жетіп отыр. Республика бойынша мектеп бітірушілердің арасынан 35 оқушы өздерінің интеллектуалды деңгейін дәлелдеп, ең жоғары 125 балл жинады. 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен түлектер жалпы мектеп бітірушілердің 12 пайызын құрады. Бұл, әрине, мемлекеттің білім саласы бойынша жүргізіп отырған оң саясатының жемісі деп білеміз.
Қазір республикада үш тілде қатар білім беретін 33 мектеп жұмыс істеуде. Оларда 3749 оқушы тіл ұстартуда. Мұнда математика, физика, информатика, химия, биология, география, экономика пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
Осындай серпінді жобалардың бірі Елбасы тапсырмасына сәйкес физика-математикалық және химия-биологиялық бағыттағы біріктірілген бағдарламаларды жүзеге асыратын “Назарбаев интеллектуалды мектептер” желісі құрыла бастады.
Қазірдің өзінде Астана, Көкшетау және Семей қалаларында 3 интеллектуалды мектеп жұмыс істейді. Білім берудің озық үлгісіне айналған аталған мектептерде 1 854 оқушы оқып жатыр. Республикамыздың барлық өңірлерінде жаңа қоғамға сай жаңа мектептер кезең-кезеңмен ашылатын болады. Осы 2010-2011 оқу жылының өзінде интеллектуалды мектептер Астана, Талдықорған, Өскемен қалаларында іске қосылмақ.
Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда, бұған қоса аймақтық бағдарламалар қабылданды. Еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары да жылдан жылға артып келеді. Мысалы, 2007 жылға қарай мұндай білім беру ұйымдарының саны 830 болса, 2010 жылға қарай 882-ге артып, 52 колледж бен лицей іске қосылды. Ерте бастан жеткіншектерді әртүрлі қажетті мамандықтарға баулитын мұндай мекемелерде бүгінгі таңда 609 мың адам оқып жатыр. Бұл салаға бөлінген қаржы да еселеніп, оқу орындарының материалдық-техникалық базалары 1,4 млрд теңгеге жаңартылды. Бұл іске басшылық жасап отыратын Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мен кадрлар даярлау жөнінде Ұлттық кеңес құрылып отыр. Ал, 2015 жылға қарай жұмыс берушілермен бірігіп халықаралық стандарттарға сай кәсіптік стандарт құжаттары жасалып, енгізілетін болады. Бұл шара ішкі және сыртқы еңбек нарығында танымал Ұлттық біліктілік жүйесінің негізі болып табылады.
Тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметтендіру ісі де мектептердің тәлім-тәрбие беру үдерісіне жаңаша көзқараспен қарауды міндеттейді. Себебі мектепте ғана білімді, дені сау, ізгілік жолын бекем ұстанған тұлға келбеті қалыптасады. Сондықтан білім беру ұйымдары өзі орналасқан аудандар мен елді-мекендердегі мәдениеттің орталығы болып қалуы тиіс. Оқушыларға тәрбие беруде педагогикалық мәдениеттілікпен қатар, ата-аналардың жауапкершілігін де арттыру түйткілді мәселенің бірі болып отыр.
Елбасының 2010 жылғы 17 тамызда “Сот жүйесі мен құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралары туралы” Жарлығы шықты. Құжатта қараусыз, бақылаусыз, панасыз қалған балаларға шұғыл түрде психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетіп, олардың өмірге бейімделуіне жағдай жасау шаралары қарастырылады. Мұндай жағдайға душар болған балаларды бейімдеу орталықтары ішкі істер жүйесінен білім беру саласына өтетін болады.
Жас ұрпаққа мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту Елбасының тікелей бақылауындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы істі оңалту мақсатында “Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған “Балапан” бағдарламасы” қабылданды. Бұл жоба бойынша балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 5 кезең арқылы сатылай жүргізіліп, 2014 жылға қарай бүлдіршіндердің 70 пайызын қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі күні елімізде 4972 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеуде, олардың 2003-і балабақша. Мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар мен балабақшаларда 373 160 тәрбиеленуші қамтылған, олар мектепке дейінгі балалар санының 38,7 пайызын құрайды. 2007-2009 жылдар кезеңінде 142,1 мың орындық 2557 мектепке дейінгі ұйым ашылды, оның ішінде 75 орындық 612 балабақша қызмет етуде.
Елбасының тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі ұйымдардың желісін кеңейту бойынша бірқатар шаралар белгіледі. Айталық:
- 2009-2015 жылдары мемлекеттік және жекеменшік инвестиция есебінен іске қосылатын нысандардың кестесі жасалды;
- “Жол картасы” аясында күрделі жөндеуге жататын балабақшалар тізімі анықталды;
- шағын орталықтар мен балабақшаларды ашу ресімдері жеңілдетілді.
“Алғашқы қадам” (1-3 жас), “Зерек бала” (3-5 жас), “Біз мектепке барамыз” (5-6 жас) атты баламалы оқу бағдарламалары бекітілді.
Жалпы алғанда, білім беру саласына бөлініп отырған қаржы көлемі де жылдан жылға еселеніп артып отыр. Оған бөлінген бюджеттік қаржының өсуі мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігімен қатар, ішкі жалпы өнімде де байқалады. Нақты статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, 2008 жылмен салыстырғанда білім беруге бөлінген қаржы 9,5 пайызға (702 млрд. теңге) артып, ішкі жалпы өнімнің 3,7 пайызын құрады.
Білім және ғылым саласында шетелдегі озық технологияларды отандық жүйеге енгізу мен тәжірибе алмасу бойынша 130-дан аса халықаралық келісімдер жасалды. 150-ден астам білім-ғылым ұйымдары шетелдік серіктестерімен тікелей байланыс орнатып отыр.
Стратегиялық жоспарларға сәйкес, 2015 жылы 12 жылдық білім беру моделі бойынша “Бейіндік мектепке” қабылдау жүзеге асырылады. Әлемдік стандарттардың үдесінен шыққан осындай мектептердің алғашқы қарлығаштары 2017 жылы қанат қағады.
Жаңа қоғам мұғалімі – жаңа талаптарды бойына сіңірген жан-жақты, жетілген маман болуы тиіс. Бұл үшін ұстаздар қауымы үнемі іздену, шығармашылық жұмыс үстінде жүрумен қатар, өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып отыруы қажет.
Білім кеңістігіндегі айтулы оқиғалардың бірі ретінде – ТМД елдері халыққа білім беру қызметкерінің 2010 жылы 26-27 сәуірде Астана қаласында өткен тұңғыш съезіне тоқталуға болады. Мұғалімдердің осынау келелі басқосуындағы өзекті мәселелер қатарында – білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, білім беру үдерісін жетілдіру сияқты мәселелер көтерілді. Мұндай игі шаралар еліміздің тағы бір серпінді жобасы ретінде халықаралық қауымдастық тарапынан оң бағасын алды.
Білім беру саласындағы болып жатқан жетістіктер мен жаңалықтар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жете көңіл аударып, жан-жақты қолдау көрсетуі мен бастамалары арқасында жүзеге асып жатқанын ерекше атап айтқан жөн. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жете түсіну, экономикалық және қаржылық қиындықтарға қарамастан, осы салаға барынша ыждаһаттылықпен қолдау көрсету – асқан болжампаздықтың белгісі. Тіпті қазіргі дүниежүзінің барлық елдерінде белең алған экономикалық дағдарыс әсер етіп отырған жағдайдың өзінде Елбасы білім саласына берілген қаржыны үнемі назарда ұстау жөнінде Үкіметке тікелей тапсырма берумен келеді.
Егеменді елімізді өркениетке бастар жолдың бастауы – мектеп десек, Ыбырай Алтынсарин анықтама беріп кеткендей, “Мектептің басты жүрегі – мұғалім”. Қоғам үшін мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің ұясы, келешектің тағдырлар тоғысы, ұрпақтар сабақтастығының тірі куәсі. Мұғалім қандай болса шәкірті де сондай болмақ.
Биылғы жаңа оқу жылының, яғни Білім күнінің Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы және қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келуін, елдігіміз бен имандылығымыздың ұштас келуі жақсылықтың нышаны деп білемін.
Үшбиіктегі жаңа мектеп
Оның ашылуына Олимпиада жұлдыздары қатысты
Екі қабатты, әсем де сапалы, түрлі-түсті кірпіштен өрілген мектеп ауласы жергілікті тұрғындарға сыймай кеткен. Құлақтан кіріп, бойды баурайтын Құрманғазының күйі өне-бойыңды шымырлатады. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып қарсы алды. Үшбиік болғалы, мұнда шақырсаң да келтіре алмайтын мәртебелі қонақтарды көрмеген шығар. Несін айтасыз, мектептің ашылуына жиналғандардың қуанышында шек жоқ.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шалғайдағы ауылдағы білім ордасының ашылуына еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Юрий Мельниченконы, қазақтың біртуар азаматы, КСРО-ның жеті дүркін, қос Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, ФИЛА-ның бюро мүшесі Дәулет Тұрлыхановты, әншілер Медеу Арынбаев пен Жеңіс Сейдоллаұлын ертіп келіпті. Үшбиікте Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов құрметті қонақтар қатарына қосылды.
Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы дүниеге келген “Туған жерге тағзым” акциясының бүгін де жалғасып, туған жерден түлеп ұшқан қайырымды жандар білім ордасына үлестерін қосуда. Мектеп атын иеленген Ақтайлақ бидің мүсінін сыйға тартқан Жақсылық Алдажаров, демеушілер Мұратай Иманжаппаров, Жайна Оспанова, Асқар Қасенғазин, Нұрлан Молдыбаевтар жөні бөлек азаматтар. Нұрлан мектеп түлегі екен, осы жолы ұшқан ұясына автокөлік сыйлапты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатқа жиналғандарды құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Құрметті Үшбиік ауылының тұрғындары! Сіздерді бүгінгі жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын. Білім ордасы Елбасы Н.Назарбаевтың “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша небәрі екі жылдың ішінде мемлекеттің 434 миллион теңгесіне салынды. Құрылысты сапалы етіп салып берген “Эльхон” құрылыс компаниясының директоры Ұлықбек Тумашенов мырзаға алғысымды айтамын. Тек бұл емес, жақын күндерде Тарбағатай ауылының Көкжыра, Жәнтікей, Үржар ауданының Келдімұрат, Күршім ауылдарында білім ордалары пайдалануға берілмек. Еліміз өсу-өркендеу үстінде, Елбасының атқарып жатқан істеріне бүкіл әлем жұртшылығы риза. Бүгінгі қуанышқа Жақсылық пен Юраны, Ер Дәулетті бірге ертіп келгендегі мақсат, осы білім ордасынан да ел абыройын асқақтататын осындай азаматтардың шығуын қаладым, деді әкім.
Бұдан кейін Дәулет Тұрлыханов, Нұртай Сабильянов Ю.Мельниченко, ауыл жұртын құттықтап, мектепті қысқа мерзімде салғыздырып берген Елбасына, облыс әкіміне алғыстарын айтты.
“Эльхон” құрылыс компаниясының директоры Ұлықбек Тумашенов символикалық кілтті мектеп директоры Айжан Самарханқызына тапсырған соң, облыс әкімі Б.Сапарбаев, аудан әкімі Темірбек Қасымжанов, Қазақстан спортының жарық жұлдыздары Д.Тұрлыханов, Ж.Үшкемпіров, Ю.Мельниченко лентаны киып, мектеп ішін аралап көрді. Мұндағы акті залы, компьютерлік сынып, лабораториялар мен басқа да жабдықтар көздің жауын алады. Іші-сырты бірдей әдемі, едені айнадай жарқырап жатқан, үлкен спорт залы бар мектеп жиналғандарға ұнады.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы.
Қабілеттілік білімнен
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында орта білім беруді табысты ұйымдастыру мәселесін алдымызға қойғаны мәлім. Білімді ұрпақтың қабілетті болатыны әлім-сақтан белгілі. Біз Президенттің осы Жолдауындағы көрсетілген бағыт-бағдар бойынша жұмыс істеуге тиіспіз. Әр баланың терең білім алуымен қатар, тәрбиелі болып өсуі де ұстаз үшін сын деп білемін.
Мен мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі мен әдебиетін оқыту ісіне бүкіл саналы өмірімді арнап келе жатырмын. Біздің қазақ тілінде оқытатын №119 мектеп-лицейі заман талабына сай білім мен саналы тәрбие беру жолында бір кісідей жұмыс атқарып келе жатыр. Соның кейбір нәтижелеріне тоқталар болсақ, мұғалім еңбегін, мектептің мәртебесін анықтайтын ұлттық бірыңғай тест тапсыру кезінде білім ұясы жыл сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мысалы, 2007-2009 оқу жылдарындағы білім сапасының көрсеткіші 77,3 балды құраса, биылғы нәтижеміз 90, 93 балға көтерілді. Жаңа басталған оқу жылының қорытындысы бұдан да биік болады деген сенімдеміз. Себебі, өткен оқу жылы аяқталғаннан бері кезең ішінде ұстаздар қауымы алдағы оқу жылын қалай бастаймыз, қандай жұмыстарды атқарамыз, нендей істерге ұйытқы болып, ұйымдастырамыз деген жоба-жоспарларын жаз бойы нақтылап, енді соны іс үстінде дәйектемек. Тек қана білім үйретіп қана қоймай, оқушыларға эстетикалық, ұлттық бағыттағы құндылықтарды тереңдете меңгерту мәселелерін де жалғастырып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да нәтижесіз емес. Қалалық шығармашылық байқауларда оқушыларымыз “Менің Отаным – Қазақстан!” атты ән-би сайысында жүлдегер атанды. Сол секілді Абай, Шәкәрім, Мұқағали оқуларына қатысып, 1-2 орындарды иеленсе, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті жариялаған “Грантты ұтып ал!” байқауында биылғы бір түлегіміз алғашқы орыннан көрініп, оқуға қабылданды. Жалпы ұстаздар қауымы мен ата-аналардың басты мақсаты ұл мен қызға тиянақты білім бере отырып, білікті етіп шығару десек, бұл келешекте бәсекеге қабілетті жастардың қалыптасуына мол мүмкіндік береді.
Нәзипа ЕГЕМБЕРДІ, №119 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты мұғалімі. Алматы.
Басты бағыт — сапа
Облыстағы білім мекемелері білім берудің негізгі принциптерін жүзеге асыра отырып, білім мазмұнын жаңартуға, инновациялық үрдістердің дамуына, оқытудың жаңа технологияларын енгізуге ерекше назар аударуда. Өткен оқу жылында облыстағы 9 гимназия мен 16 мектеп-гимназия, 2 лицей, 1 мектеп-лицейде, 4 дарынды балаларға арналған білім мекемелерінде 20383 оқушы жан-жақты білім алса, 114 мектепте әртүрлі пәндер тереңдетіліп оқытылып, 16 білім мекемесінде түрлі эксперименттік жұмыстар ұйымдастырылды.
Атқарылған нақты жұмыстар нәтижесінде облыс оқушыларының командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша 2010 жылғы мектеп оқушыларының республикалық пән олимпиадасында 2-республикалық ғылыми жарыста 3-жүлделі орындарды жеңіп алды.
2010 жылғы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс командасы “Ең үздік команда”, ал облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты “Ең үздік олимпиада мектебі” атақтарын иеленді. Халықаралық, дүниежүзілік пәндер олимпиадасы мен ғылыми жарыстарда облыс оқушылары 2009 жылы 13 медальға ие болса, 2010 жылдың алғашқы 7 айында 11 медальды жеңіп алды.
Өткен оқу жылында рейтинг бойынша облыстық “Дарын” мектеп-интернаты ТМД көлеміндегі 100 мектептің арасында Мәскеу қаласындағы өлкетану және балалар туризмі халықаралық академиясына қатысқан оқушылардың жалпы саны бойынша 11-орынды, белсенді қатысушылардың саны бойынша 6-орынды иеленді. 2009 жылдың желтоқсан айында өткен Президенттік олимпиаданың қорытынды кезеңінде дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушылары 2 алтын, 1 күміс медальмен марапатталды. Міне, бұл қуанышты мысалдардан облыс ұстаздарының білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарын көруге болады.
Мектеп бітірушілерді ҰБТ-ға дайындаудың сапасын арттыру және мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында оқу жылы бойына көшпелі курстар ұйымдастырылды. Өткен жылы математика, физика пәндерінен ең төмен көрсеткіш көрсеткен Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов атындағы аудандарда жұмыс істейтін мұғалімдер үшін 5 арнайы курс ұйымдастырылып, оған барлығы 83 математика, 41 физика пәнінің мұғалімдері қатысты. Сондай-ақ, Шу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов атындағы, Жуалы аудандарындағы ҰБТ-да төмен көрсеткіш көрсеткен мектептердің мұғалімдері республикадағы 100 үздік мектептің тізіміне енген облыстық “Дарын”, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернаттарының және Тараз қаласындағы №8, 45 гимназиялардың пән мұғалімдерімен іс-тәжірибе алмасты.
ҰБТ тапсыратын барлық мектеп бітірушілердің психологиялық дайындығын арттыру және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын тексеру мақсатында облыс көлеміндегі барлық ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттерінің арнайы бекітілген аудиторияларында сынама тестілеулер өткізілді. Облыстық білім басқармасы тарапынан жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде мектеп оқушыларының 2010 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда едәуір артты.
Биылғы жылы жалпы білім беретін мектептерді 11106 оқушы аяқтаса, оның 7531-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 2009 жылы орташа балл 70,92 болса, 2010 жылы 76,16-ны құрады, яғни 5,24 балға өсті. Сөйтіп, өткен жылы облыс бойынша төмен көрсеткіштер көрсеткен мектептердің саны едәуір азайып отыр. Биыл “Алтын белгі” төсбелгісіне ұсынылған 167 оқушы өз білімдерін дәлелдеді. Ерекше үлгідегі аттестатқа ұсынылған оқушылардың үлесі де өткен жылмен салыстырғанда арта түсті.
Біздің бағыт – білім сапасын арттыру. Ол үшін облыста барлық жағдай жасалған. Сондықтан білім сапасын одан әрі арттыру алдағы уақыттарда да облыстық білім басқармасының басты назарында болады деп сендіреміз.
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бастығы.
Жамбыл облысы.
Балаларға базарлық
Жаңа оқу жылы қарсаңында орталық паркте биыл, міне осымен үшінші рет “Мектепке жол” деген тақырыппен арнайы акция өткізілді. Онда әдеттегідей қаладағы көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларына арнап жәрмеңке ұйымдастырылып, оқушылар киімдері мен оқу құрал-жабдықтары арзан бағамен сатылды. Ал мұндай қолайлы мүмкіндікті қаладағы бес мыңнан астам отбасы иеленді.
Мұның сыртында 40 балаға қала кәсіпкерлері тарапынан жалпы құны 53 мың теңге тұратын базарлық ұсынылды. Оның ішінде оқушы формасынан бастап, оқушыға қажетті ұсақ-түйекке дейін бар.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.