Қарағандыда “Имстальком” аталатын зауыт бар. Оны әсіресе, Астанадағы құрылыс ұйымдары жақсы біледі. Мұнда шығарылатын металл құрылғыларына қай-қайсысы да таласа алады. Біразы күні бұрын қам жасап, тапсырыс беріп қояды. Өйткені жан-жақтан сұраныстың көптігінен бүйтпесе кейде керекті заттарға қол жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан алдын-ала уағдаластық сенімді. Әдетте бұлар елордада ең сәнді құрылыс салушылар болып табылады.
Осылай болған соң “Имсталькомның” қолтаңбасы бірден байқалатын ғимараттар аз емес. Мәселен, жақында құрастырылуы аяқталған Есілдің үстінен өтетін Күйгенжар тұсындағы көпір соның бірі. Көпшілік біле жүруі үшін айталық, оны монтаждауда бұрынғысынша беріктіруге бұрандалар пайдалану орнына тұтастай дәнекерленіп шыққан. Осы тәсілді елімізде бірінші рет қолданып, іске асырушы “Имстальком-Теміртау” кәсіпорнының құрастырушылары бұл арқылы көпір беріктігін тіпті бекем қылған.
Көпір демекші, аталған зауыт өнімдері алғаш рет Семейдегі көпірді салуда танылып, талапшыл, талғампаз жапон монтажшыларының өкпе-реніштері болған жоқ. Содан кейін Есілдің екі жағалауын жалғастырған қазіргі белгілі көпір қаңқасы да Қарағанды металл құрылғыларынан өрілді.
Бүгінде Астана төрінде асқақтаған “Бәйтерек”, “Қазақ елі” ескерткіші, әуежай, бизнес орталығы сияқты нысандардың да негізін “Имсталькомда”, жасалған құрылғылар құрайды. Енді кәсіпорын тағы бір ірі құрылысқа қатысуда. Азиада – 2011 ойындарында хоккейшілер күш сынасатын жабық мұз айдынының металл құрылғыларын жасау және құрастыру кәсіпорын еншісіне тиген.
– Зауытымыздың күш-қуаты жылдан жылға артып келеді. Бұған бір жағынан Астана үлкен сеп болып отыр. Тапсырыс көп. Өнім өтімді болса, одан артық не керек. Сол мүмкіндікті пайдалануға ұмтылыстамыз. Соған орай кәсіпорынды техникалық жаңартуға жыл сайын 1,5 миллиард теңге бөлінеді. Қайтарымы жаман емес, – дейді “Имстальком” Қарағанды металл конструкциялары зауыты” ЖШС директоры Марат Жахин.
Көз алдымызда көркеюі жылдам бас шаһардың шапағаты арқасында осынау өндіріс ошағының құлашы кеңге сермеліп барады. Астанадағы құрылыс қанат жайған сайын табысы толымды, қадамы алымды. Ол соны арқаланады.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.