Елорданың “Rіxos” қонақ үйінде “Абырой” қазақ мәдениеті мен тілін дамыту корпоративтік қоры веб-сайтының және “Қазақ тілі”, “Kazakh language. Made easy” қазақ тілін еуростандарт бойынша оқытуға негізделген оқу-әдістемелік кешенінің тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Бес деңгейден тұратын оқулық кешенінің құрамында оқулық, мұғалімге арналған әдістемелік құрал, оқушыға арналған тапсырма дәптері және CD табақшасы бар. “Қазақ тілі”, “Kazakh language. Made easy” қазақ тілін еуростандарт бойынша оқытуға негізделген оқу-әдістемелік кешеннің ерекшелігі сол, сіз қазақ тілін дүние жүзі мойындаған стандарт негізінде тез меңгере аласыз. Стандарт авторлары Ван Ек және Джим Трим сынды белгілі тіл мамандары болып табылады. Әлемге кең таралған ағылшын, француз, қытай, итальян, неміс, орыс тілдері де аталмыш стандарт бойынша оқытылады” дейді жоба ұйымдастырушылары.
Бұл жобаның жетекшісі, “Абырой” қорының директоры Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, тіл үйренудің ең оңай тәсілі – тілдің төл табиғатын түсіну. Ересектер мен балаларға арналған бұл оқу кешені мемлекеттік тілді орыс және ағылшын тілдері арқылы оқып меңгеруге толық мүмкіндік береді.
Алғашқы таралымы 1000 данадан тұратын оқыту кешенінің екінші бөлімінен бастап барлық тапсырмалар мен мәтіндер тек қазақ тілінде беріледі. Себебі, үйренуші ол уақытқа дейін, яғни 15 сабақтан соң қазақ тілін еркін түсіне алатын деңгейге жетеді.
Ал енді “Абырой” сайты туралы бір ауыз сөз. Бұл сайттың бір ерекшелігі – қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы толық мағлұматтар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таралады. Сайтқа кіре отырып, қазақ тілін үйренуге арналған бірнеше әдістемелердің жиынтығымен де танысуға болады. Сайттың электрондық мекен-жайы www.abyroі.kz.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.