02 Қыркүйек, 2010

Ата-бабаларымыздың орындалған асыл арманы

1199 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ата Заң айшықтары Ата Заңымыздың негізін салған баһадүр ба­тыр бабаларымыздың кейбір қасиетті қағида­ларына сүйеніп сөз бастасақ, Кенесары батыр басын алдырарда қас жауларына қасқая қарап тұрып: “Менің өлгенімді елімнің өлгені деп ойламаңдар!” – депті. Ал Абылай хан қайтыс бо­ла­рында үш арманым бар деген екен. Бірін­шісі, шаһар тұрғыза алмадым. Екіншісі – құралайды көзге атқан мергендерім бола тұра, тұрақты әскер құра алмадым. Үшіншіден, отыз ұлым бола тұра, елімнің басын толық құрай алмадым”, – деп армандап “аһ” ұрған екен. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның “Жеті жарғысы” де­ген атауға ие аса бағалы ата заңдардың арқасында қазақтың бетке ұстар би-шешендері жер дауын да, жесір дауын да шешіп, қазақ билері беріге дейін осы ережелерді алға тартып келгені тарихи шындық. Ата Заңымыздың негізін қалаған аузы дуа­лы батыр бабаларымыздың қағидаларын тілге тиек ете отырып, бүгінгі таңда заманымыз жақ­сарған сайын ұлт ұстанымын, мемлекет кел­бетін айшықтайтын Ата Заңымызға артылар жүк ауыр. Сондықтан да Ата Заң өзінің өмір­шеңдігімен құнды екендігін біз бүгінде мой­ын­дауымыз керек және баршамызға зор жауап­кер­шілік міндет жүктейтінін ескеруіміз қажет. Қазіргі кезде өзін өркениетті мемлекет санайтын әрбір мемлекеттің өз негізгі заңы – конституциясының болуы заңдылық. Біздің мемлекетіміз көптеген ғасырлар бойына әр түрлі басқару нысанында өмір сүріп келгендігі адамзат тарихында баршаға аян. Бұрын кеңес­тік мемлекеттің құрамында болған еліміз өзінің даму барысында, уақыт талабына орай, құқық­тық мемлекет болып қалыптасу үшін 1995 жы­лы дербес Конституциясын қайта қабылдады. Енді, міне, Қазақстан Республикасы Ата Заңының 15 жылдығын атап өтіп отыр. Осы жыл­дар ішіндегі оң өзгерістерге көз жіберсек, бұдан үш жыл бұрын еліміз демократиялық даму­дың жаңа кезеңіне аяқ басты. Консти­ту­цияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, қазіргі таңда еліміз президенттік бас­қа­рудан президенттік-парламенттік басқаруға ауысты. Қоғамдық ұйымдар мен саяси партия­лардың да маңызы мен рөлі күшейе түсті. Негізгі Заң ретінде Конституция мемлекет пен азаматтардың арасын өзара реттейтін мем­лекетіміздің заңнамасының іргетасы болып та­былады. Конституция өзге заңдардың арасында бір-бірімен қарама-қайшылықтар тумас үшін және азаматтардың құқықтары мен бостандық­тары бұзылмас үшін аса қажет. Конституция адамдар мен азаматтардың өзара қатынасын, қоғамның дамуының негізгі салаларын мемлекетпен реттеудің шегін және сипатын анықтайды. Ең бастысы, Конституция әрбір адамның құқықтары мен бостандық­тарының, олардың абыройының және қадір-қасиетінің кепілі болмақ. Конституция құ­қық­тық және демократиялық мемлекетке жат­қы­зылған кез келген мемлекеттің құқық жүйесінің қалыптасуында және дамуында зор рөлге ие. Әрбір мемлекет үшін Конституцияның маңызы өте зор, сондықтан оның бастау алатын қағи­далары мен бағыттары, нысаны мен қызметі, ұйымдастырушылық негіздері мен функция­лары арнайы бекітілген. Қазіргі құқықтық мемлекет – бұл мем­лекеттік билік, тікелей мемлекеттік және өкі­летті органдар арқылы азаматтар мен заңды тұл­ғалардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері қамтамасыз етілген демо­кратиялық мемлекет. Құқықтық мемлекет болу үшін мемлекеттің құқықтық және саяси мәде­ниетінің деңгейі жоғары және де азаматтық қоғамы дамыған, жетілген болуы тиіс. Ел Конституциясы мемлекетіміздің құқық­тық жүйесінің жоғары күшіне ие болғандықтан, оның ережелері мен қағидалары барлық құқық салаларының бастауы болып саналады. Барлық қабылданатын құқықтық актілер оның ережелеріне сәйкестендіріліп жасалады. Егер құқық нормалары қайшы келген жағдайда, нормативтік құқықтық актілер туралы заңның 4-бабына сәйкес, күші жоғары заң нормасы қолданылады. Қазіргі мемлекетіміздің негізгі құндылығы, ең алдымен, мемлекеттік билікпен кепілдік берілген адамдардың және азаматтар­дың құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Олар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырады. Сондықтан, қалыптасып келе жатқан демократиялық, құқықтық мемлекетте құқықтар мен бостандық кепілі алдымен Конституцияда бекітіліп, ал бұл өз кезегінде конституциялық норманың тікелей әрекет етуін және конституциялық бақылау процедурасының тиімділігін білдіреді. Бұдан шығатын қорытынды, Конституция құқықтар мен бостандықтарға кепілдік берге­німен, бұл құқықтар мен бостандықтарды жүзе­ге асыру заңмен реттеледі немесе, тіпті, шектеу қойылады. Бұл тиімді конституциялық бақы­лаудың қажеттігін білдіреді. Конституциясына сәйкес, әрбір адам құқық субъектісі ретінде та­нылуға, заңмен тыйым салынбаған тәсілдер арқылы қажетті қорғануға, өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Мемлекеттік ор­ган­дар да өз құзыреттерін Конституцияда бел­гіленген қағидалар негізінде жүзеге асырады. Қазіргі мемлекетімізде мемлекеттік билік үш тармаққа бөлінген. Бұл билік тармақтары өз қызметтерін тепе-теңдік қағидасы негізінде жүзеге асыратындықтан, мемлекеттік билік тармақтары бір-бірінен тәуелсіз қызмет етеді. Соның ішінде мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде атқарушы органға қарайтын Қазақстан Республикасының әділет органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттің қызметін құқықтық қам­та­масыз етуді жүзеге асыратын, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режіміне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін атқарушы билік органдары болып табылады. Әділет органдарының міндеттерінің бірі – құқықтық көмекті және заң қызметін көрсетуді ұйымдастыру және құқықтық насихатты қамтамасыз ету арқылы халықтың құқықтық мәдениетін арттыру. Бұл – құқықтық мемлекет болып қалыптасудың алғышарты. Қазақстан мемлекеттілігінің дамуымен қатар, республикалық органдар жүйесінде әділет органдарының рөлі де өзгеріп, олардың қызметі жаңа мазмұнмен толығып, құрылым­дық функциясы да жаңа арнаға түсіп отырады. Бірақ та алдында тұрған міндеттер қалай өз­герсе де, әділет органдары қызметінің басты маз­мұны – заңдылық пен құқық қорғауды ны­ғайту, мемлекеттік мүддені қорғауды қам­та­ма­сыз ету, азаматтардың әлеуметтік-экономика­лық, саяси және жеке құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау, заң бұзушылықты болдырмау болып қала береді. Сонымен, Конституция мемлекетіміздің құқықтық, демократиялық мемлекет болып қалыптасуында маңызды орын алатынын бүгінде әрбір азамат білуі тиіс. Түбегейлі мақсатқа жету үшін Қазақстан Рес­публикасы келесідей іс-шараларды: нарықтың тиі­сінше жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нор­ма­тивтік құқықтық база қалыптас­тыру мәселесінде мемлекеттің рөлін арттыруды, монополияға қарсы тиімді құралдар жасап, сонымен бірге, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін арттыруды жүзеге асырады. Өндірісті дамыту үшін отандық және шетелдік инвести­ция тарту, т.б. жұмыстарды жүргізеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Респуб­ликасының құқықтық мемлекет құру мәселесінде құқықтық реформа маңызды орын алады. Сон­дықтан жүргізіліп жатқан құқықтық рефор­малардың мақсатта­рының бірі заңның жоғарғы күшін қамтамасыз ететін заңдық қағидаттарды бекіту болып табылады. Тұтастай алғанда, Ата Заңымыз тәуелсіздігімізді нығайтуға қызмет етеді. Осы орайда біздерді біз бүгін осы Тәуел­сіздік идеясына берікпіз бе? Ата Заңымыздың баптары толық деңгейінде орындалып жатыр ма деген сұрақтар мазалауы тиіс. “Ұлы Жарғы” орындал­маса – мемлекеттің құлағаны. Егер мемлекетім құласа, менің Шыңғыс хан болғанымнан не пайда?!” деген екен атақты Шыңғыс хан. Сондықтан мемлекетімізде тұрып, өмір сүріп, өніп-өсіп жатқан азаматта­рымыздың Ата Заңы­мызда көрсетілген барлық баптардың талап­тарын орындайтындай, сауат­ты да мәдениетті болулары тиіс, олай болмаған жағдайда осы сауаттылық деңгейін көтеру қажет. Д.АДАЙБАЙ, Алматы қаласы әділет департаменті бастығының міндетін атқарушы.